«Азан» сөзі араб тілінен тікелей аударғанда – «хабар беру», «білдіру» дегенді білдіреді. Ал терминдік мағынасы парыз намаздарының уақыттарын білдіру үшін айтылатын сөздердің жиынтығы. Жалпы Ислам тарихында алғашқы азанды Медине қаласында хазірет Біләл айтқан.

Азан- барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни аса ізгі амал. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны бар. Кезінде асыл дініміз қанат жая бастаған дәуірде мұсылмандарды құлшылыққа шақыратын бір белгі, әдістің қажеттілігі туындады.Сонда Пайғамбар (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) сахабалармен ақылдасып , намазға шақыру әдісін белгілеу үшін мәжіліс өткізді. Сол мәжілісте әркім әртүрлі пікірлер айтты, Сахабалардың кейбірі христиандар секілді қоңырау шалуды ұсынса, енді бірі яһудилер тәрізді сырнай тартайық деген ойын ортаға салады. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер секілді намаз уақыты кіргенде от жағуды ұсынған да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

Осы тұста хазірет Омардың (Алла одан разы болсын) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындалатын болды. Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах есімді сахабаға жүктеледі.

Осыдан көп ұзамай-ақ Абдуллаһ бин Зәйд (Алла одан разы болсын) атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен.Абдуллаһ таң атар атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) келіп, бүге-шігесіне дейін баяндады. Пайғамбар(Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) оны мұқият тындап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан айтып, Мәдина қаласының аспанын жаңғырықтырды.

Ислам діні жер жүзіне жайыла бастаған күннен бастап, азан бір сәтте айтылмай қалған емес. Сондай-ақ, қиямет күніне дейін әлемнің түпкір- түпкірінде азан даусы жаңғырып, өз міндетін атқара бермек.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) азаншылықтың ерекшеліктері туралы көптеген хадистері бар. Бұлардың кейбіріне тоқтала кетейік: Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын): «Алла Тағала, имамдарды тура жолға сал, тура жолдан айырма, азаншыларға кешірім ет!» деп олар үшін дұға жасаған. Сондай-ақ, ардақты Алла Елшісі (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) «Кімде кім жеті жыл үздіксіз сауап үмітімен азан айтса, оған тозақ отынан азаттық беріледі» десе, келесі бір хадисінде: «Кім он екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады. Оған әр азаны үшін алпыс, ал әрбір қаматы үшін отыз жақсылық жазылады»,-деген.Сол себепті азаншы міндетін атқару үлкен бақыт.

Азан тек араб тілінде ғана айтылады. Ханафи мәзһабында қамат та азан секілді «Аллаһу әкбар» 4 рет, «Әшһәду әл лә иләәһә иллаллаһ» 2 рет, “Әшһәду әннә мухаммадар расулуллаһ” 2 рет, «Хаййә ъалас солааһ» 2 рет, «Хаййә ъалал фалаах» 2рет, «Аллаһу әкбар» 2 рет, «Ләә иләәһә ил лаллаһ» 1 рет айтылады.

Үні құдіретті азан бес уақыт намаз уақыттарының кіргенін хабарлаумен қатар дүниеге келген сәбиге есім қояр кезде де құлағына азан оқылады. Ибн Аббастын (Алла одан разы болсын) жеткізуінше, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) немересі Хасан туыла сала оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқан.

Азан мағынасы жағынан намазға және Исламға шақыру. Азаншы бізге күніне бес мезгіл намаз уақытының кіргенін хабарлап, ғибадатымызды өз уақытында орындауға үндейді. Азан шақырған мешіт алдынан өтіп жатқан адам оны жай мешіт тәртібі деп емес, өзіне сол парызды орындауды еске түсірген Раббымыздың шақыртуы екенін ұғып намазға тұрып, құлшылығын құлшынып сол мезетте орындуы керек. Осылай Алла Тағаланың ең сүйікті құлы атанып, Оған жақын болу мәртебесіне ие болу нағыз бақыт.

 

Азан шақырудың тарихы

 

Ислам тарихының өзінен муаззиндік Аллаға берілген, жүрегі таза, жаны тақуа мұсылмандарға лайықты ізгі амал екенін аңғаруға болады. Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) азаншысы әрі алғашқы иман келтіргендердің бірі түп тегі эфиопиялық Біләл хақ дін енді тарай бастаған тұста мүшрік Үмәйя ибн Хәлафтың басыбайлы құлы болған еді. Есігіндегі құлдың Исламды қабылдағанын естіген қожайыны оны қанша азаптаса да, Біләл «Аллаһу аһад! Аллаһу аһад!», яғни Алла бір деуінен танбады. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын) құнын төлеп, босатқан Біләл әл-Хабаши кейінірек жұртпен бірге Мәдинаға һижрет етті. Меккеде жүргенде мұсылмандар құлшылықтарын тау-тастың қалқасына тығылып, сырт көзден тасаланып жасайтын. Сол себепті ол кезде көп­шілікті ашықтан-ашық намазға шақыру мұсылмандардың есіне кіріп-шықпаған еді. Ал, һижреттен кейін Мәдинадағы мұсылмандар діни бостандықты сезініп, емін-еркін құлшылықтарын жасайтын болды.

Көп ұзамай пайғамбар мешіті де тұрғызылды. Алайда намаз уақыты кіргенде халықты мешітке жинайтындай бір шақыру әдісінің жоқтығы білінбей қалмады. Мұсылмандардың бір бөлігі мешітке ерте келіп, намаз уа­қы­тының кіруін күтіп, басқа жұмыстары бітпей, енді бірі намазға кешігіп қалып жүрді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) бір күні сахабаларын жинап, осы турасында мәжіліс құрады. Сахабалардың кейбірі христиандар секілді қоңырау шалуды ұсынса, енді біреулері еврейлер тәрізді сырнай тартайық деген ойларын ортаға салды. Тіпті отқа табынатын мәжусилер секілді намаз уақыты кіргенде от жағуды ұсынғандар да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) бұлардың еш­қайсысын қабылдамады. Сол кезде Омар (Алла одан разы болсын) сөз алып:

– Пайғамбарым, халықты намазға шақыру үшін неге бір адам тағайындамасқа? – деген ұсыныс білдірді.

Осыны орынды көрген екі дүниенің сүйікті Сұлтаны (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хазіреті Біләлға (Алла одан разы болсын):

– Уа, Біләл! Орныңнан тұрып, халықты намазға шақыр! – деп әмір етті. Мұны естіген хазіреті Біләл (Алла одан разы болсын) біраз уақытқа дейін Мәдинаның көшелерін аралап: «әс-солаһ, әс-солаһ», яғни «намазға асығыңдар, намазға асығыңдар» деп жар салып жүрді. Бірақ жамағаттың лек-легімен мешітті бетке алуына бұл да жеткіліксіз еді.

Содан көп ұзамай Абдуллаһ ибн Зәйд (Алла одан разы болсын) атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Өзі оны былай әңгімелейді: «Ұйқылы-ояу күйімде маған үстінде жасыл киімі бар біреу келді. Бір кішкене тамның үстіне шығып алды. Қолында қоңырауы бар екен. Мен оған:

– Сен мынауыңды маған сатасың ба? – дедім.

– Мұны не істейсің? – деп сұрады.

– Намаз уақытында қоңырау шаламыз, – деп жауап бердім. Сонда ол:

– Мен саған одан да жақсы бір шара үйретсем қалай қарайсың? – деді. Сөйтіп құбылаға қарай бұрылды да, азан сөздерін толығымен айтып берді. Содан кейін сәл бөгелді де, азан сөздерін қайта айтып, аяғына таман екі мәрте «қад қама­тис солаһ» деген сөйлемді қосты».

Сахаба Абдуллаһ (Алла одан разы болсын) таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) келіп, бүгешігесіне дейін баяндап береді. Пайғамбарымыз тыңдап болып, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де, бұл түсті халыққа жеткізіп, азан сөздерін Біләлға (Алла одан разы болсын) үйретуді бұйырды. Бұл азанды естіген Омар (Алла одан разы болсын) сол арада Пайғамбарымыздың қасына келіп, мән-жайды білген соң былай дейді: «Пайғамбарым, сені хақ дінмен елші етіп жіберген Аллаға ант етейін, Абдуллаһтың көрген түсін мен де көрдім». Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) екі кісінің бірдей түсті көргеніне Аллаға шүкір етіп, мадақ айтты. Сол түні жеті сахабаның дәл сондай түсті көргені мәлім болады.