1. Өткен күнәларыңыздың кешірілуі үшін Рамазанда Алланың сауабынан үміт етіп, сеніммен ораза ұстаңыз.

2. Оразаны шариғат рұқсат ететін себепсіз бұзудан абай болыңыз. Себебі, бұл – үлкен күнәлардың бірі.

3. Тарауық намазы мен түнгі намаздарды оқыңыз – әсіресе, соңғы он түнде, Ләйләтүл-қадр түніне дөп келуге үміт барда. Өйткені, бұл Алланың жарылқауына қол жеткізіп, дұғаларыңызға жауап алуға мүмкіндік.

4. Жасаған ізгі амалдарыңыз қабыл болып, дұғаларыңызға жауап берілуі үшін ішкен асыңыздың, киген киіміңіздің адал ақшаға алынғанына көз жеткізіңіз. Ауыз ашқанда харам етілген ас жеуден сақтаныңыз, себебі, Рамазан кезінде күнәларға берілетін жаза еселенеді.

5. Басқа да ораза ұстаған адамдарды тамақтандырыңыз, сонда олардың да оразасынан сауап аласыз. Өйткені, хадисте былай делінген: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген: «Ораза ұстаушының аузын аштырған адамға сол ораза ұстаған адаммен бірдей сауап жазылады. Одан ораза ұстаған адамның сауабы кемімейді» (Тирмизи келтіреді, 807).

6. Алланың сауабына бөленіп, қорғауына ие болу үшін намаздарыңызды мүмкіндігінше мешітте жамағатпен оқыңыз (бұл ерлерге қатысты айтылған – аудармашының ескертпесі).

7. Мейлінше көбірек садақа беріңіз. Себебі, ең абзал садақа – Рамазанда берілген садақа.

8. Уақытыңызды игі амалдарға емес, босқа ысырап етуден сақтаныңыз. Себебі, сіз әрбір сағатыңызды қалай өткізгеніңіз үшін сұраласыз.

9. Рамазан кезінде шама-шарқыңыз жеткенше умра жасаңыз. Өйткені, Рамазан кезінде жасалған умраның сауабы қажылықтың сауабымен парапар.

10. Сәресіне тұруды ұмытпаңыз. Ол күні бойы оразаны ұстап шығуға күш береді.

11. Алланың махаббатына лайық болу үшін күннің батқанына көзіңіз жеткен бойда аузыңызды ашыңыз.

12. Жүніп болсаңыз, тазарған күйде ауыз бекітіп, құлшылық жасау үшін таң намазынан бұрын ғұсыл алыңыз.

13. Рамазанды Құран оқумен және оның мағынасына ой жүгіртумен өткізудің әрбір мүмкіндігінен құр қалмаңыз. Қиямет Күні ол өзін оқығандарға шапағатшы болады.

14. Тіліңізді өтіріктен, ғайбаттан, өсек-аяңнан, жаладан сақтаңыз, бұл оразаның сауабын кемітеді.

15. Ораза кезінде болмашы нәрсеге бола ызаңыз келгенде, ашуланбауға, күйгелектенбеуге тырысыңыз; керісінше, ораза жаныңызға тыныштық сыйлап, көңіліңізді жайландыруы тиіс.

16. Ораза кезінде Алланың сізді әрдайым көріп тұрғанын жадыңызда тұтып, Оның мейірім-шарапатына шүкіршілік етіп, тақуалықтан қол үзбеңіз; әмір еткендерін орындап, тыйғандарынан тыйылып, Аллаға бойұсынуда бекем болыңыз.

17. Әсіресе, ораза кезінде ауыз ашқанда және сәресіне тұрғанда Алланың кешіріміне ұмтылып, Жәннатты нәсіп етуін және Тозақтан қорғауын сұрап, зікірді (Алланы еске алуды) көбейтіңіз. Себебі, бұл амалдар − Алланың кешіріміне ие болуға басты себептер.

18. Әке-шешеңіз бен балаларыңыз, өзге де жақын туыстарыңыз бен барша мұсылмандар үшін көбірек дұға жасаңыз. Өйткені, Алла өз пенделеріне Одан жәрдем сұрауымызды үкім етті.

19. Алланың алдында барлық жасаған күнәларыңыз үшін өкініп, олардан арылып, ендігәрі қайтып оралмаймын деген шын ниетпен тәубеңізге келіңіз. Себебі, Алла тәубеге келушілерді жақсы көреді әрі пендесінің тәубесін қабыл алады.

20. Сонымен қатар, Шәууәл айының алты күн оразасын да ұстауға тырысыңыз, өйткені, Рамазан оразасы мен Шәууәл айының алты күн оразасы бір жыл ораза ұстаумен бірдей.

21. Табысқа қол жеткізіп, өткен және келер жылғы күнәларыңыздың кешірілуі үшін `Арафа күні (Зүл-хиджаның 9-шы жұлдызында) ораза ұстаңыз.

22. Табысқа қол жеткізіп, өткен жылғы күнәларыңыздың кешірілуі үшін Мұхаррам айының 9-шы жұлдызымен қоса `Ашура күні (10-шы мұхаррам) ораза ұстаңыз.

23. Рамазан айы аяқталғаннан кейін де тақуалық қасиетіңізді жоғалтпай, ізгі амал жасауды тоқтпаңыз: «Раббыңа, саған өлім келгенге дейін (өмір бойы) құлшылық қыл!» [Құран 15:99]

24. Шын жүректен тәубеге келіп, шариғатқа қайшы келетін нәрселерді тәрк етіп, намаз, ораза, зекет және қажылық сияқты ғибадаттарыңыздың оң нәтижесіне қол жеткізгеніңізге сенімді болыңыз.

25. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабаларына және Қиямет күніне дейін оның соңына ергендерге көп салауат айтыңыз.

Я, Алла, бізді және Рамазан айында Өзіңнен сауап алуға және күнәларының кешірілуіне үміт етіп, әрі сеніп ораза ұстайтын және намаз оқитын барша мұсылмандарға игіліңді бере гөр.

Я, Алла, бізді осы айда ораза ұстайтындардың қатарынан етіп, Ләйләтүл-қадр түніне жетуімізді нәсіп ете гөр, осы өмірде және ақыретте жүзіміздің жарқын болуын жаза гөр.

Я, Алла, расында Сен – Кешірушісің, бізді жарылқай гөр.

Я, Раббым, бізден қабыл ала гөр, расында, Сен – Көрушісің, Естушісің, Тірісің, ұлылық пен құрметтің Иесісің.

Мұхаммед Пайғамбарға, оның отбасына және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Әмин.

____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz