Мүфти Таки Усмани: Рамазан Кәрім

Модератор 17.06.2015 1
Мүфти Таки Усмани: Рамазан Кәрім

Ислам күнтізбесіндегі тоғызыншы айдың, жылдың ең қадірлі болған айының атауы − Рамазан. Осы айға байланысты ережелер көп болғандықтан, біз алдағы бірнеше бөлімде оның сипаттамаларына толығырақ тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Рамазан философиясы

Адамның негізгі міндеті неде екені Қасиетті Құранда анық айтылады: Оған «…құлшылық етуде».

«Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Құран, 51:56).

Құранда «құлшылықты» білдіру үшін пайдаланылған «ғибадат» сөзі әлдеқайда ауқымды мағынаға ие. Ағылшын тілінде [ескертпе: орыс тілінде де] «құлшылық» сөзі әдетте өзіңнің Жаратушыңа деген құрметіңді көрсетуге арналған кейбір нақты іс-әрекеттер мен салт-жораларды ғана білдіреді.

Бірақ, «ғибадат» сөзі тек қана ондай салт-жоралармен шектеліп қоймайды, керісінше, ол Құдіретті Аллаға мойынсұнып, Оның разылығы үшін жасалған кез келген амалдың көрінісі іспеттес.

Осылайша, оған, алғашында, дүниеуи сипатта болып көрінетін көптеген іс-әрекеттер жатады. Мәселен, сенің жауапкершілігіңдегі жандардың алдындағы өз міндеттеріңді орындау үшін нәпақаңды рұқсат етілген (адал) жолмен табу.

Әйткенмен, ғибадат екі түрлі болады. Бірінші орында – намаз (солят), ораза және т.б секілдіАллаға құлшылық етуге ғана арналған, дүниелік мақсаттан ада іс-әрекеттер. Бұлар — тікелей құлшылық әрекеттері.

Ғибадаттың екінші түріне, ең алдымен, дүниелік сипатқа ие, бірақ, Шариғатқа толықтай сай және өз міндеттеріңді орындау мақсатында жасалса, құлшылыққа айналатын іс-әрекеттер жатады.

Осылайша, олар жанама түрде ғана ғибадат ретінде қарастырылады. Ғибадаттың тікелей амалдары жанама амалдардан жоғары тұруы керектігі айдан анық.

Ислам мұсылмандарды күніне бес рет оқылатын намаз сияқты тікелей ғибадаттың аз ғана санын орындауға міндеттеп, өз ізбасарларын, көп жағдайда, құлшылықтың жанама түрлерімен қалдырады: ішіп-жем, өмір сүру үшін табыс табу, әйеліңмен, балаларыңмен, әке-шешеңмен және қоғаммен қарым-қатынасың.

Бұл амалдардың ең бірінші кезектегі табиғаты дүниелік болғандықтан, пенденің дүниеуи рахаттарға батып кететіні соншалық, олардың материалдық қыры рухани қырынан басым болады. Сондықтан, құлшылықтың тікелей амалдарымен салыстырғанда, олардың рухани күші бәсеңдеу.

Адамның күнделікті өмірінде жанама ғибадат түрлерімен салыстырғанда тікелей ғибадат түрлері өте аз болғандықтан, оның рухани дамуы материалдық тұрғыдан дамуынан артта қалады.

Рамазан айы адам өмірінің рухани және материалдық қырларының арасындағы тепе-теңдікті сақтап тұруға арналған. Бұл айдың көздеген мақсаты – ғибадаттың тікелей амалдарын мейлінше ұлғайтып, дүниеуидің барлығын мүмкіндігінше азайту. Сонда адам өзінің діни тұрғыдан жетілуін жылдамдатып, дүниелік өмірге шамадан тыс ұмтылудың нәтижесінде пайда болған рухани олқылықтардың орнын толтыра алады.

Рамазанның күндері күні бойы ораза ұстауға бағытталған. Бұл ғибадат амалы болып табылады. Ораза адамды қаншама сағаттар бойы кез келген материалдық азықтан құр қалдыру арқылы материалдық ләззаттардың адам жанына тигізген (егер сондай әсері бар болса) кері әсерін азайтады.

Ал, Рамазанның түндері болса, тарауық намазын оқумен, тәхәджуд пен сухурға оянумен өтеді де, ұйқының уақытын қысқарады. Оның үстіне, біз үкім етілген құлшылықтан басқа қолымыздан келгенінше қосымша (нәпіл) ғибадат жасағанымыз дұрыс. Осылайша, бұл айда жылдың өзге күндерімен салыстырғанда, адамның рухани қызметі жоғарылай түседі.

Бұл — бізге аталмыш айдың көптеген құлшылық түрлерін жасауға бағытталуы керектігін көрсететін Рамазан философиясы. Дәл осы себепті, бұл айдағы игі амалдар үшін берілетін сауап еселеніп, мұсылмандарды мейлінше көбірек ғибадат жасауға ынталандырады.

Рамазанның құндылықтары

Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның құндылықтары турасында бірсыпыра хадистерде айтып кеткен. Олардың кейбіреулері осында аудармаларымен келтірілді.
Салман әл-Фәрисиден Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шәғбанның ең соңғы күні бізге арнап, былай дегені жеткізілген:

«Беу, халайық! Ұлы әрі берекелі ай сіздерге шапағатын төкті. Бұл айда мың айдан абзал түн бар. Осы айда Алла Тағала ораза ұстауды міндет етіп, түнде намаз оқуды мақтауға лайық амал етті. Егер кімде-кім осы айда қосымша мінәжат етіп, Жаратушымызға жақындаудың амалын жасаса, сол құлшылығы үшін өзге күндері жасалған парыз амалдың сауабы беріледі, ал, кімде-кім парыз амалды жасаса, сол амалы өзге күндері жасалған жетпіс ғибадат амалына парапар болады. Бұл – сабырлық айы, ал, сабыр үшін берілетін сый – Жәннат. Бұл – мүміннің ризығы арта түсетін жанашырлық айы. Егер кімде-кім біреудің аузын аштырса, бұл оның күнәларының кешірілуіне және оның мойнының Тозақтан босатылуына себепкер болады және оған ораза ұстаған адаммен бірдей сауап беріледі, оның үстіне, одан ораза ұстаған адамның сауабы кемімейді.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары былай деген:

«Уа, Алла Елшісі! Біздің ешбіріміздің өзге біреудің аузын аштыруға жетерліктей асымыз жоқ». Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза ұстаған адамға аузын ашуы үшін (ең болмаса) бір құрма немесе су яки аз ғана сүт берген адамға сауап жазылады. Бұл айдың бірінші бөлігі — Алланың рақымы, ортасы‒Алланың кешірімі, ал, соңғы бөлігі — Тозақтан азат болу. Егер кімде-кім осы айда құлының жұмыс ауыртпалығын жеңілдетсе, Алла оның күнәларын кешіріп, Оттан босатады. Бұл айда төрт нәрсені жиі жасау қажет. Олардың екеуіне сендердің Раббыларың разы болады, ал, қалған екеуі жайында «бұл бізге керек емес» деп ешқашан айта алмайсыңдар. Алланың разылығына жеткізетін екі амалға келер болсақ, олар − Алладан басқа Раббы жоқ екеніне куәлік ету және Оның кешірімін іздеу. Сізге қажет болмауы мүмкін емес болып табылатын екі нәрсеге келер болсақ, бұл – Алладан Жәннатты сыйға тартуын сұрап, жалбарыну және Оттан қорғауын сұрап, пана іздеу. Егер кімде-кім ораза ұстаған адамға сусын берсе, Алла оған менің бұлағымнан сусын жасап береді (мұнда Жәннаттағы «Кәусар» бұлағы туралы айтылып тұр)…».

Аталмыш хадисте Рамазан айының құндылықтары және осы уақыт аралығында қандай амалдар жасауымыз керектігі толық сөз етіледі. Хадистен шығатын қорытынды – біз ораза ұстаумен ғана шектеліп қоймай, ізгі амалдарымыздың санын мейлінше арттыра түсіп, күнәларымыз үшін жарылқау тілеп, тәубеге келуге, өз еркімізбен құлшылық жасап, қайырымдылықпен айналысып, мүмкіндігінше көбірек сауапқа бөлену үшін осы мүмкіншілікті уысымыздан шығарып алмауымыз қажет.

Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген басқа бір хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген:

«Менің үмбетіме Рамазан айында бұрын-соңды өзге қауымдарға берілмеген бес ерекше сый тарту етілді:

1. Ораза ұстаушы адамның аузынан шығатын иіс Алла үшін мисктің де иісінен артық;

2. (Судағы) балықтар ауызашардың уақыты кіргенге дейін Алладан ораза ұстаушы адамды кешіруін сұрап, жалбарынады;

3. Рамазанның әрбір күні Алла Тағала: «Менің ізгі құлдарымның дүниелік өмірдің ауыртпалығынан құтылып, саған келетін уақыты алыс емес», − деп, Жәннатты әшекейлейді;

4. Бұл айда бүлікшіл шайтандар байлаулы болатындықтан, басқа күндері жасайтын зұлымдықтықтарын жасай алмайды (яғни, ерлер мен әйелдерді күнә жасауға азғыра алмайды);

5. Осыайдың соңғы түнінде ораза ұстағандар кешірімге ие болады».

Убәдахибн әл-Самиттен риуаят етілген хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Сендерге Рамазан кеп жетті. Бұл мүбәрак айда Алла сендерге Өзінің Мейірін шашып, Рақымын түсіріп, күнәларыңды кешіріп, дұғаларыңды қабыл алады. Сендер (ізгі амал жасауда) бір-біріңмен жарысқанда Алла сендерге куәлік етіп, Өзінің періштелерінің алдында сендермен мақтанады. Осылайша, сендер де өз тараптарыңнан Аллаға ең ізгі амалдарыңды көрсетіңдер, себебі, нағыз бақытсыз адам − бұл айда Алланың рақымынан құр қалған адам».

Алланың бұл айға берген ұлы құндылықтарын көрсету үшін осы хадистер де жеткілікті.

Рамазанды қалай өткізу керек

Рамазан айы — Алланың берекесіне толы ай. Бұл –ішкі рухани қасиеттеріңдіжыл сайын қалпына келтіріп тұруға арналған тазару айы. Бұл – әрбір мұсылман үшін иманын нығайтуға, жүрегі мен жан-дүниесін тазартуға және жасалған күнәларының зарарлы салдарын жоюға тамаша мүмкіндік.

Бұл ай мұсылмандарды дүниеге салынып кетуді мүмкіндігінше азайтып, құлшылық амалдарын ұлғайтуға шақырады. Ғибадатқа барынша көбірек уақыт қалдыру үшін бұл айдағы кестемізді алдын-ала жоспарлап қойғанымыз жөн.

Мына жерде Рамазан айында ерекше көңіл бөліп, орындауды қажет ететін амалдардың тізімі келтірілген:

1. Әр намазды мешітте жамағатпен оқу;

2. Сухурдың (ауыз бекітудің) уақытынан сәл ертерек тұрып, тәхәджуд намазын оқу. Тәхәджуд намазы үшін белгілі бір үкім етілген рәкағат саны жоқ. Дегенмен, сегіз рәкағат оқыған дұрысырақ.

3. Ишрақ (күн шыққаннан кейін екі рәкағат), духа (ишрақ пен шаңқай түстің аралығында кез келген уақытта оқылатын төрт рәкағат) және әууәбин (ақшамнан кейін алты рәкағат) нәпіл намаздарын оқу.

4. Қасиетті Құранды оқу. Мұнда белгілі бір нақты шектеу қойылмаған, бірақ, оны қолымыздан келгенінше көп оқуымыз тиіс.

5. Зікір немесе Тәсбих, әсіресе, төмендегі декламациялары:

(a) سبحاناللهوبحمدهسبحاناللهالعظيم

(b) سبحاناللهوالحمدللهولاإلهإلااللهواللهاكبر

(c) استغفراللهربيمنكلذنبوأتوبإليه

(d) اللهمصلعلىمحمدالنبيالأميوعلىآلهوصحبهوسلم

(e) لاحولولاقوةإلاباللهالعليالعظيم

(а) «Субханаллахи уа бихамдихи, субханаллахиль-‘азым» (Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк әрі мақтау-мадақ Оған тән! Құдіретті Алла кемшілік атаулыдан Пәк!);

(b) «Субханаллахи уалхамду лиллахи уа ла илаха иллаллаху уаллаху акбар» (Алла кемшілік атаулыдан Пәк, мақтау-мадақ Оған тән және Алладан басқа құдай жоқ, Алла Ұлық);

(с) «Астагфируллаха рабби мин кулли занбин уа атубу иляйхи». (Алладан, Раббымнан жарылқау тілеймін әрі Оған тәубе етемін);

(d) «Аллахумма салли аля — Мухаммадин-набиййи’л-уммиййи уа аля алихи уа сахбихи уа саллим»(Я, Алла, Пайғамбарымыз Мұхаммед пен оның сахабаларына игілік пен сәлеміңді бер);

(e) «Лә хаулә уа ләқуууата иллә билләхил-алийиль- ‘азым» — (Биік, Ұлы Алладан басқа ешкімде күш-қуат жоқ)

Осы сөздерді белгілі бір уақытта жүз рет оқығаннан бөлек, күні бойы да оқып жүруге болады, тіпті қандай да бір жеңіл жұмыспен айналысқанда да, серуендегенде де немесе ұйықтауға жатқанда да.

6. Дұға-тілектер: ерекше үкім етілген дұға жоқ. Бұл дүниеде де, ақыретте де өзіңе қажет болған барлық нәрселерді сұрай беруге болады. Десек те, біздің Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларының барлық нәрсені қамтитыны соншалық, пендеге осы дүниедегі өмірінде де, жан тапсырғаннан кейін де керек болатын дүниелердің бәрін өзіне сыйдырады. Сол себепті, Жаратушы Иемізгедұға қылғанда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайдаланған сөздерін айтып, жалбарынған абзал.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол дұғалары жинақталған бірнеше кітап бар. Әрбір мұсылманның үйінде болуы тиіс және күн сайынғы дұғаларда пайдаланылуы тиіс екі кітап:

— «Әл-хишуль-хасин» (Әлләмә әл-Джәзри).

— «Мунәджәт-е-Мәкбуль» (МәуләнәӘшраф Әли Сәнуи)

7. Садақа (қайырымдылық). Парыз болып табылатын зекетті төлеумен қоса, шамаң жеткенше садақа берген дұрыс.

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында кедей-кепшіктерге қамқор болып, қаржылай көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлгендігі сенімді хадисте риуаят етілген. Сондықтан, мұсылман адам шама-шарқы келгенінше садақа беруден аянбауы қажет.

Рамазан айында неден аулақ болған жөн

Бүкіл ай бойы қандай болмасын күнәлі істердің маңына да жуымау керек. Рамазан болсын, басқа уақыт болсын, Шариғатта күнәлі істер үзілді-кесілді харам етілген болса да, бұл айда оларға салынған тыйым бұрынғысынан да салмақты сипатқа ие болады. Ораза кезінде мұсылмандардың ішіп-жеу секілді кейбір рұқсат етілген амалдардан тыйылуы қажеттігі бесенеден белгілі. Сөйте тұра, ол күнә жасауын тоқтатпаса, бұл мазақ болады: хәләл нәрселерден тыйылып, бірақ, харам іс-әрекеттермен айналысуды жалғастыра беру мазақ емей не? Осылайша, бұл айда күнәдан іргеңді аулақ салу қажеттігі бұрынғыдан да арта түседі.

Әсіресе, төмендегі нәрселерден бойыңды түгелдей аулақ ұстаған дұрыс:

1. Өтірік айтудан;

2. Ғайбат немесе өсектен, яғни, адамды сыртынан сынап-мінеуден;

3. Ұрыс-керістен. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған, әсіресе, ораза кезінде қатаң тыйым салған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізбен біреу ұрысқысы келсе, ораза екенімізді және жанжалдасқымыз келмейтінін айтуымыз керектігін әмір еткен;

4. Харам астан;

5. Харам жолмен табыс табудан;

6. Ешқандай орынды себепсіз адамға зиян келтіретін кез келген іс-әрекеттен;

7. Қызметшілердіңнемесе жұмысшылардың мойнына шамалары жетпейтін, қажытатын жұмысты арту және оларды сол жұмысты орындауға қажетті қаражатпен қамтамасыз етпеу;

Қысқасы, барлық күнә түрлерінен тыйылуға барымызды салып, көзімізді, құлағымызды, тілімізді және басқа да дене мүшелерімізді күнәлі істерден қорғауға барынша тырысуымыз керек. Рамазанды осылай өткізген адам, инша Алла, бойына тың рухани күш біткенін сезінеді, сөйтіп, сол күштің оған Алланың разылығына сай адал өмір сүруге септігін тигізері хақ.

Оразаның қағидалары

Рамазан айындағы ораза − парыз, яғни, әрбір мұсылман үшін міндетті болып табылады. Оның міндеттілігіне сенбейтін адам — мұсылман емес, Рамазан күндерінде ешқандай уәжді себепсіз ораза ұстамайтын адам — күнәһар.

«Ораза» күні бойы, таң атқаннан күн батқанға дейін Алланың разылығына қол жеткіземін деген айқын ниетпен ішіп-жеуден және жыныстық қарым-қатынасқа түсуден тыйылуды білдіреді. Егер кімде-кім ішіп-жемнен және жыныстық қарым-қатынастан Алланың разылығынан басқа бір себеппен тыйылса, Шариғат терминологиясында бұл ораза деп атала алмайды. Осылайша, ниет дұрыс болуы тиіс.

Рамазанда ораза ұстау үшін ауыз бекітуге түнде, яғни, ораза басталмас бұрын ниет ету қажет. Алайда, егер таң атқанға дейін ниет етпеген болсаңыз, таңертеңгісін, тал түске дейінгі аралықта, зәуәл (шаңқай түс) уақытынан шамамен 1,5 сағат бұрын кез келген уақытта ниет ете беруге болады.

Бірақ, бұл қағида Рамазан айындағы ораза мен нәпіл (қосымша) оразаға ғана қатысты. Ал, қаза болған оразаға келер болсақ, оны өтеуге таң атпас бұрын ниет ету қажет. Ниет жүрекпен жасалады. Оны сөзбен білдірудің қажеті жоқ. Дей тұрғанмен, ниет ету сөздерін дауыстап айтуға да болады, алайда, «солай істеу − парыз» дейтіндер қателеседі.

Оразаны бұзатын жағдайлар

Оразаны бұзатын жағдайлар екі түрге бөлінеді. Бірінші түрі — оразаны бұзып қана қоймай, оны бұзған адамның мойнына қаза және кәффәрат (өтеу) секілді жауапкершілікті артатын іс-әрекеттер. Ондай іс-әрекеттер үшеу:

1. Бірдеңе жеп қою;

2. Бірдеңе ішіп қою;

3. Жыныстық қарым-қатынасқа түсу.

Егер ораза ұстайтын адам аузын бекіткеннен кейін осы әрекеттердің нәтижесінде оразаның бұзылатынын біле тұра, солардың бірін жасаса, оған кәффәра міндетті болады. Бұл дегеніміз – ол бұзылған оразаның қазасын өтеуге де, оған қоса, оның өтем ақысын (кәфәрасын) төлеуге де міндетті болады.

Қаза болған жағдайда бұзылған оразаның орнына тағы бір күн ораза ұстау қажет. Кәффәра үш әдіспен өтелуі мүмкін, абзал болған тәртібі мынадай:

1. Құлды азат ету;

2. Екі ай бойы үздіксіз ораза ұстау;

3. Алпыс міскінді тамақтандыру.

Қазіргі кезде құлдық жоқ болғандықтан, мұны соңғы екі әдіспен орындауға болады. Екі ай бойы үздіксіз ораза ұстауға қауқары жететін адам ораза тұтуы қажет, оған алпыс міскінді тамақтандыру рұқсат етілмейді. Ол екі ай бойы ораза ұстауға тым әлсіз болған жағдайда ғана алпыс кедейдің қарнын тойдырып, кәффәраның үшінші түрін орындай алады.

Екінші түрі — оразаны бұзатын, бірақ, кәффәра орындауға міндеттемейтін іс-әрекеттер. Мұндай жағдайларда бұзылған оразаны өтеу ғана міндетті:

1. Білместен бірдеңені жеп немесе ішіп қою. Мәселен, дәрет алу кезінде тамағыңа байқаусызда бір тамшы су өтіп кетсе, ораза бұзылады, бірақ, оның орнын толтыру үшін сол күннің қазасын өтесе жетіп жатыр;

2. Мұрынға дәрі немесе басқа нәрсенің кіруі;

3. Темекі шегу;

4. Әйеліңе жақындағанда, сүйгенде және аймалағанда ұрықтың шығуы;

5. Таң атып кеткенде немесе күн батпай тұрғанда әлі таң атқан жоқ яки күн батты деп ойлап, ішіп-жеп қою;

6. Егер ораза ұстаушы адам аузы берік екенін ұмытып, бірдеңе жеп немесе ішіп қойса, оның оразасы бұзылмайды. Есіне түскен бойда оразасын ұстауды ары қарай жалғастыра беруі керек. Дегенмен, егер ол ораза екені есіне түскеннен кейін де ішіп-жей берсе, оразасы бұзылады. Сондай-ақ, егер ол ораза екенін ұмытып кетіп, ішіп-жеп қойғаннан кейін «оразам бұзылды» деп қателесіп, ішіп-жеуін жалғастыра берсе, соның қазасын ғана өтеуі қажет болады.

Ораза үшін мәкрүх әрекеттер:

Төменде келтірілген іс-әрекеттер оразаны бұзбайды, бірақ, мәкрүх болып табылады, яғни, олар ораза үшін берілетін сауапты кемітеді. Сол себепті, ораза ұстау кезінде ондай әрекеттерден аулақ болған жөн.

1. Бірдеңе шайнау немесе бір нәрсені жемесең де, дәмін татып көру;

2. Тіс пастасын немесе тіс ұнтағын пайдалану. Пастасыз немесе ұнтақсыз мисуәкпен яки щеткамен тіс тазалауға рұқсат етіледі;

3. Күні бойы жүніп күйде болу;

4. Біреуге қан беру;

5. Біреумен ұрысу немесе оған тіл тигізу;

6. Ғайбат, яғни, біреуді сыртынан сөгу немесе айыптау (жазғыру);

7. Өтірік айту.

Соңғы үш жайт ораза ұстамаған жағдайда да харам етілген. Сол себепті, оларға салынған тыйым ораза кезінде одан сайын қатая түседі.

Рұқсат етілетін іс-әрекеттер

Төменде келтірілген іс-әрекеттерге ораза кезінде рұқсат етіледі:

1. Мисуәктің немесе щетканың көмегімен тіс тазалау, мақта таяқшаларымен құлақты тазалау;

2. Май немесе қына пайдалану, шашты бояу;

3. Көзге арналған тамшыны немесе қабаққа арналған бояуды пайдалану (сүрме/каджаль);

4. Әтір жағу немесе иіскеу, далап немесе тамақ жейтін таяқшаны пайдалану;

5. Суға түсу;

6. Денеге инемен дәрі жіберу;

7. Еріксіз құсу;

8. Еріксіз түтін немесе шаң жұту;

9. Ұйықтап жатқанда шәуеттің бөлінуі;

10. Тістің қанауы, егер қан тамаққа кетпесе;

11. Жүніп болған кезде ғұсыл алуды күн шыққанға дейін кешіктіру.

Ораза міндет етілмейтін жағдайлар

Төменде келтірілген жағдайларда мұсылман адамға Рамазанда ораза ұстамай, оның орнын басқа бір күні толтыру рұқсат етіледі:

1. Егер кімде-кім ораза ұстай алмайтындай сырқаттанып қалса немесе білікті дәрігер аш жүру дертті ушықтырып жіберуі мүмкін деген қауіп барын айтса, ораза ұстау денсаулыққа қауіпті емес екені белгілі болғанға дейін ораза тұтпауына болады. Бірақ, ол сауыққаннан кейін науқастанғандығы себепті қаза қылған ораза күндерін өтеуі тиіс;

2. Егер әйелдің аяғы ауыр болса, ораза ұстағаннан оған немесе оның сәбиіне зарар келеді деген қауіп болса, Рамазанда ораза ұстауды қоя тұрып, босанғаннан кейін қаза ретінде өтеуіне болады;

3. Баланы емізу кезінде әйел ораза ұстаса, баласын емізе алмай қалуы немесе ораза оған яки оның сәбиіне зарар келтіруі мүмкін деген қауіп болса, Рамазанда ораза ұстамай, кейін оның қазасын өтеуіне болады.

Сапардағы ораза

4. Өзінің қаласынан 48 мильден астам қашықтыққа саяхаттаған жолаушы да сапар кезінде оразасын кейінге қалдыра тұруына болады. Бірақ, егер ол сол қалада 14 күннен астам уақыт қалуға бел буса, содан кейін жолаушы болып саналмайды, сондықтан, Рамазан күндері ораза ұстауға міндетті.

Әйткенмен, егер ол сол қалада 14 күннен астам уақыт қалатынына әлі сенімді болмаса және сонша күн немесе одан да аз уақыт болатын-болмайтынын әлі нақты шешпесе де, 14 күннен астам уақытқа қалуға ұйғарғанға дейін осы жеңілдікті пайдалана алады.

Егер ол сол қалада қанша уақыт болатынына әлі де сенімсіз болса, сондай екіұшты халде 14 күннен астам уақытты өткізген болса, тағы да 15 күн болуға бел буғанға дейін әлі де осы жеңілдікті пайдалана алады.

Туған қаласынан 48 мильден астам қашықтыққа жол жүріп бара жатқан кез келген адамның осы жеңілдікті пайдалана алатындығына қарамастан, сапар жайлы болса және ораза ол үшін аса ауыр тимесе, ораза ұстаған абзалырақ. Оның екі себебі бар: біріншіден, ондай жолаушы сапар кезінде ораза ұстағаны үшін көбірек сауапқа кенеледі, екіншіден, егер ол сапар кезінде ораза ұстамаса, оны Рамазаннан кейін өтеуіне тура келеді. Ал, бұл оған одан да қиын болуы мүмкін.

Бірақ, егер сапар ауыр болса және ораза ұстау өте қиынға соқса, оны кейінге қалдырғаны дұрыс болады. Ал, егер ораза ұстау оған мүлде ауыр тисе, ондай саяхат кезінде оған ораза ұстауға рұқсат етілмейді.

Егер кімде-кім аузын бекітіп, сол күні сапарға шыққан болса, сол күні бұл жеңілдікті пайдалана алмайды, яғни, күн батқанға дейін аузын берік ұстауы тиіс. Ал, егер оның сапары ертеңіне де жалғасса, сол ертеңгі күннен бастап әлгі жеңілдікті пайдалана алады.

Сонымен қатар, керісінше, егер кімде-кім сапардан (сапар кезінде ораза ұстамаған болса) туған қаласына оралса және сол күні ішіп-жеген болса, туған қаласына жеткеннен кейін күн батқанға дейін тамақ пен сусыннан тыйылуы қажет. Мұндай тыйылу ораза болып саналмайды, сөйтіп, ол сол күннің қазасын өтеуі керек болады. Бірақ, оған Рамазан күнін туған қаласында өткізген бөлігіне құрметі ретінде сол күні күн батқанға дейін ішіп-жемеу үкім етіледі.

5. Етеккір және босанғаннан кейін қан келетін мерзімде әйелдерге ораза ұстау – харам. Олар сондай күйде қаза қылған ораза күндерін өтеуі керек.

6. (Рамазан кезінде ораза ұстамау) жеңілдігін пайдалану рұқсатына ие болған адамдар күні бойы ішіп-жей береді. Бірақ, олар Рамазанға құрметпен қараулары тиіс, сондықтан, қоғамдық орындарда немесе басқа да ораза ұстаған адамдардың алдында мүмкіндігінше ішіп-жемегені жөн.

Күні бойына оразаны бұзу кімге рұқсат етіледі

Күні бойына ешқандай себепсіз оразаны бұзу — үлкен күнә. Ондай жағдайда, жоғарыда айтылғандай, кәффәра үкім етіледі. Десе де, оразаны бұзу рұқсат етілетін жайттар бар.

Науқас адамға берілетін жеңілдік:

— Егер кімде-кім ауыр сырқаттанып қалса, білікті дәрігер ораза ұстауды жалғастыру оның өміріне қауіпті деп тапса, онда оған аузын ашып жіберу рұқсат етіліп қана қоймай, міндетті болады;

— Егер кімде-кім шектен тыс қарны ашып, шөлдейтіні соншалық, ішіп-жеуден ары қарай да тыйыла беру оның өміріне қатер төндіруі мүмкін болса, оған аузын ашып жіберу міндетті болады;

— Ішіп-жеуден тыйылу адамның өміріне қатер төндіретіндей болса, ол кез келген жағдайда аузын ашып жібере алады.

Осы жағдайлардың бәрінде ораза ұстаушыға кәфәра міндеттелмейді. Бірақ, ол қауіп сейілгеннен кейін оразаның қазасын өтеуі тиіс.

Сухур немесе Сехри

Сухур (сәресі) – түннің соңғы сағаттарында ораза басталмас бұрын тамақтану. Сәресін ішу Сүннет болып табылады. Егер адамның ол уақытта тәбеті болмаса, жеңіл бірдеңе жегені абзал. Сәресіне бірнеше тамшы су ішуге де болады. Сәресін түнгі он екіден кейін кез келген уақытта ішуге рұқсат екеніне қарамастан, оны таң атардың алдында түннің соңғы сағатында ішкен жөн.

Сәресін таң атқанға дейін іше беруге болады. Бірақ, сақтық ретінде таң атпастан бірнеше минут бұрын ішіп-жеуді тоқтатқан абзал. Тіпті таң атқаннан кейін бір минуттан кейін бірдеңе жеп-ішіп қойсаң да, ораза бұзылады. Егер таң атқан-атпағандығына күмән болса, ішіп-жеуден тыйылу қажет. Алайда, егер сондай дүдәмал күйде ішіп-жеп қойсаң, таң атып кеткеннен кейін ішіп-жегенің расталмаған жағдайда оразаң дұрыс болады. Ал, егер таң атқаннан кейін ішіп-жегенің біраз уақыттан соң белгілі болып жатса, сол күнгі оразаның қазасын өтеу қажет болады.

Ифтар

Ифтар – күн батқаннан кейін ішіп-жеу арқылы аяқталатын оразаның соңы. Күн батқан бойда дереу ауыз ашу — сүннет, ал, ешқандай себепсіз ауыз ашуды кешіктіру — мәкрүх. Алайда, егер күннің ұясына кірген-кірмегендігі күмәнді болса, ораза ұстаушы адам оған сенімді болмайынша аузын ашпауы керек. Өйткені, егер оның күн батардан тіпті жарты минут бұрын аузын ашқандығы белгілі болса, оразасы бұзылады. Күн бұлтты болса, ауызашарды күн бататын уақыттан бірнеше минутқа кешіктірген дұрыс.

Ауызды ашу үшін жеуге үкім етілген белгілі бір тағам түрі жоқ. Бірақ, ауызды құрмамен ашқан абзал. Себебі, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте аузын құраммен ашатын болған. Сонымен бірге, ауыз ашу кезінде төмендегі дұғаны оқу сүннет болып табылады:

اللّهُمّلَكَصُمْتُوَبِكَآمَنْتُوَعَلَيْكَتَوَكَّلتُوَعَلَىرِزْقِكَأَفْطَرْتُ

«Я, Алла! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім және Саған ғана тәуекел етемін, Өзің берген ризығыңмен аузымды ашамын».

Сондай-ақ, су ішіп болып, былай айтқан абзал:

ذَهَبَالظَّمَأُوَابْتَلَّتِالْعُرُوْقُوَثَبَتَالْأَجْرُإِنْشَاءَاللهُ

«Шөл басылды,тамырлар нәр алды, әрі,Аллаһ қаласа,сауап та күтіп тұр!»

Қаза ораза

Рамазанда оразасы қаза болған адам оны кейін өтеуге міндетті. Бұл қаза ораза деп аталады. Оразаның қазасын, төмендегі күндерді қоспағанда, жыл бойы кез келген күні өтеуге болады:

— Шәууәлдің бірінші жұлдызы (Ид-әл-фитр);

— Зүлхиджжаның оныншы жұлдызы (Ид-әл-адха);

— Зүлхиджа айының он бірінші, он екінші және он үшінші жұлдыздары.

Бұл күндері ораза ұстауға қатаң тыйым салынған. Сол себепті, оразаның қазасы бұл күндері өтелмейді.

Оразаның қазасын Рамазанда оразаны қаза қылғаннан кейін мейлінше тезірек өтеген дұрыс. Мұны ешқандай себепсіз кейінге қалдыра беру жөнсіздікке жатады. Егер қаза болған ораза бір күннен көп болса, оның қазасын күн сайын үздіксіз ұстауға да, үзіліспен ұстауға да болады. Бірақ, кәффәра оразасы міндетті түрде үзіліссіз, күніге өтелуі қажет. Кез келген үзіліс кәффәраның алдыңғы өтелген күндерін жарамсыз етеді, сөйтіп, оларды қайтадан өтеу керек болады.

Рамазандағы ораза мен қосымша (нәпіл) оразалармен салыстырғанда оразаның қазасын өтеуге таң атпас бұрын ниет ету қажет.

Егер оразаға қарыз күндерің көп болса, қаза болған күндердің нақты санын жазып қою қажет. Сонымен қатар, тірі кезіңде қазаны өтей алмасаң, мұрагерлеріңнің фидья (орындалмаған міндеттің өтемақысы) төлеулері керектігін көрсетіп, өсиет жазу керек.

Оразаның бір күнінің өтемақысы – бір килограмм алты жүз алпыс екі грамм бидай немесе соның балама құны. Егер фидьяны марқұмның мұраға қалдырып кеткен дүние-мүлігінің үштен бір бөлігінен төлеу мүмкін болса, мұрагерлері оны сол мүліктің қаражатымен төлеуге міндетті. Бірақ, егер марқұм фидьяны төлеу жайында өсиет жазбаған болса, мұрагерлері оны төлеуге міндетті емес. Сол сияқты, фидьяның құны марқұмның мал-мүлігінің үштен бір бөлігінен асып түскен жағдайда да оның мирасқорлары артық ақша төлеуге міндетті емес, тек өз еріктерімен төлеуге ниеттенбесе.

Тарауық

Рамазанның тағы бір маңызды ерекшелігі тарауық намазы болып табылады. Бұл – 20 рәкағаттан тұратын және түнгі құптан намазынан кейін бірден оқылатын ерекше намаз.

Бұл намаз муаққадда сүннет (бірнеше мәрте ерекше айтылып өткен) болып табылады және оны қалдырмаған дұрыс. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
«Алла Рамазанда ораза ұстауды парыз етті, мен Рамазанда намаз оқуды (яғни, тарауық) Сүннет еттім».

Тарауықты жамағатпен оқу муаққадда әләл-кифайах сүннет болып табылады. Бұл дегеніміз –мешіт келушілерінің Тарауық намазын жамағатпен оқуы муаққадда Сүннет болып табылады.
Егер кімде-кім мешітте тарауық намазын оқуға жамағаттың жиналғандығына сенімді бола тұра, оны үйде жамағатсыз оқыса, тарауықтің Сүннетін орындайды, бірақ, намазды жамағатпен оқудың үлкен сауабынан құр алақан қалады. Осылайша, тарауықті мешітте оқуға барынша тырысу қажет.

Сондай-ақ, Рамазанда Тарауық намаздарда Құранды түгелдей оқып шығу Сүннет болып табылады. Тарауық намазына хафиздің (Құранды жатқа білетін адамның) имамдық етуін өтінген жөн. Дегенмен, ол үшін хафизге ақы беруге болмайды. Ондай мүмкіндік жоқ болса, Тарауыққа намазда Құранның өзі білетін сүрелерін оқитын кез келген имам имамдық етеді.

Жалпыға ортақ тәжірибеге сәйкес, мешіттердің көпшілігінде Қасиетті Құран Рамазан аяқталудан бірнеше күн бұрын, 27-ші күні немесе одан да бұрын оқылып бітеді. Ондай жағдайда әр түрлі сүрелерді оқып, Тарауықті Рамазанның соңғы түніне дейін жалғастырған жөн. Қасиетті Құран түгелдей оқылып біткеннен кейін Тарауықті оқымай қалу дұрыс емес, себебі, Тарауық намазының Сүннеті соңғы түнге дейін оқылады.

Тарауық намазының уақыты Құптан намазының парызын оқып болғаннан кейін басталады. Сондықтан, Құптанның парызын оқымаған адам тарауық намазына қосыла алмайды. Егерде ол тарауық намазының бірнеше рәкағатына үлгермей қалса, оларды Үтір намазынан кейін оқуына болады. Мәселен, кімде-кім мешітке имам тарауық намазының төртінші рәкағатын оқып жатқанда келсе, ол алдымен Құптанның Парызын оқып, содан соң жамағатқа қосылып, тарауық оқуы керек. Егер кімде-кім Тарауық намазының 4 немесе 6 рәкағатына үлгермей қалса, ол үтірді имаммен оқып, содан кейін оқылмаған 4 немесе 6 рәкағатты өзі бөлек оқуы тиіс.

Қадір түні

Рамазанның аса маңызды ерекшеліктерінің бірі жылдың ең мүбәрак түні – Ләйләтүл Қадр (Қадір түні) болып табылады. Қасиетті Құранда оның мың айдан артық екендігі айтылады. Бұл осы түнде жасалған ғибадат мың түнде жасалған құлшылықтан артық сауап әкелетінін білдіреді. Асыл Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түнде Алла Тағаланың адамдарға ерекше рақымын жаудыратынын, құлдарының дұғаларын қабыл алатынын және көптеген адамдарды, дұға қылып, жалбарынушыларды және тәубеге келушілерді кешіретінін айтып кеткен.

Қадр түні Рамазанның соңғы бес тақ түндерінің біріне, яғни, 21, 23, 25, 27 немесе 29-шы жұлдызына, тұспа-тұс келеді. Сенімді дереккөздерге сәйкес, Қадрір түні осы түндердің әрқайсысына кезекпе-кезек түседі. Мұндай кезектесудің мақсаты – адамдардың дәл Қадр түніне дөп келу үшін сол бес түннің бәрін құлшылықта және намазда өткізулеріне түрткі болу.

Қадір түнінде жасауға үкім етілген міндетті құлшылық түрлері жоқ: бұл түнді мейлінше көбірек нәпіл намаз оқып, Құран оқып, зікір және тәсбих айтып, дұғада болып және садақа таратып өткізген абзал.

Аиша (Алла оған разы болсын) бірде Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадр түнінде қандай дұға оқығаны абзал екенін сұраған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған төмендегі дұғаны үйреткен:

اللَّهُمَّإِنَّكَعَفُوٌّتُحِبُّالْعَفْوَفَاعْفُعَنِّى

«Алла, шүбәсіз, Сен – ең Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, ендеше, мені кешіре гөр».

Бұл түннен өзіңе пайда алудың ең тамаша жолы – құлшылық пен дұға жасап, таң атқанға дейін ұйықтамау. Қандай да бір себеппен мұны жасай алмайтындар, тым болмаса, түннің айтарлықтай бөлігін Аллаға құлшылық етумен өткізгені жөн. Тәхәджуд намазда, ең болмағанда, 8 рәкағат оқу керек. Сонымен қатар, Қасиетті Құранның белгілі бір бөлігін оқып, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғаларын айтқан абзал. Қандай да бір зікір яки Тәсбихті үздіксіз айтып отырған дұрыс. Әсіресе, қыруар құндылыққа ие төмендегі зікір:

سبحاناللهوالحمدللهولاإلهإلااللهواللهاكبرولاحولولاقوةإلاباللهالعليالعظيم

Зікір мен Тәсбихті дәретсіз күйде де, жүріп келе жатқанда да, төсекте жатқанда да оқи беруге болады.

Иғтикаф

Рамадандағы құлшылықтың тағы бір айрықша түрі Иғтикаф болып табылады. Ол кезде адам барлық байланыстарынан, қоғамнан оқшауланып, күнделікті күйбең тіршілігін тастап, белгілі бір уақытын мешітте өткізеді.

Ислам «дүниеуи тіршіліктен түгелдей қол үзбестен Алланың разылығына қол жеткізу мүмкін емес» деген монахтық оқшаулануды құптамайды. Қасиетті Құранда мұндай нәрсе қатаң сөгіске ұшыраған. Керісінше, Ислам жұмыс пен хәләл табыстың, отбасыңмен қарым-қатынастың және жұбайыңның, балаларыңның, туыстарыңның, көршілеріңнің және өзге де таныстарыңның алдындағы міндеттеріңді орындаудың маңыздылығын айрықша баса айтады.

Әйтсе де, жоғарыда айтылып өткендей, жалған дүниенің қамымен әуреге түсіп, оның соңынан қуу рухани өсуді баяулатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мұсылман адам өзін күнделікті қарбаластан оқшаулап, оңаша қалып, бар жан-тәнімен кіршіксіз таза құлшылыққа берілу үшін белгілі бір уақытын бөлуі қажет.

Иғтикаф — сондай мақсатты жүзеге асырудың тамаша тәсілі. Иғтикаф кезінде үйің мен отбасыңды тәрк етіп, белгілі бір уақыт аралығында мешітте болуға міндетті боласың. Құлшылықтың мұндай бірегей түрі жылдың кез келген мезгілінде жасала береді, әйткенмен, оны Рамазанның соңғы он күнінде жасау муаққадда сүннет болып табылады. Себебі, Рамазан — иғтикаф жасау үшін ең қолайлы уақыт. Оның үстіне, Рамазанның соңғы он күні — әдетте «Ләйләтүл қадр» дөп келетін шақ. Жоғарыда айтылып кеткендей, оның нақты уақыты белгісіз: ол сол уақыт аралығындағы тақ түндердің кез келген біреуіне түсуі мүмкін.

Сөзсіз, Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф күйінде болған адам оның шексіз шарапатынан пайдаға кенелері анық. Себебі, ондай адам Ләйләтүл Қадрде ұйықтаса да, оған «Ләйләтүл Қадрде құлшылық жасады» деп жазылады. Өйткені, иғтикаф күйіндегі әрбір секунд ғибадат болып табылады: ол адам ішсе де, жесе де, ұйықтаса да. Үйінде отырған адам мұндай айрықша артықшылыққа қол жеткізе алмайды. Дәл сол себепті, Асыл Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жыл сайынғы Рамазанда иғтикаф жасайтын болған.
Иғтикафтың егжей-тегжейлі үкімдері мен ережелері менің «Иғтикаф қағидалары» атты кітабымда түсіндіріліп өткен. Оның бәрін мұнда жазып отыру орынсыз болар. Дегенмен, негізгі ережелер төменде сипатталған.

Иғтикафтың кейбір қағидалары

1. Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасау — әләл кифайах сүннет. Бұл әрбір мешітте, кем дегенде, бір адам иғтикаф күйінде болуы керектігін білдіреді. Осы ереже орындалған жағдайда сол аймақтағы адамдардың барлығы Сүннет талабын орындаған болып есептеледі. Алайда, егер иғтикафты ешкім орындамаса, сүннеттің орындалмағандығы үшін бүкіл аймақ жауапты болады. Сол себепті, жергілікті тұрғындар өздерінің аймақтарындағы мешітте бір адамның болса да иғтикаф күйіне кіргеніне көз жеткізулері қажет. Егер ешкім жоқ болса, оны орындауға біреуді дайындаулары керек.

2. Рамазанның жиырмасыншы күнінде күн батқан бойда иғтикафтың уақыты басталады. Сондықтан, иғтикаф жасауға ниеттенген адам көрсетілген күні күн батпас бұрын мешітке кіруі керек, яғни, күн батып жатқанда ол мешіттің ішінде болуы тиіс.

3. Иғтикафқа қойылатын негізгі талап: иғтикафтағы адам иғтикаф уақытында мешіт аумағында болып, одан шықпауы тиіс, дәрет сындыру қажеттілігі туындамаса.

4. Бұл жағдайда «мешіт аумағы» намаз оқитын жермен шектеледі және оны мешіт құрылтайшылары немесе әкімшілігі анықтайды. Демек, дәрет алуға арналған жер, дәретхана және т.б. секілді жерлер иғтикафтағы «мешіт аумағы» ұғымына жатпайды. Сол себепті, егер иғтикафтағы сондай жерлерге адам жоғарыда айтылған қажеттіліксіз шықса, оның иғтикафы бұзылады.

5. Иғтикаф кезінде мешіттен төмендегі қажеттіліктер үшін ғана шығуға болады:

— дәрет сындыру үшін;

— міндетті болған ғұсылды алу үшін, яғни, жүніп күйде. Бір айта кететіні, міндет етілмеген ғұсылды алу үшін мешіттен шығуға рұқсат етілмейді, мәселен, жұма намазына ғұсыл алу үшін;

— тамақ әкелу үшін, егер оны әкелетін басқа адам болмаса. Ондай жағдайда тамақты мешітке алып келуге немесе мешіттің сыртында бір жерде тамақтануға рұқсат етіледі;

— жұма намазды оқу үшін, егер намаз сол адам иғтикафты өткізіп жатқан мешітте оқылмаса.

— өміріне немесе дүние-мүлігіне үлкен қатер төнген жағдайда басқа мешітке ауысу.

— иғтикаф күйінде болған адамның қажетсіз шаруалардың бәрінен барынша аулақ болып, уақытының көп бөлігін ғибадатқа арнағаны абзал: намаз, Қасиетті Құранды оқу, зікір немесе тәсбих. Әйткенмен, үн-түнсіз тым-тырыс отыру — мәкрух.

6. Төмендегі іс-әрекеттер иғтикафтың тоқтатылуына алып келеді:

— жоғарыда көрсетілген себептерді қоспағанда, тіпті бір сәтке болса да мешіттен шығу;

— атап өтілген қажеттіліктер орындалғаннан кейін де мешіттен тысқары жерде бөгелу;

— жыныстық қарым-қатынасқа түсу немесе иғтикаф күйінде түгелдей харам етілген сүйісу, құшақтасу және т.б секілді әрекеттерге біле тұра барудың нәтижесінде шәуеттің шығуы;

— оразаны бұзатын кез келген әрекет — ішіп-жеу және т.б. (мәснән иғтикаф үшін ораза міндетті шарт болғандықтан, ораза бұзылған жағдайда иғтикаф та бұзылады).

7. Егер қандай да бір себеппен иғтикаф бұзылған болса, оған бір күнді өтеу міндетті болады (он күн бойына иғтикаф жасауы керек емес). Мәселен, егер ол он күн бойы иғтикаф күйінде болу ниетімен мәснән иғтикафты Рамазанның 21-ші жұлдызында бастаған болса, бірақ, Рамазанның 25-ші жұлдызында қателесіп немесе аңғармастан мешіттен шығып кетсе, оның иғтикафы бұзылады. Мұндай жағдайда ол бір күннің ғана қазасын өтеуі керек. Он күн не бес күн бойы иғтикафты қайталаудың қажеті жоқ. Оған бір күннің ғана қазасын өтеу үкім етіледі.

Осылайша, ол бұл қарызын бір ғана күн иғтикафты орындау арқылы өтей алады: сол Рамазанда да, одан кейін нәпіл ораза ұстау арқылы да, немесе келесі Рамазанда. Егер ол қазасын сол Рамазанда өтеуге ұйғарса, Рамазанның 25-ші жұлдызында (иғтикаф бұзылған күні) күн батқанға дейін иғтикафқа кіріп, 26-сы күні күн батқанға дейін одан шықпауы тиіс. Сонда оның міндеті орындалады. Содан соң үйіне қайтуына немесе нәпіл ретінде (сүннет те емес, уәжіп те емес) иғтикафын жалғастыра беруіне болады.

Мүфти Тақи Усмани

_______________

Орыс тілден аударылған Azan.kz

Один комментарий »

  1. Модератор 17.06.2015 at 2:20 дп - Reply

    Мүфти Таки Усмани: Рамазан Кәрім

    http://azan.kz/article/show/id/6110.html

Оставить отзыв »

Просмотров: 731
Яндекс.Метрика