Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құлшылыққа құштарлық-әрбір мүміннің жүрегінің көркемдігін, ықылас, ыждағатының тереңдігін, Аллаға арнаған ғұмыр, тіршілігінің мәнділігін, асыл уақытының бекерге кетпегендігін көрсетеді. Алла Тағала өз сөздерінде: «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін шүйіншілейді»-десе /Исра, 9/, ары қарай ескерту тұрғысында «Ал сонда олар Құранды түсінбей ме? Егер Алладан басқаның қасынан болса еді, әрине онда олар көптеген қайшылықтар табар еді»,-деп түсіндіреді /Ниса, 82/. Ардақты Алла Расулы (с.ғ.с.): «Жүрегінде Құраны жоқ адам, қираған үй сияқты»,-деп тамаша салыстыру жасаған. Асылында, қираған үйдің адамға қандай пайдасы бар? Не игілігіңе жаратып, ішінде отыра алмайсың, не шаршап келгенде емен-жарқын тынысыңды кеңейтіп, деміңді ала алмайсың? Аллаһты еске алу арқылы жүректер тыныштық, береке тапса, қираған үйдей құлазыған, ғұмырлық түрлі мәселелерден шаршаған жүректі Аллаға деген рухани жақындықпен толтырып, Құранмен емдейтініміз, демалдыратынымыз хақ. Құлшылыққа деген ықыласты ояту үшін де жүрегіміз рухани сау, тірі болуы абзал емес пе?! Осы орайда Ұлы Раббымыз біздерге ұлы сөздерінің қасиеттілігі мен жетекшілігін тағы да есімізге салады: «Бұл Құран адамдар үшін көрнеу дәлелдер және нақ сенген елге жетекші әрі рахмет»/Жасия, 20/. Аллаһтың сөздерінің әрбір мағынасына зер сала отырып, ғибраттансақ, кемелдігіне ой жүгіртіп, зерделесек, өмір керуенінің бекерден-бекер жылжымағандығына, уақытты бос өткізбегендігімізге разы боламыз. Өмірден өткен салих адамдар бұрында Құрандағы қиямет жайындағы аяттарды оқығанда өздерін тоқтата алмай жүректері езіліп, жасқа толады екен, қазірде біздер солайша әсерленеміз бе?! Демек, біз тірі жүрекпен жылай алмағандығымыз үшін жылауымыз керек. Материалдық дүниеге байланған хал-ахуалымыздың руханилығын қайтсек көтере алармыз екен? Осы туралы соңғы рет ойландыңыз ба?! Ұлы Раббымыз: «Бірақ Алланың ықыласты құлдары басқа»,-дейді /Саффат, 74/, әрі бізді қуантып: «Бірақ кім тәубе қылып, иман келтірген түрде түзу іс істесе міне солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жәннатқа кіреді»-деді /Мәриям, 60/.
Құлшылыққа асқан ықылас танытқан жандары таза, жүректері сау, ізгі адамдардың өнегелі өмір белестеріне бір оралайық. Әли ибн әл-Хусейн егер дәрет алса, толқып кетеді екен. Үйіндегілер: «Саған дәрет алғанда не болады?»-деп сұраса, ол: «Сендер менің кімнің алдында тұрайын деп жатқанымды білесіңдер ме?»-дейді екен. Яғни, Ұлы Жаратушының алдындағы қатынасына ерекше мағына берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Амалдарыңның ең қайырлысы-намаз екенін біліңдер. Ал дәретке тек мүмін адам қатты көңіл бөледі» /Ахмад, Бәйһақи/. Құлшылыққа деген құштарлық-Аллаға деген кәміл махаббаттың нышаны болса, ғибадатқа деген салғырттық Хақ Тағалаға деген махаббаттың жоқ екендігін, жүректің бостығын, иллаһи ұмтылысты қажетсінбеудің белгісі. Егер Аллаһқа жақындығыңды білгің келсе, жасаған құлшылығыңа деген ықыласыңа назар аударсаң жеткілікті. Жаны тірі, ғибадатты өз дәрежесінде орындаған игі тұлғалар әуелі оқыған намаздарына қарап өздеріне ғұмырлық байлам жасаған екен. Мәселен, Омар ибн Хаттаб: «Мен бір кісінің намазды жоғалтқанын /салақтық жібергенін/ көрсем, оның басқа істерге одан да қатты немқұрайлылықпен қарайтынына Аллаһпен ант етемін»-деген. Сонымен қатар намазда ұзын-сонар ойлардың жетегінен айыға алмай, имани деңгейде рухымыз нәрлене алмаса, жан дүниемізді ағарта алмасақ, онда ешбір қайырдың жоқтығы. Әли (р.а.): «Құранның мағынасына зер салмай, ықылассыз оқудан қайыр жоқ, ықылассыз жасалған дұғадан қайыр жоқ және ықылассыз жасалған құлшылықтан қайыр жоқ»,-деген екен. Әбу Ъалия болса: «Мен бір кісіге жету үшін бір күн бойы жүруші едім. Кейін оның ең алдымен намазға мән беруіне қарайтынмын. Егер ол намазына берік болса, онда онымен бірге тұрып, оның насихаттарын тыңдайтын едім. Ал, егер ол намазына немқұрайлы қарайтын болса, онда одан бір нәрсе тыңдамай қайтатынмын да: «Ол намаздан басқасына одан да немқұрайлы» дейтінмін»-деген. Осындай немқұрайлықтың өзі жанды көлеңкелеп, жүректі байлап, Аллаға деген сүйіспеншілікті алып қояды. Енді имани заңғарда бізге әрқашан тағылым болған ізгілердің құлшылық жасау көріністеріне назар аударайық. Софиан Саури былай жеткізеді: «Бір күні кешке Рабиғаның жанында болдым. Михрабқа бет бұрып, таң атқанша намаз оқыды. Мен де бір бұрышта намаз оқыдым. Таң атқан соң Рабиға ғибадат етуден шаршаған болар деп ойладым. Бірақ маған: «Алла түнімен құлшылық жасауыма қуат берді. Кел, алғыс ретінде күнімен ораза ұстайық!»-деді». Не деген ықылас десеңізші! Абдуллаһ ибн Зубайр рукуғта ұзақ тұратындықтан арқасына жәндіктер шығып кетеді екен, ал сәждеде жерге тасталған бір киім секілді жатады. Әли ибн Фудайл: «Әс-Сауридің сәждеде тұрғанын көрдім. Мен Қағбаны 7 рет айналып шыққанымда, ол әлі басын көтермеген еді»-деп куәлік береді. Малек Динар түн баласында ұдайы сергек болып, ғибадат ететін. Бір күні қызы оған: «Әке! Бір сәт болса да көз шырымын алсаңшы!»,-дейді. Малек оған: «Ей, перзентім! Әкең ұйқыда болса, Алланың қаһарының әскері шабуыл жасай ма деп және де Алла мейірім, шапағатын төккен сәтте ұйқыда болып, қапыда қаламын ба деп қорқады»-деп жауап береді. Юсуп ибн Абдуллаһ: «Егер менің тауығым жоғалса, орнына басқасын табармын. Ал, намазым жоғалса, оның орнын еш нәрсемен толтыра алмаспын»,-дейтін. Бұның баршасы да ақырет ісін алдыға қойып, Алланың алдында құлшылық етудің қадір, қасиетіне айырықша назар аударған ислами тұлғалардың тақуалығын, құлшылыққа деген құлшынысын, иллаһи ықыласқа деген ынтасын танытады. Денеміз намазда болып, ой-қиялымыз бен ниетіміз алты қырдан асып жатса және ондай нәпсілік толқыныстарға тежеу қоя алмасақ, біздің де Ұлы Алла Тағала алдында қандай абыройымыз һәм сауабымыз болмақ?! Сондықтан ілгеріде мәлімделген қираған үйдей жан дүниемізді дүниауи нәрселермен толтыра бермей, ұйқыдағы жүректерді оятып, ғибадатқа деген құлшынысқа, Ұлы Аллаға деген сүйіспеншілікке толтырайық!
Меруерт Бақдәулетқызы