Ислам – кең шариғатты дін. Өзіңізге белгілі, біздің дінімізде жалпы барша адамдармен, оның ішінде кітап иелерімен де ерекше жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Бір ғана ескерер шарт – кітап иелері мұсылмандарға одақтас және серіктес ел болып, қарсы іс-әрекет жасамаған жағдайда. Бұл байланыс шариғатта – әділдік, жақсылық және ешкімге жамандық жасамау негізіне құралады. Құран Кәрімде: «Алла дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде, Алла әділдік етушілерді жақсы көреді[1]», – деген аят бар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір муғаһидке[2] зұлымдық етсе, ақысын бермей қойса, шамасы келмейтін шаруа міндеттесе, қалауынсыз бір затын алып қойса, қиямет күні оның (муғаһидтің) қорғаушысы мен боламын[3]», – дейді. Хадис мұсылман елінде өмір сүретін кітап иелерінің құқығын толығымен баяндап тұр.
Сонымен бірге, кітап иелерімен өмірдегі барлық дерлік қарым-қатынас түрлеріне рұқсат бар. Олардың арақ-шарап және доңыз еті араласпаған тағамы мен сусыны – мұсылмандарға адал. Құран Кәрімде: «… Сондай-ақ, Кітап берілгендердің тағамы (бауыздаған малы) сендер үшін рұқсат елігне…[4]», – деген анық аят бар.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында Мадина қаласында мұсылмандармен бірге кітап иелері де тату-тәтті, бейбіт өмір сүрді. Яһуди әйелдің Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қонақ шақыруы, науқас яһуди жігіттің көңілін сұрап баруы, Нажран насаралық мешітте қарсы алып, сонда қонақ етуі – осы сөзіміздің ең үлгілі көрсеткіші. Бұл үрдіс халифалар заманында да өз жалғасын тапты. Оған ең жақсы мысалдың бірі – Омар бин Хаттаб (р.а.) халифаның Құдыс қаласы насараларына берген кепілдік хаты. Насаралардың өміріне, мал-мүлкіне, шіркеулеріне және басқа дүниелеріне қауіпсіздік кепілдігі берілген бұл хат тарихта «Омар кепілдігі» атымен қалған.