Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды Исламға шақыруды қырық жасқа келген кезінде бастады. Кейін, он жыл өткен соң, ол жетінші аспанға көтерілді де, ол жерде Алла Тағала мұсылман үмметіне күніне бес рет намазды орындауды парыз етті. Осы жерде мынандай сұрақ туындайды: осы он жылдың ішінде Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) не нәрсеге шақырды? Ораза мен зекет кейінірек, хиджраның екінші жылы парыз етіп жүктелді. Кейін қажылық та парыз болды.
Ендеше, Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар он жыл бойы не істеді?! Жауап біреу: Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы уақыт бойы адамдарға «Лә иләһә иллә Ллаһ» деген не екенін түсіндіріп және осы куәлікке сәйкес қалай өмір сүру керек екенін насихаттап, адамдарды жалғыз Аллаға ғана құлшылық етуге шақырды.
Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Муъазды Иемен еліне адамдарды Исламға шақыру үшін жіберген кезде былай деді: «Сен Кітап иелеріне барасың, және оларды ең бірінші кезекте шақыратын нәрсең – Лә иләһә иллә Ллаһ болсын. Егер олар саған бағынса, онда Алла күніне бес уақыт намаз орындауды міндеттегенін білдір. Егер олар саған бағынса, Алла байларды кедейлерге зекет беруін міндеттегін айт».
Исламның барлық заң-ережелері маңызды болып табылады, алайда әркезде ең маңызды және ең басты болғандарынан бастау керек болады. Өйткені, көп нәрселер бірте-бірте парыз етілді және бірте-бірте харам етілді. Құран да тұтас бір-ақ ретте түспей, Мұхаммедтің(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл пайғамбарлық миссиясының барысында жиырма үш жыл бойында түсіріліп тұрды.
Ал, қазіргі дін оқуын оқып келген бауырларымыз, пайғамбарлар мен олардың мирасқорларының жолын ұстанып, дінге шақыруды ең басты нәрседен бастамайды. Және, өкінішке орай, адамдарды бірқұдайшылыққа (таухидке) үйретудің орнына, бірден тыйымдарды түзетуге кіріседі. Осынысымен халықты өздерінен алыстатады да, проблемаларға тап болады.
Барлық пайғамбарлар өздерінің шақыруын бірқұдайшылдықтан бастаған және көпқұдайшылдық пен ырымшылдыққа шалдыққан ауру жүректерді емдеген. Көпқұдайшылық һәм ырымшылдықпен ауырған жүректің емі – Алланы бір деп тану. Алланы бірлеген соң ғана басқа күнәларды түсіндіруге және игі істерге нұсқауға көшкен.
Құран мен сүннетті түсіндіру үшін аса көркем мінез керек. Осы жолда қызмет етуге бел буған адамға міндетті түрде Алланың жәрдемі болады. Өйткені, барлық пайғамбарлар тек қана бір құдайға құлшылық жасау үшін ғана жіберілген. Нағыз мұсылманның міндеті Алладан басқаға құлшылық жасамау және барлық қажетіңді тек бір Жаратушыдан сұрау. Алла Тағала былай дейді: «Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар! – деп уахи етілмеген сенен бұрын бірде-бір пайғамбар жібермедік». (әл-Әнбия 21: 25).
Демек, біздің әулие-әмбиненің басына барып тәу етуіміз, әртүрлі жансыз заттарда қасиет-қабілет бар деп сенім артуымыз зор қате. Мысалы, қызыл әмиянға ақша салынса көбейеді-мыс, қара мысық жолды кесіп өтсе қиындық болады-мыс, көлікке қызыл шүберек тағады-мыс, кісісі қайтыс болған үйді тазалауға болмайды-мыс, 40 күн жарықты өшіруге болмайды-мыс, марқұмның мойны бос жатса жаман болады-мыс, сондықтан еденге шеге қағу керек-міс, қайтқан адаммен құт-береке қатып қалады-мыс, сондықтан мәйттің басынан дән түйілген шүберекті айналдырып алып қалады-мыс, аруақ бейсенбі-жұмада келеді-міс деген сияқты қорқыныштан, үрейден, білімсіздіктен, басқа діннен немесе далабасамен шығарып алған көптеген ырым-жырымдарымыз бар. Осындай түсініктерден сананы емдейтін не? Ол- тек бір Жаратушы Иеге құлшылық қылу. Ал, Алланы тану — екі дүниенің бақыты.
Марқұмның артынан 40 күн шырақ жағып аза тұтатындар Хақ дін Пайғамбарының (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына өсиетін есіне алсын: «Марқұмның артынан аза тұту 3 күн, яғни үш күннен артықаза тұтып не бір амалдарды орындаушы Исламнан тыс»
Хақ дінді уағыздаушы бауырларға айтармыз: адамдарды өздеріне «тәңір» етіп алған дүниесінен ажырату оңай емес. Олардың сиынған затына тіл тигізіп, қатты келемеждеуге болмайды. Құранның «Әнғам» сүресінің 108-аятында: «Олардың Алладан өзге сиынғандарын боқтамаңдар. Олар білмей шектен шығып Аллаға тіл тигізеді…» дейді. Сол себепті мұсылман бауырлар адамдардың сиынғанына тіл тигізу арқылы, олардың Алланы тілдеуіне мүмкіндік беріп алмаңыздар!!!
Ерлан Алтай