Таухидтің өзегі және ақиданың негізделуі дұрыс болған мәселе: Аллаға, оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, өлгеннен кейін қайта тірілуге және жақсылығы мен жамандығы Алладан болған халдегі тағдырға иман келтірдім, есеп-қисап, таразы, жәннат пен тозақтың барлығы ақиқат деп айту міндетті.

Алла тағала сан жағынан емес, серігінің жоқтығы жағынан – бір. «Айт: Ол Алла – жалғыз. Алла – Самад (ешкімге мұқтаж емес, оған басқалар үнемі мұқтаж). Ол тумады, туылмады. Әрі оған тең келер ешкім болмады» («Ықылас» сүресі). Ол өзі жаратқан мақұлықтарының ешбіріне ұқсамайды, әрі жаратқандарының ешқайсысы оған ұқсамайды. Ол есімдерімен, зати (өз затына тән, заттық) және фиғли (іс-әрекеттік) сипаттарымен бар болған, бар бола береді де. Зати сипаттарына келсек, (олар) хаят (тірі болу), құдірет, ілім, кәлам (сөйлеу), сәмғ (есту), басар (көру) және ирада (қалау, ерік). Ал фиғли сипаттарына келер болсақ, тахлиқ (жарату), тарзиқ (ырыздық беру), иншә (жоқтан бастау), ибдағ (өрнексіз, ұқсассыз алғаш жарату), сунғ (көрнекті етіп жарату) және т.б. іс-әрекетке қатысты сипаттар.

Алла тағала өз есімдері және сипаттарымен, оған басқа есім және басқа сипат жаңадан пайда болмай-ақ бар болған, бар бола береді де (мұның мәнісі): Ол өз ілімімен Ғалым болды, ал ілім оның әзелдегі (уақыт пен мекен кеңістігі жаралудан бұрын) сипаты. Алла өз құдіретімен Құдіретті болды, ал құдірет оның әзелдегі сипаты. Ол өз кәламымен Сөйлеуші болды, ал кәлам оның әзелдегі сипаты. Алла жаратуымен Жаратушы болды, ал жарату оның әзелдегі сипаты. Ол өз ісімен іс атқарушы, ал істі орындау оның әзелдегі сипаты. Істі орындаушы – Алла тағала, ал істі орындау әзелдегі сипат болып есептеледі. Орындалған іс – жаратылған нәрсе. Алла тағаланың ісі жаратылған заттан бөлек. Оның әзелдегі сипаттары жаңадан пайда болмаған, жаратылмаған. Кімде-кім ол сипаттар жаратылған немесе кейіннен пайда болған десе не қалыс қалса, немесе ол жайында күмәнданса, ол Алла тағаланы жоққа шығарған кәпір болады.

Құран – мусхафтарға (жиналып, кітап халіне келтірілген парақ) жазылған, жүректерде сақталған, тілдермен оқылған және пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілген Алланың сөзі. Біздің Құранды дыбыстап оқуымыз – жаратылған іс, оны жазуымыз – жаратылған шаруа, оны оқуымыз – жаратылған әрекет, ал Құранның өзі жаратылмаған.

Алла тағаланың Құранда Мұса және басқа да пайғамбарлар (ғ.с.) жайында, перғауын мен ібіліс туралы әңгімелеп жеткізуінің барлығы – олар жайында хабарлап айтқан Алланың  сөзі. Алланың сөзі жаратылмаған, ал Мұсаның және басқа жаратылғандардың сөзі жаратылған болып табылады. Ал Құран Алланың сөзі, ол – қадим (бар болуының бастауы жоқ һәм жоқ болған қас қағым сәті де жоқ), олардың сөзі емес.

Мұса (ғ.с.) Алла тағаланың сөзін естіді. Себебі, Алла тағала: «Алла Мұсаға шынайы сөз сөйледі» («Ниса», 164), – деп айтқан-ды. Алла тағала Мұсаға сөз айтпай тұрып та, Мутакаллим (Сөйлеуші) еді. Алла тағала жаратылысты жаратпай тұрып әзелден Халиқ (Жаратушы) еді. «Оған ешбір нәрсе ұқсамайды, сондай-ақ, ол Естуші әрі Көруші» («Шура» сүресі, 11-аят).

Алла Мұсаға сөз сөйлегенде әзелдегі сипаты болып табылатын кәлам сипатымен сөйледі. Оның барлық сипаттары жаратылғандардың сипаттарынан өзгеше (Бұның мәні): Біледі, алайда, біз білгендей емес, құдіреті жетеді, бірақ, біздің шамамыз келгендей емес, көреді, біз көргендей емес, естиді, біз естігендей емес, сөйлейді, біз сөйлегендей емес. Біз құралдар (тіл, тіс, ерін және т.б.) және әріптер арқылы сөйлейміз. Ал Алла тағала құралсыз, әріптерсіз сөйлейді. Әріптер жаратылған, ал Алланың сөйлеуі жаратылмаған. Алла – зат, алайда басқа заттар сияқты емес. «Зат» сөзінің мәні – Алланың денесіз (материя), жауһарсыз (субстанция) және арадсыз (атрибут) бар болуын дәлелдеу. Алланың шегі (өлшемі), қарсыласы, серігі және ұқсасы жоқ. Құранда айтуы бойынша, Алла тағаланың қолы, жүзі және нәпсісі бар. Олай болса, Алла тағала Құранда айтып өткен «жүз, қол және нәпсі» – бұлардың бәрі оның сипаттары, олардың қандай екені белгісіз. «Алланың қолы – оның құдіреті немесе нығметі» деп айтылмайды. Себебі, бұлай деу сипатты жоққа шығару болып табылады. Әрі бұл қадария мен муғтазиләнің пікірі. Негізі оның қолы – қалай екендігі белгісіз бір сипаты. Алла тағаланың ашуы мен ризалығы – оның сипаттарының ішіндегі қалай екендігі белгісіз екі сипаты болып табылады.

Алла тағала заттарды жоқтан бар етті. Ол заттар бар болмай тұрып-ақ, Алла тағала оларды әзелден білген. Ол заттардың тағдырын белгілеп, оларды (сол тағдырға сай) жүзеге асырды. Дүниеде және ақыретте ешбір нәрсе Алланың қалауы, ілімі, қазасы (жүзеге асыруы), тағдыры мен ләуху-махфузға жазуы болмай орындалмайды. Алайда Алла тағдырды үкім етіп емес, сипаттап (яғни, «бұл осылай болсын», деп емес, шексіз ілімі арқылы «осылай болады», деп) жазды. Қаза (тағдыры белгіленген нәрселердің уақыты келгенде жаратылуы), қадар (тағдыр) және қалау – Алланың әзелдегі қалай екені беймәлім сипаттары.

Алла тағала жоқты, жоқ болған хәлінде жоқ деп біледі. Сондай-ақ, ол оны бар еткенде оның қалай болатынын да біледі. Алла тағала барды бар болған хәлде бар деп біледі. Әрі ол оның қалай жоқ болатынын да біледі. Алла тағала түрегеліп тұрған кісіні тұрған хәлінде тұр деп біледі. Ол кісі отырған кезде Алла оны отырған күйінде отыр деп біледі. Осы кезде Алланың ілімі өзгеріссіз қалады және оған жаңа бір ілім қалыптаспайды. Бірақ, өзгеріс, ауысу жаратылғандардың бойында орын алып отырады.

Алла тағала халықты күпірлік пен иманнан ада етіп жаратты. Содан кейін оларға тіл қатты, бұйрық берді және тыйым салды. Кәпір болған адам, Алланың қараусыз қалдыруымен (хизлән), оның өз ісімен, ақиқатты жоққа шығаруымен және оған қарсы келуі арқылы кәпір болды. Иман келтірген кісі, Алланың оған деген тауфиқы (Алланың сәттілік жаратуы, нәсіп етуі) және жәрдемімен, өз іс-әрекеті, (тілімен) мойындауы және (жүрегімен) растауы арқылы иман келтірді.

Алла адам ұрпағын оның белінен шымалдай етіп шығарды. Оларды ақыл иелері етіп жаратып, оларға үндеді, иманға бұйырып, күпірліктен тыйды. Олар Алланың Раббы (Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Қожайын, ие, қамқоршы және тәрбиелеуші) екенін мойындады. Міне бұл олардың иманы болды. Олар осы табиғатпен (яғни, мұсылман болып) туылады. Ал кім бұдан кейін кәпір болса, ол (дінін) ауыстырған, өзгерткен болып табылады. Енді кім иман келтірсе және растаса, ол иманында тұрақтап, жалғастырған болады. Алла жаратқандарының ешбірін кәпір болуға және иман келтіруге мәжбүрлеген емес, әрі оларды (яғни, рухтарын) мүмін етіп те, кәпір қылып та жаратпады. Әсілінде Алла оларды (иманға да, күпірлікке де бейім) адамдар етіп жаратты. Иман мен күпір пенделердің іс-әрекеті. Алла тағала кәпір болған адамды күпірлік хәлінде кәпір деп біледі. Ол бұдан кейін иман келтірсе, Алла, ілімі мен сипаты еш өзгермей-ақ, оны иман келтірген хәлінде мүмін (иманды) деп біледі, әрі оны жақсы көреді.

Пенделердің қимыл және қозғалыссыздық сияқты іс-әрекеттерінің барлығы олардың шынайы тұрғыда жасаған амалы болып саналады. Ал Алла тағала ол амалдарды жаратушы. Ол іс-әрекеттердің барлығы Алланың қалауымен, ілімімен, қазасымен және тағдырымен іске асады. Күллі тағат-ғибадат Алла тағаланың бұйрығымен, жақсы көруімен, разылығымен, ілімімен, қалауымен, қазасымен және тағдырымен міндеттелді. Барша күнәлар Алланың ілімімен, қазасымен, тағдырымен, қалауымен орын алады, алайда оның жақсы көруімен, разылығымен және бұйыруымен емес.

Пайғамбарлардың (с.ғ.с.) баршасы үлкенді-кішілі күнәлардан, күпірліктен және басқа да жаманшылық атаулыдан пәк. Бірақ, олардың сүрінуі мен қателесулері орын алған. Мұхаммет (с.ғ.с.) оның сүйіктісі, құлы, елшісі, нәбиі, таңдаулысы, дарасы. Әрі ол қас-қағым сәтте де пұтқа табынып, Аллаға серік қосқан емес, сондай-ақ, ешқашан үлкен және кіші күнә жасаған емес.

Пайғамбарлардан кейін адамдардың ең абзалы – Әбу Бәкір Сыддық, сосын Хаттабұлы Омар әл-Фаруқ, содан соң Зүннурайн (қос нұрдың иесі, деген мағынаны береді. «Зүннурайн» Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі қызы – Руқайя мен Үммү Күлсімді алған сахаба Османның (р.а.) лақап аты) алған Осман ибн Аффан, содан кейін Алланың ризалығына бөленген Әбу Талибтің ұлы Әли. Аллаға құлдық ұрған, шындықтан ауытқымаған, үнемі ақиқат жақта болған олардың баршасына Алланың разылығы болғай. Біз олардың бәрін өзіміздің (дін жолындағы) достарымыз деп білеміз.

Біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабаларының әрбірін тек жақсы ойда еске аламыз. Әрі ешбір мұсылманды кез келген күнә іс үшін кәпірге шығармаймыз, тіпті ол үлкен күнә болса да, әрине егер ол күнә амалды халал деп қабылдамаса. Сондай-ақ, одан «мүмін» (иманды) атауын алып тастай алмаймыз. Оны шынайы түрде мүмін деп атаймыз. Сонымен қатар, оның кәпір емес, пасық (күнәһар) мүмін ретінде есептелуі дұрыс.

Мәсіге мәсіх тарту – сүннет. Рамазан айының түндерінде тарауих намазын оқу – сүннет амал.

Әрбір ізгі және залым мүміннің артында ұйып намаз оқуға болады. Біз «мүмін адамға күнәлардың еш зияны жоқ, ол тозаққа кірмейді» демейміз. Сондай-ақ, ол мына дүниеден мүмін ретінде озған соң, күнәһар болса да, «ол тозақта мәңгі қалады» деп айтпаймыз. Муржия ағымы алға тартқандай, «ізгі амалдарымыз қабыл, жаман істеріміз кешірілген», деп (кесіп) айтпаймыз. Дұрысы, біз «кімде-кім бір ізгі амалды барлық шарттарына сай етіп, бұзатын кемшіліктерсіз және жоятын қателіктерсіз орындап, ол ізгі амалын күпірлік жасау және діннен шығумен жоймай, иманды күйінде дүние салса, Алла оның әлгі жақсы амалын зая қылмайды, керісінше оны қабыл алып, оған сауаптан жазады» деп айтамыз.

Ал ширк пен күпірліктен өзге бір күнә іс жасалып, иесі ол күнәсі үшін тәубе етпей, иманды хәлде қайтыс болса, ол Алла тағаланың еркінде болады, қаласа, оны тозақта азаптайды, қаласа, оны кешіріп, оған еш тозақ азабын таттырмайды. Риякерлік кез келген амалда орын алса, оның сауабын жояды, үжіп (істеген ісі үшін іштей паңдану) те дәл сол сияқты.

Пайғамбарлардың мұғжизалары нақты және әулиелердің кереметтері ақиқат. Ал риуаяттарда «болған, болады», деп айтылған Ібіліс, перғауын және даджал (тажал) сияқты Аллаға дұшпан болғандардың (көзбояушы) қылықтарын мұғжиза деп те, керемет, деп те атай алмаймыз. Ол істерді тек олардың қажеттерінің (Алла тарапынан) өтелуі деп атаймыз. Неге десеңіз, Алла тағала дұшпандарының (тозақтағы) дәрежелерін төмендету (истидрадж) және оларды жазалау үшін, (мына дүниеде) олардың қажеттерін өтеп береді. Осылайша, олар мұнымен алданып, зұлымдықтары мен күпірліктері одан сайын арта түспек. Бұлардың барлығы орындалады, әрі мүмкін де.

Алла тағала жаратпай тұрып жаратушы, ризық бермей тұрып ризық беруші еді. Алла тағала ақыретте көрінеді, мүміндер жәннатта оны ешкімге ұқсамаған, белгісіз хәлде өз көздерімен көреді. Әрі өзі мен жаратқандарының арасында ара-қашықтық болмайды.

Иман – тілмен айту және жүрекпен бекіту. Аспан және жер тұрғындарының иманы иман келтірілетін нәрселер тұрғысынан артпайды және кемімейді. Алайда олардың иманы яқин (айқын) сенім және растау тұрғысынан артады, кемиді. Иман келтіргендер иманда және таухидте тең, ал амал жағынан дәрежелері әртүрлі. Ислам – Алла тағаланың әмірлеріне мойынсұну және бағыну. Тілдік тұрғыда иман мен Исламның мағынасы бір-бірінен өзгеше. Алайда Исламсыз иман, имансыз Ислам болмайды. Ол екеуі (адамның) іш(і) және арқа(сы) тәрізді (яғни, бір-бірінен ажырамайды).

Дін – иман, Ислам және шариғаттың барлығын қамтитын атау. Біз Алла тағаланы, Ол өзін кітабында сипаттауы бойынша күллі сипаттарымен толық танимыз. Ешкім Алла тағалаға тиісінше, оған лайықты тұрғыда құлшылық жасай алмайды. Адам баласы тек Алланың кітабы және елшісінің сүннеті арқылы бұйырылғандай ғана оған ғибадат жасайды. Мүміндер мағрифатта (Алланы тануда), яқин сенімде, тәуекелде, махаббатта, разылықта, қорқыныш пен үмітте және бұл нәрселерге сенуде өзара тең, алайда бұның бәріне иман келтіруден басқа істерде (яғни, амалда) дәрежелері бір-бірінен өзгеше болмақ. Алла тағала құлдарына кеңшілік етуші, һәм әділ. Ол кейде кеңшілік жасап, пендеге лайық болған сауабын еселеп береді. Ал кейде өзінің әділдігімен күнә үшін азаптайды, кейде кеңшілік жасап, күнәні елемейді.

Пайғамбарлардың (с.ғ.с.) шапағаты – ақиқат. Біздің Нәбиіміздің (с.ғ.с.) шапағатының жазаға лайық болған күнәһар мүміндер мен үлкен күнә иелеріне тиетіні дәлелденген ақиқат. Қиямет күні амалдардың таразымен өлшенетіні рас. Нәбидің (с.ғ.с.) хауызы шындық. Қиямет күні даугерлер арасындағы сауаптардың бірінен алынып екіншісіне берілу арқылы қисас (есеп айырысу) жасалуы ақиқат. Егер олардың сауаптары болмаса, күнәлардың олардың мойындарына артылуы хақ һәм дұрыс.

Жәннат пен тозақ бүгінгі таңда жаратылып қойылған, екеуі ешқашан жоғалмайды. Хор қыздары ешқашан өлмейді. Алла тағаланың азабы мен сауабы мәңгі-бақи жоқ болып кетпейді. Алла тағала қалағанын өз кеңшілігімен тура жолға салады, қалағанын өз әділдігімен адастырады. Оны адастыру (күнә батпанында) жәрдемсіз қалдырумен болмақ. Алланың құлын жәрдемсіз қалдыруы – оған өзі разы болатын амал жасауға тауфиқ (сәттілік) бермеуімен болады. Бұл оның әділдігі. Сондай-ақ, жәрдемсіз қалдырылғанның жазасы оның өз күнәсі үшін.

«Шайтан мүмін құлдың иманын зорлық көрсетіп, мәжбүрлеп тартып алады» деп айту дұрыс емес. Дұрысы – пенде иманды тәрік етеді, міне сонда ғана шайтан оны тартып алады деп айту.

Мүнкар және Нәкір атты екі періштенің қабірде сұрақ қоюы шындық. Қабірде құлдың тәніне рухтың қайта оралуы ақиқат. Қабірдің қысуы және қабір азабы күллі кәпірлер мен кейбір күнәһар мүміндердің басына келетін шындық. Ғалымдардың парсы тілінде Алла тағаланың (есімі ұлық болғай) сипаттары жайлы айтқандарын айту дұрыс. Алайда «Яд» (қол) сөзін парсы тілінде айту дұрыс емес. Бірақ парсы тілінде «Баруе Худо» – Алланың жүзімен (немесе «Руе худо» – Алланың жүзі) деп Алланы еш нәрсеге ұқсатпай, қалай екені белгісіз түрде айту дұрыс.

Алланың (пендеге) жақындығы мен алыстығы ара-қашықтықтың ұзақтығы мен қысқалығы жағынан емес, құлдың Алланың алдындағы құрметі пен қорлығы мағынасында болады. Мойынсұнушы пенде Аллаға белгісіз тұрғыда жақын, ал күнәһар одан белгісіз түрде алыс. Жақындау, алыстау, ілгерілеу мінәжат жасаушы құлда болатын құбылыс. Сондай-ақ, жәнатта оған көрші болу мен оның алдында тұрудың көрінісінің қалай екені белгісіз.

Құран Алланың елшісіне (с.ғ.с.) түсірілген. Ол парақтарға жазылған. Құранның аяттары Алланың сөзі ретінде артықшылық және ұлылық жағынан өзара тең. Дегенмен, кейбір аяттардың айтылу артықшылығымен қоса ішінде айтылған нәрсенің артықшылығы да бар. Мәселен, аятүл-күрси. Себебі бұл аятта Алланың жоғары мәртебесі, ұлылығы және сипаттары  айтылған. Осылайша бұл аятта екі артықшылық бірдей қамтылып тұр: Айтылу артықшылығы және айтылған нәрсенің артықшылығы. Сондай-ақ, кейбір аяттарда тек айтылу артықшылығы болады. Мәселен, кәпірлер жайында әңгімелейтін аяттар. Мұндай аяттарда айтылғандардың артықшылығы жоқ. Себебі олар кәпірлер. Дәл сол сияқты Алланың есімдері мен сипаттарының барлығы ұлылығы мен артықшылығы тұрғысынан өзара тең, араларында басымдылық жоқ.

Қасым, Таһир және Ибраһим Алла елшісінің ұлдары. Фатима, Руқайя, Зейнеп және Үммі Күлсім Алла елшісінің қыздары болған. Оларға Алла разы болғай.

Адам баласына таухид ілімінің нәзік мәселелерінің бірі түсініксіз болса, сұрап білетін ғалымды тапқанға дейін оған дер кезінде Алланың құзырында қайсысы дұрыс, соған илану міндетті болады. Ізденісті кешіктіруіне болмайды. Бұл жағдайда шешімсіз, қалыс қалу сылтау емес. Егер шешімсіз, қалыс қалса, кәпір болады.

Миғраж оқиғасы – ақиқат. Кім оны жоққа шығарса, адасқан бидғатшы болады. Даджалдың (тажал) және яжуж, мәжуждің шығатыны, күннің батыстан тууы, Исаның (ғ.с.) аспаннан түсуі және т.б. қиямет күнінің белгілері сахих деректер арқылы келуі бойынша – орын алатын ақиқат. Алла тағала кімді қаласа, соны тура жолға бастайды.

 

Арабшадан аударған:Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ

Ілияс ОТАРОВ