Хабашит («хабашия» немесе «ахбаш») – қазіргі таңда бой көрсетіп отырған Ислами ұйымдардың бірі. Орталығы Ливан елінде орналасқан. Көсемдері Эфиопиялық Абдулла әл-Харари әл-Хабаши болып табылады (1910-2008 ж.).
Ұйымның атауы көсемінің шыққан тегіне орай «Хабашия» деп аталған. Аталмыш ұйым «әл-Жәмъиятуль Мәшәриъил Хайриятиль Исламия» деген атпен де белгілі. Олар өздерін Әһли сүннет жолындамыз деп көрсеткенімен басты сенімдері сунниттік, шиіттік және сопылық негіздерден құралған деседі мамандар. Хабашит жамағаты жайында қазіргі таңдағы беделді Ислам ғалымдары қандай пікірде екен, соған назар аударалық:
«Хабашит ұйымының сыртқы және ішкі (жасырын) екі түрлі тұсы бар — дейді Мысыр елінің бұрынғы бас мүфтиі Али Жұма. — Жария тұсын айтар болсақ, өздерін сырт көзге амалда Шафиғи мәзхабын, сенімде Ашғари ақида мектебін ұстанады етіп көрсетеді. Ал, ішкі жасырын тұсына келер болсақ, кей мұсылмандарды жөнсіз кәпірге шығарып, кейбірін пасық дейді. Олар үмметтің арасына бүлік жайды. Астыртын Ислам дұшпандарымен ақыға ынтымақтасып іс істегендері де белгілі…»[2].
Мархұм Рамазан әл-Бути (р.а) хабашиттер жайында былай деген:
«Хабашиттердің Бейрутта Абдулла әл-Һәрәри есімді басшылары бар. Олар өздерінің мешіттерінде: «уахабистердің (сәләфи) артында тұрып намаз оқуға болмайды. Олардың көсемі Ибн Тәймия – кәпір», — деп айтады. (Мен айтайын) Уахабидің артында ұйып намаз оқу харам емес. Ұюшының намазы дұрыс. Сондай-ақ, кәпір болған күйі өлгендігін нақты білмей тұрып, ешқандай мұсылманды кәпірге шығаруға болмайды. Ендігі жерде, адамдардың арасында кім Ибн Тәймия өлер алдында Ислам жолынан ауытқып (мүртәд болып), кәпір болған хәлде өлді деп айта алады?! Сіз сұрап отырған жамағат көптеген мұсылмандарды кәпірге шығарған.Олар, Мүтәуәлли әш-Шәърауиді, Қардауиді және мені де кәпірге шығарған…».
Проф.доктор Уаһбату Зухайли да (р.а.) хабашиттерге байланысты ойын былай білдірген:
«Хабашиттер – адасушы және адастырушы ұйым. Олардан ұзақ жүру керек. Және өзгелерге де ескерту керек: олардан алыс жүрсін. Олар – бүлік шығарушылар. Адамдарға өздерінің нәпсілеріне сай пәтуа береді. Халалды – харам, харамды – халал деп жүр. Оның үстіне, олардың сыртқы мемлекеттермен ынтымақтасып, (астыртын) байланыс құрады деген күмән да жоқ емес. Сондықтан да, олардан өте сақ болу қажет. Мен олардың (өзге мұсылман жастардың) сақ болуларын өтінемін»[3].
Қорытынды:
Бүгінгі жолданған сұраққа арқау болып отырған жамағатқа байланысты жазылған қолымыз жеткен деректерге сүйенер болсақ, ол жамағаттың әһли сүннетке қайшы келетін жақтары жоқ емес. Мысалы: өздерінің пікірлеріне қарсы келгендерді бірден кәпірге шығару әдеттері бар. Әһли сүннет ғалымдары ешкімді жөнсіз кәпірге шығармаған. Тіпті, ертеректегі бой көрсеткен адасушы Ислами ағымдардың көбін «әһлу қибля» — қыбла иесі деп атап, кәпір ретінде есептемеген. Бірақ, «бидғат иесі» дейтін.
Сондай-ақ, Хабашиттер Әзіреті Әли заманында орын алған «бүлік» кезінде Әзіреті Әлиге қарсы тұрған сахаба Мұғауия мен жанындағыларды «бағи» (бүлікші) ретінде есептейді. Осыған қарағанда, Жәмәл соғысындағы Әзіреті Айша анамыз, Талха, Зубейр сынды сахабалар да «бағи» қатарына кіреді деген сөз. Ал, Әһли Сүннет сенімінде cахабалардың бәрін жақсылықпен тілге аламыз. Мұғауия да ардақты сахабалардың бірі. Кезінде Ол (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) келген уахиларды жазып отырушы жазушылардың бірі-тін, яғни, «Құран Кәтибтерінен» еді. Мұғауияға Пайғамбарымыз өзінің көйлегін сыйға тартқан. Оған сахаба ретінде құрмет көрсетуіміз тиіс. Тіпті, ертеректе өмір сүрген кейбір ғалымдар сахаба Мұғауияға тіл тигізгендерді өлім жазасына тарту керек деген тұжырым алға тартады. Ендеше, әһли сүннет сенімінде ешкімнің сахабаларға тіл тигізуге хақысы жоқ.
Сондай-ақ, Хабашиттердің ойынша, кедей мұсылманға лоторея ойынын ойнауға болады. Бай мұсылманға болмайды екен. Жəне олардың пайымдауынша, бүлік шықпайтын болса, өзге діндегілердің дүние-мүлкін ұрлауға болады. Және доллармен жиналған ақшаның зекеті жоқ. Зекет тек алтын не күмістен беріледі деген. Осы жамағаттың кесірінен, Америка мен Канада еліндегі мұсылмандар екіге бөлініп намаз оқиды: бір бөлігі намазды Оңтүстік шығысқа қарап оқыса, тағы бір бөлігі солтүстік батысқа қарап оқиды.
Қазіргі таңда, дүниенің түкпір-түкпірінде аталмыш жамағаттың орталықтары бар. Австралия, Швеция, Франция, Белгия, Англия, Германия, Ресей, Тайван, Индонезия, Малазия, Үндістан, Пакистан, Тәжікістан, Мысыр, Нигерия, Гана т.б. әлем елдерінде Хабашиттер өздерінің үгіт-насихаттарын белсенді түрде жаюда[4].
[1] Н.Кәмәл Карабибер: «Ахбаш жамағаты». Түрік тілінде.
[2] http://www.ye1.org/
[3] Ютубтағы видеосынан.
[4] Н.Кәмәл Карабибер: «Ахбаш жамағаты». Түрік тілінде.
Абдусамат Қасым