Отбасы, әйел, бала-шаға – осылардың барлығы біздің осы дүниедегі бақытымыз. Біздің өміріміздің сәні де, мәні де осылар. Ал, солардың ішіндегі ең маңызды орын алатыны – бала-шағамыз. Себебі олар біздің болашағымыз, мақтанышымыз, арқауымыз, бәйтерек болған үрім-бұта-ғымыздың жалғасы. Өкінішке орай, қазіргі таңда қоғамымызда сол бәйтеректі бүршігі атпай жатып, тамырынан кесіп тастайтын адамдар пайда болды. Бұл – жатырдағы сәбилерді жарық дүниеге келмей жатып, өлім құштырған жасанды түсік мәселесі. Статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам жасанды түсік жасалады екен. Аборт,яғни жасанды түсік жасау деген сөздің астарында не жатыр?! Ол – адамның өмірін қию, тағдырына қол сұғу, Алланың жазмышына разы болмау.
Құран Кәрімнің «Нахл» сүресінің 59-шы аятында Алла Тағала былай дейді: «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Мұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па?Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар).
Жоғарыдағы аятты зерделей келе, «өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады» деген кезде, қазіргі кездегі аяқ асты жүкті болып, жасанды түсік жасататындарға да қатысты айтылғандай. Олар құр-сақтарында бітіп, жетіліп келе жатқан кішкентай нәрестеге разы болмай, қарабет болудан қорқып, не істерін білмей, абыржиды. Алланың берген сәбиіне қуанудың орнына, «бұл баладан қайтіп құтылсам екен?» деп зұлым ойға беріледі. Ақырында «аборт жасаймын» деген шешімге келіп, Ислам келместен бұрынғы қыз балаларына разы болмай, жерге тірілей көмгені секілді, азғындық, надандық үкім шығарады. Ал, ол тарих беттеріндегі надандық ғасырдың шегін Омардың (Оған Алланың сәлем болсын) тілімен айтар болсақ, қаншалықты қатыгез адамдарды Ислам келіп өзгерткенін байқаймыз. Бірде Омар (Оған Алланың сәлем болсын) көзіне жас алып, былай деген: «Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құмтопырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамастан тірідей көміп кетіп едім».
Қазіргі кездегі жасанды түсік жасататын адамдардың, он төрт ғасыр бұрынғы тірі-лей көмген надандықтан не айырмашылығы бар?! Құран Кәрімде Алла Тағала: «Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінәларың бар еді, нендей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…», – дейді («Такуир» сүресі, 8-9-аяттар). Расымен де олардың қандай күнәлары бар, жазықсыз жарық дүниенің есігін аштырмай, өлім жазасына кесілетіндей. Содан кейін де, еш болмағандай жүру – не деген мейрімсіздік, жүрексіздік десеңші.
Қазіргі кездегі аборт жасатудың себептерінің бірі –тұрмыс-тіршіліктің нашар болуында. «Сәбиді асырауға мүмкіншілігім жетпей қалады-ау, күнімді қалай көрем?» деген ойлардың салдарынан жасанды түсік жасайды. Ал төмендегі Қасиетті Құран Кәрімде келген аят, әрбір ата-ананың жүрегінде жазулы тұру керек деп ойлаймын: «Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз»(«Әнғам» сүресі, 151-аят).
Алла Тағала біздің ризы-ғымызды өзіміз емес, Өзі кепілдігіне алғандығын айтып тұр. Тек біз емес, бүкіл әлемдегі ризыққа мұқтаж барлық жаратылыстың ризығын Ол береді. Ормандардың ішіне, теңіздердің бетіне қарасақ та аштан өліп жатқан ешбір аң, құс жоқ. Демек, әр адам пеше-несіне жазылған ризығымен келеді, ешбірі бір-бірінің ризықтарын тартып жей алмайды. «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр туады» деп аталарымыз мақалдап айтып кетпеді емес пе?!
Аборт жасауға медицина көзімен қарайтын болсақ та, оның зияны көп. Жасанды жолмен түсік тастаудың салдары жарық дүние есігін әлі аша қоймаған сәбидің өмірін қиюмен бірге оны жасатқан әйелдің жүйке жүйесі мен эндокриндік жүйесінің жұмысын бұзады. Әйел ағзасындағы табиғи құбылыстарға зақым келеді. Аборт жасатуға бел буған әйел өзінің денсаулығын қатерге тігеді. Аборт жасатқаннан кейін балалы болудың өзі сирек кездесетін құбылыс.
Жасанды түсіктің жасалуының ең негізгі себептерінің бірі – некесіз қосылу, зина жасау. Әке-шесесі білмей, өздерінің шәһуаттарына беріліп, үлкен күнә жасау салдарынан, ешкімге білдіртпей, жасанды түсік жасайды. Ал, ол зинаға итеретін әртүрлі жолдар көп. Соның бірі – ақпан айының 14-ші жұлдызында келетін, азғындардың ойлап тапқан мейрамы – «Әулие Валентин күні», яғни «Ғашықтар күні»болып саналады.
Расында, Батыс елдерінен бастау алған бұл мереке жастар арасына тез жайылды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өздері іліп әкетіп, бір-біріне ғашықтық сезімдерін ашық айтатын күнге жетіп отырмыз. Мектеп оқушы-лары арасында таратылатын «валентинкаларда» жазылған сөздерді оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, Әулие Валентин күні «Бүгін біз алғаш рет сүйісеміз», «Мен бүгін сенікімін» немесе «Біздің алғашқы түніміз» деген жазуы бар үшбұрыш открыткаларды мектеп оқушылары бір-біріне ешкімнен қымсынбай, жасқанбай ашық таратады.
Адам өлтіру Ислам діні бойынша үлкен күнә, себебі қасиетті Құран Кәрімде: «Қастандық істемеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең болады», – делінген. Жалпы, шариғат бойынша біреуге қоқан-лоқы жасап, қорқытып-үркітудің өзі, барша адамға жасалынған қиянатқа тең.
Құран Кәрімде және ұлық пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде адамды бұзатын үлкен күнәлар туралы жан-жақты баяндалған. Сол үлкен күнәлардың ең ауыры – Алла Тағалаға серік келтіру болса, екіншісі – нақақтан-нақақ адам өлтіру. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қарғысы мен қаһарына ұшырайды», – деп айтылса, «Фурқан» сүресінің 68-аятында Алла тыйым салған істерді істемеу және нақақтан қан төкпеу керектігі жөнінде: «Сонымен бірге, олар Тәңірге басқаны теңестірмейді. Алла тыйым салған істерді істемейді, нақақ қан төкпейді, зина жасамайды. Кімде-кім олай істесе, ол жазаға душар болады», – делінген. Олай болса, қаншама періште сәбилердің жанын қиған ата-аналардың әрекеттері Исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жата ма?
Алла Тағала бізді сабыр еткен, іс-әрекеттеріне жауап берген, имандылықты ұстанған жандардан қылсын! Жаман ахлақтан, мейрімсіздіктен сақтасын!