Юсуф ибн Халид әс-Самти әл-Басри (р.а) имам ағзам Әбу Ханифаның (р.а) қасында біраз жыл білім алады. Кейін ұстазынан атамекені Басраға қайтуға рұқсат сұрайды. Имам Әбу Ханифа (р.а) оған былай дейді.
«Жоқ! Мен саған адамдармен жақсы мәміле жасаудың, ғалымдардардың мәртебелерін, нәпсіні тәрбиелеудің, қарауыңдағы адамдармен дұрыс мәміле жасаудың, үлкен мен кішінің қадірін білудің, жалпы көпшіліктің жағдайын ескерудің қыр-сырын үйретпей рұқсат бере алмаймын. Ол сенің біліміңнің сәнін арттыра түседі. Мерейіңді арттырады, абыройыңа дақ түсірмейді.
«Мына нәрсені жадыңа түйіп ал! Адамдарға жақсы мәміле жасамасаң, әке-шешең болса да саған қарсы дұшпан болады. Ал дұрыс мәміле жасасаң туыстық байланысың болмаса да адамдар сенің жақыныңа айналады. Сен біраз күн сабыр ете тұр. Мен саған арнайы уақыт бөлейін. Ойымды жинақтап алайын. Кейін алғысыңды айта жүретін, қадірімді білдіретін нәрселерді үйретейін. Тәуфиқ Алладан».
Имам Юсуф ибн Халид (р.а) былай дейді. «Уәделескен күн келіп жеткенде, ұстазымның алдына бардым. Ол төмендегі мына өсиетін маған арнап айтты».
«Аса Рақымды ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ей Юсуф, мен сенің қандай мақсатпен Басраға қайтып бара жатқаныңды білемін. Жай-жапсарын айтып берейін. Сен осыдан тура Басраға барасың делік. Басраға кірер-кірмес сен бізге қарсы келгендермен талас-тартысқа түсесің. Өзіңді олардан артық көресің. Олардың құзырында біліміңнің көптігін айтасың, көрсетуге тырысасың. Олармен аралас-құралас болудан бас тартасың. Уақыт өте келе оларды тәрк етесің. Олар да сені тәрк етеді. Оларға тіл тигізесің. Олар да саған тілін ұзата бастайды. Оларды адасқандар деп санайсың. Оларда сені адасқан деп есептейді. Сен оларды бидғатшы деп атайсың. Олар да сені бидғатшы деп айта бастайды. Сонымен мұның зарары, зардабы бізге де, саған да тиеді. Олардың тілі саған да бізге де тиеді. Бұдан кейін сен оларды тастап кетуге мәжбүр боласың. Ескертіп айтайын мұндай ой, іс-әрекет ақылды кісінің ұстанымы емес. Себебі Алла Тағала ісін оңғарғанға дейін қарауындағыларға дұрыс мәміле жасай алмаған кісі ақылды кісі емес».
Имам Юсуф ибн Халид (р.а) былай дейді. «Шынымен-ақ ұстазымның айтқан сөздерінің жаны бар еді. Сондай ойымның болғаны рас еді».