Адамның тәкаппар кеудесі ақиқатты қанша итерсе де, қиналған сәтте  Жаратушы алдында өз дәрменсіздігін мойындайтыны анық.

«Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек.

    Дұға – діннің негізі, құлшылықтың өзегі. Дұға ету – пенденің Раббысына жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау.

    Алла Тағала Құран Кәрімде: «Маған дұға етіңдер, мен қабыл етемін» — деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Дұға — Алла үшін ең ұлы дүние. Егер сіз адамдардан жәрдем сұрасаңыз, олар ашуланады, шаршайды. Ал Алла Тағала керісінше сұрамасаңыз ашуланады. Алла пенделері оған дұға қылып, жәрдем сұрағанды жақсы көреді» деген хадисі бар.

Дұға қылудың да өзіндік әдебі бар. Дұға жасамас бұрын тәубеге келіп, Алла Тағаланы ұлықтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтқанымыз абзал.  Ол үшін адамның жүрегі мен ниеті таза болуы тиіс.

    Дұға тілеу үшін ең қолайлы сәт – намаз уақыттары. Сондай-ақ, таң сәріде, жаңбыр жауған сәтте, намазға тәкбір айтылар алдында да  дұға қабыл болады. Ораза тұтушы адамның Алла дұғасын қайтармайды. Пенденің  Аллаға ең жақын болатын  кезі – ол сәжде. Дұға қылған кезде  екі қолды жоғары көтеріп, жүзін құбылаға қарату керек.      

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде былай деген: «Алла Тағала өте жомарт, әрі пенделері  қолдарын жоғары көтеріп дұға қылған кезде, қолдарын бос қайтаруға ұялады».

Адам Алладан дұға қылған кезде үш нәрсенің біреуіне үміт ету керек:

1. Алла тілегенін береді;
2. Қиямет күні жасаған дұғасының сауабын береді;
3. Алла оның дұғасының көлеміндегі жамандықтан сақтап қалады.

Сондай-ақ, дұғаны үш қайтара жасағанымыз абзал. Дұғам қабыл болмады деген ойдан аулақ болуымыз керек.

Ерсин Әмре