Отбасындағы кикілжіңдер шешімі немесе шайтанға қарсы қару

«…Бірнеше күнге жалғасқан сырқаты меңдей түсті. Жағдайы ауырлап, қатты қиналып, өліммен арпалысып жатты. Ақтық демінің шығуына санаулы минуттар қалғанда: «Намазды, намазды (орындаңдар) және құлдарыңа (қамқорлық жасаңдар)» – деп, бірнеше рет қайталады…»(Бұхари).

«… Ұлы таң намазы уақытында асқан қатыгездікпен қастандық жасалып, ішінен пышақпен ұрылған әкесінің жанында… Ішінен аққан қанды тоқтату үшін өз орамалын байлады. Адамдар оны төсекке апарып жатқызды. Бәрі де шуласып сөйлесті, сұрақтарын қойды. Жауап жоқ. Ес-түссіз жатыр. Әйтеуір күн батқанда көзін ашты. Оң жағына бұрылып еді көзінен жас аққан еркектерді көрді, сол жақтан әйелдердің жылаған даусы шықты. Айналасы қанға боялып жатыр, денесі қатты ауырсынады, кеудесінен жаны шығуға жақын. Оның сонда айтқан алғашқы сөзі: «Адамдар намаздарын оқыды ма?» болды. «Иә» деген жауапты ести сала: «Аллаға мақтау болсын!» деді. Содан кейін ұлынан су сұрады. Ол ішуге ме деп ойлап еді, әкесі дәрет алғысы келетінін білдірді: «Мен әлі таң намазын оқымадым ғой» деді де, дәрет алуға ыңғайланды…

Әңгімемізге арқау болып отырған қос тұлға кім? Алғашқысы – Раббысының алдында аяқтары іскенше намаз оқып, сол намазын жанының рахаты, көзінің қарашығы сезіне білген адамзаттың ұлы ұстазы Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын).

Екіншісі – ең жақсы ұстаздың ең жақсы шәкірті әрі мұрагері, сөзі Құранмен қуатталған сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын). Екеуі де ақтық демдері шығар сәтте мұсылмандардың намазы үшін қам жеп өтті. Өйткені, олар намазы дұрыс болғанның екі дүниелік ісі қайырлы болатындығын жақсы білді. Қадірлі Омар көзі тірісінде: «Намаздан мықтап ұстаңдар, өйткені, егер сендер, оны жіберіп алсаңдар, қалған барлық нәрседен айырыласыңдар» деген сөзді жиі айтатын.

Намаз – пендені бәле-жаладан сақтайтын ұлы құлшылық, шайтанға қарсы алып қару. Ал, біздің қоғамдағы отбасылардың ең үлкен дұшпаны – шайтан. Ұрыс-керіс, ашумен жасалған әрекеттер, ерлі-зайыптылардың бір-бірі туралы нашар ойлары – бәрі де жынның істерінен. Шайтан Алланы еске алған адамнан алыстайды, тіпті, Алланы ауызға алса, өзін шыбыннан да әлсіз сезінеді екен. Ал бес уақыт Жаратушы алдына ықыласпен барып, отыздан аса рет «Саған ғана құлшылық етемін, Сенен ғана жәрдем тілеймін» деген пенде шайтанға тойтарыс бере алмақ. Сондай-ақ, хадисте: «Таң намазын оқыған адам Алланың панасында болады және Алла ол үшін еш нәрсе талап етпейді» (Муслим) делінген. Алланың панасында болған отбасы мүшелеріне қорқыныш та, ұтылыс та жоқ…

ОТБАСЫНДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАРДЫ НАМАЗЫҢДЫ ТҮЗЕУ АРҚЫЛЫ ШЕШЕ АЛАСЫҢ

«Отбасымнан татулық, тыныштық алыстап, проблемала көбейіп кетті, жұмысым оңға баспай қалды,  бала-шағаммен қарым-қатынасым нашарлап кетті, отбасыма деген мейірімім азайып бара жатқандай» деген шағыммен келетін жандарға ислам ғұламалары ортақ бір жауапты береді: «Намазыңды дұрыста, намазыңа бекем бол!». Расында, намаз дүниенің де, ақыреттің де істерін дұрыстаушы құлшылық. Өйткені, намаз – сенің Алламен қарым-қатынасыңды ретке келтіруші. Ғалымдардың бірі: «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, Оның саған бұл дүниеде не істетіп қойғанына қара» деген екен.

«Бақара» сүресіндегі: «Намаздарға әрі ортаңғы намазға мұқият болыңдар және Аллаға беріле бойұсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аят) деген аяттың алдында отбасылық мәселелер қамтылады. Тәпісір ғалымдары: «Ажырасу үкімдері, ер мен әйелдің құқықтары, қатынастарына қатысты мәселелерден кейін бірден намазға сақтық жасау керектігі турасындағы аяттардың келуінде үлкен астар бар» деген. Яғни, отбасындағы қиындықтар намазға сақтық жасаумен шешіледі екен. Хадисте: «Екінті намазын жіберіп алған отбасы мен мал-мүлкінен айырылғанмен тең» (Бұхари, Мусли) деп ескертіледі. Келтірілген мәтінге қатысты ғұламалар тарапынан: «Кімде-кім екінті намазына бекем болып, үнемі орындап жүрсе, отбасы мен мал-мүлкі амандықта болады» деген пікір айтылады.

Құран қиссаларының қатарындағы Жүніс Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) туралы оқиға баршамызға мәлім. «Саффат» сүресінде Жүністің сабыр сақтамай, Алланың әмірінсіз өз елін тастап кеткендігі үшін алып киттің жұтып қойғандығы туралы айтылады да, артынан: «Егер ол (Алланы кемшіліктен) пәк деп дәріптеушілерден болмағанда, ол (киттің) ішінде  қайта тірілетін күнге дейін қалған болар еді» («Саффат» сүресі, 143-144-аяттар) деген аят келеді.Тәпсір ғалымдары «Тәсбих айтушылардан болмағанда» сөзі «намаз оқушылардан болмағанда» деп түсіндірген. Яғни, пенденің алдыңғы намазы оның бүгінгі қиыншылықтарынан құтылуына себеп болады.

«Қиналған кезде Құдайдың саған жәрдем бергенін қаласаң, жағдайың жақсы кезде Құдайыңды көп еске ал» деген даналық бұлағынан да көкейге тоқырымыз көп. Алланы еске алудың үлкені – намаз. Намазда дене мүшелері де, тіл де, жүрек те Алланы еске алып, бойұсынады. Тіпті, Құранда намаз оқуымыздың мақсаты анық баяндалған: «…Мені еске алу үшін намаз оқы!» («Та һа» сүресі, 14-аят).

Ең кереметі – бұл кезде Алла сені еске алады. «Бақара» сүресінің 152-аятында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын» делінген. Аса ұлы Алланың Өз құлдарын еске алуы, құлдарының Оны еске алуынан үлкен. Ал әрдайым Раббысының есінде болған құлда қандай уайым болсын!?                              

«НАМАЗҒА КӨҢІЛ АУДАР, НАМАЗҒА!»

Алуан түрлі қиындықтар бес уақыт намазы түгел жандардың шаңырағында да болып жатады. Неге? Бұл сауалға да ғалымдарымыздың: «Намаз оқығанның бәрі намаз оқып жүрген жоқ» деген сөзі жауап болмақ. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқыған кісі туралы: «Оған намазының жартысы, төрттен бірі, бестен бірі… оннан ғана бірі беріледі» деген. Яғни, денесі құлшылық етіп, жүрегі Алла туралы басқа ойлармен әуре болып кеткен адамның ұтылысқа ұшырау қаупі бар. Сол себепті, намаздағы ықыласымызға, оқыған аят-сүрелеріміздің дұрыстығына және мағынасын білуімізге, Аллаға бойұсынуымызға, шарттарын толық орындауға, уақытында атқаруға көңіл бөлгеніміз абзал. Аллаға ұнамды болған намаздың бір белгісі – ол намазың сенің жүрегіңді рахатқа бөлейді, Аллаға жақындатады, тәніңе жеңілдік сыйлайды, сергітеді. Яғни, «Мен – намазханмын» деумен іс бітпейді, әр оқыған намаздың сапалы болуы маңызды. Сонда ғана, Алла мен Оның Елшісі уәде еткен жеңілдіктерге ие болмақпыз.

НАМАЗБЕН БЕРЕКЕ ЕСІКТЕРІ АШЫЛАДЫ

Отағасы – отбасының материалдық жағдайына жауапкершілікті арқалаушы негізгі тұлға. Кәсібінің берекелі, табысты болуы оның шаңырақтағы беделін арттырады әрі Алла Тағала еркекті отбасы үшін қаражат жұмсайтындығы үшін де дәрежесін артық еткен. Олай болса, ризығым артсын деген білектілеріміз Алланың уәдесіне құлақ салсын: «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оны сабырлылықпен орында. Біз сенен ризық тілемейміз. Өткені Біз Өзіміз сені ризықтандырамыз. Соңғы табыс – тақуалықта» («Та Һа» сүресі, 132-аят). Ғалымдар осы аятқа байланысты «Егер қайсыбір еркек өзінің қарамағындағы әйел, бала-шағасының, отбасы мүшелерінің намазына алаңдаушылық білдірсе, үнемі орындауын қадағалап, естеріне салып жүрсе, намаз туралы насихат айтып тұрса, Алла оның ризық-несібесін молайтады» деген.

Құдси хадисте: «Ей, адам, Маған құлшылық етуге көңіл бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал, егер, мұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын» делінген (Тирмизи). Құлшылығы көркемнің – тіршілігі де берекелі…

НАМАЗ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІН ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

Отбасында тұрақсыздық пен ұрыс-керістің бір себебі – ердің не әйелдің немесе балалардың мінез-құлқының нашарлығы. Ал намаз өмір ағымын өзгертіп, тірлік салтын дұрыстайды: «Анығында, намаз жеккөрінішті (бұзық) істерден және қайтарылған нәрселерден тыяды» («Әнкабут» сүресі, 45-аят). Сондай-ақ, Алла Тағала намаз оқушыларды мақтайды: «Шын мәнінде, адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар мұндай емес» («Мағариж» сүресі, 19-22-аяттар). Иә, аз ғана қиындық-сынақтарда сабыр сақтай алмай, жарымыздың не балаларымыздың көңіліне қаяу салып қоятынымыз бар. Мұндай ағаттықтан намаз оқушылар ада болады екен. Намаз дұрыс болса, сені күнәдан тосатын күш-қуат беріледі. Намазын берілген түрде ұдайы әрі уақытында орындағанның жүрегі тазарып, иманы күшейеді, мейірімділігі артып, жақсы мінезге жақындайды. Намазы дұрысталған адамның көзі, қолы, ойы, сөзі күнәдан тыйылады. Намаз әлсіресе, шақуат, нәпсі күшейеді, намаз қуатталса, шақуат, нәпсі әлсірейді. Намаз – адамды кемелдендіретін, көркем тұлға қалыптастыратын ең үлкен тәрбие құралы.

БІР-БІРІН НАМАЗҒА ОЯТҚАН ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР МЕЙІРІМГЕ БӨЛЕНЕДІ

Ақ некені қидырып, бір-біріне «ауыр серт» берген ер мен әйел ең алғашқы күннен-ақ екі дүниеде бақытты болудың жолын іздейді. Шаңырақтың баянды болуын, ортадағы сүйіспеншілік пен сыйластықтың сарқылмауын місе тұтады. Мұның кілті – Жаратушымен болған жақсы қарым-қатынаста. Себебі, барлық істің Басқарушысы – Алла, жүректердің Иесі – Алла. Ер мен әйел Аллаға жақындаған сайын бір-біріне жақындайды.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен еркекке Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен әйелге Алла рақым етсін!» деген. (Әбу Дәуіт). Келесі бір хадисте: «Егер адам түнде өзінің әйелін оятып, сосын бірге намаз оқыса олар Алланы еске алушы еркектер мен әйелдердің қатарында жазылады» делінеді. (Әбу Дәуіт).

Түннің үшінші бөлігі – тәуліктің ең берекелі сәті. Бұл кезде тілектер қабыл болады, жүректер Аллаға жақындайды, жамандықтар өшіріліп, күнәлар кешіріледі. Әрі «парыз намаздан кейін ең жақсы намаз – бұл түнгі намаз» (Муслим).

Алла Өзін еске алған (зікір еткен) ер мен әйел туралы: «… Алланы көп еске алушы ерлер мен Алланы көп еске алушы әйелдерге Алла кешірім әрі ұлы сый дайындады» («Ахзаб» сүресі, 35-аят) деген болатын. Көздер көріп, құлақтар естімеген, сана жетпеген бұл керемет сый екі дүниеде де иесін табады.

НАМАЗБЕН ОТБАСЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ СҰРАЛАДЫ

Қаншама адамдар проблемаларын намазбен шешкен әлі де солай бола бермек. Сырқаттар намазбен шипа тапқан, қиналғандар намазбен жеңілдік көрген, қарызға батқандар намазбен құтылған. Алла Тағала әу бастан-ақ: «Әй, мүміндер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» деу арқылы қажетін сұрағысы  келген адам мен Раббысы арасындағы негізгі көпірдің намазы екендігін көрсетті («Бақара» сүресі, 153-аят).

Саған не қажет? Үй ме? Әлде көлік пен жақсы қызмет шығар? Бәлкім, бизнесіңіздің жүріп, үйге береке бітуі? Балаңыздың жақсы оқуға түсуі? Жарыңызға көңіліңіз суып кетті ме? Оның мінезі сізді қинады ма? Енеңізбен, туыстарыңызбен қарым-қатынас нашар дейсіз бе? Қажетіңізді сәждеде Алладан сұрап алыңыз. «Құл Раббысында (намаздағы) сәжде уақытында ең жақын саналады. Сондықтан сәждеде дұғаны жиірек жасаңдар» (Муслим), «…Ал сәждеде дұға жасауға күш салыңдар, ол  сендерге жауап қайтарылуына лайықты кез» (Муслим) деген Алла Елшісі ұлы құпияны паш етті!

Сөзімізді, Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасымен  аяқтағымыз келеді: «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

www.asylarna.kz