Имам Ағзам һижраның 80 (699 ж.) жылында Ирактың Куфа қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Нұғман ибн Сәбит, ұлты парсы. Өз ғасырының ірі ғалымы болғандықтан оны – «имам Ағзам», «ең үлкен имам» деп атаған.
Әбу Ханифаның әкесі Сәбит туралы деректер аз сақталған, бірақ оның бай саудагер болғаны белгілі. Ол бала күнінде өзінің әкесі – яғни, Әбу Ханифаның атасымен бірге мұсылмандар әміршісі, әрі діни ұстазы қадірлі хазіреті Әли ибн Әбу Талибпен кездесу бақытына ие болады. Сонда мұсылмандар әміршісі Сәбитке және оның ұрпақтарына аса жоғары Алла Тағаладан береке тілеп, дұға қылған болатын.
Хазіреті имам Ағзам сахабалардың он алтысын көрген, оның сегізінен хадистерді риуаят еткен.
Имам Ағзамның жалпы 40 мыңға жуық шәкірті болған солардың ішінде бес мыңы (мужтаһид) ғалым шәкірттер болған деген деректер келтіріледі.
Ал өзінің дәріс алған ұстаздарына келер болсақ олардың саны 4 мыңға жуық болған. Ең үлкен ұстазы табиғиндерден болған Куфалық Амир ибн Шарахил. Ол кісі Пайғамбарымыздың 500 сахабасын көрген еді.
Әбу Ханифа харамнан барынша сақтанатын еді. Егер бір нәрседен шүбәланса, заттарын дереу садақаға таратып жіберетін. Бірде досы Хафс ибн Абдурахманға заттарын тапсырып, сатуға жібереді. Заттарының арасында бір киімнің нұқсан екенін ескертіп, осы киімді сатқанда ақаулығын айт дейді. Досы киімдерді сатуын сатқанымен, әлгі киім жайлы ескертпені ұмытып кетеді. Алған адамның кім екені де есінде қалмаған. Кейін осы мәселені Әбу Ханифа білгенде, сол заттардан түскен барлық қаржыны садақаға таратады. Сондықтан дәулетінде береке бар еді.
Имам Зуфар: «Әбу Ханифамен 20 жылдай сұқбатта болдым. Адамдар арасында одан бауырмашыл, одан шыншыл пенде көрмедім. Бар күш-жігерін ілімге және Аллаға құлшылық жасауға арнайтын. Мәжілістен тұрғаннан кейін аурулардың көңілін сұрайтын немесе жаназаға қатысатын немесе кедей адамдарға қарайласатын немесе олардың мұқтаждығы үшін ары бері жүгіретін. Күн батып, түн болған кезде құлшылыққа отырып, Құран оқитын. Осы тәртіппен өмірінің аяғына дейін осылай күн кешірді.
Әбу Ханифа өмірінің 52 жылын Омеядтар заманында 18 жылын Аббасидтер дәуірінде өткізді. Бұл екі династия пайғамбарымыздың с.ғ.с. ұрпақтарын жасқы көрмей, оларды үнемі қуғындыққа ұшыратып отырды. Олардың соншалықты қысым жасауының себебі- қолдағы биліктен айрылып қалмау тұғын. Имам Ағзам қашанда Алланың елшісінің ұрпағының жанында болып. Оларға қолдау көрсетіп отырды. Бұл – әділеттілікті жақтау мен пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктен туған іс-әрекет еді.
Әбу Ханифа осы екі ерекшелігі үшін екі династиядан қорлық көрді. Бірде Омеядтардың ең соңғы халифасы Мәруан ибн Мұхаммедтің Ирактағы әкімі Язид ибн Омар ибн Хубайра Әбу Ханифаның «Сейіттерге» жақтасқанын біліп, шақырып алып әдейі сынады. Мемлекеттік әртүрлі лауазымды қызметтерді ұсынды. Барлығын қабыл етпеді. Оны зынданға тастап, жапа шектірді.
Аббаситтік халифа Мансұр имам Ағзамға қазылық қызметті ұсынды. Ол тағы да жөн көрмеді. Ақырында оны қапасқа қамап ауыр жапа шектірді. Оның зындандағы халін Рашид Уасиди: «Күнде зынданнан шығарып, қамшымен он мәрте ұратын. Тіпті жүз он дүре соғып, қазылықты қабыл ет!»-деп күштейтін. Ол да: «Мен бұған лайық емеспін», – деуден танбайтын. Дүре соғылып жатқанда: «Уа, Алла, құдіретіңмен мыналардың жамандығынан сақта», деп дұға ететін. Әбу Жағфар Әлмансур бірде Әбу Ханифадан: «Ей, Нұғман, ілімді кімнен алдың?» -деп сұрайды. Әбу Ханифа: «Омардың ізбасарларынан, Әлидің ізбасарларынан, Абдулла ибн Масғудтың ізбасарларынан алдым. Ибн Аббастың заманында одан ілімді ешкім болмады»,-деп жауап береді.
Әбу Ханифа барша мұсылмандарға Пайғамбарымыз с.ғ.с. көрсетіп кеткен жолды үйретіп, «әл-Фиқһул-Әкбар» деп аталатын ақида кітабын мұра етіп қалдырды.