Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух!
Мынадай мағынада «Пенденің Алла тағалаға ең жақын кезі сәждедегі күйі, сәждеде көп дұға етіңдер» деген хадис барын естідім. Менің сауалым, парыз және сүннет намазда қазақша дұға тілеуге бола ма яғни сәждеде? Рауан Жұбатқан
Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
Иә, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пенде Раббысына ең жақын болар шағы сәжде етіп тұрған кезі. Сәждеде дұғаны көбейтіңдер[1]»,-деп айтылған. Сәждеде жасалатын дұға Құран және хадиске сай болуы керек. Сонымен бірге, парыз намаздарда ханафи мазхабы бойынша бекітілген тасбих-дұғалар оқылу шарт. Сәждеде: «Субхана Раббиал Әълә» (Ұлық Раббым пәк) деген тасбих оқылады. Бұған негіз – Ъуқба бин Амир (р.а.) риуаяты. Хадисте: «(Мұхаммед (с.ғ.) Ұлы Раббыңды атымен дәріпте» (Уақиға сүресі, 96-аят) аяты түскенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл аятты рукуғте айтыңдар» деді. Ал, «(Мұхаммед (с.ғ.) Ұлы Раббыңның атын дәріпте» (Ағла сүресі, 1-аят) аяты уахи етілгенде «Бұл аятты сәждеде айтыңдар[2]» деген.
Сондықтан да, сәждеге жығылған кезде «Субхана Раббиал Әълә» тасбихін оқу шарт. Ал, нәпіл намазда бекітілген тасбихтардан соң Құран және хадиске негізделген дұғаларды айтуға болады.
Сондай-ақ, намаздағы барлық сүрелер мен тасбих-дұғалар тек арабша оқылуы шарт.
[1] Ахмед, Муслим, Әбу Дауд, Насаи
[2]Адиллат әл-ханафия, 165-бет (Ахмед, Әбу Дауд, Хаким, Ибн Хиббан)
Руслан Камбаров
Дереккөз: muslim.kz