Ораза, пітір садақасы және иғтикаф орындалу уақыты жағынан бір-бірімен тығыз байланысты құлшылықтар. Бұл құлшылықтардың тағы бір ортақ тұсы – сірә адамды қиыншылыққа төзуге үйретуі болса керек. Өзгелер тоқ жүргенде аузы берік мұсылманның аш жүруі, тиындап жиған дүниенің белгілі бір бөлігін қарымсыз беру (әсіресе қазіргі капиталистік нарық дәуірінде) және жанұясының жанынан, үйдегі тұрмыс рахатынан ажырап Аллаһ разылығы үшін күндіз-түні мешіттерде болу әрине оңай шаруа емес. Бірақ, иманы берік, сенімі нық мұсылман үшін бұл түкке тұрғысыз. Себебі, оның түйсігіне «Расында Аллаһ мүминдерден жандары мен малдарын жәннат қарымына сатып алды»[1] деген түсінік мықтап орныққан. Ол бұл көрген қиыншылығының ақіретте жауапсыз қалмайтынына күмәнсіз сенеді. Осылайша тауқымет рахметке айналмақ.

Исламның бес парызының бірі – ораза да, дененің зекеті – пітір садақасы да елімізге байырғадан таныс ұғымдар болып табылады. Алайда, Хазрет Пайғамбарымыздың Мәдинаға һижрет еткеннен бастап, еш тастамай орындаған иғтикаф амалын, өкінішке орай, бүгін біреу білсе, біреу білмейді. Қолыңыздағы кітапша осы бостықты толтырады деп айтудан әрине аулақпыз. Дегенмен, «Мүминнің ниеті істі орындағанмен тең» дегенді басшылыққа алып, Ұлы Аллаһтан ниетімізге жеткізе гөр деп дұға етеміз.

ОРАЗА

Құлдарын есепсіз рызықтандырған дара жаратушы Аллаһ Тағалаға мың да бір шүкір. Сол рызықтарға шүкір етуіміз үшін біздерге оразаны үйреткен Аллаһтың Елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) салауат. Оның (с.а.у.) әһлі бәйтіне сәлем.

Қазақ тілінде қолданыста жүрген ораза сөзі арабшада «саум» деп аталады. Сөздікте «тыйылу» дегенге саятын саум (ораза) сөзінің шариғат терминалогиясындағы мағынасы төмендегідей:

Ораза – балиғат жасына жеткен[2], ақыл-есі дұрыс мұсылманның ниет етіп, таң атқаннан күн батқанша ішіп-жеу, жыныстық қатынас тәрізді (оразаны бұзатын) істерден тыйылуы арқылы жасалатын құлшылық түрі.

Жаратушы Иеміз: «Ей, иман келтіргендер, ораза сендерден бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар»[3] – дей келе оразаны біздерге парыз еткен.

Парыздығы дәлелі нақты (қатъийуд-дәләлә) Құран аяттары мен хадистер арқылы келгендіктен рамазан оразасын терістеп, жоққа шығару діннен шығуға (күпіршіліке) алып барады. Ал жай ғана орындамаған адам күнаһар болады.

Рамазан оразасы көштің екінші жылы бәдір соғысынан бұрын парыз етілді. Бұның алдында мұсылмандар әрбір айдың үш күні мен ашура (Мұхаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе оныншы және он бірінші жұлдызы) күндерін оразамен өткізетін.

Ораза иманның төрттен бірі болып табылады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Ораза сабырдың жартысы»[4] – десе, басқа бір сөзінде «Сабыр иманның жартысы»[5], – деген.

Оразаның исламның бес шартының бірі болуының өзі оның дінімізде қандай орынға ие екендігін аңғартады. Ал оның сауабын өмірлік өлшемдермен таразылау мүмкін емес. Осы орайда Пайғамбарымыз былай дейді: «Жаным құдіретінде болған Аллаһқа серт, ораза ұстаған адамның аузының иісі Аллаһтың жанында мисктің аңқыған хош иісінен артығырақ. Ұлы мәртебелі Аллаһ былай дейді: (Менің бұл құлым) өзінің шахуатынан, асы мен сусынынан мен үшін бас тартты. Ораза мен үшін (ұсталады). Оның сауабын өзім беремін».[6] Бұл құдси (Аллаһтың Құраннан өзге сөзі) хадистегі «Оның сауабын өзім беремін», – деген сөз бұл ақиқатты[7] тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұр.

Оразаның басқа ғибадаттардан артық болуының себебін Имам Ғаззали былайша түсіндіреді: «Ораза белгілі бір уақытқа жыныстық қатынастан тыйылу әрі ішіп жеуді тәрік ету. Сондай-ақ ол жасырын жасалатын ғибадат. Өзге құлшылықтардың бәрі басқалардың көз алдында жасалса, ораза тек Аллаһқа аян құлшылық түрі болып есептеледі».[8]

Мұнымен қатар ораза нәпсіні тәрбиелеудің бір жолы болып саналады. Себебі, нәпсімізді жаманшылыққа үнемі итермелеп жүретін шайтан Рамазан айында кісенделеді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Рамазан (айы) келгенде жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар шынжырланады».[9] Шайтанды былай қойғанда, нәпсіміздің өзі де алтын емес қой. Құран Юсуфты (а.с.) азғырып, кейін күнәсін мойындаған Зүләйханың сөзімен нәпсіні міне былай түсіндіреді: «(Зүләйха айтты:) Мен нәпсімді ақтап жатқаным жоқ. Себебі, нәпсі үнемі жаманшылыққа бұйырады».[10]

Ішкі жан дүниеміз рух және нәпсі деген екі жауһардан тұрады. Нәпсі – асау ат. Рух оны бағындыратын – атбегі. Нәпсі жаманшылыққа шақырады, ал рух жақсылыққа. Өйткені ол Аллаһтың әмірінен келеді. «(Ей Мұхаммед,) олар сенен рух жайында сұрайды. «Рух менің Раббымның әмірінен», – деп айт».[11]

Тоқ адамның нәпсісі азып, ешкімге дес бермейтін дәрежеге жетеді.

«Қарны тоқ қас надан ұқпас сөзді,» – деген Абай осыны меңзесе керек. Ол тағы бір өлең жолдарында:

«Қарны тоқтық, қайғысы жоқтық

Азғырар адам баласын» – дейді.

Ал ораза ұстаған адамның нәпсісі әлсірейді де, рухтың оны өзіне бағындыруына мүмкіншілік туады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ей, жастар, іштеріңнен кім үйлене алса, үйленсін. Үйлене алмаған ораза ұстасын. Ол оған (шахуатты) кесетін (құрал) болып табылады»[12] – деп, үйлене алмай жүргендерге оразаны өсиет еткен.

Бұл айтылған оразаның хикметі мен пайдаларын Ислам әлеміне танымал араб ғалым Мұхаммед Али әс-Сабунидің айтқан тұшымды ойларымен толықтырсақ. Ол өзінің «Тәфсиру әятил-ахкәм минәл-Қуръән» атты құнды еңбегінде оразаның хикметі мен пайдаларын төмендегідей етіп төртке бөледі:

«…Оразаның денсаулыққа қатысты пайдаларын медицина саласы мамандарының еншісіне қалдырып, біз оның рухани пайдаларына тоқталғанды жөн көрдік.», – дейді ол – «Біріншіден, ораза – Аллах тағалаға құлдық, оның әмірлеріне (парыз, уәжіп) бойсұну және тыйған тыйымдарынан (харам) сақтану болып табылады. Адам баласының өзін жоқтан бар еткен Аллаһ тағалаға құл екенін сезінуі, Оның бұйрықтары мен берген үкімдеріне бас июі бұл ғибадаттың ең бірінші мақсаты. Тіпті бұл сезім Адамзаттың жаратылуының түпкі мақсаты десек те болады. «Бізге әлемдердің Раббысына бойсұну бұйырылды».[13]

Оразаның шариғатқа енуінің екінші хикметі адам жан дүниесін тәрбиелеу, оны сабырлыққа және Аллаһ жолында түрлі қиыншылықтарға төзуге үйрету. Ораза адамның бойындағы ынта-жігерін тәрбиелеп, оны өз қалауларының құлдығынан құтқарып, нәпсісіне би етеді. Осылайша ол үнемі жаманшылыққа бұйыратын соқыр нәпсісі емес, шариғаттың, ақыл мен парасаттылықтың жетегінде болады. Есіл дерті өзінің қарнын тойғызу, нәпсісін қанағаттандыру болған хайуаннан кем түспейтін ақылсыз адам мен өз қалауларын тізе бүктірген періштедей пәк жанның арасы нендей алшақ?! «Күпірлік (кәпір болу) індетіне душар болғандар дүниені пайдаланып, хайуандар тәрізді ішіп-жейді. Тозақ оты олардың барар жері болмақ.»[14],– деп Аллаһ тағала рас айтқан екен.

Үшіншіден, ораза пенденің бойындағы сүйіспеншілік және мейірімділік сезімдерін оятып, оны жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол, кісіліктен аулақ адамға айналдырады. Мұнымен қоса көкірегіндегі иман сезімдерін оятады. Ораза адам баласын ішер асынан құр қалдыру емес, керісінше басқа-да дін бауырлары сияқты ойлап, олар сияқты сезіну үшін адам бойына рухани тағат ұялатар бір мүмкіндік. Рамазан айында осындай халге қол жеткізген пенде әлгі бауырларына қол ұшын созып, қиыншылық атаулының астында қалғандардың көз жасын сүртіп, тіршілік тауқыметін тартқандардың қайғыларына ортақ болары сөзсіз. Бірде Жүсіп пайғамбарға (а.с.) «Жер бетінің бүткіл қазыналарына ие бола тұра неменеге аш жүрсің?», – деп сұрақ қойылады. Сонда ол «Қарным тойса, аш қалғандарды ұмытамын ба деп қорқамын», – деген екен.

Төртіншіден, ораза пенденің жүрегіне Аллаһтан қорқу және үнемі Оның бақылауында жүрмін деген сезім ұялатып, оны тәрбиелейді. Осылайша тақуалық сезімін бойына сіңірген мұсылман Аллаһ харам еткен барлық нәрседен бойын аулақ ұстайды. Демек, оразадағы сыр құлдың қанат жайып «тақуалық мәртебеге» самғауы. Аллаһ тәбәрәк уа тағала оразаның парыздығын білдірген аятта «Ләъәлләкум тәттәқун = Аллаһтан қорқуларың үшін», – деу арқылы ораза ұстаудың себебін (хикметін) «Аллаһтан қорқу» яғни, тақуалыққа байлаған. Ол «қиналуларың үшін», «қарындарың ашу үшін» немесе «денсаулықтарың жақсару үшін ораза ұстаңдар» деп айтпаған. Демек, ораза атты жеміс ағашынан пенде «тақуалық жемісін» жинайды екен. Тақуалық аузы берік адамның жасап-жасамауы өз қолында болған (мүбах) іс-әрекеттерден Аллаһтың әміріне бойсұна, Одан сауап күтіп тыйылу арқылы Аллаһтың қойған шектеулерінен асып өтпеуге өз-өзін тәрбиелеуі. Хақ тағаланың оразаны парыз етерде көздеген ұлы мақсаты міне осы тақуалық. Аллаһым, ораза ғыбадаты неткен керемет, күллі хикметке толы Аллаһтың шариғаты неткен ұлық?!»[15]

Оразаның түрлері

Оразаның алты түрі бар: Парыз, уәжіп, сүннет, мустахаб, мәкруһ және харам.

Парыз ораза – Рамазан айында ұсталатын ораза, Рамазан оразасының қазасы және кәффарат оразалар.

Уәжіп оразаға бір нәрсеге аталған оразалар мен бұзылған нәпіл оразалар жатқызылады.

Сүннет ораза – Мухаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе оныншы және он бірінші күндері ұсталатын ораза.

Мустахаб оразаларға қамари (аймен есептелетін) айлардың он үш, он төрт және он бесінші күндері, аптаның Дүйсенбі және Бейсенбі күндері және Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күндік ораза кіреді.

Мәкруһ болып есептелетін оразалар мыналар: әр Мухаррам айының тек қана оныншы күні мен тек қана жұма немесе сенбі күндерінде ораза ұстау.

Харам болып есептелетін оразалар: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айтының төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені айт күндері Аллаһтың құлдарына деген сый-сияпат күндері. Аллаһтың сый-сияпатынан бас тартуға болмайды.

Оразаға ниет

Оразаның ниетін түсіндіру үшін оразаны уақыты белгіленген және белгіленбеген деп екіге бөліп аламыз.

Уақыты белгіленген оразаларға Рамазан айы оразасы мен уақыты белгіленген нәзір оразасы жатады. Бұл оразаларға түнде, таң атпай жатып та, таң атқаннан кейін сәске уақытына дейін де ниет етуге болады.

Уақыты белгіленбеген оразаларға Рамазан оразасының қазасы, уақыты белгіленбеген нәзір оразасы және кәффарат оразасы жатады. Мұндай оразаларға ниет тек қана түнде немесе таң атпай тұрып сәресі уақытында жасалады.[16]

Ниет іштей ойлау арқылы жасалатындықтан, оны «Аллаһ разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім”, – деп тілмен айтуға да, немесе тілмен айтпай-ақ, ойша да жасауға болады.

Оразаға ниет ететін адамның сахар уақытында сәресі ішуі – мустахаб амал. Хазіреті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Сәресі ішіңіздер, себебі сәресіде береке бар».[17]

Оразаныбұзып әрі қазаны, әрі кәффаратты керек ететін жағдайлар

Ораза екенін біле тұрып:

1) Жеп-ішу (тамақ болсын, дәрі-дәрмек болсын)

2) Жыныстық қатынаста болу

3) Шылым шегу.

Қаза:бұзылған оразаның күнінекүн келетіндей етіпұстау.

Кәффарат:

1. Әдейілеп бұзылған бір күн оразаның орнына екі ай немесе алпыс күн үзбестен ораза ұстау

2. Оған күші жетпесе, 60 күн бойы екі мезгіл бір пақыр-кедейге тамақ беру немесе соның құнын төлеу.

Демек жоғарыдағы үш нәрсенің бірін істеген адам оразасын бұзған болып есептеледі дағы әрі қаза әрі кәффарат өтейді. Сол сиқты, хажамат (қан алдыру) немесе ғайбат жасап қойып, оразасы бұзылды деп ойлап, ішіп-жесе де һәм қаза, һәм кәффарат өтейді. Себебі, бұлар оразаны бұзбайды. Ал Пайғамбарымыздың «Ғайбат оразаны бұзады» деген сөзін ғалымдар «сауабын жояды» деп жорыған (тәъуил).[18]

Оразаны бұзып, тек қана қазасын керек ететін жағдайлар

1. Әдетте жеуге болмайтын, сондай-ақ дәрі ретінде қолданылмайтын нәрселерді жеп, жұту (топырақ, қағаз, мақта сияқты)

2. Мұрынға дәрі тамызу

3. Құлақтың ішіне май тамызу

4. Дәрет алыпжатқанда ауыз-мұрнынасу алған кездебайқамай тамағына сукетіп қалу

5. Аузына салғантүрлі-түсті жіптіңбояуы шығып, түкірікпенараласып оны жұтыпқою

6. Қиналған жағдайда оразасын бұзу

7. Ұйықтап жатқандабасқа біреу аузынаас салып немесесу құйып жіберсе

8. Аузын толтырыпқұсу(өз қалауымен)

9. Кеш батпаса да, қателесіп батты деп ойлап ауыз ашу

10. Сәресінің уақытыбітсе де, қателесіпәлі уақыт бардеп жеу.

Оразаны бұзбайтын нәрселер

1. Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу (мұндай жағдайға тап болған адам ораза екендігі есіне түссе дереу аузын шайып оразасын жалғастырады. Ораза екені есіне түскеннен кейін тамағынан бір нәрсе өтсе, оразасы бұзылады)

2. Құлағына су кетіп қалу

3. Көзіне дәрі тамызу, сүрме жағу

4. Жүніп күйінде оразаны бастау

5. Еріксіз құсса

6. Ұйықтап жатқанда жыныстық жолдарынан сұйықтық білінсе

7. Қан алдыру

8. Еріксіз тамағына тозаң, түтін кіру

9. Аузындағы түкірікті жұту.

Ораза ұстаған адамға мәкруһ болатын нәрселер

1. Жұтпаса да, бір нәрсенің дәмін татып қарау (Егер күйеуі тамақтың тұзына байланысты әйелінің мазасын алатын әдеті болса, онда әйелі тамақтың дәміне қарай алады)

2. Түкірігін аузынажинап жұту (Егераузындағы түкірігін сыртқашығарғаннан кейін жұтса, оразасы бұзылады)

3. Өзін әлсірететіндейетіп қан алдыру, ауыр жұмыстар жасау.

Ораза ұстаған адамға мәкруһ емес нәрселер

1. Раушан гүлі мен хош иісті нәрселерді иіскеу

2. Тісті (пастасызщетка немесе мисуакпен) тазалау[19]

3. Ауызды шаю

4. Мұрнына су тарту

5. Жуыну.

Рамазаноразасынұстамауғанемесе оны бастаған болса, бұзуға болатын жағдайлар

1. Жолаушы болу.

Рамазан айында кеміндеүш күндік (90 км.) қашықтықтағы біржерге баратын адамныңоразаға ниет етпеуінеболады.Бірақ ораза ұстап күндіз жолға шықса, оразасын бұза алмайды. Келесі күннен бастап ораза ұстамауына болады.

2. Науқас болу.

Ауру адам өлуден, ақыл-есінен айрылуынан, сырқатының асқынуынан әлде оның уақытының ұзауынан қорықса, ораза ұстамауына немесе бастаған оразасын бұзуына болады. Дегенмен, алдамшы күдікке бой алдырып, түймедейді түйедей қылып болар-болмас бір сырқатқа бола оразаны бұза беру де дұрыс емес. Науқас сырқатының ауырлығын өз тәжірибесіне, оның алғашқы белгілеріне немесе мұсылман шебер дәрігердің сөзіне сүйене отырып қана байқай алады.

Мейлі жолаушы, мейлі науқас болсын күші жетсе ораза ұстай бергені абзал. «Ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы».[20]

3. Жаумен соғыс халінде.

Өз отанын қорғап жүрген Ислам мужаһиді дұшпанның алдында әлсіреуінен қорқатын болса, дініміз оған ораза ұстамауға рұқсат береді. Қорқыныштың сейілуімен ораза ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

4. Қауіп төнген жағдайда.

Өлтірілмекші болған кісі немесе бір ағзасына зиян келтіріліп қорқытылған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

5. Қатты аштық пен шөл кезінде.

Ораза ұстаған адам қатты шөлдеп немесе қарны ашып, яки дәрігердің сөзіне сүйене отырып бұған шыдай алмайтындығына көзі жетсе, оразасын бұзады, қазасын өтейді.

6. Жүкті болу немесе бала емізулі болу.

Жүкті халде немесе бір нәрестені емізіп жүрген әйел ораза ұстаған жағдайда өзіне әлде нәрестеге зиян тиюден сескенетін болса, әрі жақын маңайында бала емізетін басқа әйел табылмаса немесе ораза ұстағанда көкірегіне сүт келмесе, оразасын бұзып, кейінірек қаза етуіне болады.

7. Хайыз (етеккір) және нифас жағдайы.

Рамазан айында ораза ұстауға ниет еткен әйел күндіз етеккір екенін білсе немесе аяғы ауыр әйел босанып нифас қанын көрсе, бұл жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады. Бірақ, етеккір мезгілі деп қателесіп Рамазан оразасын ұстамаса, оған кәффарат уәжіп болады. Мәзһабымыздағы ең күшті көзқарас осы.

Рамазанда етеккір көрген әйел түнде қаны тоқтап, тазаланса, қарайды, егер етеккір күндері он күнге толыққан болса, оразаға ниет етеді де Рамазан айының оразасын ұстайды. Қалып кеткен күндердің қазасын орындайды. Алайда, он күнге жетпеген болса, сәресінің уақыты біткенше жуынуға уақыт болатын болса, жуынып оразасын ұстайды. Жуынуға жетерлік уақыт болмаса, ол күні емес, келесі күннен бастап оразасын ұстайды. Себебі, он күннен аз етеккір көретін әйелдердің жуыну уақыттары да етеккір уақытына жатқызылады.

8. Нәпіл ораза ұстаған адам қонаққа шақырылғанда.

Қонаққа шақырылған адам шақырған адамның көңілін қалдырмау мақсатында нәпіл оразаны бұза алады. Бірақ кейінірек қазасын өтейді. Бұған дәлел «…амалдарыңды бұзбаңдар»[21], деген аят. Ханафи мәзһабы бұзылған нәпіл ораза қазасының өтелуінің уәжіптігіне байланысты жоғарыдағы аяттан бөлек мына бір хадисті де дәлел ретінде келтіреді: «Айша анамыз (р.а.) айтады: Бір күні Хафса[22] екеуміз нәпіл ораза ұстадық. Бізге бір ас сыйға тартылды. Асқа тәбетіміз тартып оразамызды бұздық. Пайғамбар (с.а.у.) келгенде Хафса менен бұрын сөзге кірісіп оған бұл турасында сұрақ қойды. Ол (с.а.у.) «Орнына бір күн ораза ұстаңдар» – деп бұйырды.»

Бұл айтылған сегіз тармаққа мағызды бірнеше мәліметті қосқымыз келеді. Ораза ұстай алмайтын қарт адам ораза ұстамай-ақ, әр күн үшін бір кедейге күніне екі мезгіл тамақ береді немесе соның құнын (фидия) төлейді. Ораза күнінің ортасында етеккір көрген әйел тазаланса, жолаушы үйіне оралса, жас бала балиғатқа толса немесе бір кәпір ислам дінін қабылдаса, сол күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиіс. Ал ұстамаған жағдайда етеккірден тазарған әйел мен жолаушы сол күннің қазасын өтейді Ал бала мен Исламды жаңа қабылдаған адам қазасын өтемейді. Себебі, күннің басында ораза ұстауға қажетті шарттар[23] орындалмаған тұғын.

Намаз оқымаған адам ораза ұстай алады ма?

Жауап: Иә, намаз оқымаған адам ораза ұстай алады. Өйткені, бір құлшылықтың орындалмауы басқа ғибадаттың қабыл болуына кедергі емес. Бірақ, әр құлшылықтың өзіндік орны бар. Оның орнын басқа құлшылық толтыра алмайды. Ақыретте Хақ Тағала құлшылықтың сұлтаны болған намазымыздың орнына оразамызды немесе басқа құлшылығымызды қабылдарына кім кепіл? Міне, сондықтан мойнымызға жүктелген міндеттемелерді толықтай орындау-ға тиіспіз.

Ораза исі мұсылман қайсы бірімізге болса да парыз. Оразаның, әр нәрсені өз орнымен жарататын, жұмыр басты пендеге тән қателіктерден аулақ Хаким (хикмет иесі) болған Аллаһ тарапынан бұйырылғанын ескерер болсақ, ол жайында пенделік келте ақылымызды жүгіртудің қажеті шамалы екенін түсінгеніміз жөн.

ИҒТИКАФ

Иғтикаф көбінше Рамазан айының соңғы он күнінде орындалады. Осы жағынан алғанда иғтикаф Рамазан оразасымен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Ал енді анықтама бере кететін болсақ, иғтикаф дегеніміз ниет ете отырып, әр кез жамағатпен бес уақыт намаз оқылатын мешітте белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу. Бұл атықтамаға сәйкес, ханафи мәзһабындағы таңдаулы (мухтар) көзқарас бойынша, жамағатпен бес уақыт намаз оқылмайтын мешіттерде иғтикаф жасалмайды. Әйел баласы иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды.

Иғтикафтың шариғаттағы алар орнына тоқталар болсақ, ол Құранда былайша баяндалады: «Сендер мешіттерде иғтикаф жасап жатып олармен (әйелдеріңмен) қосылмаңдар».[24] Ал сүннетке келсек, хазрет Пайғамбарымыз Мәдина қаласына һижрет етіп келгеннен бастап, дәм-тұзы таусылғанға дейін әр жылы Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасап келген.[25]

Иғтикафтың түрлері

Иғтикафтың үш түрі бар:

1. Уәжіп иғтикаф (Нәзір етілген жағдайда)

2. Мүәккад сүннет иғтикаф (Рамазан айының соңғы он күнінде)

3. Мустахаб иғтикаф (Қалған уақыттарда)[26]

Сүннет иғтикаф Рамазанның соңғы он күнінде болғандықтан, оразамен жасалады. Негізі иғтикаф оразасыз да орындала береді. Ораза тек уәжіп болған нәзір иғтикафтың ғана дұрыстық шарты (шартун лис-сыхха) болып табылады.[27]

Уәжіп иғтикафтың ең аз уақытын имам Әбу Ханифа (р.а.) бір күн деп көрсеткен. Ал нәпіл (уәжіптен өзге) иғтикафтың ең аз уақыты имам Мұхаммедтің (р.а.) «Асыл» деп аталатын еңбегінде (бір күннен) аз бір уақыт[28] екендігі баяндалған. Тіпті ханафи мәзһабында пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша отырмай түрегеп жүріп те иғтикаф жасауға болады.[29]

Иғтикафқа ниеттенген пенде мешітке кіргеннен бастап дүние істерінен бойын аулақ ұстап, құлшылыққа арнаған уақытын зая кетірмей Жаратушыға жалбарынып ғибадат ету, зікір ету, дұға жасау, Құран оқу және т.б. ақіретке пайдалы істермен өткізеді. Дегенмен ол күндіз-түні мешітте болатындықтан, сол жерде азықтанып, ұйықтауына болады.

Иғтикафқа ниет еткен адамның мешіттен тек жұма намазы сияқты «шарғи қажеттілік», түзге шығу сияқты «табиғи мұқтаждық» немесе мешіттің бұзылуы, бір залымның қинап сыртқа шығаруы, мешіттегі жамағаттың тарауы[30] және жаны мен малына қауіп төну сияқты «зәру жағдайларда» ғана мешіттен шығып, көп кідірмей басқа мешітке баруына рұқсат. Ал егер себепсіз бір мезет тысқа шығатын болса уәжіп иғтикаф бұзылады.[31] Иғтикафтың қалған екі түрі бұзылмайды.

Иғтикафтың макруһтері

1. Иғтикаф етуші адам бір нәрсе сатып немесе сатып ала алғанымен, мешітке сатуға тауар әкелуі макруһ болып табылады

2. Құлшылық деп есептеп үндемей жүруі макруһ[32] (жалпы үндемей жүруіне болады)

3. Бос әңгімеге берілуі макруһ.

Иғтикафта жыныстық қатынас және оған алып баратын барлық іс-әрекеттер харам болып есептеледі. Ұмыту нәтижесінде орын алса да, жыныстық қатынас иғтикафты бұзады.

Иғтикафтың адамның жүрегін бір сәт болса да дүние істерінен тынықтырып, жан-дүниесін Жаратушыға тапсыру және Ұлы Аллаһқа басқа жерде емес, тап өзінің қасиетті үйі болған мешітте құлдық ұру, Оның берік қорғанын паналау сияқты пайдалары барын айтқымыз келеді.

Ата (р.а.) иғтикаф хақында міне былай дейді: «Иғтикаф етуші пенденің мысалы өз қажеті үшін патшаның есігін қаққан қарадай».[33]

ПІТІР САДАҚА

Пітір садақа Рамазан айының аяғына жеткен және негізгі қажеттіліктерінен тыс нисаб (85 гр. алтынның құнына жететін байлық) мөлшеріне жететін дүниесі бар әр мұсылман үшін беру уәжіп болған садақа. Ол Рамазан оразасы парыз етілген һижреттің екінші жылы зекеттен бұрын шариғатқа бекітілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, пітір уәжіп болу үшін дүние-мүліктің тура зекеттегідей нисаб мөлшеріне жетуі шарт. Алайда, пітірде нисабқа жеткен мүлікке бір жыл толу шарты қаралмайды.

Бұл амал бір жағынан мұсылмандардың өзара жәрдемдесуі болса, екінші жағынан оразаның қабыл болуына, жан тәсілім етіп жатқандағы қиындықтар мен қабір азабынан құтылуға себепші екен.[34] Бір жағынан пітір арқылы қоғамда өмір сүріп жатқан кедейлердің айт күндері еңселері көтеріліп, елмен бірге шаттыққа бөленері тағы бар.

Зекет кімдерге берілсе, пітір де соларға беріледі. Пітір садақа ханафи мәзһабындаға пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша, басқа дін өкілдеріне берілмейді.[35]

Пітір мына төрт азықтың бірінен беріледі:

Түрі: Берілетін мөлшері:

Бидай 1460 гр.

Арпа 2920 гр.

Мейіз 2920 гр.

Құрма 2920 гр.[36]

Пітір кедейге бұл азықтардың кез келген біреуінен берілгені сияқты оның құнын да төлеуге болады. Қайсысы кедейге қажеттірек болса, әрине соны берген абзал болса керек. Жоғарыда берілген сандар пітірдің ең төмені. Ал жоғарғысының шегі жоқ. Әл-ауқаты жақсы мұсылман одан да көп берсе нұр үстіне нұр болары анық.[37] Себебі, пітір садақаның түпкі мақсаты мейрам күндерінде кедейлердің жұрт қатарлы тойлап, қуанышқа кенелулері екенін жоғарыда айтқанбыз. Мейірімді Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Оларды осы күндері қол жайып жүруден құтқарыңдар», – деп айтқан болатын. Сондай-ақ, Хазрет Пайғамбарымыздың кезінде жоғарыда көрсетілген заттардың әр бірінің құны бір адамның бір күндік (азанғы, кешкі) азығына жететін еді. Ал қазір, мысалы бидай мен арпаны алсақ, 1460 грамм бидай мен 2920 грамм арпаның құнына не келеді? Сіздің бұл есеппен берген пітіріңіз кедейдің қанща жыртығына жамау болмақ? Осыны ойлаған кейбір ғалымдар (іштерінде Отандық ғалымдар да бар) бидай мен арпаға қарағанда нарықтағы бағаларының жоғары болғанына байланысты мейіз бен құрманы немесе бір адамның орташа бір күндік ішер асының құнын негізге алу керектігін алға тартуда.

Діни тұрғыда бай болып есептелетін, яғни дүние-мүлікке ие мұсылман өзі және балиғатқа толмаған баласы үшін пітір садақа беруге міндетті. Кедей баланың әкесі дүниеден озған немесе ол да кедей болса, атасы немересінің атынан пітір береді.

Отағасы әйелі, ересек балалары және әке-шешесі үшін пітір садақа беруге міндетті емес. Олар ауқатты болса, пітірлерін өздері беруге тиіс. Әйтсе де шаңырақ иесі әйелі мен қолында тұрып жатқан ересек балаларының пітірін олардың рұқсатынсыз бере алады. Ал бөлек шыққан балаларының пітірін тек олар рұқсат еткенде ғана барып бере алмақ.[38]

Пітір садақаны беру ораза айт күнінің таңының атуымен уәжіп болса да, бұдан бірнеше күн, апта, ай, тіпті жыл бұрын да беруге болады. Десек те, айт намазына дейін беру мәндуб (сауапты) болып саналады. Айт намазынан кейінге қалдыру мәкруһ болмағанымен, ханафи ғалым әт-Тимурташидің айтуынша кешіктіруші күнаһар болады. Дегенмен, айт намазынан кейінге қанша көп кешіктірсе де, міндет адамның мойнынан түспейді. Әрі кешіктіріп өтеуі қаза емес, әда (уағында өтеу) болып есептеледі.[39]

Дұрысын Аллаһ және Оның Елшісі біледі.

[1]Тәубе сүресі, 111-аят.

[2]Ханафи мәзһабында ұл бала 12 жаста, қыз бала 9 жаста балиғатқа толады.

[3]Бақара сүресі, 183-аят.

[4]Хадисті имам Тирмизи риуаят етіп, оған «Хасан» деген баға берген.

[5]Хадисті «әт-Тарих» атты еңбегінде әл-Хатиб әл-Бағдади сахаба ибн Мәсғуттан хасан сәнатпен келтірген.

[6]Хадисті Бухари мен Муслим Әбу Һурайрадан риуаят еткен.

[7]Оразаның сауабының өмірлік өлшемдермен өлшенбеуі.

[8]Әл-Имаму Әбу Хамид Мухаммад ибн Мухаммадин Әл-Ғаззали, «Ихйау улумид-дин» Дәрул-хадис, І том, 325-бет.

[9]Хадисті Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[10]Юсуф сүресі, 53-аят.

[11]Исра сүресі, 85-аят.

[12]Хадисті Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[13]Әнғам сүресі, 71-аят.

[14]Мұхаммед сүресі, 12-аят.

[15]Мұхаммед Али әс-Сабуни, «Тәфсиру әятил-ахкәм минәл-Қуръән», Бейрут – 1999, 1-том, 153-154 б.

[16]Әш-Шәйх Абдулғани Әл-Ғунәйми Әд-Димәшқи Әл-Мәйдани Әл-Ханафи, «Әл-Лубаб фи шәрхил-китаб» Бәйрут – 1993, І том, 162-163 б.

[17]Хадисті Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[18]Шахзада Дамад Әфәнди, «Мәжмаъул-әнһур фи шәрхи мултақал-әбхур», Бейрут – 1998, 355-бет.

[19]Ресейлік ғалым, Мәскеу мемориалды мешітінің имамы Шамиль Аляуддинов әлемге танымал ғалым Юсуф әл-Қарадауидің «Фәтәуә Муасыра» атты еңбегіне сілтеме жасай отырып, мынаны айтады: «Ораза ұстаған адам тіс пастасын қолданбағаны жөн. Көпшілік ғалымдар оның асқазанға өтуімен оразаны бұзатындығын алға тартуда. Қолданған жағдайда өте абай болуға тиіс.» (Шамиль Аляуддинов, «Ислам в вопросах и ответах», Москва – 2006, 381-бет)

[20]Бақара сүресі, 184-аят.

[21]Мұхаммед сүресі, 33-аят.

[22]Хазрет Омардың (р.а.) қызы Хафса (Аллаһ оған разы болсын) Хазрет Әбу Бәкірдің қызы Айша анамыз тәрізді Хазрет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әйелі болып табылады.

[23]Мұсылман болу мен балиғат жасына жету.

[24]Бақара сүресі, 187-аят.

[25]Әбу Зәйд Шәләби, «әл-Мифтах шәрху нурил-ийдах», Каир – 1956, 140-бет.

[26]Әбу Зәйд Шәләби, а.а.е., 138-бет.

[27]А.а.е., 138-бет.

[28]Шахзада Дамад Әфәнди, а.а.е., 377-бет.

[29]Әбу Зәйд Шәләби, а.а.е., 138-бет.

[30]Мұндай жағдайға тап болған мешітте жамағатпен намаз оқылмайды. Демек бұл мешітте иғтикаф жасау да дұрыс емес.

[31]А.а.е., 139-бет.

[32]Себебі, шариғатымызда үндемей жүру арқылы жасалатын құлшылық түрі болмағандықтан, бұлай ету дінге жаңалық енгізу (бидғат) болып есептеледі.

[33]А.а.е., 140-бет.

[34]Хамди Дөндүрен, «Делиллерийле Ислам илмихали», Стамбул – 1998, 551-бет.

[35]А.а.е., 554-бет.

[36]Лүтфи Шентүрк, Сейфеттін Иазыжы, «Ислам илмихали», Анкара – 2004, 264- бет.

[37]А.а.е., 265-бет.

[38]А.а.е., 264-бет.

[39]Шахзада Дамад Әфәнди, а.а.е., 337-бет;Әбу Зәйд Шәләби, а.а.е., 159-бет;

Дереккөз: hanafi.kz