Пайғамбар (ﷺ) кезеңіндегі фиқһ
Бұл кезеңде Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандарға Раббылары тарапынан бұйырылып отырған құлшылықтар мен қарым-қатынастарға қатысты, сондай-ақ сол кезеңде туып отырған әртүрлі жағдайларға байланысты шариғат үкімдерін Аллаһ тағаладан қабылдап атқарған. Сахабалар соған еріп істеген. Ислам шариғаты қияметке дейінгі бүкіл замандарды, халықтар мен ұлттарды, аймақтар мен ғұрыптарды, жағдайлар мен оқиғаларды қамтып, кемел құнға лайықтанған уақытта ғана пайғамбарымыз дүниеден озды.
Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына фиқһты арнайы кітап беттерінде емес, қияметке дейін туып отыратын мәселелерді қамтыған жалпы негіздер мен үкімдер ретінде Құран мен сүннет мәтіндерінде және сахабалардың зейінінде қалдырып кетті.
Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларға ижтиһад ісінің заңды әрі қажетті екенін білдіру үшін сахабалардан шыққан ижтиһадтарды дұрыстап, мақұлдаған кездері болған. Мысалы, Исламды насихаттау міндетін атқару үшін Муаз (Аллаһ оған разы болсын) Йеменге аттанар сапарында оның ижтиһад жасаймын деген көзқарасына Пайғамбарымыздың (ﷺ) рұқсат етіп мақұлдағаны туралы бәрімізге белгілі хадисі бар. Пайғамбарымыз (ﷺ) мақұлдаған әр үкім уахи саналады. Өйткені оның әрбір сөзі ешқашан уахидан озбаған. Бұл ақиқат жөнінде Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Ол қалауына еріп сөйлемейді. Ол тек уахи етілген уахи ғана», – деп айтқан. Осылайша бұл ғасырда шариғат негіздерін тек Құран мен сүннет құраған.
Бұл кезеңде сахабалар пайғамбардан (ﷺ) тек Құранды ғана жазып сақтаған. Ал хадистерге келсек, олар Құран мәтіндерімен араласып кетпесі үшін, жазылмаған еді.
Сахабалар кезеңіндегі фиқһ
Сахабалар кезеңі дегенде пайғамбарымызға (ﷺ) ұзақ уақыт серік болған үлкен жастағы сахабалар айтылады. Сондай-ақ ол әділетті халифалар кезеңі деп те аталады.
Жоғарыда пайғамбар (ﷺ) кезеңінде шариғат негіздерін Құран мен сүннет қана құрағаны туралы айтқан болатынбыз. Ол кезеңде сахабалар хақ дінді насихаттау ісімен ғана шұғылданған болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) дүниеден озға соң әділетті халифалар ғасырында көптеген елдерге ислам діні тарап, пайғамбар ғасырында кезікпеген түрлі жағдайлар мен оқиғалар пайда болды. Бұл жағдайлармен байланысты шариғат үкімдерін баяндау қажеттілігі туды. Осылайша ижтиһад [1] ісінің міндеті туып, ол шариғаттың Құран мен сүннетке тәуелді жаңа негізіне айналды. Жаңадан туған көптеген мәселелердің үкімдерін анықтау ісінде сахабалар алдымен, Құранға қараған, одан таппаса, сүннетке жүгінген, одан да таппаса, өзара кеңескен. Егер ойлары бір жерден шықса, амалды соған негіздеген. Бұл үкім ижмағпен бекіген үкім деп аталады. Сахабалар арасында фиқһи қайшылықтар өте аз болған. Қажеттілікке сай ижтиһадқа көп сүйенген сахабаларға Омар, Әли және Ибн Масғуд, ал аз сүйенгендерге Ибн Омар, Абдулла ибн Амру ибн әл-Ас және аз-Зубайр жатады.
Бұл кезеңде шариғат негіздерінің қатарына Құран мен сүннеттен кейін ижмағ пен ижтиһад қосылды.
Табиғиндер кезеңіндегі фиқһ
Бұл жерде әділетті халифалардан кейінгі кезең айтылады. Ол Үмауия дәулетінің орнауымен басталып (һижраның 41 ж.), һижраның бірінші ғасырының соңына дейін жалғасқан. Бұл кезеңде көпшіліктен бөлініп шыққан шиіттер мен хауариждер пайда болып, мұсылмандар саяси тұрғыдан бөлінді. Бұл бөліну фиқһ амалы мен хадис риуаятына өз кесірін тигізіп, әр топтың көзқарасын қуаттайтын жалған хадистер шығарылды. Дегенмен Аллаһ тағала сүннетті өтірік хадистерден тазартатын мухаддистердің пайда болуын нәсіп етті. Олар хадис риуаятының қабылдау шарттары мен қағидаларын қойып, жалған хадистер анықталды.
Тағы бір айта кететін мәселе, сахабалар ислам дінін тарату мақсатында әлемнің түрлі аймақтарына жайылған кезде әр қауым дін үкімдерін өз еліне келген сахабаның тәлімі мен ижтиһадына негіздеп үйренді. Сол уақытта әр аймақтағы жағдайлар мен оқиғалардың өзгешеліктеріне сай ижтиһадпен алынған үкімдер де өзгешелік тауып, ижмағ ісі қиынға соқты.
Осы кезеңде ой ижтиһады мектебі мен хадис мектебі пайда болды. Бұл екеуі Куфа мен Медина мектептерінің нәтижесінде туды. Ой ижтиһады мектебінің негізін Ибраһим ан-Наха′и, ал хадис мектебінің негізін Саид ибн әл-Мусиб салды.
Қорыта келгенде, бұл кезең ислам фиқһының жетілу және фиқһи мәзһабтардың пайда болу кезеңінің бастамасы болды. Осы кезеңде Құран мен сүннет мәтіндерінің шектеулігі, ал жаңадан туындайтын мәселелердің шексіздігі себепті қиясқа, истихсанға [2] және истислахқа [3] негізделген амал арқылы ой ижтиһады кеңінен тарады.
Сондай-ақ осы кезеңде Иракта сүннетке қайшы шиіттердің фиқһы пайда болды.
Фиқһ мәзһабтарының кезеңі
Мәзһаб сөзі лексикада баратын орын немесе жол деген мағына береді.Алшариғатта мәселелерді қамтыған үкімдер немесе мәселелерге қатысты көзқарас дегенді білдіреді.
Осы мағынада мәзһабтар немесе фиқһи көзқарастар өз бастауын сахабалардың ғасырынан алғандығын айтып кеткеніміз жөн. Мысалы, белгілі бір мәселелерге қатысты Айша анамыздың мәзһабы, Ибн Омардың мәзһабы, Ибн Масғудтың мәзһабы бар екендігі айқын.[4] Табиғиндердің ғасырында Мединада Са′ид ибн әл-Мусиб, ′Уруа ибн әз-Зубайр, әл-Қасим ибнМухаммад, Харижа ибн Зайд, Әбу Бәкір ибн Абдурахман, Сулайман ибн Ясар және ′Убайдулла ибн Абдулла, ал Куфада ′Алқама ибн Масғуд, Ибраһим ән-Наха′и,[5] ал, Басрада әл-Хасан әл-Басри секілді әйгілі фақиһтер болған. Табиғиндер арасында тағы ′Икрима, Ата ибн Әби Рабах, Тауус ибн Кисан, Мухаммад ибн Сирин, әл-Асуад ибн Зайд, Масруқ ибн әл-А′раж, ′Алқама ан-Наха′и, аш-Ша′би, Шурайх, Са′ид ибн Жабир және тағы басқа фиқһ ғұламалары болған[6].
Һижраның екінші ғасырының басы мен төртінші ғасырының ортасындағы аралық Ислам тарихында ижтиһадтың алтын кезеңі саналады. Бұл кезеңде он үш мүжтаһид пайда болған. Олардың жолдарын қуған шәкірттеріне келсек, олар: Суфиян ибн ′Уйайна (Меккеде), Мәлик ибн анас (Мединада), әл-Хасан әл-Басри (Басрада), Әбу Ханифа мен Суфиян әс-Сәури (Куфада), әл-Ауза′и (Сирияда), аш-Шафиғи мен әл-Ләйс ибн Са′д (Мысырда), Исхақ ибн Раһауайһи (Нисабурда), Әбу Сәур, Ахмад, Дәуд әз-Заһири және Ибн жарир ат-Табари (Бағдадта)[7].
Бұл мәзһабтардың көпшілігі уақыт өте келе шәкірттерінің тізбектері доғарылуына байланысты фиқһ еңбектері беттерінің әр жерінде ғана болмаса, толық сақталмаған. Ал кейбіреулері, дәлірек айтқанда имам Әбу Ханифа, имам Мәлик, имам аш-Шафиғи және имам Ахмад секілді төрт мүжтаһидтің есімдері барша әлемге әйгілі. Олардың ижтиһадқа негізделген көзқарастары шәкірттерінің арқасында осы күнге дейін толық сақталып, мұсылман үмбетіне қызмет етуде.
«Ислам ғибадаты» кітабынан
[1] Фиқһ негіздері терминологиясында термин шариғат мәтіндерінен белгілі бір мәселеге қатысты практикалық шариғи үкімді шығару үшін қайраттылық танытып, қолдан келгенін жасау әрекетін білдіреді. Ижтиһад амалы арқылы ислам фиқһының мүжтаһидтен басқаға құпия болған тұстары ашылады.
[2] Фиқһ негіздерінде истихсан дегеніміз – нормаларды қиындатпау, жеңілдету пайдасын көздеу мақсатында, біріншіден, мүжтаһидтің анық қиястағы талаптан бүркеме қиястағы талапқа айнуды тәуір көру әдісі, өйткені екіншісінің себебі – айқынырақ; екіншіден, жалпыға бірдей қағидадан ішінара бір мәселені шығарып тастауды тәуір көру әдісі, өйткені ол мәселені жекелеуші дәлел бар
[3] Истислах дегеніміз – Құранда, сүннетте және ижмағта атап айтылмаған, бірақ шариғаттың жалпы қаулылары мен асыл мақсаттарына22 тура келетін жалпыадамзаттық мүдделерді көздеген қандай да бір мәселеге үкім айту.
Түсіндірме: Алла тағаланың шариғаты жалпыадамзаттық мүдделерді жүзеге асыру үшін ғана түскен,яғниадамзатты пайдасын қамтып, зияннан қорғау үшін. Адамзаттық мүдделер – шексіз, олар күннен күнге, заманнан заманға әрдайым жаңарып отырады. Шариғаттың асыл мақсаттары осылардың бәріне қатысты нормаларды қамтыған, олар: адамның дінін, жанын, ақылын, нәсілін және мал-мүлкін қорғау.
[4] Сахабаларға қатысты мәзһаб ұғымы –белгілі бір сахабаның шариғат істеріне қатысты Пайғамбарданесіткенін ашық білдірмесе де, есіткеніне негіздеп, немесе Пайғамбардан көргенін ашық айтпаса да, оның істеріне негіздеп, немесе Пайғамбардың қасында ұзақ уақыт серік болуы арқылы жинаған ілімдерінен түсінгеніне негіздеп, немесе өз ижтиһадынан айтқан көзқарасы.
[5] Имам Әбу Ханифаның шейхы болған Хаммад ибн Әбу Сулайманның шейхы.
[6] «әл-Фиқһ әл-Ислами уа Адиллатуһу»: 1/42.
[7]«әл-Фиқһ әл-Ислами уа Адиллатуһу»: 1/43
Дереккөз: hanafi.kz