Бір кісі маған жұма намазының алдында ешбір сүннет намаз оқылмайды, оның ешқандай дәлелі жоқ, тіпті «бидғат» деді. Сұрайын дегенім біз оқып жүрген жұманың алғашқы төрт рәкат сүннеттінің оқылуына байланысты қандай дәлел бар? Ардақ Әскерұлы

Ханафи, шафиғи мәзһабтарында, сандай-ақ ханбалидағы бір көзқарас бойынша жұма парызының алдында төрт рәкат сүннет намаз оқылады. Ал мәлики мәзһабында жұманың алдында бекітілген сүннет намаз болмағанымен, жалпы нәпіл намаз оқуға рұқсат бар.

Жұма намазының алдында сүннет намаз бар дейтіндер, ең әуелі, жұма намазының бесін намаздың орнына жүретіндігін алға тартады. Сондықтан, жұма намазындағы екі рет азан шықыру, хұтба оқу, парыз намазының төрт рәкаттан екі рәкатқа түсуі секілді арнайы шариғи дәлелдермен бекітілген ерекшеліктерінен тыс басқа барлық мәселелерде жұма намазы бесін намазы секілді өзгеріссіз қала береді.

Имам әл-Бұхари өзінің сахих хадистер жинағында «Жұма намазының соңындағы және алдындағы сүннет намаздар» деп арнайы тарау ашқанымен, жұманың соңғы сүннетіне байланысты хадисті ғана келтіріп, ал алдыңғы сүннеті жайлы ешқандай хадис бермеген. Оның орнына бесін намазының алды мен соңында оқылатын сүннет намаздарды көрсеткен.

Имам әл-Бұхаридың бұлай жасауында жұма намазын бесін намазына «қияс» яғни, салыстыруы жатыр. Яғни бесіннің алды мен соңында сүннет намаздары болатыны секілді жұма парызының да алды мен артында да сүннет намаз бар деген сөз.[1]

Имам ән-Нәуауи өзінің Мүслимнің сахихына жазған «әл-Минһаж» атты кең түсіндірмесінде: «Бесіннің алдында оқылатын сүннет намазды жұманың алдында да оқу сүннет», – деген.

عن علي قال كان رسول الله يصلي قبل الجمعة أربعا وبعدها أربعا

Алидан (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.а.у.) жұманың алдында және артында төрт рәкаттан намаз оқитын еді» дегені риуаят етілді.[2] Бұл риуаяттың тізбегіне Хафиз Зәйнуддин әл-Ирақи «жәййд» деп жақсы баға берген.[3]

Сондай-ақ Алла Елшісінің (с.а.у.) жанынан бір елі айрылмайтын ғалым сахаба Ибн Мәсғұдтың жұма намазының алдында һәм артында төрт рәкат намаз оқығандығы сахих жолмен риуаят етілген.

عن قتادة أن بن مسعود كان يصلي قبل الجمعة أربع ركعات وبعدها أربع ركعات

Қадатадан (р.а.): «Абдуллаһ ибн Мәсъуд (р.а.) жұманың алдында төрт рәкат және соңында төрт рәкат намаз оқитын еді»[4] – дегені риуаят етілді. Ибн Хажар Асқалани бұл хабарды «сахих» деп бағалаған. Тіпті, Абдурраззақтың мұсаннафында Ибн Масғұдтың жұманың алды мен артында төрт рәкат сүннет намаз оқуды бұйыратындығы риуаят етілген. Ибн Масғұдтың бұлай жасауы Алла Елшісінен (с.а.у.) жұма намазының алды мен артындағы сүннет намаздар жайлы қандай да бір хадисті білгендігінен. Әйтпесе, Алла Елшісінің жанында үнемі жүретін сахабаның мұндай мәселені ойдан ижтиһадтпен айтпасы анық. Ибн Мәсғұдттың көзқарасын Ибн Мүбәрак, Сұфиянус-сәури сынды табиғиндер де ұстанған[5].

عن نَافِعٍ قال كان بن عُمَرَ يُطِيلُ الصَّلَاةَ قبل الْجُمُعَةِ وَيُصَلِّي بَعْدَهَا رَكْعَتَيْنِ في بَيْتِهِ وَيُحَدِّثُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم كان يَفْعَلُ ذلك

Нафиътан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар жұманың алдында намазды созып оқитын. Ал жұмадан кейін үйіне барып екі рәкат намаз оқитын еді. Және ол (ибн Омар) «Алла Елшісі де (с.а.у.) осылай істейтін еді» деп айтатын».[6] Имам Ән-Нәуауи өзінің «әл-Хұласасында» Әбу Дәуідте риуаят етілген бұл хадисті Бұхаридың шартына сай «сахих» деп бағалаған[7]. Бұл риуаяттан жұма алдында нәпіл немесе сүннет намаздың бар екенін аңғарамыз.

Бұхаридағы риуаятта Алла Елшісі (са.у.): «Әрбір екі азаның (азан мен қамат) арасында (сүннет) намаз бар»[8] деген. Басқа бір сахих хадисте: «Әрбір парыз намаздың алдында екі рәкат намаз бар»[9] – делінген. Ибн Хажар жұма намазының алдында оқылатын сүннет намаздың қуатты дәлелі ретінде осы хадисті көрсеткен.[10] Ендеше жұма уақыты кіргеннен кейін ханафи мен шафиғи мәзһабындағыдай төрт, немесе өзге кейбір мәзһабтағылардай екі рәкат сүннет намаз оқып жатқан адамға сенің мынауың «бидғат» деп қарсы шығу әсте дұрыс емес.

[1] Бадруддин Әбу Мұхаммед Махмуд ибн Ахмад әл-Ъайни, Ъумдатул-Қаари шарху Сахихил-Бұхари, 5-том, 126-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2005 ж.
[2] Сүлейман ибн Ахмад ибн Айюб Әбул-Қасым әт-Табарани, әл-Мұъжамул-әусат, 2-том, 172-бет. «Даарул-харамайн» баспасы, Каир. Һижри 1415 ж.
[3] Зәйнуддин Әбул-фадл Абдур-рахим ибн әл-Хусайни әл-Ирақи, Торхут-тасриб фи шархит-тақрииб, 3-том, 36-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.
[4] Әбу Бәкір Абдур-Раззақ ибн Һүмам әс-Санъани, Мусаннафу Абдир-Раззақ, 3-том, 247-бет. «Әл-Мәктабул-ислами» баспасы, Бәйрут, Һижри1403 ж.
[5] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 2-том, 401-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[6] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 1-том, 294-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[7] Әбу Закария Мухиддин ән-Нәуауий, Хулаасатул-ахкаам фи муһимматис-сунан уа қауааъидил-ислам, 2-том, 811-бет. «Муссисатур-рисала» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
[8] Сахихул-Бұхари. 1-том, 225-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[9] Мұхаммед ибн Хиббан ибн Мұхаммед, Сахих ибн Хиббан, 6-том, 208- бет. «Мүуссатур-рисала» баспасы, Бәйрут, 1992 ж.
[10] Ибн Хажар Асқалани, Фатхул-Баари, 3-том, 351-бет.+
Қайрат Жолдыбайұлы,
Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы
Дереккөз: muslim.kz