Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Сол қасиетті шаңырақтың сүттей тазалығын, шаттығы мен бақытын ақ неке одан әрі бекіте түседі. «Неке» дегеніміз үйленуге ниет еткендерге қойылатын діни талаптарды орындай отырып, екі жастың қол ұстасып, өз қалауымен бас қосып шаңырақ көтеруі. Өйткені оның белгілі бір мақсаты бар. Алла тағала некенің шарттарын тәрк еткен отауға разылық танытпайды.

Дін – адал некеге құрылған отбасын ұлттың негізіне, іргетасына, тірегіне балайды. Сондықтан Ислам ғалымдары некелесу мәселесін адамның жеке жағдайымен байланыстыра отырып, үйленудің парыз, уәжіп, сүннет, харам, мәкрүһ секілді дәрежелерін анықтаған. Яғни, үйлену әркімнің рухани һәм материалдық жағдайына қарай әр түрлі сипат алуы мүмкін. Осы себепті үйлену – біреуге уәжіп болса, енді біреуге мәкрүһ. Енді осы мәселеге жеке жеке тоқтала кетейік:

Парыз. Зина жасау қаупі төнген бойдақ кісі егер үйленгеннен кейін отбасын асырай алатындай жағдайы болса, оның оның күнәдан сақтануы үшін үйленуі – парыз. Яғни, харам істерге бой алдыру қаупі төнген адамға ең абзалы – үйлену.

Сүннет. Зина жасау қаупі жоқ болса да, шаңырақ көтеруді қалаған адамның үйленуі – сүннет.

Харам. Үйленгеннен кейін де теріс жүрісін тоқтатпайтын немесе отбасын бағу үшін ұрлық қарлық, парақорлық сияқты түрлі теріс әрекеттерге, яғни діни тұрғыдан тыйым салынған істерге баратын адамның үйленуі – харам. Ғалымдар бұл үкімді жұбайына зәбір көрсететіндерге де қатысты деп санайды.

Мәкрүһ. Үйленгеннен кейін жұбайына қиянат жасайтыны анық білінбесе немесе отбасын асырау үшін харамға баруы мүмкін болса, ондай адамның үйленуі – мәкрүһ.

Мүбах. Табысы адал, зина жасау ықтималдығы жоқ (діндар, тақуа), мәхір беретін жағдайы бар, ісі тыңғылықты адамның үйленуі мәмдүх не мүбах, яғни құптарлық. Ондай адам қаласа үйленеді, қаламаса үйленбейді.

Сонымен, неке Хақ тағаланың рұқсаты аясында қиылғаны абзал. Себебі, неке дегеніміз көзге көрінбейтін рухани жіп. Оның кереметтігі – Алламен байланысында. Неке барысында дұға оқылып, ислами ұстанымдар шеңберде қиылуы және мәхір бекітілуі тиіс. Өз атымен қиылған некені Жасаған Ие құтты әрі берекетті етеді. Мұндай неке – баянды болашақ пен жарасымды өмір сүрудің кепілі.

Mazhab.kz