Алла қаласа, аздаған күннен соң, біраз уақыт бұрын Алла Тағаланың парыз еткен құлшылығын орындау үшін қасиетті мекенге аттанған мыңдаған қандастарымыз елге оралады. Осы орайда, қажылық парызын өтеп, еліне оралған мұсылманмен жүздесудің және қажылықтан оралушы жанның дұғасын алудың абзалдығы жайлы баяндалған бірнеше хадистерді оқырман назарына ұсынамыз.

Қажылықтан оралған кісіні көрген уақытта төмендегі дұғаны айту, шариғатымызда мустахаб саналады.
Абдуллаһ ибн Омар (радиаллаһу әнһума) Алла Елшісінің ﷺ қыжылықтан оралушыға мына дұғаны айтқандығы жайлы жеткізеді:

«Қаблиллаһу хаджәкә уә ғафәрә зәмбәкә уә әхләкә нәфәқатәләк»

Мағынасы: «Алла қажылығыңды қабыл етсін, күнәларыңды кешірсін және жұмсаған қаржыңның орнын толтырсын!»

Сілтеме: Ибн Сунни, 506-хадис; Табарани, «Китабу дуа», 829-хадис; «Мәжмә-уз-зәуәид», 3/211; «әл-Әзкәр, 685-хадис; имам Сахауи, «әл-Ибтихаж», 140;

Кейбір хадистерде қажылықтан келе жатқан жанның дұғасын алу күнәлардың кешірілуіне себепші болатыны жазылады:

Абдуллаһ ибн Омар (радиалаһу әнһума) Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенiн жеткiзедi:
«Қажыны көрсең, оны құрметте, оның қолын алып амандас және ол өз үйiне кiрмейiнше, сен үшiн кешiрiм тiлеуiн сұра, себебi, расында, ол кешiрiлдi»

Сілтеме: «Муснад Ахмад», 2 /69 әлсiз санадпен; «Мәжмә-уз-Зәуәид, 4/16;

Әбу Һурайра (радиаллаһу әнһу) Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенiн жеткiзедi:
«Йә Алла, қажының күнәларын кешiре гөр және қажы кiм үшiн кешiрiм сұраса, соның күнәларын кешiре гөр!»

Сілтеме: «Мустадрак Хаким», 1/441; «Сахих ибн Хузайма» 2516-хадис; «Шуғабул-иман, 3817-хадис;

Имам Хаким жоғарыдағы хадистi сахих деп бекiттi және Хафиз Захаби онымен келiскен.

Омар ибн Хаттаб (радиаллаһу әнһ) былай дейдi:
«Қажының күнәлары кешiрiледi және Зүл-хиджа айының қалған бөлiгiнде, Мұхаррам, Сафар айларында және Рабиул-аууалдiң онына дейiн қажы кiм үшiн кешiрiм сұраса, соның күнәсы кешiрiледi.»

Сілтеме: «Мусаннаф ибн Аби Шайба», 12800-хадис, әлсiз санадпен;

Соңғы келтiрiлген риуаяттан қажылардың кешiрiм сұрау дұғасы Рабиул-аууалдiң онына дейiн қабыл болатынын көремiз, Арафа күнiнен бастап санағанда бұл шамамен 90 күнге тең.

Алла Тағала қажылық өтеуші бауырларымыздың елге аман-сау оралып, жақындарымен жарқын күйде жүздесуін нәсіп етсін!

Мақаланы дайындаған: HANAFI.kz сайты