ИСЛАМ ШАРИҒАТЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Біріншіден, ислам шариғатының бастауы да, асыл мақсаттары да, бағыт-бағдары да – Аллаһ тағаладан. Ол – ешбір періштенің, ешбір жынның, ешбір адамның ойы араласпаған қасиетті уахи. Уахи ұғымы шариғатта Құран мен сүннетті бірдей қамтиды.

Екіншіден, ислам шариғаты кез келген заманда әрі жердің кез келген аймағында практикаға жарамды кәміл үкімдер мен заңдарға бай. Оның адамзат өмірінің қамтымаған, жүйелемеген қыры жоқ. Исламдағы құлшылық мұсылманның сауапқа деген үмітін намаз, ораза, зекет, қажылық парыздарымен ғана шектемей, өмірдің әр сәтін сауаппен байланыстыруды мақсат етеді. Сол себептен Аллаһ тағала жақсы көріп, риза болатын сөздер мен істердің барлығы исламның көзқарасында құлшылыққа саналады.

Сондай-ақ шариғат адамның жүрегі мен мал-мүлкін ғана емес, денесінің әр мүшесін де құлшылыққа қатыстырады. Мысалы: намаз уақытында адамның бүкіл ішкі және сыртқы дене мүшелері құлшылықта болады. Сондай-ақ, мал-мүлкін Аллаһ тағала бұйырған және ұнатқан мақсаттарда пайдаланады.

Үшіншіден, ислам шариғаты заман ағысы мен талабына сай келеді. Ислам шариғаты қай заманда адамзатпен ажырамас байланыста өмір сүругебейімді. Ол барлық жағдайларды қадағалап, жақсы жақтарын толықтырады және жағымсыз жақтарын жөнге келтіреді. Мысалы, ол адамды ақиретке қатты қызықтыруымен қатар дүниедегі үлесін де ұмыттырмай еңбекке баулып, дүние-ақиреттегі пайдасын бірдей көздейді. Сондай-ақ ислам шариғаты адамның табиғаты мен сезімдерін ескеріп, парыз етілген құлшылықтар адамның күнделікті уақытының аз ғана бөлігін алады.

Төртіншіден, ислам шариғаты негізгі тұрақты үкімдерді адам өмірінде болып тұратын қиын жағдайларда кешірімді себептерге сай жеңілдеткен. Ол үкімді өзгертуге болмайтын жағдайларда қаттылықты, ал жеңілдетуге мәжбүрлеген жағдайларда жұмсақтықты ұстанады.

Осы ерекшеліктің Құран Кәрімдегі кейбір көріністері:

«Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал, сондай-ақ буылып, ұрылып, құлап, сүзіліп және жыртқыш жеп өлген малдар арам етілді, әрине, егер бауыздап үлгерсеңдер үкім басқаша…»1, – деген аяттың басы негізгі тұрақты үкімді бекітсе, аяттың «Кімді күнә әуестегі емес, аштық мәжбүрлесе, онда Алла – тым кешірімді, өте рақымды», – деген соңы шарасыз жағдайда ол үкімнің жеңілдеуін білдіреді.

Құрайыштардың Махзум руынан болған бір әйел ұрлық қылған кезде олар оны жазадан құтқарып қалулары үшін Усама ибн Зайдты қорғаушы етіп пайғамбарға жібереді. Аллаһтың елшісі (ﷺ) бұған қатты ашуланып:

«Расында, сендерден бұрынғылардың құрып кетулерінің себебі – іштерінде құрметті адам ұрлық жасаса, жаза атқарылмастан қоя берілетін, ал әлсізін ұстаса, жазаны орындайтын. Аллаһқа серт! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істесе, әлбетте, оның қолын кесемін»2, – деген хадис тұрақты үкімді бейнелесе, «Қылмыс жазаларынан шамаларың келгенін мұсылмандардан қайтарыңдар. Оған жазадан құтылар жол тапсаңдар, қоя беріңдер, өйткені басшының кешірімділікте қате жіберуі жазалауда жіберген қатесінен жақсырақ»3 — деген хадис шариғаттың жеңілдігін бекітеді.

Сақиф руының адамдары пайғамбарымызға (ﷺ)исламды қабылдаулары үшін келгенде одан өздерінің жаһилиятта табынған «Лат» атты пұттарын үш жылдай өздерінде қалдыруын өтінген. Бұл өтінішті Аллаһ елшісі (ﷺ) қабылдамайды. Бір жылға қалдыруын өтінсе де қабылдамаған. Тіпті, бір айға қалдыруын өтінгенде де қабылдамаған. Соңында намаздан босатуларын және пұттарын өз қолдарымен сындырмауларын өтінген. Сонда, Аллаһтың елшісі (ﷺ) оларға: «Пұттарыңды өз қолдарыңмен сындырудан босатамыз, ал намазға келетін болсақ, намазсыз дінде еш жақсылық жоқ»4, – деп айтылған хадистетаухид пен намаздың өзгермейтін тұрақты үкім екені бекітіліп, пұттарды өз қолдарымен сындырмауларына жеңілдік жасалғаны байқалады.

Бесіншіден, ислам шариғаты бірте-бірте түзету енгізу ерекшелігіне ие. Бұл ерекшелік Құран Кәрімнің бірден емес, аят аят, сүре сүре болып түсуінен-ақ көрінеді. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Сондай-ақ Құранды оқиғаларға сай бөліп түсірдік,адамдарға оны кідіріспен оқуың үшін,әрі оныбірте-бірте түсірдік»5, – деген. Имам әл-Құртуби осы аятқа қатысты: «Адамдарға бүкіл парыздарды бір уақытта қабылдау талабы қойылғанда, әлбетте, олар қашып кетер еді», – деген.

Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Құраннан ең әуелгі болып түскені ішінде жәннат пен тозақты еске түсіретін сүрелер еді. Адамдар исламды қабылдауға ағылған кезде халал мен харам түсті. Егер әуелгі болып, «арақ ішпеңдер» бұйрығы түскенде, әлбетте, олар: «арақты мүлде тастамаймыз», – деген болар еді, сондай-ақ әуелгі болып «зина жасамаңдар» бұйрығы түскенде, әлбетте, олар: «зинаны мүлде тастамаймыз»– деген болар еді, – деген6.

Мысалы, исламның өсімқорлықты харам ету тәсіліне назар салсақ, оны төмендегідей кезеңдерді қамтығанын байқаймыз:

Бірінші кезең:«Рибадан не берсеңдер,мақсаты–адамардың мал-мүлкінде өсіп тұру болса, оларың Алланың қасында әсте өспейді7. Ал, Алланың дидарын қалап, садақадан не берсеңдер, міне, солар – сауаптары еселенушілер»8.

Бұл аятта берілген сыйлықтың адамнанартығырақ сыйлықпен қайтуы ниетін сөгіп, сауап іздген кісіге сыйлықты не садақаны пайда үшін емес, Алланың ризашылығы үшін ғана беруі керектігін ескертеді. Бұл кезеңде Алла тағала мұсылмандарға, амалдары зая кетпес үшін, не берсе де материалдық пайда үшін емес, Раббыларының сауабы үшін беру артықшылығын баяндады.

Екінші кезең үш сатыдан аттады:-«Яһудилерге әділетсіздіктері және көптеген адамдарды Аллаһтыңжолынан адастырғандары себепті өздеріне адал етілген таза нәрселерді арам қылдық. Сондай-ақ өсім алғандары себепті, негізінде, олар үшінөсімге тыйым салынған еді, әрі адамдардың мал-мүліктерін алдап жегендері үшін. Олардың іштеріндегі кәпірлерге қинаушы азап әзірледік»9.

Бұл кезеңде Аллаһ тағала яһудилердің азапқа қандайсебептермен ұшырағандарын білдіре отырып, мұсылмандардың жүректеріне өсімге деген жек көрушілік ұялатады:-«Ей иман келтіргендер! Қайта-қайта еселеп өсім жемеңдер әрі Алладан сақсыныңдар, мүмкін құтыласыңдар. Сондай-ақ кәпірлер үшін әзірленген тозақтан сақтаныңдар»10.

Аллаһ тағаланың иман келтіргендергеөсім үкімінің харам екендігін баяндап, оған тыйым сала бастаған алғашқы аят – осы.

— «Өсім жегендер қабірлерінен жын соққан кісі секілді тұрады, өйткені олар: «Сауда да өсім секілді нәрсе», – деді. Алла сауданы адал етіп, өсімді арам етті. Кімге Алланың ескертуі келіп, ол бұл ісін доғарса, бұрынғысы

– өзінікі болып, ісінің үкімі Аллаға тапсырылады. Ал кім қайта оралса, олар – тозақтың тұрғындары болып, онда мәңгі жасайды. Алла өсімді берекесіз етіп, садақаларды өсіреді. Алла өңкей кәпір пен күнәқарды жек көреді. Расында, иман келтіріп, салиқалы амал жасағандар, намаз оқып, зекет төлегендердің сыйақылары – Раббыларының қасында. Оларға қауіп те қайғы да төнбейді. Ей, иман келтіргендер, егер мүминдерден болсаңдар, Алладан сақсыныңдар да өсімнен қалғанын тастаңдар! Егер бұйрықты орындамайтын болсаңдар, өздеріңе Аллаһтан әрі Оның елшісінен соғыс тілеп алғандарыңды біліңдер! Егер тәубе келтірсеңдер, малдарыңның басы – өздеріңе қайтады. Сонда әділетсіздік жасамаған әрі әділетсіздікке ұшырамаған боласыңдар»11.

Осы аятты түсіруімен, Аллаһ тағала мұсылмандарға өсімқорлық мақсаттағы қарыздың барлық түрлеріне харам үкімін шығарды.

Бірте-бірте түзету енгізу тәсілі – Аллаһ елшісінің (ﷺ) қоғамды дұрыстауда ұстанған жолы. Сенімі, әрі санасы, әрі жүріс-тұрысы бұзылған қоғамда тәрбиеленген адам шындықты бір айтқаннан қабылдамайды. Тіпті, қабыл алғандардың өздері, сол шындықтың талаптарын бірден көтеріп кете алмайды. Адам баласын бірте-бірте тәрбиелеу оның табиғатын қадағалауға жатады. Өйткені, адам баласының ана құрсағында жаратылуының өзі бірнеше кезеңдерден өтеді. Адамды әрі қоғамды дұрыстауда бірте-бірте жылжу жолы – Аллаһтың жолы болса, онда Аллаһқа шақырушылар да бұл жолды әбден меңгерулері керек.

Ислам шариғатының тағы бір ерекшелігі – жеңілдігі мен оңайлығы. Ислам адам баласының әлсіздігін, міндеттері мен шұғылдарының көптігінескереді. Сондай-ақ оны түсірген Аллаһ тағала – жұмсақ әрі мейірімді. Ол адам баласына қиындық пен ауырлықты мүлде қаламайды, керісінше, оған барлық жақсылықты қалайды. Ол Құран Кәрімде: «Аллаһ сендерге жеңілдікті қалайды әрі сендерге ауырлықты қаламайды»12, – деп айтқан. Шариғат науқас пен жолаушыға, етеккірі келген әйел кісіге жағдайларын ескеріп, оларға қатысты құлшылық үкімдеріне арнайы жеңілдіктер жасаған.

Аллаһтың елшісі (ﷺ): «Расында, дін – жеңіл. Ешкім оны қатайтып алмасын, әйтпесе, дінді көтере алмай діңкесі құриды. Істі дұрыс атқарыңдар, аз істеріңмен болса да Аллаһқа жақындаңдар, сауап үміт етіп қуаныңдар»13, – дегенін жеткізген.

Ибн Масғуд Аллаһ елшісінің (ﷺ) үш мәрте: «Қатты кетушілер құрыды», – дегенін риуаят еткен14.

1:«әл-Мәида»: 3.

2:әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді.

3:ат-Тирмизи жеткізді

4:Ибн Һишам «Сирасында» келтірген.

5:«әл-Исра»: 106.

6:әл-Бұхари жеткізді.

7:Бұл аятқа қатысты Икрима: «Риба екі түрлі болады: харам риба және халал риба. Халал риба деп, біреуге берілген қарызды емес, сыйлықты ғана айтады. Сыйлықты берудегі ниет – бұдан да жақсырақ сыйлыққа ие болу», – деп түсіндірген. ад-Доххак: «Бұл аятта сауабы адамдардан көзделген халал риба айтылуда. Бұл ниеті үшін оған сауап та жоқ, күнә да жоқ», – деген. Сол секілді Ибн Аббас: «Бұл аятта адамның біреуге берген сыйлығы арқылы одан да жақсырақ сыйлыққа ие болу ниеті көзделеді. Бұндай ниетпен берген сыйлығы күнә саналмаса да, Алланың қасында өспейді, ол үшін сауап жазылмайды», – деп түсіндірген. Аят осы мағынаны білдіру үшін түскен. Шәмсуддин әл-Қуртуби. «әл-Жами` ли Әхкаам әл-Қур٫ән»: 14/36.

8:«ар-Рум» сүресі: 39.

9:«ән-Ниса»: 160,161.

10:«Әли Ғимран»: 130,131.

11:«әл-Бақара»: 275-279.

12:«әл-Бақара»: 185.

13:әл-Бұхари жеткізді.

14:Мүслім жеткізді.

Дереккөз: hanafi.kz