Сұрақ:
Әйелдің әуретіне (махрамның, мұсылман не мұсылман емес әйелдердің алдында) не жататынын толығарақ түсіндіріп берсеңіз. Адамдардың арасында осы сұрақтан дау көп болғандықтан, жауабыңызда өмірдегі түрлі жағдайларды қамтып кетсеңіз дұрыс болар еді.
Жауап:
Бұл дүниеде барлығына, ал о дүниеде иман келтіргендерге ғана мейірімді бір Алланың атымен бастаймын.
Ислам дінінде әйел адамға да, ер адамға да әуретті жерін жабудың маңызы өте зор, себебі Құран мен Сүннетте бұның қажеттілігіне үлкен көңіл бөлінген. Әйел мен ер адамның әуретін ауқымды түрде талқылайтын бірқатар фиқһ кітаптары бар. Осы мақалада мен әйелдің «әуреті» атауын түсіндіріп, оны жан-жақты қарастыруға тырысамын.
“Аура” – араб тілінің термині, көпше түрі “аурат” болады. Бұл сөздің тілдік мағынасы – “жасырын, құпия жер”,ал адамның ауратына оның басқа адамдардың назарынан жасыратын жерлері жатады. Қай жердің ашық қалуы ұятты болса, соның барлығы әурет болып есептеледі. Сәйкесінше, жаңалаштануы адамды ұялтатын дене мүшелерінің барлығын әуретке жатқызамыз [1].
Фиқһ ілімінде «әурет» деп, киім астында жасырылуы қажет дене мүшелерін айтамыз. Бұл біздің тілге “жалаңаш жер” немесе “жасырылуы қажет дене мүшесі” деп аударылады. Кейбір адамдар (Үнді, Пәкістан елдері) бұл түсінікті “сатар” сөзімен белгілейді. Түсініспеушіліктің алдын алу үшін біз “әурет” сөзін қолданамыз, ин ша Аллаһ.
Әйелдің әуреті
Жалпы алғанда, әйелдің әуретін екі бөлуге болады:
1) Намаздың кезінде;
2) Намаздан тыс.
Екіншісі өз алдына мынадай түрлерге жіктеледі:
- Жалғыз болғанда;
- Күйеуінің алдында;
- Мұсылман әйелдер алдында;
- Махрамға (күйеуге шығуға тыйым салынған туыстар) жататын ер адамдар алдында;
- Махрамға жатпайтын ер адамдар алдында;
- Мұсылман емес әйелдер алдында;
- Мұсылман емес, бірақ махрамға жататын ер адамдар алдында;
1) Намаздың кезіндегі әурет
Намаз кезінде әйелдің әуретіне бүкіл денесі жатады, бет жүзі, қолдың буыны мен аяқтың табанынан басқа. Аллаһ Тағала былай дейді:
«Ей, адамның балалары! Қашан да, қайда болсаңдар намаздың кезінде ең көркем жамылғыларыңды (зиина) киіңдер» [2].
Осы аяттың (және басқа да дәлелдердің) негізінде көптеген сахабалар (радиаллаһу әнһум әжмағин), олардан кейінгілер (табиғун), фақиһтер және Құранның тәпсіршілері намазда әуретты жасыру парыз деп шешті [3].
Сайида Айшадан (радиаллаһу әнһә) жеткізілгендей, Алланың елшісі :
«Етеккірі келген (яғни, балиғат жасына жеткен), бірақ бас жамылғысын (химар) кимеген әйел адамның намазын Аллаһ қабыл етпейді » деді [4].
Ұлы ханафи фақиһі имам әл-Хаскафи (рахимахуллах) өзінің әйгілі еңбегі «Дурр әл-Мухтарда» былай дейді:
«Ерікті (яғни күн емес) әйелдің ауратына, ең сенімді пікір бойынша, оның шашымен қоса бүкіл денесі жатады, оның беті, қолының буыны мен табанынан басқа» [5].
Демек, әйел адамға намаз орындау үшін ауратын жақсылап жасыру қажет. Бет, қол мен табаннан басқа жердің барлығы жабық болуы керек. Басын бір де бір шаш көрінбейтіндей етіп жабу қажет, — тек беттің сопағы ғана көрінуі тиіс. Дәл солай білек пен тобықтың толық жабылғанына көңіл бөлген жөн.
Бір жайтты есте сақтау керек: әйелдің аураты оның намазда жалғыз тұрғанына, жарықта не қараңғыда намаз жасап жатқанына қарамастан жабылуы тиіс [6].
Ең сенімді пікір бойынша, табан аураттың бөлігі болып есептелмейді. Алайда, осы мәселеде қайшылық көп болғандықтан, сақтанып, табанды жабу дұрысырақ болады.
Иек астындағы бөлік туралы айтатын болсақ, беттің тігінен шекарасы – шаштың аяқталған жағынан иектің астына дейін, көлденең шекарасы – екі құлақтың жұмсақтарының арасы [7].
Беттің шекараларын ескеретін болсақ, иектің ұшының астындағы бөлік бетке жатпайды, сондықтан, әуретке жатады. Алайда, сол жерді жабудың қиындығына байланысты, оның кішкене бөлігінің ашық қалуынан ештеңе болмайды.
Қорыта келе, осы бөлімде әйелдің әуреті намаз басталмас бұрын және намаздың аяғына дейін жабық болуы керектігін айтып кеткен жөн. Егер намазда жабылуы тиіс дененің/мүшенің төрттен бір бөлігі намаз басталмас бұрын ашық қалған болса, намаз басынан бастап есептелмейді. Егер де әуретке жататын мүшенің төрттен бір бөлігі намаздың кезінде үш рет «Субхана Аллаһ»деуге жететін уақыт ішінде ашық қалса, намаз бұзылады. Ал егер де ашық қалған дене мүшесі сол уақыт аралығына дейін жабылса, намаз бұзылмайды [ 8].
Ескерту: Білуші адамнан дененің шекараларын қалай анықтайтынын біліп алған жөн. Кейде, адам белгілі дене мүшесін бір бөлік етіп қарастырады, ал фиқһ бойынша сол мүше екі бөлік ретінде қарастырылады.
2) Намаздан тыс әурет
a) Жалғыз қалғандағы әурет
Ханафи мазхабы бойынша, адам жалғаз қалғанда да оған кіндігінен тізеге дейінгі бөлікті жабу — уәжіп (басқа пікір бойынша, мұстахаб). Адам әуретін қажеттіліктен (шомылу, дәретханаға бару немесе киім ауыстыру) ашқан жағдайларда бұл ережеде кешірім бар. Соған қарамастан, бұл жағдайда әуретті барынша жабық сақтауға тырысу керек. Алланың елшісі:
«Ұят – иманның бөлігі» — деді [9].
Яла ибн Умайядан Алланың елшісі былай дегені жетті:
«Расында, Аллаһ ынсапты әрі ұстамды, және ол ынсаптылық пен ұстамдылықты сүйеді. Сендерден біреулерің жуынатын болсаңдар, денелеріңді жабыңдар»[10]. Жалғыз бола тұра, осы бұйрыққа сәйкес амал еткен жөн.
Имам әл-Хаскафи (рахимахуллах)«Дурр әл-Мухтарда»:
«Ең сенімді пікір бойынша, (әуреттің жасырылуы) бір өзің қалсаң да міндет болады, тек әуреттің ашылуына маңызды себептер болмаса».
Алләма Ибн Абидин, рахимахуллах, жоғарыдағы сөздерді түсіндіре кетіп «Радд әл-Мухтар» еңбегінде:
«(Әл-Хаскафидің : «…бір өзің қалсаң да …» сөздері) мынаны білдіреді: ғалымдардың бір ауыздан айтқаны бойынша, намаздан тыс уақытта өз әуретіңді басқалардан жасырын ұстау керек және сенімді пікір бойынша, бұны қасыңда ешкім болмаған кезде де жасау керек …» дейді.
Бұл контекстіде, намаздан тыс кезде жалғыз қалғанда әуретті жабу — кіндіктен тізеге дейінгі бөлікті жабу дегенді білдіріп тұр. Яғни, тіпті әйелге де (жалғыз қалғанда) одан артық жерлерін жабу міндет емес, алайда басқалардың алдында әйелдің әуретіне басқа дене мүшелері де кіреді…
(Әл-Хаскафидің: «…ең сенімді пікір бойынша…» сөздері ) Аллаһ Тағаланың бізді киіммен де, киімсіз де көретініне қарамастан, Ол киімсіз адамдар әдептілікті тастауға, ал киінгендер болса ұстануға жақын екенін көреді. Мүмкін болған кездің бәрінде әдептілікті ұстану – әрқашан да парыз.
(Әл-Хаскафидің: «…маңызды себептер болмаса …» –) Мысалы, дәретханаға барып не жуынатын болсаң (истинджа) [11].
Сондықтан, (сенімді пікір бойынша), әйел адам жалғыз қалса да кіндіктен тізеге (тізені қоса) дейінгі жерін жабу керек; жуыну, дәретханаға бару, киім ауыстыру т.с.с. жағдайлар болмаса.
б) Күйеуінің алдындағы әурет
Негізінде, жұбайларға бір-бірінің кез келген жеріне қарай беруге рұқсат бар. Сол себепті, күйеуінің алдында әурет жоқ десек болады (бұл жерде адам жалғыз қалғанда әурет жабу ережесінде ерекшелік жасалады).
Алайда, жұбайлардың алдында әурет болмаса да, толықтай жалаңаштану ұнамсыз екенін ғалымдар атап өтті. Жалаңаш дененің үстінен жамылғы болса жеткілікті.
Саййида Айша(радиаллаһу әнһә): «Мен Алла елшісінің жыныс мүшелерін ешқашан көрмедім» деді [12].
в) Мұсылман әйелдер алдындағы әурет
Әйелдің мұсылман әйелдер алдындағы әуреті ер адамдың басқа ер адамдар алдындағы ауратымен бірдей, яғни кіндіктен тізеге дейін (тізені қоса).
«Аль-Хидаяда»:
«Әйелге басқа әйелдің (мұсылман) денесінен, ер адамға басқа ер адамның денесінен не көруге рұқсат болса сол рұқсат, өйткені олар бірдей жынысты және араларында қызығушылық «шахауа» болмайды… Және бір–бірінің алдында денелерін ашудың қажеттілігінен» делінген [13].
Осылайша, мұсылман әйелдер алдында әйел кіндіктен тізеге (қоса) дейінгі бөлікті жабу керек.
г) Махрамға (күйеуге шығуға тыйым салынған туыстар) жататын ер адамдар алдында
Махрам (күйеуге шығуға тыйым салынған туыстар) алдындағы әуретке кіндіктен тізеге дейінгі бөлік және іш пен арқа жатады. Махрамға әке, аға-іні, баласы, әкесі жағынан ағасы (әкесінің бауыры), анасы жағынан ағасы (анасының бауыры), қайын атасы, немере, күйеуінің (басқа некеден туған) баласы, күйеу бала (қызының күйеуі) т.б. жатады.
Осылайша, әйелге махрамының алдында келесі бөліктертерді ашуға болады: бас, шаш, бет, мойын, төс қуысы, иық, қол (толықтай) және тізеден төменгі бөлік. Олардың алдында іш, арқа және кіндіктен тізеге дейінгі бөлікті ашуға болмайды [14].
Шариғаттың бұл үкімі «Нұр» сүресінде негізделеді:
«Олар (мұсылман әйелдер) өздерінің әдемілігін ешкімге көрсетпеу керек; күйеулері, әкелері, күйеулерінің әкелері, балалары, күйеулерінің балалары, бауырлары, бауырларының балалары, әпкелерінің балалары мен өздерінің әйелдерінен басқа …» [15].
Бұдан әрі, махрамға олардың алдында ашуға болатын дене мүшелерін ұстауға рұқсат етіледі, бірақ қызығушылық пен еліктірудің болмауы шарт.
Имам әл-Кудури (рахимахуллаh) айтты:
«Қарауға болатын дене мүшесін ұстауда еш жамандық жоқ» [16].
Алайда, фитна пайда болуы мүмкін болған кезде, бұл дене мүшелерін махрамның алдында да ашу және оларды ұстау харам болатынын естен шығармау керек [17].
д) Махрамға жатпайтын ер адам алдында
Махрам емес ер адамдар (әке/ана жағынан ағасының балалары, әпкесінің күйеуі, әкесінің әпкесінің күйеуі, анасының әпкесінің күйеуі, күйеуінің ағасы, күйеуінің інілері ) алдындағы әуретке әйелдің бет жүзі, қолы мен табанынан басқа денесінің барлығы жатады. Бұлардың алдындағы аурат намаздың кезіндегі ауратпен бірдей.
Имам әл-Марғинани (рахимахуллаһ):
«Ер адамға махрам емес болған әйелдің денесіне қарауға болмайды, (өйткені бұл — әурет) оның беті, қол буынынан басқа. Аллаһ Тағала былай деген еді:
«Әйел адам, анығынан басқа, еш әдемілігін паш етпесін». [18].
Саййидина Әли және саййидина Ибн Аббас (радиаллаһу әнһум), бұл жерде қол мен бет туралы айтылып тұр деген екен…
Бұл — әйелдің табанына қараудың харам екендігіне дәлел. (өйткені, бұл аураттың бөлігі), бірақ имам Әбу Ханифа (рахимахуллаһ) әйелдің табанына мәжбүрлік болса, қарауға болады деген екен.» [19]
Имам әт-Тумурташи (рахимахуллах) «Танфир әл-Абсарда»:
«Әйелдің ауратына оның бүкіл денесі жатады, бет жүзі мен қол буынынан басқа. Бұдан әрі, қызығу (фитна) мүмкіншілігі болса, оған басқа ер адамдар алдында бетін ашпаған жөн.
Сол себепті, әйел адамның махрам еместердің алдындағы аураты — бүкіл денесі, бет жүзі, қол буыны мен табанынан басқа.
Ниқаб пен хиджаб мәселесінде және әурет мәселесінде айырмашылық бар екенін ескерту керек. Кейбір адамдар осы екі сұрақты ажырата алмағандықтан, Ислам заңының бұрыс түсініктемесінің құрбаны боп жатыр.
Ғалымдардың пікірі бойынша, бет әуреттің бөлігіне жатпайды, алайда, имам aт-Турумашидің сөзінен түсінгеніміздей, фитна немесе күнәға азғыру қаупі болған кезде, бет жабу міндетті болып есептеледі. Ибн Абидин айтады:
«Жас қызға бет жабу абзал болуының себебі, беттің ауратқа жататындығынан емес, қайта әйелдің еліктіруші болуына сақтанудан» [20]
Бұл жерде біз тек әурет мәселесін қарастырып жатырмыз, хиджаб пен ниқаб мәселесін емес. Бетті жабу не жаппау мәжбүрліктерін талқылауды біз кейінге қалдырамыз.
Тағы да бір ескерту: Ханафи мазхабындағы пәтуә бойынша, әйелдің табаны әуретке жатпайтындығына қарамастан, басқа да (өзге мазхабтарға сай, мысалы шафиғи) күшті пікір бар. Сол бойынша, табан – әуретке жатады және оны жабу керек. Сол себепті, әйел адам табанын жаппаса, фиқһ бойынша онда күнә болмайды, бірақ, сақтық сақтап, сол жерін жапқаны дұрысырақ.
Бұдан бөлек, (ханафи пәтуасы бойынша) тобыққа дейінгі жерді ғана ашуға рұқсат етілген. Тобықтан жоғары бөліктің барлығы әуретке жатады. Әйелдердің көбі жамылғы, бурқа, джилбаб киеді; негізінде олар тобықты жапса да, жүрген кезде (әсіресе желді күні, немесе олар машинада отырған кезде не одан шыққанда) олардың аяғының бөлігі ашылып қалады, ал бұл — күнә, өйткені бір ауыздан әурет деп шешілген дене бөлігі ашық қалады. Сондықтан, табан жабудың керектігін ескерту қажет.
Табан жабу да бет жабу секілді, тіпті одан аса маңызды мәселе. Өйткені, бет әуретке жатпайды, ал табан, ханафи мазхабының күшті пікіріне сәйкес (және басқа мазхаб пәтуаларына сәйкес) әуреткежатады.
Бет жабудың міндет екеніне шақыратындар (мен оларға қарсы келмеймін), табан жабудың маңыздылығы бұдан төмен емес екеніне көңіл аудару қажет. Кейде бет жабуға көп көңіл бөлініп, әйелдің жүргенде тобықтан жоғары бөлігінің ашылуына және оның күнә екеніне назар аударылмайды.
е) Мұсылман емес әйелдер алдындағы әурет
Қатал айтқанда, әйелдің мұсылман емес әйелдер алдындағы әуреті махрам емес ер адамдар алдындағы әуретімен бірдей. Яғни, беті, қол буыны және табанынан басқа бөліктің барлығы.
Жоғарыда келтірілген «Нұр» сүресінде әйелге кімнің алдында әурет ашуға болатындығы жазылған. Бұл адамдар (жоғарыда айтылып кеткендей) «махрам» (күйеуге шығуға болмайтын ер адамдар) туысқандар қатарына кіреді. Бұл аятта Аллаһ Тағала «өздерінің әйелдерін» [21] деп, әйелге жамылғысын басқа әйелдер алдында емес, тек өзінің әйелдерінің алдында шешуге болатынын ескертеді.
Құранның тәпсіршілері бұл аяттың мағынасы жөнінде пікір таластырды. Имам Фахруддин әр-Рази (рахимахуллаһ) айтқандай:
«Аллаһ Тағаланың «және өздерінің әйелдерін» сөздері жөнінде екі түрлі пікір бар.
Біріншісі, бұл жерде бір дін ұстанушы әйелдер жөнінде айтылып жатыр дейді. Бұл ойды ізгі бұрынғылардың (сәләф) көбі ұстанды. Ибн Аббас: «Мұсылман әйелге, мұсылман емес әйел алдында жамылғысын шешуге болмайды, оған тек махрам еместердің алдында рұқсат болған дене бөлігін ашуға болады…» деді. Саййидина Омар ибн әл-Хаттаб Әбу Убайда ибн әл-Джаррахқа (радиаллаһу әнһум) мұсылман емес әйелдерге мұсылман әйелдер баратын моншаға (хаммам) баруға тыйым салсын деп жазды.
Екіншісі, бұл барлық әйелдерге қатысты дейді (яғни, мұсылман әйел жамылғысын барлық әйелдер алдында шеше алады). Біз осы пікірді қабылдаймыз, ал салихалы бұрынғылардың пікірі кемелдікте негізделген (истихбаб)» [22]
Көріп отырғанымыздай, имам әр-Рази(рахимахуллаһ) екінші пікірді қабылдаған, сол бойынша, әйелге мұсылман емес әйел алдында махрам ер адам көзінше ашуға болатын жерлерді ашуға рұқсат.
Соған қарамастан, ғалымдардың көпшілігі алғашқы пікірді ұстанады және бұл — осы мәселе бойынша ханафи мазхабының пікірі. Имам әл-Хаскафи (рахимахуллаһ):
«Сенімді пікір бойынша, мұсылман емес әйел махрам емес ер адам секілді. Сәйкесінше, оған мұсылман әйелдің денесіне қарауға болмайды»[23]
Алләма Ибн Абидин (рахимахуллаh) түсіндіруі:
«Мұсылман әйелге яһуди, христиан, не атеист әйел алдында жамылғысын шешуге болмайды… Одан бөлек, күнәхар (пасық) әйел салихалы әйелдің денесін көрмегені дұрыс, өйткені сол пасық әйел әлгінің денесін ер адамдарға суреттеп беруі мүмкін, сондықтан жамылғыны (жилбаб) немесе орамалды (химар) шешпеген абзал».
Ибн Абидиннің сөзінен мұсылман емес әйелдердің алдында жамылғы шешуге рұқсат етілмеуінің негізгі себебі — олардың мұсылман әйел бейнесін бөгде ер адамдарға суреттеп беру мүмкіндігі.
Сонымен, мұсылман емес әйелдер арасындағы әуретке бет, қол буыны, табаннан басқа бүкіл дене жатады. Сол себепті, әйелге мұсылман емес әйел алдында баршалықты әуретін жабуға тырысу қажет. Соған қарамастан, қиын жағдайларда мұсылман емес әйелдер алдында дене бөлігін ашуға рұқсат етіледі.
Мұсылман емес әйел алдында әурет жабу жөніндегі шариғат шешімі басқа жағдайлардағыдай қатал емес. Өйткені, біріншіден, ғалымдардың арасында қайшылық бар, екіншіден, басқа әйелдер арасында жабыну аса қиын болатын жағдайлар бар. Құранның ұлы тәпсіршісі, әл-Алуси (рахимахуллаһ) былай дейді:
«Бұл пікір (мұсылман емес әйелдер алдында жабынудың парыз еместігі) бүгін біздің заманға жақынырақ келеді, өйткені олардың алдында аурат жабу мүмкін емеске жақын».[24]
Қорыта келе, мұсылман әйелге мұсылман емес әйелдің алдында мүмкіндігінше жамылғысын шешпеген абзал, әсіресе ол мұсылман әйелдің бейнесін басқаларға суреттеуі мүмкін болса. Бұдан бөлек, біздің заманда «лезбияндық» секілді фитна көп таралғандықтан, мұсылман әйелге мұсылман емес әйелдермен қатынаста сақ болу қажет. Соған қарамастан, толық жабыну қиынға соқса, әйелге әуретінің барынша аз бөлігін ашуға рұқсат.
ж) Махрамға жататын мұсылман емес ер адамдар алдындағы әурет
Әйелдің мұсылман емес махрам алдындағы әуретіне келсек, мен бұл жөнінде ханафи мазхабындағы шариғат шешімін таба алмадым.
Бірақ, ең ықтимал жауап, мұсылман емес махрам, мұсылман махраммен бірдей дәрежеде екендігі. Яғни, әйелге олардың алдында іш, арқа және кіндіктен тізеге дейінгі бөліктен басқа бөлікті ашуға рұқсат. Бірақ, фитна қаупі болмауы шарт.
Оған екі себеп бар:
Біріншіден, Құран аяттарында және ғалымдар (фақиһ) сөзіндерінде махрамдар жайында жалпылай айтылады, яғни мұсылман не мұсылман емес деп ажыратылмайды. Құран әйелге әке, бауыры, баласы т.б. алдында аурат ашуға рұқсат етеді (жоғарыда айтылған мөлшерде) және олардың мұсылман болуы шарт емес.
Екіншіден, фақиһтар анық түрде әйелді Меккеге оның махрамынан мұсылманға жатпайтыны да апара алатынын айтты.
Имам әл-Хаскафи (рахимахуллаһ):
«Әйел адам қажылыққа өзінің күйеуімен немесе махрамымен бара алады, тіпті ол (махрам) құл, не мұсылман емес, не сүт бауыр болғандықтан махрам болса да. Ол балиғат жасына жетіп, ақыл тоқтатқан болуы керек. Ал балиғат жасына жақындаған бала, бұл жағдайда балиғатқа жеткен болып есептеледі, бірақ бұл отқа табынушы, бұзылған, бұзықтарға қатысты емес»
Алләма Ибн Абидин (рахимахуллаһ) түсіндіреді :
«Махрамның ішінен отқа табынушылармен сапарға шығудың тыйым салынуының себебі – олар (отқа табынушылар) жақын туыспен некені рұқсат деп есептейді.» [25].
Имам әл-Касани (рахимахуллаһ)айтты:
«Махрам бұл —неке мәңгілікке тыйым салынған адам …оның құл не азат екеніне байланысты емес, өйткені құлдық жақын туыстыққа (махрамияға) кедергі болмайды және де оның мұсылман, мұсылман емес, не атеист екеніне (мүшрик) байланысты емес, өйткені мұсылман емес махрам әдетте әйелге қорғаныш бола алады. Бірақ, бұл отқа табынушыларға қатысты емес, өйткені олар жақын туыспен некені рұқсат деп есептейді.» [26].
«Фатхyл-Қадирде» айтылғандай:
«Әйел адамға отқа табынушыдан басқа кез келген махраммен сапарға шығуға рұқсат, өйткені отқа табынушылар онымен некені рұқсат еткен»[27].
Шафиғи махабында мұсылман емес махрамның алдында жамылғына шешуге болатыны жайлы анық айтылған мәтін бар. Имам Ибн Хаджар әл-Хайтами (рахимахуллаh):
«Жақын туыстың (махрам) кіндік пен тізеге дейінгі бөлігіне қарауға болмайды, ал қалған жерлеріне қарау үшін қызығушылықтың (шахауа) жоқ болуы шарт. Бұл мұсылман емес адамға да қатысты, өйткені жақын туыстық (махрамийя) некеге тыйым болады, сол себепті олар екі әйел немесе екі еркек секілді болады» [28] деді.
Осылайша, әйел адамға денесін (кіндік пен тізеге дейінгі бөлік және арқа мен ішінен басқа) мұсылман емес махрамның алдында ашуға болады. Алайда, төмендегі екі шарт орындалуы тиіс:
1) Қызығушылықтың (шахауат) болмауы және азғыруға (фитна) берілмеу, әсіресе қазіргі заманда мұсылман еместердің арасында инцест көп таралғандықтан
2) Мұсылман емес жақын туыс, жақын туыспен некені рұқсат деп есептейтіндерден болмау керек.
Қорыта келе, біздің тақырыптың үш маңызды мәселесіне көңіл бөлейін:
Біріншіден, жоғарыда айтылып кеткен (түрлі жағдайларда) жабылуға тиісті дене мүшелерінің барлығы кең және мөлдір емес (дененің түсін көрсетпейтін) киіммен жабылуы тиіс. Киім дененің кескіні көрінетіндей жабысып тұрмау керек, және дененің түсін ажырататындай мөлдір болмау керек. Бұл шарттар орындалмаса, әурет толық жабылған болып есептелмейді.
Имам әл-Хаскафи (рахимахуллаһ) айтқандай:
«Әуретті жабатын киім деп, денені көрсетпейтін киімді айта аламыз».
Алләма Ибн Абидин (рахимахуллаһ) түсіндіреді:
«(Денені көрсетпейтін) дегеніміз, сол арқылы терінің түсін ажырата алмайтын киімді айтамыз. Жұқа немесе мөлдір киім қарастырылмайды. Соған қарамастан, матаның тығыздығының себебінен терінің түсі ажыратылмаса, бірақ ол денеге жабысып тұрса, бұл намазды бұзбайды… Алайда, сол дене бөлігіне қарауға болмайды» [29].
Ибн Абидиннің осы түсініктемесінен түсінетініміз, намаздың кезінде киім арқылы тері көрініп тұрса, намаз есептелмейді.
Денеге жабысып тұратын киім кию, өз алдына намазды бұзбайды, бірақ ондайдан сақтанған жөн.
Екіншіден, қызығушылықтың (шахауат) немесе азғырудың (фитна) мүмкіншілігі болса, әйелге толық жабыну парыз болады, тіпті жоғарыда жамылғыны шешу рұқсат етілген жағдайларда да. Жағдайға қарап, әйел адам не істерін өзі шеше алады.
Үшіншіден, әуретті аса мәжбүр болғанда, мысалы, медициналық жәрдем алу кезінде ашуға болады. Алайда, тек қана ем қажет ететін бөлікті ашуға болатынына үлкен көңіл бөлу қажет. Егер де жыныс мүшелеріне ем қажет болса, бұны бірдей жынысты адам жасағаны дұрысырақ. Мұндай мүмкіншілік болмаса, өзге жынысты маманға жүгінуге болады, бірақ шариғаттың заңдары мен ережелері толықтай орындалуы тиіс.
Алләма Ибн Абидин (рахимахуллаһ):
«Дәрігер ер адам болса, оған емдеу мақсатында әйелдің ауруға шалдыққан жеріне қарауға болады, бірақ сол жерге қарауға қажеттілік болуы және тек ем қажет ететін бөліктің ашылуы шарт. Егер де әйелдің жыныс мүшелері ауруға шалдықса, емді әйел адам жасауы тиіс, өйткені оның жыныс мүшесіне әйел адам қарауының зардабы азырақ.»30.
Біз әйел әуреті тақырыбын терең қарастырдық. Әуреттің шектеулері түрлі жағдайларға және адамдармен қарым-қатынасқа байланысты өзгеріп тұруы мүмкін. Бұның негізгі идеясы — Исламның адамды қандай жағдайда болмасын бұзықтық пен ұятты істен сақтайтын өмір салтын ұстануға шақыратындығында. Бұл – таза әрі сау қоғамның негізі. Аллаһ Тағала баршамызды тура жолға салып, Ол риза болатындай Шариғат ережелерін ең көркем түрде ұстануға қабілет берсін.
Аллаһ жақсырақ білуші.
Муфтий Мухаммад ибн Адам әл-Кәусәри