Бұл түсініспеушіліктің негізгі себебін қарастырмас бұрын, қалыптасып кеткен екі күмәнді талдайық:
“Хадис сахих болса, бұл — менің мазхабым” сөзі
Хадистің сахих екендігі оған амал етуге жеткілікті
Бірінші күмән былай алға тартылады:
«Имам әш-Шәфиғи «Хадис сахих болса, бұл — менің мазхабым» деген еді. Сол себепті, біз «Сахих әл-Бұхариден» белгілі мәселеге байланысты сахих хадис кездестіріп, оған амал етсек, біз қалыптасқан Сүннет пен сенімді фиқһ мектебі бойынша амал жасаған боламыз. Одан кейін, имам әш-Шәфиғидің мазхабын оның фиқһ мектебі жазбаларымен ғана шектеу дұрыс емес, себебі оның айтуы бойынша кез келген сахих хадис оның мазхабының бөлігін құрайды».
Шын мәнінде, «Хадис сахих болса, бұл — менің мазхабым» сөзі әш-Шәфиғидан басқа ғалымдардан да жазылып алынған. Бұл “Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі.” сөзінің мағынасын түсінетін әр мұсылманның ұстанатын сөзі болса керек-ті.
Хафиз Ибн Кәсир Имам Әш-Шәфиғидің бұл сөзін былай түсіндіреді:
Бұл (оның солай айтуы) оның шыншылдығы мен адалдығынан еді және бұл оның Имам бауырларының да пікірі болды (Алла олардың бәрінен разы болсын).
Әрі қарай Хафиз Абу Зур‘a әл-‘Ирақи былай дейді:
«Менің ойымша, бұл сахих және әлсіз риуаяттарды ажырата алатын, құқық заңдары мен Араб тілін терең түсінетін және Сәләфтардан жеткен жазбаларды жақсы меңгерген әр адамға қатысты емес. Оның алдына өз Имамының пікіріне қайшы келетін сахих хадис келсе, ол сол хадиске көз жұмып, өз Имамының ойымен амал жасай береді.[1]
Алайда, бұл сөздің дұрыс мағынасы “Хадис амал жасауға лайықты болса, бұл — менің мәзхабым.” Үш фиқһ мектебінің (Ханафи, Мәлики, Шәфиғи) бірқатар ғадымдары осы түсініктемені қолдады.»
Ханафи мектебі ғалымдарының пікірлері
«Әл-Хидаяға» жазған түсініктемесінде Ибн әл-Шиһна әл-Кәбир:
«Адам баласы мазхабқа қайшы келетін сахих хадис кездестірсе, оны өзінің мазхабы ретінде қабылдап, соған амал жасау керек. Осылай істеу арқылы адам ханафи болып қала береді, өйткені Имам Әбу Ханифаның өзі “Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым” деп анық айтқан болатын». Ибн ‘Абд әл-Барр бұл сөзді Имам Әбу Ханифа және басқа Имамдардан келтірді.
Радд әл-Мұхтар кітабында жоғарыдағы сөзді келтірген соң, Ибн ‘Абидин былай түсіндіреді:
«Имам әл-Шә‘рани осыған ұқсас сөздерді төрт Имамнан келтіреді. Бұл сөздің діни мәтіндерді зерттейтін білікті мамандарға және күшін жойған не жоймаған [мәтіндерді] ажырата алатындарға [арналғаны] анық. Сол себепті, мазхаб ғалымдары белгілі дәйекті (дәлелді) зерттеп оған амал етсе, оның мазхабқа жататындығы белгілі. Өйткені, бұл — мазхабтың негізін қалаушысының мақұлдаған, рұқсат еткен шарасы, ал дәлелдің әлсіз екендігі белгілі болған болса, одан бас тартылып, күштірек дәлел қабылданар еді.» [2]
Әрі қарай ол былай дейді:
«Қайшы келетін ешқандай дәлелі жоқ және сахих деректерге сүйенген кез келген ой — муджтахидтің ұстанымы, оның өзі солай деп тікелей пайымдамаған болса да. Бұл Хафиз Ибн Абд әл-Барр мен Имам әл-Шә’ранидің төрт имамнан жеткізген “Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым.” сөзінен шығады. [3]
Ибн ‘Абидин осы мәселені “Шарх Расм әл-Муфти” атты еңбегінде тағы да бір шарт бекітіп, талқылайды:
«Бұл — мазхабтың ұстанымымен шектелген мәселе, өйткені олар мазхабтан тыс иджтихадқа рұқсат бермеді. Себебі, Имамдардың иджтихады оның иджтихадынан жоғары, ал олардың [Имамдардың] келтірген дәлелдері оның [муджтахидтің] дәлелінен күштірек, осыған орай олар соған амал жасамады.»
Екі мәселеге көңіл бөлейік:
Кейбір адасушы топтар жоғарыдағы Ибн Шиһнаның Радд әл-Мұхтардағы сөздерін Ибн ‘Абидинің түсініктемесін көрсетпей келтіреді. Соның кесірінен адамдарда бұл ғалымдардың ойы екен деген түсінік қалыптасады, оның ішінде, Ибн ‘Абидин, соңғы заманда мазхабтың критикалық зерттемесінің көшбасшысы да бар. Сол сияқты, олар осыған ұқсас сөздерді әл-Шә’ранидің әл-Мизан әл-Кубрасынан келтіріп, адамдарға, “Ол [әл-Ша’рани] сенімді Суфи ғалымы және оның тұжырымдамаларының беделі мазхаб ғалымдарының арасында зор!” дейді. Олардың сөздері рас, алайда, бұл — арам пиғылмен айтылған шындық.
‘Ибн ‘Абидиннің «Бұл сөздің кітаби мәтіндерді зерттейтін білікті мамандарға… [арналғаны] анық» cөзіне ерекше назар аудару керек, өйткені «анық» сөзі біздің түсінікте «жалпы ұғым» дегенді білдіреді, бұдан Ибн ‘Абидин осы шартты, яғни біліктілік (мамандану), бұдан ешкім беймәлім қалмайтындай жалпыға бірдей ұғым ретінде қарастыратынын байқаймыз. Жалпыға ортақ ұғымға «күн шықты» сөзі қазір түн емес күн екенін білдіретіні жатады. Сол сияқты, Имамның, «Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым» сөзі еш күмәнсіз бұның діни мәтіндерді зерттейтін білікті мамандарға және күшін жойған не жоймаған [мәтіндерді] ажырата алатындарға [арналғаны] белгілі. Сондықтан, мұндай надан не адасқан шәкірттерге бұл мәселеге қатысты әрекет етерде сақ болу қажет.
«Дәф‘ әл-Аухам» кітабында ғалым Абдул-Ғаффар Уюн әл-Суд Ибн Шиһнаның сөзін және Ибн Абидиннің сол сөзге қатысты қойған шектеуін айта кетіп, былай дейді:
«Бұл өте керемет шектеу, себебі біздің заманымызда білімнің айналасында жүріп адасқан, өздерін жұлдыздан биік санайтын, шындығында науадан да төмен адамдар пайда болды. Мысалы, олар Хадистің алты заңды кітабының бірінде Имам Әбу Ханифаның мазхабына қайшы болған хадисті көрсе, “Имам Әбу Ханифаның мазхабын таста да, Алла елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде берік бол.” дейді. Алайда, олар хадистің күші жойылуы мүмкіншілігін немесе оған қарсы келетін күштірек иснады бар басқа хадистің болуын қарастырмайды. Бұл адамдар хадиске ешқандай шектеу қоймастан амал ете берсе, өздері ғана тура жолдан таймай, олардың артынан еретіндерді де адастырады». [4]
Осындай жағдайда, Сүннеттің псевдо-насихатшылары“Пайғамбар ﷺ Сүннетін ұстанушы мен оны насихаттаушыларға адасты деген үкім шығаруға кім рұқсат берді?”деген сұрақ қояды.Бұл сұраққа [біз адасқан деп] сол позицияға біліктілігі жоқ, лайықсыз адамдарды ғана жатқызамыз деп жауап береміз. Оны адасқан деп оның Сүннет ұстанғаныүшін айтпаймыз – мұндайдан Аллаға сыйынамыз – бірақ, өзі көтере алмайтын жүкті мойнына алғандықтан айтамыз.
Біз бұл үкімді Хадис пен фикһ маманы, Имам Мәліктің Мәдинадағы даңқты шәкірттерінің бірі және Имам әл-Ләйс ибн Са‘дтың Мысырдағы шәкірті, Имам Абдуллах Ибн Уахб әл-Мисридің сөзінен жасаймыз. Оның айтқаны: «Ғалымдардан басқалардың бәріне хадис адасушылықты білдіре алады.»
Сондай-ақ, сәләфтардан болған Суфьян Ибн Уянаһ: «Хадис ғалымдардан басқалардың бәрін адастырады» деген. Демек, адам ғалым болмаса, ол хадистің тікелей мағынасын алып, бұл хадистің келесі бір хадиспен түсіндірілуі, дәлелдің белгісіз болуы, хадистің күшін жою мүмкіндігі туралы, яғни тек жоғары маманған заңгерлер ғана түсіне алатын мәселелерден толықтай бейхабар болады.
Шәфиғи мектебі ғалымдарының пікірлері
Өзінің алтын түсініктемесі, Шарх әл-Мухаззабта, Имам әл-Науауи осы мәселені жете талдайды:
«Имам әл-Шәфиғидің (оған Алланың мейірімі болсын) «Менің кітабымда Алла Елшісінің ﷺ Сүннетіне қарсы не тапсаңдар да, Алла елшісінің ﷺ Сүннетін қабылдаңдар да, менің ойымды тастаңдар.» деп айтқаны белгілі. Одан әрі, оның «Сахих хадис менің ойыма қарсы келсе, хадиске амал етіңдер де, менің ойымды тастаңдар» немесе «олай болса бұл — менің мазхабым» дегені мәлім. Бұл сөздер әртурлі жолмен риуаят етілген
Біздің [әл-Шәфиғи] әріптестеріміз тәсуиб және де одан басқа мазхаб кітаптарындағы мәселелерде осыған негізделіп амал етті. (Тәсуиб- ауру себебінен ихрамнан шығу шарты) .
әл-Шәфиғидің сөзі сахих хадисті көрген әр адам «Бұл — имам әл-Шәфиғидің мазхабы» дей айта алатынын және оның тура [мағынасына] амал ете алатынын білдірмейді. Бұл мазхабта иджтихад дәрежесіне жеткендерге ғана қатысты. Осы мәселедегі тағы бір шарт – оның имам әл-Шәфиғидің (оған Алланың мейірімі болсын) хадисті кездестірмегеніне немесе хадистің сахихтігін білмегеніне сенімді болу. Алайда, бұны Имамның және оның серіктерінің кітаптарын зерттеген соң ғана айтуға болады. Бұл өте қиын шарт және өте сирек жағдайда адам бұл шартты орындайтындай біліктілікке [квалификацияға] ие болады. Ғалымдардың бұл шартты қою себебі, Имам әл-Шәфиғи (Оған Алланың мейірімі болсын) өзінің білген және көрген, бірақ [хадисті түсіндіретін не ескертетін, күшін жоятын не жарамсыздандыратын] дәлелі оған дейін ескертілген риуаяттардың тура [мағынасына] амал етуден сақтанды.»
Шейх Әбу ‘Амр ибн әс-Салах: “Шәфиғидің айтқан сөзінің тікелей мағынасына әрекет жасау оңай нәрсе емес, өйткені әр маманға өзінің Хадистен шыққан дәлел деп білген әрнәрсесіне жеке дара әрекет етуге болмайды. Әл-Шәфиғидің басқаларға беймәлім және өзіне ғана белгілі себеппен бас тартқан хадисіне амал еткендердің арасында Әбул-Уәлид Муса ибн Әбил-Жаруд, әл-Шәфиғидің шәкірті болды. Ол:»Қан алушы да, қанын алған да оразасын бұзады” хадисі сахих болғандықтан мен “Әл-Шәфиғидің ойы — қан алушы да қанын алған да оразасын бұзады” деп айтамын.’ деді. Ғалымдар Әбул-Уәлидтан бұны қабылдаған жоқ, өйткені әл-Шәфиғи бұның сахихтігін біле тұра одан бас тартты, себебі сол хадис Шәфиғидің шешімі бойынша күшін жойды. Әл-Шәфиғи оның күшін жойғандығын көрсетіп оған қарсы дәлелдер келтірді.”[5]
Осы жерде әллама әл-Кәусаридің осы мәселеге байланысты айтқан сөзін ескерген жөн:
Көп үкімдерде Имам Әбу Ханифа Шурайх пен әл-Наха‘и секілділерге ерді және олардың дәлелдерін анықтауға күш салған жоқ. Алайда, Имамның пікіріне қайшы келетін, дұрыс және дәлелі бар басқа пікір табылған жағдайда, оның [Имамның] иджтихады жайлы ол басқа біреуге дәлелсіз сүйенді және сол пікірдің жарамсыздығы “таң шуағындай анық” деп айту дұрыс емес. Өйткені, иджтихад діни мәтіндер қамтымаған мәселелерге ғана байланысты жасалады…[6]]
Осы жерден біз төмендегі шарттар орындалса, Имамның пікіріне айқын дәлелге қайшы келетін пікірді жатқызуға болмайтынын білеміз. Өйткені, иджтихад тек мәтіндік дәлелі жоқ мәселелерге ғана қатысты жасалады:
Мазхаб имамының бұл ойды [дәлел іздеместен] қабылдап, басқа біреудің пікіріне ергені белгілі болса;
Дұрыс пікір белгілі болып, оған дәлел табылса;
Имам ерген адамның қателігі таң шуағындай анық болса;
Әллама әл-Кәусари:
«Имам Шәфиғидің «Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым» деген сөзі «Сахих деп қабылданған әр хадиске мен [әл-Шәфиғи] амал етемін және өзімнің бастапқы ойымнан бас тартамын» дегенді білдірмейді. Дұрыс мағынасы «Хадис өзіне лайықты алғышарттарымен сахих болса және мәтіні түсінікті болса, мен [әл-Шәфиғи] оған амал етемін» олай болмаса, оның мазхабы жүйесіз болып кетеді.
Әбу Мухаммад әл-Жууайнидің өзі сахих деп қабылдап және Имам Шәфиғиге тіркегісі келген риуаяттарға негізделген үкімдер жинағын шығаруға тырысқанда, оны көптеген ғалымдар сынға алды. Ол Имамның жоғарыдағы сөзіне сүйенген еді. Алайда, Хадис ғалымдары оның [әл-Жууайнидің] сенімсіз риуаяттарды сахих деп шығаратындығын және одан шыққан ойды Имам Шәфиғидің ойы деп көрсететінін байқаған соң, Жууайниді тоқтатты.[7]
Өзінің «Мә‘на Қаул әл-Имамәл-Муталлибиидха Саххәл-Хадисфахууә Мазхәби» атты еңбегінде Имам әл-Тақиддин әл-Субки былай дейді:
«Әбул-Уәлидәл-Найсабури, біздің көшбасшы ғалымдарымыздың бірі, Шәфиғидің ойы қан алушы да, қанын алған да оразасын бұзадыекеніне ант шегіп, бұны [хадис сахих және Имам Шәфиғи:» Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым» дегеніне] негіздеуші еді. Алайда, ғалымдар Ибн Әби л-Жарудты жоққа шығағаны секілді оны да жоққа шығарды [өйткені Имам хадис сахих болса да оның күші жойылғандықтан оған амал етпеді]. Бұл — кейбір муджтахидтердің сүрінген, бірақ түсініктердің түрлілігінен қателік үшін кінәлау қиын болған мәселе.
Әбул-Хасан Мухаммад әл-Караджи әл-Шәфиғи, заңгер және Хадис ғалымы, құнұтты таң намазында [Шәфиғи мазхабының пікірі] жасамай жүретін. Ол: «Менің шешімім бойынша, Алла Елшісінен ﷺ оның таң намазында құнұтты жасамайтыны сенімді риуаятпен жеткізілді…»
Сондықтан, мен, әл-Субки, бір кездерде құнұт дұғасын жасамай жүрдім. Кейін мен Алла Елшісінің ﷺ таң намазындағы құнұтына байланысты сахих риуаяттың Ри’л және Дакуан [тайпаларына] қарсылыққа және басқа намаздарда да орындалатын ғибадатқа қатысты екенін үйрендім. Ал құнұтты таң намазының қиямынан кейін толық тастау туралы Иса Ибн Маханннан келтірілетін риуаят бар, бірақ ол өзінің үлкен сынға түсуімен белгілі. Сол себепті, мен өзімнің бастапқы ойымнан бас тартып, қазір қайтадан құнұт жасап жүрмін. Осы жерде Имам әл-Шәфиғиге қатысты ешқандай қарсы пікір жоқ, қайта бұл біздің зерттеудегі әлсіздігімізден. [8]
Осы бөлімнен үлкен сабақ аламыз! Бұндай жағдайға Ибн Әбил-Жаруд, Имам Шәфиғидің шәкірті, білім дәрежесі туралы сөйлеудің де қажеті жоқ тұлға, душар болды. Одан әрі, одан да атақты Әбу л-Уәлид Насайбури, риуаятшы ғана емес, әл-Дирайядағы беделді тұлға, әл-Шәфиғидің күшін жойған деп санап, амал етпеген хадисіне ант шегіп, амал еткендерден болды. Ұлы тұлғалар осындай қателіктер жасап жатқанда, заманымыздың адамдары жайлы не айта аламыз? Олардың Имам әл-Шәфиғидің сөзін мазхабқа жатқызып, амалда жүзеге асыруы, алайда Шәфиғидің пікірлерін әрең түсінетіндігі ақылға сыяды ма?[9]
Осы сияқты, Әбу Хасан әл-Караджи, оны әл-Субки “заңгер және Хадис ғалымы” деп атаған, ал шәкірті “беделді, ғалым, интеллектуал, заңгер, муфти, лингвист, Хадис ғалымы, ақын” деп сипаттайды. [10]Соған қарамастан, біз оның өз мазхабының Имамына қайшы келгенін «Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым» және «менің ойымды таста да, хадиске амал қыл.” сөздеріне амал етіп, құнұт дұғасын жасамауынан көреміз. Бұған қарамастан, одан кейінгілер оны сынаққа алды, оның ішінде әл-Тадж ибн әл-Субки болды: Табақат әл-Шәфиғия атты биографикалық мәліметтер энциклопедиясындағы әл-Караджи бөлімінде.
Әбул-Хасан әл-Караджидің ұстанымын көресеткен соң, әл-Тадж әл-Субки былай дейді:
«Оның алдында екі аса қиын кедергі тұр. Біріншісі, хадистің сахих екендігін дәлелдеу (Құнұттан бас тартуда) – қандай қиын іс! Екіншісі, осы пікірді Имам әл-Шәфиғидің мазхабына тіркеу, бұл да қиын тапсырма».[11]
Осы сияқты, әл-Тақи әл-Субки құнұтты таң намазында өзінің Шәфиғи мазхабы бойынша жасайды. Кейін, әл-Караджи жағдайын біліп, құнұтты тастайды. Содан соң, ол одан бас тартып, қайтадан құнұт жасай бастайды. Әл-Субки – «шектелмеген муджтахид» немесе «мазхабтағы муджтахид» деп әділ сипаттала алатын Имам. Оның замандасы Хафиз әл-Захаби Әл-Субкимен жас айырмашыдығына қарамастан, оны «хадис пен фикһ көшбасшысы» деп атады.
Әл-Субки секілділер осындай шатасуда болса, оның білім дәрежесін ескере отырып, одан әлдеқайда төмен дәрежелілерге әл-Шәфиғи сөзінің тура мағынасын алуы кешірімді. Бірақ, Имамдар сөздерінің тура мағынасына амал етуден сақтанатын мәселеде асығыстық танытып, сахих мәтіндерге амал етуі арқылы өзін де, өзгені де адастыру дұрыс па? Сәйкесінше олар «Біздің не жазығымыз бар? Бізді қалай кінәлайсыз?» дейді.
Содан соң әл-Субки әбу Шама әл-Мақдусидің осыған байланысты көлемді мәтінін келтіреді:
Әбу Шамма, Ибн әл-Салахтың шәкірті және Имам әл-Науауидің ұстазы, хадиске еруге аса мұқият болған адам…
Кейін ол Әбу Шамманың былай аяқталатын сөйлемін келтіреді:
«Иджтихад дәрежесіне жеткен ғалым ғана өз мойнына осы тапсырманы ала aлады. Ол әл-Шәфиғи “Менің пікіріме қайшы Алла елшісінің ﷺ хадисін тапсаңдар, хадисті қабылдаңдар да, менің ойымды тастаңдар.” сөздерін арнап айтқан адамдардың қатарынан болады және бұл әр адамның қолынан келмейді.[12]
Ибн Умардан Сахих әл-Бұхариде Алла елшісінің ﷺ үшінші рәкағатта қол көтеретіні келтірілді.[13] Өзінің өте бағалы еңбегі Фатх әл-Бәридегі осы хадиске түсінiктемесінде Хафиз Ибн Хаджар:
«Әл-Хаттаби: «Имам әл-Шәфиғи бұл хадиске амал еткен жоқ, бұл оның «қaбул әл-зияда» мәселесіндегі ұстанымының белгісі болса да. Ибн Хузайма «Бұл — сүннет, Шәфиғи оны ескертпеген болса да, өйткені иснады сахих және ол [Шәфиғи] «Сүннет жаса да, менің ойымды таста» деді» деп баяндайды.»
Ибн Дақиқ әл-’Ид: «Шәфиғидің ұстанымына негізделсек, қол көтеру мақұлданған амал болса керек, өйткені ол рукуғқа барарда және көтерілгенде қол көтеруді қалыптастырды. Алайда, оны Шәфиғидің «Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым» сөзін айтқандықтан ғана мазхабқа жатқызу қиын шара болып табылады.
Хафиз Ибн Хаджар айтады: «Бұның қиын болу себебі, осы кеңеске амал ету үшін әл-Шәфиғидің бұл хадисті кездестірмегенін білу керек. Алайда, оның осы хадисті көріп, одан бас тартқанын білсек, олай жасай алмаймыз. Осы жағдайда екеуі де мүмкін.»
Осындай тақуа Хадис пен фикһ алыптарының аса маңызды түсініктемелерінен кейін, әл-Шәфиғи өзінің сөзін кімге арнап айтқаны айдан анық болды.
Мәлики мектебі ғалымдарының пікірлері
Өзінің «Шарх әл-Танқиһ» атты кітабында, Имам Шибаб әл-Дин Әбул-Аббас әл-Қарафи әл-Мәлики атап өткен тапсырманы қабылдаудың алғышарттарын талқылап, былай дейді:
«Көптеген әл-Шәфиғи ғалымдары осы принципке бағынып, былай дейді: «Бұл — әл-Шәфиғидің мәзхабы, өйткені хадис осы жерде сахих боп тұр.» Бұл — бұрыс жол, себебі олар сол хадиске қайшы хадистің жоқтығын анықтау керек. Ал бұл, өз кезегінде, Шариғатты терең зерттеп, толық сеніммен «ешқандай қайшы келетін дәлел жоқ» деп айтуды қажет етеді.
Ал терең, толық зерттеу жасауға шектелмеген муджтахидтен басқа ешкім лайықты емес. Сәйкесінше, [«Бұл Шәфиғидің жолы өйткені…»] деп тұжырымдайтын Шәфиғилер бұндай үкім шығарудан бұрын ең бірінші [Шариғатты] терең зерттеу дәрежесіне жету керек. [14]
Сондықтан, егер де біз белгілі пікірді оны қуаттайтын хадистің сахихтігі үшін Шәфиғи мазхабына жатқызғымыз келсе, біз үшін бәрінен бұрын Хадисті ғана емес, Шариғатты толықтай және ауқымды түрде зерттеу өте маңызды, ал бұл — муджтахидтердің арнайы жұмысы.
Әл-Қарафи әл-Мәликидің бұл сөзі бізге Әбу Бәкір әл-Мәликидің имам Асад ибн әл-Фуратқа (имам Мәліктің Мәдинадағы және имам Мухаммадтың Ирактағы шәкірті) қатысты айтылған сөзін еске түсіреді:
«Асад ибн әл-Фураттың (Алла оған разы болсын) Мәдина мен Ирак халқының пікірлерінен өзі дұрыс деп санағанын ұстанғаны мәлім. Асадтың білімінің тереңдігі, ілімге деген ұлы құштарлығы мен кездестірген ғұламалары мен хадис ғалымдарының артықшылығы оның солай жасауға біліктілігі болғанын білдіреді.
Төмендегі үш шарт оның сол дәрежеге лайықты екенін көрсетеді:
Білімінің тереңдігі
Тоқтаусыз білім ізденісі
Кездестірген ғұламалары мен хадис ғалымдарының артықшылығы
Алғышарттар және та’аммул мен та’ннидің қажеттілігі болмаған болса, кез келген адам кез келген үкімді бір имамға тіркеп, оны хадистің сахихтігімен негіздеген болушы еді. Екінші адам болса, сол пікірді басқа имамға тіркеуші еді. Ал үшінші кісі сол хадиске қайшы басқа сахих хадис тауып, сол пікірді бірінші де, екінші де имамдардың мазхабына жатқызушы еді. Сөйтіп, «Хадис сахих болса, бұл — менің мазхабым» сөзін әрекетке келтіріп, білімде түсініспеушілік және дінде хаос орнаушы еді.
Адамдар белгілі мәселені қуаттайтын хадистің сахихтігіне разы болып, сол мәселені қабылдайтын болса, хаос тіпті арта түседі. Өйткені, бұл сөз [Хадис сахих болса, бұл — менің мәзхабым] әр мұсылманның емес, бәлкім әр ғалымның ұстанатын сөзі. Алладан жәрдем тілейміз.
Егер мынадай сұрақ қойылса:
Олай болса, бұл сөзді және осыған ұқсас басқа сөздері өздерінің шәкірттері мен олардан кейінгілердің жүректеріне ұялаған имамдарда қандай ниет болды?
Бұның жауабын ғалым және теоретик, Мәулана Хабиб Ахмад әл-Киранауидің «И’лә’ әл-Сунан» кітабына жазған екінші кіріспесінде табамыз:
«Бұл сөздердің шынайы мағынасы — дәлел, расында, менің пікірімде емес, бірақ Алла елшісінің ﷺ сөзінде екенін адамдарға жеткізу. Сондықтан, менің әр сөзімді жеке дәлел ретінде қарастырмаңдар. Мен Алла елшісіне ﷺ қарсы айтылған әр сөзімнен бас тартамын. Бұл жалған сөйлеушілердің имамға [әш-Шәфиғи] тіркеген әр нәрсесін міндеттемейді; мысалы, олардың сахих деп санаған хадиске сүйенген әр үкімді имамның пікіріне жатқызуы. Мұны жақсылап ұғып ал да, бұл сөздердің кесірінен адаспа. …» [15]
Осы күмәнға Ибн Абидин, Ибн әс-Салах, Әбу Шама, әл-Науауи, әл-Қарафи және әл-Субки секілді имамдар берген жауаптың жалпы идеясы: жоғарыда айтылған сөзге негізделіп, белгілі пікірді Имам әш-Шәфиғи мазхабына тек иджтихад не оған жақын дәрежеге жеткендер ғана, сондай дәрежеге лайықтылар ғана жатқыза алады.
Жоғарыда айтылған сөздерден, белгілі пікірді негіздейтін сахих хадисті кездестіргендіктен ғана сол пікірге амал ету бұрыс екеніне және оны Имам әш-Шәфиғидің немесе басқа Имамның мазхабына жатқызуға болмайтыны анық екеніне көзіміз жетті.
Біз бірқатар ұлы ғалымдардың осы сөздің тура мағынасына амал етіп, кейін соның кесірінен сынға түскенін немесе олардың тұжырымдамасы негізсіз болып шыққанын көрдік; сол себепті, бұған құлақ түріп, қорытынды шығаруға әр ақыл иесі жауапты. Алланың діні өзін Сүннет ұстанушысымын деп жария еткен білімсіз, біліксіздерге дінді ойыншық етіп тастаудан аса үстем!
Алайда, біз осы сөздің практикалық қолданысы бар екенін жоққа шығармаймыз: мысалы, Имам әл-Шәфиғи хадистің сахих екенін көрсеткен кездерде: Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) келген , «Сен мені қайда сақтасаң, менің жерім сонда» хадис аясында, Хафиз Ибн Хаджар былай дейді «Бұл жерде Имам әл-Шәфиғи хадистің сахихтігін атап өтті»; мен барлық осындай риуаяттар мен олардың талдауын бөлек кітапта жинақтадым.»
Әр саланың өз маманы бар, сондықтан әр адам өз деңгейін білу керек.
Бұл түсініктемелерден кейін, менің айтатыным: «Білімі мен абыройын ескере отырып, олардың [жоғарыда аталған ғалымдар] қателігінен сабақ алып, Алла бізге танып-білуге жеңіл еткен имамдардың пікірлерімен шектелуіміз қажет емес пе?»
Аллаһу әғләм.
Мақала ағылшын тілінен тәржімаланып, қазақы оқырмандарға сай жөнделді
Дереккөз: hanafi.kz