«Тахауи ақидасы» кітабы туралы

Имам Тахауи Әбу Ханифадан кейін өмір сүрген. Ол хадис ілімінің алты имамымен және Сүннет және жамағат жұртының жетекші имамы имам Матуридимен бір заманда ғұмыр кешкен.

Ол Әбу Ханифа мазһабының діни-танымдық доктринасы болып табылатын осы Матуриди мазһабының іргетасын бірге қаласқан десе де болады. Өйткені Тахауи өз еңбегінің басында ескерткендей, бұл ақидалық қағидалар жиынтығы Әбу Ханифа мен оның шәкірттерінің діни-танымдық тұғырнамасы болып табылады. Соның негізінде жазылған еңбек. Ал имам Матуриди болса, осы имани ұстанымдардың негізінде Әбу Ханифа мазһабының біртұтас танымдық доктринасын толыққанды түзіп шыққан.

Имам Тахауидің бұл кітабының алғашқы атауы «Бәйән әһлис-сунна уал-жамаға», яғни «Сүннет және жамағат жұртының анықтамасы» болатын. Уақыт өте келе жалпақ жұртқа «Тахауи ақидасы» деген қысқаша атпен танылды. Сүннет жолын ұстанған үмбеттің діни-танымдық қағидаларын шегендеп берген шағын еңбекке талай ғалым-ғұламалар шарх-түсініктемелер жазған. Ол түсініктемелерге де қосымша түсіндірмелер жасалған.

Алайда сол еңбектердің барлығы бірдей сүннет жұртына тиесілі Ашғари және Матуриди мазһабтарына сай жазылмаған. Кейбір адасушы ағымдар өздерінің дүдәмал ой-пікірлерін негіздеу үшін Тахауидің сөздерін бұрмалап түсіндірмелер жазған. Сондықтан Тахауи ақидасының түсіндірмелеріне қол созбастан бұрын оның қай бағытта жазылғандығын анықтап алу қажет.

Бұл еңбектің Матуриди ақидасына сай жасалған түсіндірмелерінің негізгілері төмендегідей:

1. «Шарх ақида ат-Тахауия» кітабы, авторы: Исмаил ибн Ибраһим әш-Шәйбани (һижри 629 ж. қайтыс болған) Ахмет Фарид әл-Мазидидің тахқиқымен.

2. «Шарх әл-ақида әл-имам ат-Тахауи» кітабы, авторы: Әбу Хафс Сиражуддин әл-Ғазнауи әл-Һинди (һижри 773 ж. қайтыс болған) Хазим әл-Кәйләнидің және профессор Абдулқадыр Нассардың тахқиқымен.

3. «Шарх ақида әһл әс-Сунна уәл-жамаға» кітабы, авторы: Әкмәлуддин әл-Бабарти (һижри 786 ж. қайтыс болған). Бұл кітаптардан басқа қазіргі заманғы ғалымдар жазған түсіндірмелері де бар. Құрметпен, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

fatua.kz