Сұрақ:
Әс-сәләм уә ъаләйкум, құрметті сайт әкімшілігі ұжымы!
Жақында www.qazaquni.kz сайтында бір мақаланы оқыған едім, онда автор ҚМДБ мен кейбір уағызшыларды сәләфизм ағымының діни көзқарастары мен араб құндылықтарын насихаттап жүр деп айыптап жазған. Әсіресе, кінәні көбіне Арман Қуанышбаевтан көріп отыр. Бұл мақаланың авторы ҚМДБ уағызшылары қазақ халқының әдет-ғұрыптарын теріске шығарып, жасырын түрде араб құндылықтары мен дәстүрін насихаттауда деп пайымдайды. Бұған қоса, ҚМДБ уағызшылары айтып жүрген Ислам құндылықтары қазақ халқы үшін жат болған және қазір де жат болып табылады деп ұйғаруда:
«Себебі, ҚМДБ уағызшылары тарапынан жүргізіліп жатқан уағыздар араб дәстүршілдігін ғана негізге алып, араб дәстүршілдігі шеңберіне сыймайтын қазақтың дәстүрлі діни таным негіздері Исламға жат элементтер ретінде көрсетіліп, халық санасында оларға қарсы теріс көзқарас қалыптастырылуда».
Мақалада А.Смановтың да аты аталғанымен, барлық жала Арман Қуанышбаевқа тағылып отыр, әрі сөзге дәлел болуға оның бірнеше видеоуағыздары да мысал ретінде келтірілген. Осылайша автор арабтарға тән Шариғат қазақтар үшін жат болған және біздің ата-бабаларымыздың білімі тек тариқатқа негізделіп алынған деген пікірде:
«Өйткені, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы тариқат жолы шеңберінде қалыптасып, өзінің рухани-мәдени мұрасын осы негізде қалыптастырып, біздерге мұра еткен»,
өйткені Шариғат – тек белгілі бір қоғам үшін қоғамдық қатынастарды реттеуге үндейтін заңдар жиынтығы болып табылады:
«Шариғат сөзін қазақ тіліне тікелей аударатын болсақ, «заң» деген мағынаға саяды. Толығырақ айтар болсақ, шариғат діннің белгілі бір қоғам үшін белгілеп берген заңдылықтар жүйесі. Осы жүйе қоғамның діни танымы негіздерінде, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдарында, рухани, мәдени болмысының шеңберінде айқындап береді. Бұл негізінен араб дәстүршілдігіне тән екендігін ескерткеніміз жөн. Себебі, араб қоғамында дін мен шариғат арасы ажыратылмаған. Сонымен бірге, иман мен амал да бір деп есептелінеді. Біртұтас қарастырылады».
Бұдан бөлек, автордың айтуынша, әрдайым бір ғана дін болған, ол – Таухид, ал шариғат әрқашан әр түрлі болған дейді, егер қандай да бір ел Исламды қабылдаған болса, Исламға дейінгі ұстанып келген барлық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрінен бас тартпауы керек, осылайша Алла Тағала әр халықтың тұрған жеріне және табиғи ерекшеліктеріне сай, өздеріне лайықты шариғатты берген. Ал мұндай «шариғаттан» бас тарту Аллаға мойынсұнбау болып саналады:

«Демек, Исламда жаңа дінді қабылдаған халықтың бұрынғы дінінен қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен толығымен бас тартуының қажеті жоқ. Әр халықтың тұрған жеріне, табиғат ерекшеліктеріне орай Жаратушы әрбір халықтың өзіне ылайықты шариғатын қалыптастырады. Тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берді. Бұлардың барлығы әр халыққа Жаратушының Өзі өлшеп-пішіп берген нығметтері болатын. Ол нығметтерден бас тарту Алланың әміріне қарсы шығу болар еді».
ҚМДБ және Арман Қуанышбаевқа артып отырған жала және тариқат пен қазақ халқындағы Шариғаттың рөлі жайында жазған автордың мақаласындағы барлық жағдаяттарға қатысты сіздің пікіріңізді білгім келеді.
Жауап:
Уә ъаләйкум әс-сәләм уә рахматуЛлаһи уә бәрәкәтуһ!
1. Арман Қуанышбаев әһлү сүннет уәл жамағатында және ханафи мәзһабын ұстанады. Оның ешқандай уағызында сәләфизмді насихаттағанын естіген емеспіз. Керісінше, Арман Қуанышбаевтың айтып жүргені ақида, фиқһ және тасаууфтың классикалық сүннет мектбіне сай келеді. Бұған қоса, Арман Қуанышбаев сәләфиттердің жалғандығын айтып, көптеген мұсылмандарды адасушылық пен жат ағымдардың құрбаны болмауына барын салып қорғауда.

2. Ислам діні құндылықтарды арабша және қазақша деп бөлмейді, бірақ ислами және ислами емес деп қарастырады. Ислами құндылықтар біреудің ұлтына қарамастан барлық мұсылмандарға ортақ болып табылады. Сол себепті, егер өзінің дінін жақсы үйреніп, ұстанатын болса, мұсылман қазақтар үшін  ислами құндылықтар ешқалай да жат болмайды. Олар тек мұсылман еместерге жат көрінеді.
Алайда қазақтардың салты арабтардікінен немесе басқа елдердің салт-дәстүрінен өзгеше болуы мүмкін, егер бұл ғұрыптар Шариғатқа қайшы болмаса, оның ешқандай әбестігі жоқ. Осылыйша біздің салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетіміз бізді әр түрлі қылады әрі бір-бірімізге қызықты етеді, ал дініміз болса біздің баршамызды біріктіреді.
3. Шариғат мұсылман қазақтар үшін жат болмайды, себебі Шариғат – Алланың бұйрығы, ал мұсылман болса Аллаға иман еткен және Оған мойынсұнған адам. Адам Шариғатты мойындамаса, оны мұсылман деп айта алмаймыз. Адам тек надандығына бола ақтала алады, алайда ақталу тек айқын дәлелдердің оған жетпегенінше ғана мүмкін.
4. Тариқат Шариғаттан тыс болуы мүмкін емес, себебі Шариғатты теріске шығару – Алланың адамдарға міндеттеген нәрсесінен бас тарту деген сөз. Кімде-кім Шариғаттан бас тартса, оны ешқандай да тариқат сақтай алмайды. Тариқатты Бірқұдайшылдық деген ғимараттың екінші қабатымен теңесек болады, ал бірінші қабаты ол – Шариғат. Егер ғимараттың бірінші қабаты болмаса, екінші қабаты да болмайды.
Біздің жерімізде және бүкіл Орта Азияның аймығанда Исламның таралуында расымен де сопылық тариқат жолы мен оны ұстанушылардың (дервиши, мүридтер, брадарлар) рөлі зор. Бірақ тек Құран мен Сүннетке, яғни Шариғатқа сай болғандары ғана дұрыс тариқат жолы болып есептелінеді. Аллаға шүкір, Мәуәраннахр аймағындағы көптеген тариқаттар дұрыс болған, бұған дәлел ретінде олардың ханафи мәзһабы мен матуридилік ақиданы ұстануы мен таратуын айтамыз.

Шариғат пен тариқат бір-біріне байланысты емес деп есептейтін адамдардың өздері кінәлап отырғандарға қарағанда сәләфизмге жақынырақ, себебі сәләфизм ағымындағылар сопылықтың Шариғатқа ұйқастығын және бұған кез-келген мүмкіншілікті жоққа шығарады.
5. Шынайы дін әрдайым жалғыз болған және ол тек бір ғана сенім негізінен (ақида) тұрады, бірақ әр түрлі Пайғамбарлар (баршасына Алланың сәлемі жаусын) арқылы әрқалай Шариғат түсіп отырған деп автордың айтқаны рас. Алайда, жер бетіне соңғы Пайғамбар – Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келгенде, ол барлық адам үшін соңғы Шариғатты әкелген. Яғни бұл дегеніміз – алдыңғы болған барша Шариғаттар алынып тасталған, ал бұдан кейін жаңасы болуы мүмкін емес.
Сондықтан барша мұсылмандар Мұхаммед Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әкелген Шариғатты ұстанулары керек. Шариғатты орнатуда қарама-қайшылықтар тек сүнниттік мәзһабтар арасында ғана болуы мүмкін, себебі олардың әрқайсысы арабтарға ғана емес, баршамызға ортақ Құран мен Сүннетке сай дәлелдерге сүйенеді.

6. Егер қандай да бір ұлт Исламды қабылдаған болса, Исламға қайшы емес салт-дәстүрлерінен бас тартуға міндетті емес, тіпті ол ғұрыптарды Исламға дейін де ұстанып келсе де. Ислам діні тек Исламға қарсы келетін салттарды ғана алып тастайды немесе өзгертіп отырады. Ал діни рәсімдерге келер болсақ, оларды жасауда аса байыппен, сақтықпен қарау керек. Құлшылық рәсімдерінің негізі – анық дәлелмен бекітілмеген нәрсеге тыйым салу, ал дүнияуи істердің негізі болса тыйым салынбаған нәрсенің барлығына рұқсат ету болып табылады. Барлық күдікті діни жораларға байланысты Әһлү сүннет уәл жамағатының сенімді ғұламаларынан кеңес алу керек.

Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз:
1. Арман Қуанышбаевқа артылып отырған жаланың ешқандай негізі жоқ, ойдан шығарылған және ол жайында біз білетін ақпаратқа сәйкес келмейді.
2. Шариғат пен тариқат тақырыбындағы пайымдаулар мен тұжырымдар көптеген тұстарда қате және олар тек күдікті, сенімсіз деректерге сүйеніп айтылған я болмаса адамның жеке қиялы мен адасушылығымен жазылған. Мақаланың авторлары өздері білмейтін нәрселерді ілім иелерінен сұрауы керек және білімі жоқ тақырыпта бір нәрсе айтпаулары тиіс.
Ал дұрысын Алла біледі.

_____________________________

Azan.kz