Сұрақ: Ассалаумагалейкум!
Аятул-курсидін тәпсірін жазып жібере аласыздар ма және оны оқудың кандай пайдасы бар екенін түсіндіріп жазып жібере аласыздар ма?! Дастан
Алла разы болсын сіздерге!

Жауап: Аятул Күрсидің қасиеттілігі жайлы көптеген хадистерде айтылады:

Әбу Һурайра (р.а.): «Бақара сүресінде Құран аяттарының мырзасы бар, ол аят үйде оқылса, шайтан шығып кетеді. Бұл – Аятул Күрси[1]»,– деген.

Тағы да осы сахаба: «Әр нәрсенің шыңы бар. Құранның шыңы Бақара сүресі. Бұл сүреде Құран аяттарының мырзасы Аятул Күрси бар[2]»,-деген хадис жеткізген.

Аятул Күрсиде Алла тағаланың Ұлық есімдері аталады. Әсма бинт Язид бин Сакан (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Аятул Күрси» және «Әли Ғимран» аяттары жайлы: «Расында бұл екі аятта Алла тағаланың Ұлық есімі бар[3]»,-деген сөзін естідім»,-деп баяндайды.

Ал, Әбу Умамат (р.а.): «Алла тағаланың дұғаға қосып айтса, тілек қабыл болатын Ұлық есімі үш сүреде: Бақара, Әли Ғимран және Таһа сүресінде»,-деген. Жаратушы Хақтың бұл Ұлық есімдері Һашим (р.а.) былай жеткізеді: «Бақарада – «Алла тағала, Одан басқа еш тәңір жоқ…[4]», Әли Ғимранда – «Әлиф Ләм Мим. Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші[5]» және Таһада – «Тірі, меңгеруші (Аллаға) бастар иіледі…[6]».

Әбу Умамат (р.а.): «Кімде-кім бес уақыт намаздың соңынан Аятул Күрси оқыса, оған жәннатқа кіруіне тек өлім ғана кедергі болады[7]»,-деген риуаят жеткізеді.

Бұл аят дербес он сөйлемнен тұрады.

1. «Алла тағала, Одан басқа еш тәңір жоқ»

Ол барлық тіршілік пен мақлұқаттың Жаратушысы және құлшылық етуге лайықты Жалғыз Алла.

2. «Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы»

Алла тағаланың сипаттарының бірі – Хай (Тірі). Алла тағаланың бұл сипатының бастауы мен соңы жоқ. Қалған жаратылыстың тіршілігі жоқтан бар болу және қайта өлуді білдіреді. Алла тағала – Қаюм (Толық меңгеруші). Қаюм – жаратылыстың барлығын көріп тұрады, ешбір нәрсе Оның бақылауынан тасада қалмайды.

3. «Ол қалғымайды да ұйықтамайды»

Ал, қалғымайды және ұйықтамайды деген сөздер Алла тағаланың меңгеруінің кемелдігін көрсетеді.

Ибн Аббас (р.а.) Исраил қауымы пайғамбарынан: «Уа, Мұса! Сенің Раббың ұйықтайды ма?» – деп сұрайды. Мұса (ғ.с.): «Алладан қорқыңдар (бұлай айтуға қалайша дәттерің барады?!)», – дейді. Сонда Алла тағала үн қатып: «Уа, Мұса! Сенен «Раббың ұйықтайды ма?» деп сұрауда. Сен түнде қолына екі шыныны алып ұйықтамай тұр», – деді. Пайғамбар (ғ.с.) әмірді орындауға кіріседі. Түннің үштен бірі өткенде қалғи бастады да тізерлеп отырды. Қолындағы шыныларды құлатып алудан қауіптенген ол бұрынғыдан да қаттырақ қыса түсті. Дегенмен таңға таяу қалғып кетіп, шыныларды құлатып алады. Сонда Алла тағала: «Уа, Мұса! Егер Мен ұйықтасам аспандар мен жер құлап, қолыңдағы сынған шыныдай құрдымға кетер еді[8],-деген екен.

4.«Көктегілер және жердегі нәрселер Оған тән»

Барлық жаратылыс атаулы Алла тағаланың құлы екендігін ұғындыруда. Жаратылған мақлұқаттар түгелімен Жаратқанның қарамағында, Оның иелігінің құзырында.

5.«Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?»

Қиямет күні ешкім, Алла тағала рұқсатынсыз, пайғамбар да, періште де біреу үшін араша болуға, шапағат етуге батылы бармайды. Шапағат жайлы хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мен аршы астына келіп сәждеге бас қоямын да Алла тағала қалағандай дұға жасауда боламын. Сосын маған: «Басыңды көтер, айтқан сөзің тыңдалады және араша (шапағат етуді) сұрауға шапағат беріледі…», –деп айтылады[9]».

6.«Олардың алдындағыны да, арттарыңдағыны да біледі»

Бұл Алла тағаланың барша ғалам мен тіршіліктің өткен, қазіргі шақтарды және болашақты білетіндігін айтуда.

7.«Олар Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді»

Ешкім Алла тағала ілімін біле алмайды. Сондай-ақ, Алла тағаланың Өзі мен көркем есім-сипаттарынан тек адамзатқа білдірткенінен басқасын ешкім ешуақытта біле алмайды деген мағынаны да қамтиды

8.«Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады»

Ибн Аббас (р.а.): «Күрсі – Алла тағаланың ілімі», – деген. Және: «Жеті қат аспан мен жерді төсеп сосын бір-біріне жалғаса, мұның барлығы Күрсінің жанында шөлдегі сақинадай ғана болады», – деген.

9.«Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді»

Жеті қабат көктер мен жерді, ондағы тіршілікті және екеуінің арасындағы мақлұқаттарды сақтау Жаратқан үшін қиын да, ауыр да емес. Алла тағала үшін өте оңай, барлық нәрсе Оның құзырында жеңіл, барлық жаратылыс Оған тәуелді және мұқтаж.

10.«Және Ол, өте биік, аса зор»

Ол – мәртебеде теңдесі жоқ, шексіз ұлық – Ъали[10] (өте биік)
Ол – ұлылық иесі – Ъазым[11] (аса зор)

Бұл аяттағы Алла тағаланың сипаттарын ешбір нәрсеге ұқсатпай және теңемей танып иман ету – мұсылман баласына парыз.

[1] Хаким
[2] Тирмизи
[3] Ахмед
[4] Аятул Күрси
[5] Әли Ғимран, 1-2аяттар
[6] Таһа сүресі, 111-аят
[7] Насаи
[8] Мұхтасар тафсир Ибн Касир, 1-том, 278-бет
[9] Жоғарыдағы сілтеме
[10] Байһақи, әл-Әсмә уас-сифат, 47-бет
[11] Байһақи, әл-Әсмә уас-сифат, 68-бет

Дереккөз: muslim.kz