Алланың махаббатына тек бірегей тақуа құлдары ғана бөленеді. Егер Алла Тағала сізді сүйсе, өзіңізге берілетін берекет пен бас пайдаңызды сұрамаңыз, бастысы — Алланың сізді сүйетіндігін білсеңіз болды.
Алланың махаббатының белгілері мен себептері де бар және оның рөлі жабық есікті ашатын кілт тәріздес.
(Мұндай махаббатқа кенелудің) себептері мынадай бірқатар бөліктерден тұрады:
- Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан насихаттарына еру. Алла Тағала Өзінің Қасиетті Кітабында былай дейді (мағынасы):
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла Аса Жарылқаушы, Ерекше Мейірімді» де.
(Әл-Имран сүресі, 31-аят)
- Алланың махаббатына қол жеткізуді қалайтын адам көп қосымша (нәпіл) құлшылықтар жасайды. Алла Тағала (хадис құдсиында) айтады:
«Және Менің құлым Мен оны сүйіп кетпейінше, қосымша (нәпіл) амалдар жасау арқылы Маған жақындай түсуін тоқтатпайды».
Қосымша құлшылықтарға нәпіл намаздар, ораза, садақа беру, Құран оқу, Алланы еске алып, ұлықтап, зікір айту жатады.
- Бір-бірінің көңілінің сұрасып үйлеріне баратын, бір-біріне материалдық әрі рухани тұрғыда демеу болатын, Алланың разылығы үшін бірі екіншісіне пайдалы ақыл-кеңестерін айтатын бауырлардың арасындағы махаббат. Мұндай игі қасиеттер хадис құдсида келеді, онда Алла Тағала былай дейді:
«Бір-бірін Мен үшін жақсы көргендерге Менің махаббатым да міндетті болады, бір-бірінің Мен үшін көңілін сұрасып, баратындарға да Менің махаббатым да міндетті болады, бір-біріне (қаржылай) көмектесетіндерге де Менің махаббатым да міндетті болады. Және Мен үшін қарым-қатынасын үзбей, араласқандарға да Менің махаббатым да міндетті болады». (Ахмад, Ибн Хиббан)
«Бір-бірінің Мен үшін көңілін сұрасып, баратын екеу» дегенді қалай түсінеміз? Бұл дегеніміз, екі иман келтірген адам Алланың разылығына бөлену үшін, Алла үшін бір-бірінің көңілін сұрасып, Алла үшін бір-бірін жақсы көреді және Алла үшін жасалған құлшылықтарында бір-біріне көмектеседі.
- Өмірімізде кездесетін көптеген қиыншылықтар мен сынақтар да Алланың махаббатының белгісі болады. Барлық бқытсыздықтар адам үшін сынақ болады, ал бұл оны (адамды) Алланың сүйетіндігінің белгісі. Адам жанына түсетін барлық ауыртпашылық, қиыншылық тура бір тәнге қажетті дәрі-дәрмек іспеттес: дәрілер ащы болса да, біз оны өзіміз жақсы көретін адамдарымызға береміз, дәл солай Алла да сынақтарды біздің игілігімізге жібереді.
Хадис-құдсида былай деп келеді: «Ең үлкен сауап ең үлкен қиындықпен бірге келеді. Алла Тағала біреуді жақсы көрсе, Ол оған сынақ жібереді, кімде-кім оны сабырлықпен көтере білсе, сол Алланың разылығына бөленеді. Ал жыланып, шағым айтқан адам Оның қаһарына лайық болады». (Әт-Тирмизи, Ибн Мәджә)
Мұсылман адамның мына өмірде басына төнетін барлық бақытсыздықтары оның арғы дүниеде тататын азабынан абзал болуы мүмкін. Неге дейсіз бе, себебі оның көретін қиындықтары себепті күнәлары кешіріледі.
Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Алла Тағала құлына игілік, берекет беруді қаласа, Ол оның жазасын мына дүниеде тездетіп береді, ал егер Өзінің құлына қаһары түсетін болса, оның жазасын (құлы) Қайта тірілетін күні алдына келгенге дейін кешеуілдетеді» (Әт-Тирмизи жеткізген).
Ғұламалар бұл өмірде сынақтар мен қиыншылықтарға тап болмаған адам, шамасы мұнафық, екіжүзді адамдар, себебі Алла Тағала оны барлық күнәларымен Қиямет күнінде алдына келтіру үшін мына өмірдегі жазасын кешеуілдетуде деп түсіндіреді.
Аnnisa-today.ru сайтынан қазақ тіліне аударған Tamshy.kz