Фиқһ және шариғат ұғымдары.
Анықтамасы ﺍﻟﻔﻘﮫ

(фиқһ) сөзі лексикада ұғу, ұғыну, түсіну, аңғару деген мағыналарды

білдіреді. Мысалға Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Олар: «Ей, Шу′айб, сен айтып жүрген нәрселердің көбін түсінбейміз (ما نفق)», – деді»1 деген сөздерін келтірсек болады. Ал ислам мәдениетінің терминологиялық жүйесінде фиқһ ұғымы шариғи құқықтану немесе ислам құқықтануы деп, ғылымның, пәннің атауын білдіреді.

Шейх Ар-Рази өзінің «Мухтар ас-Сихахында»: фиқһ сөзінің тілдік мағынасын «түсіну, ұғыну», – деп түсіндіре келе, – кейін бұл ұғым шариғат іліміне ғана тиісті айтылып, шариғат ғалымы фақиһ(шариғи құқықтанушы) деп аталатын болды, – деген. Фиқһ ілімінің маманы فقيه(фақиһ), ал фиқһ негіздері ілімінің маманы ﺃُﺻُﻮﻟِﻲ(усули) деп аталады. Усули (шариғи негізтанушы) жалпы дәлелдерді, ал фақиһ (ислам құқықтанушысы) талдаушы дәлелдерді зерттейді.

Имам Әбу Ханифаның ғасырында фиқһ негіздері ілімі өз алдына жеке ілім ретінде қарастырылмаған болатын. Сол себептенфиқһ, ақида, ахлақ ілімдері жалпы анықтамаға тәуелді болған. Кейін әр ілімнің зерттелу өрісі кеңейіп, жеке терминдері пайда болып, әрқайсысы өзіне қатысты жеке анықтамаға иеленіп, ақида ілімі, сопылық ілімі, фиқһ ілімі деген дара атауларға ие болған»2

Имам Әбу Ханифа:фиқһ ілімі дегеніміз – адамның өзіне тиесілі құқықтарды және өзінен талап етілетін міндеттеррді білуі, – деп анықтаған. Бұл анықтама әуел баста өз ішіне ′ақида, этика және фиқһ нормаларын бірдей қамтитын жалпы анықтама болған-ды. Ол уақытта жалпы анықтама берілу себебі – фиқһ ілімі басқа шариғат ілімдерінен бөлінетіндей, өз алдына дара ілім болып қалыптаса қоймаған еді. Уақыт өте кәлам ілімі мен таухид ілімі имани мәселелерді, ахлақпен сопылық этикалық-рухани тәрбие теориясын зерттеуге кірісе бастады. Фиқһ іліміне қатысты адамның өзіне не тиісті және өзінен не талап етілетінін білуі деген жалпы анықтамадан ханафи ғұламалары ақида мен рухани тәрбиеге тән мәселелерді ысырып, оған практикалық амалдардеген ұғымды қосқан. Сөйтіп, оның анықтамасын адамның өзіне тиісті практикалық құқықтары мен өзінен талап етілген практикалық міндеттерін білуі, – деп, фиқһ іліміне тән анықтаманы нақтылаған3.

Фиқһ ілімінің нақты анықтамасына назар аударайық:

«العلم باﻷﺣﻜﺎﻡ ﺍﻟﺸﺮﻋﻴﺔ ﺍﻟﻌﻠﻤﻴﺔ ﺍﳌﺴﺘﻔﺎﺩﺓ ﻣﻦ ﺃﺩﻟﺘﻬﺎ ﺍﻟﺘـﻔﺼﻴﻠﻴﺔ»

«Талдаушы дәлелдерден алынған шариғи (заңи) практикалық нормалар (үкімдер) туралы ғылым». Талдаушы дәлелдер дегеніміз – белгілі бір іс-әрекеттің үкімін арнайы қозғайтын дәлелдер. Олар бізге қатысты құқықтар мен міндеттерді тудырады. Мысалы, намазды арнайы атап, оны орындауға бұйырған дәлел – талдаушы дәлел болып, намаздың парыздығы – талдап айтылған норма саналады.

Фиқһ – шариғаттың практикалық бөлігі. Шариғат Аллаһ Тағаланың құлдары үшін сенім мен амал тұрғысынан жүзеге асуын талап етіп бекіткен, Құран мен сүннетте көрініс тапқан заңдары мен нормалары. Сенім тұрғысынан жүзеге асуын талап еткен бөлігін кәлам немесе таухид ілімі, ал амал тұрғысынан талап еткен бөлімін фиқһ ілімі зерттейді. Осы тұрғыда шариғат пен фиқһ ұғымдарының парқын айыра тануымыз қажет:

1. Шариғат деп Аллаһ Тағала тарапынан пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ түсірілген дінді жалпы айтады. Шариғат толығымен Аллаһ Тағаланың үкімдері саналса,фиқһ мүжтаһидтердің шариғаттан түсінген пікірі. Бұл үкімдерді түсінуде және ижтиһад етуде ақыл өз алдына жол ашып тәуелсіздік таныта алмайды, керісінше, ол әрдайым шариғат негіздеріне бағынышты.

2. Шариғат ұғымы дінде ақида, этика және практикалық амалдармен байланысты нормаларды жаппай қамтыса, фиқһ ұғымы тек қана практикалық амалдармен байланысты нормаларды білдіреді.

3. Фиқһ ұғымы ғұламалардың барлық ижтиһадтарын: дұрысын да қатесін де, ал шариғат ұғымы мүжтаһидтердің дұрыс айтқан үкімдерін ғана қамтиды.

4. Шариғат ұғымы фиқһ ұғымынан кеңірек. Аллаһ Тағаланың Құран Кәрімдегі: «Бүгін сендерге діндеріңді кемелдендіріп, сендерді бөлеген нығметімді тәмәмдадым, сондай-ақ сендерге Исламды дін етумен разы болдым»4, – деген сөзі шариғатты көздейді. Сол себептен шариғат жалпылаушы қағидалар мен негіздерді, ал фиқһмүжтаһидтердің Құран мен сүннет мәтіндеріндегі жалпылаушы қағидалардан түсінген үкімдерін білдіреді.

5. Шариғаттың жалпылаушы қағидалары мен тұрақты үкімдері қатеден пәк, мінсіз саналады. Ал фиқһ үкімдері ішінде мүжтаһидтің түсінігіне сай дұрысы да, қатесі де болуы мүмкін. Дегенмен екі жағдайда да мүжтаһид еңбегі үшін сауапқа бөленеді. Аллаһтың Елшісі ﷺ : «Төреші үкім шығаруда ижтиһад етіп, сосын тура тапса, оған – екі сауап, ал үкім шығаруда ижтиһад етіп, сосын қателессе, оған – бір сауап», – деп айтқан5. Бірақ көп жағдайда дұрыс болады. Қандай да бір мәселенің үкімін баяндауда ғұламалар ақиқатты дәл тапса, онда фиқһ шариғатқа сай болады. Ал қателессе, ижтиһадтары фиқһ ұғымының шеңберінен аса алмайды.

6. Шариғат үкімдерін қай тұрғыдан болсын, ақида, құлшылық, этика, жүріс-тұрыс нормаларын толық ұстану – әр мұсылманға парыз. Ал фиқһ мәселесіне келсек, бір мүжтаһидке басқа мүжтаһидтің ижтиһадын ұстану міндет емес. Сондай-ақ фиқһбір замандағы не бір елдегі проблемаларды шешуге жарамды болса, басқа бір замандағы не басқа бір елдегі проблемаларды шеше алмауы әбден мүмкін.

Фақиһ немесе муфти дегеніміз – мүжтаһид. Мүжтаһид дегеніміз – Фиқһ ғалымдары арасында келісілген (Құран, сүннет, ижмағ және қияс) және даулы (әл-масалих ал-мурсала, садд әз-зараи′ және сахаба сөзі) дәлелдерді пайдалануда, сондай-ақ олардан практикалық шариғи үкімдерін шығаруда алғырлық қабілеттілігіне иемденген ғалым, шариғи құқықтанушы.

Фиқһ ілімі бірте-бірте пайғамбарымыздың ﷺ және сахабалардың ғасырында пайда бола бастаған. Оның сахабалар арасында пайда болуына адамдардың жаңа оқиғаларға қатысты үкімдерді танып-білу қажеттілігі түрткі болған. Фиқһ ілімі бүгінгі күнге дейін 1) пайғамбар ﷺкезеңі; 2) сахабалар кезеңі; 3) табиғиндер кезеңі; 4) мүжтаһид имамдардың (фиқһ мәзһабтарының) кезеңі; 5) өткен ижтиһадтармен шектелу және ижтиһадтың іріктелу кезеңдерін аттап, қазір жаңадан туындаған мәселелердің үкімдерін зерттеуде ижтиһадты жандандыру кезеңіне аяқ басты.

Ислам шариғаты адам өмірін жан-жақты қамтып, әр адамның ана құрсағындағы нәрестелік кезеңінен бастап қабірге қойылу кезеңіне дейінгі өмірін толығымен өз қамқорлығына алған. Шариғат адамзат өмірін барлық жағынан төмендегідей тәртіпте ретке келтірген:

1. Жеке адамның Аллаһ Тағала қатысты міндеттерін бейнелейтін құлшылык үкімдерін бекітті. Бұл үкімдер шариғаттың «Құлшылықтар» атты бөлімінде қарастырылады. Қолдарыңыздағы кітап осы бөлімді зерттейді.

2. Адамның жеке жүріс-тұрысы мен көпшілік арасында ұстанатын этикасын жөнге салатын үкімдерді бекітті. Бұл үкімдер шариғаттың «Адал және арам» атты бөлімінде қарастырылады.

3. Отбасы жағдайын ретке келтіретін үкімдерді бекітті. Бұл үкімдер некелесу, ажырасу, асырау, бала емізу, мұра қалдыру, мұралану секілді мәселелермен байланысты. Бұл бөлім шариғатта «Отбасы жағдайы» деп аталады.

4. Қоғамдық өмірдегі азаматтық және мал-мүліктік қатынастарды реттейтін үкімдерді бекітті. Бұл үкімдер сауда, қарыз алу, қарыз беру, жалға беру, кепілге беру секілді қатынастармен байланысты. Бұл үкімдерді шариғаттың «Азаматтық немесе мүліктік қатынастар» атты бөлімі зерттейді.

5. Қылмыстар мен олардың жазаларына байланысты үкімдерді бекітті. Бұған: ұрлық, зина, арақ ішу секілді күнәлардың жазалары кіреді. Бұл үкімдерді зерттейтін бөлім шариғатта «Қылмыстар» деп аталады.

6. Мемлекет басшылығы мен халық арасындағы міндеттер мен құқықтарды, сондай-ақ екі арадағы қатынастарды жүйелейтін үкімдерді бекітті. Бұл үкімдер «Үкімет заңдары» деп аталады.

7. Халықаралық қатынастармен байланысты үкімдерді бекітті. Бұларға: бейбітшілік, соғыс, келіссөздер секілді мәселелер кіреді. Бұл үкімдер «Халықаралық қатынастар» деп аталады.

Cөз соңында,

Бүкіл мақтау Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағалаға болсын!

«Ислам ғибадаты» кітабынан

1 «Һуд» сүресі, 91 аят.

2 Уаһба аз-Зухайли. «Усул әл-Фиқһ әл-Ислами»: 29.

3 Уаһба аз-Зухайли. «Усул әл-Фиқһ әл-Ислами»: 29.

4 «әл-Мәида»: 3.

5 әл-Бұхари мен Мүслім жеткізді.

Дереккөз: hanafi.kz