Abai.kz сайтында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айымен құттықтауы жарияланған. Ауыз бекітудің артықшылығы мен сауабы жазылып, ал ораза ұстауға шамасы келмейтін қарияларымызды, науқас жандарды қайырымдылық жасауға үндеген құттықтау мақалаға орай пікір (мәтінді өзгеріссіз беріп отырмыз – А.Қ.) білдірген белгісіз бір кісі: «Биыл ораза ұстамаймын. Тамақ қымбат. Дұрыс ауқаттанбағасын ұстаған. Әржерде құлап ашбұратылып жүретін жағдайым жоқ», – депті (суретті қараңыз).
Расында, ораза – иманды сынайтын ұлы құлшылық екен. Биылғы шіліңгір шілденің ыстығы да иманды шайқалтқан сыңайлы.
Біздің айтайын дегеніміз басқа болатын. Сомалиде тұратын бір мұсылманның жазған хаты хақында еді. Сауд Арабиясының шейх-ғалымы эфирде көрермендер сұрағына жауап беріп жатады. Бағдарлама қонағына сауал жолдаған Сомали мұсылманы былай дейді: «Сәресі мен ауызашарда жейтін ештеңе жоқ. Мұндай кезде ораза ұстауға бола ма?» Бұған жауап бере алмай, көңілі босаған шейх көз жасына ерік беріпті (суретті қараңыз).
Кейде алдымызға ас-суымыз уақытылы келмей қалса, сабыр, төзім, шүкір деген адами қасиеттерді «шетке ысырып» қоямыз. Ал Африкадағы ашаршылықты ойласақ, қазіргі жағдайымызға қарап, шүкір айтпауға «шара» жоқ.
Қазір мешіттерде жомарт жандардың демеушілігімен күн сайын 500-600 адамға дейін ауызашар беріліп келеді. Ауызашар берушілер көп. Бірақ ифтар ұйымдастыратын бос күн жоқ. Қандай ғанибет! Құдайға шүкір, молшылық заман ғой. Тым болмағанда күнделікті тіске басар бірдеңе табылады. Оған да тәуба дейміз.
Ал енді «тамақ қымбат, ашпын» деп қоңырқай тіршілігіміз үшін артық ауыз сөз айтып, «ораза ұстамаймын» деуіміз ұят-ау. Нәпақамыз біріне жетіп, біріне жетпей жатса, ол да Аллаға шынайы шүкіршілік айтуға тұратын тағдыр емес пе? Деніміз сау, бала-шаға аман, аяқ-қолымыз бүтін дегендей… Ізгі адамдар басына сынақ келгенде: «Бұдан да жаманы болар еді ғой», – деп өзін жұбатады екен. Бұған да сауап жазылмақ.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміннің ісі қандай ғажап! Расында оның барлық амалы қайырлы. Бұл – мүміннен басқаға бұйырмаған бақыт. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді. Сол үшін сауап-сыйға кенеледі. Егер оған бір сынақ келсе, оған сабыр етеді. Оған да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы», – депті.
Рамазанның бітуіне де санаулы күндер қалды. Қасиеті мен қадірі мол аймен қол бұлғап, қоштасқалы тұрмыз.
Рамазан – игі істеріміз бен шалыс басқан қадамдарымызға, пенделікпен жасаған қате-кемшіліктерімізге есеп беретін бейне бір белес айы екен. Рамазан – өмірлік жоспар құратын межелі маусым. Рамазан – рухани жаңару кезеңі.
Рамазан – патша мен пақырды, бай мен мұқтаж адамды теңестіретін теңдік айы. Рамазан – ағайын арасын жақындастыра түсетін бірлік айы. Рамазан – медресе айы. Рамазан – пенденің кеудесіне тәлім мен тағылым, тақуалық пен иман, мейірім құйылатын құлшылық айы. Рамазан – қос дүниенің бақыт кілті – Құран айы. Осылай жалғастыра беруге болады.
Мораль оқып кетті демеңіз. Біздікі – діннен бір насихат айту ғой. Қашан да қайырлы, ізгі істеріміз қабыл болғай!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі
Дереккөз: azan.kz
«Құлшылық қыл, сынақ үшін берілген тіршілік бұл…»
Алла берген қабілеттерін ақиқи иманмен астастырған ақындардың Алланың атымен басталған жақұт жырлары қай заманның көшінде де жылаған елге жұбаныш, қайғырған елге қайрат берген. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін, бетінде ұяты, аузында батасы, жүрегінде иманы жүретін абзал жандарды ел құрметтейтін, айтқандарын амалға асыратын. Бұл да – Алланың нығметі емес пе? Олай болса, бүгін назарларыңызға ұсынылатын жүрек жарды жырларымен шынайы насихат айтуға асыққан ақындарымызды тыңдап көрейікші..
Жалғыз Алла жаратқан бұл ғаламды
(М. Әлібекұлы)
Жалғыз Алла жаратқан бұл ғаламды
Ақын, батыр, кемеңгер тұлғаларды.
Тірлігіңде Аллаға құлшылық қыл,
Бес күн жалған, тастарсың бұл базарды.
Жын нәпсінің бұзамыз торын қалай?
Жәннат бақтың табамыз жолын қалай?
Жаратқанның құрметін ала алмаймыз
Пайғамбардың сүннетін орындамай.
Еp болсаң да жеңілмес ешбір жаудан,
Өтер-кетер басыңнан бес күн жалған.
Бәріміз де бақиға сапарласпыз,
Шығып кете алмайды ешкім жолдан.
Өлімді ойлап, жүректі жібітіңдер,
Жын-сайтанның жігерін үгітіңдер.
Я, Жасаған! Раббысы әлемдердің,
Шын мұсылман адамның үмітін бер!
Құлшылық қыл,
Сынақ үшін берілген тіршілік бұл!
Шын шебер
(Б. Имаш)
Бисмиллаһ (пенен) болған іс берекелі һәм байыпты,
Аллаға ғибадат етпеген пендесі болмақ айыпты…
Шүкірлік пенен құлшылық, мадақтау менен ұлықтау,
Раббысы барша әлемнің, Аллаға ғана лайықты!
Құдіретін танып ой жетпес, батысқа қара шығыспен,
Миллиардтаған ғаламшар жаңылмас бір сәт жүрістен.
Шаршаусыз, Мұңсыз, Міні жоқ, Әуелден болған Соңы жоқ,
Құдіреті күшті Жәрдемші, бәрінен Ұлы, тым Үстем.
Серігі жоқ ешқандай, ұқсайтын, тіпті, теңі жоқ,
Жаратқанының беймәлім артығы және кемі жоқ.
Ризық беруші, ең Жомарт, Қамқорлығы да өлшеусіз,
Сүйген құлына төгетін Мейірімінің де шегі жоқ!
Белгілерін көре біл, бақылап барлық тараптан,
Ұлттарға бөліп ұлысқа, ғаламға бізді таратқан.
Қиямет күннің Қожасы, Есеп күнінің Егесі,
Адам мен жынды тек қана, құлшылық үшін жаратқан!
Бос қайтаруға ұялған қолдарды көкке жайылған,
Жалғыз-ақ ізгі ісіңді, сансыз еселеп қайырған.
Сұрағаныңды Беруші, Иесі барша Мүліктің,
Тәубені қабыл етуші, Кешірімді де Мейірбан.
Сауабы менен күнәсін қиянат қылмай өлшетіп,
Кітап түсіріп, нұсқаған тұп-тура жолды көрсетіп.
Сүйіншілеген сыйымен, азабы барын ескерткен,
Пенделерінің ішінен, ең абзалдарын елші етіп.
Ақ буды көкке көтеріп, төбеңнен жауын нұр себер,
Жаратқан Хақтың алауы шуақты күнің күлсе егер.
«Бол» деген жалғыз қалауы, әлемді жоқтан бар еткен,
Көктер мен жердің Раббысы, Аллаға сыйын шын Шебер!
Тірілтсем тілімдегі кәлимамды
(М. Нияз)
Тірілтсем тілімдегі кәлимамды,
Алтыннан артық көрем ар-иманды.
Бақ пен сорға барымта болып кеткен,
Басымызда тұрмайды фәни мәңгі.
Сөндіріп айырады сәулеңнен кім?
Ол мына бес-ақ күндік дәурендер мін.
Тәубесіне түсудің орнына
Әуресіне түсеміз әудем жердің.
Талайды адастырған арман-елес,
Шындықты айтып жатса да зарлап өңеш.
Қыл көпірге дайындал, ол жер саған,
Жалпағынан басатын жалған емес.
Соқтығып соқа басың жарға күнде
Ақиқат ауылын тапсаң арманың не?
Әзірейіл келгенше әзірлік қыл
Табыт мініп баратын тар қабірге.
Тоқтаса тірлік бір күн толастайсың,
Жазымыштан мен аспаймын, сен аспайсың.
Алланың бізге берген нығметін
Көргенде басың шайқап, жақ ұстайсың.
Ғайбаттаудың күнәсін білген кезде
Жан адамның сыртынан жақ ашпайсың.
Дүниенің опасызын сезінгенде
Ешкімменен тартысып, таласпайсың.
Бес уақытқа бүгіліп, сәжде қылсаң,
Ешуақытта сүрініп, адаспайсың.
Жақсылық тілесеңіз өзіңізге,
Иманнан суалмайтын сезім ізде.
Жаратқан тек Жәннатты көрсетсе екен.
Ақыретте ашылған көзімізге