الأذان» » — «азан» сөзінің тілдік мағынасы: хабарлау. Шариғаттағы терминдік мағынасы: парыз намаздың уақыты кіргенін білдіруге арналған зікір сөз.
الإقامة» » — «қамат» сөзінің шариғаттағы мағынасы: парыз намазын атқаруға келген мұсылмандарды намазға тұрғызуға арналған зікір сөз.
Азанның заңдылығы
Құраннан дәлел: Аллаһ тағала:
«Және сендер намазға азан шақырғанда олар оны ажуа етіп, ойынға айналдырды. Бұл олардың – ақыл жұмсамайтын адамдар екенін білдіреді»[1], – деген.
Сүннеттен дәлел: Мәлик ибн ал-Хуайрис (Аллаһ оған разы болсын):
Пайғамбардың (ﷺ): «Намаз уақыты кіргенде біреуің азан шақырып, үлкендерің имам болсын!»[2], – деп айтқанын жеткізген.
Азанның пайда болу тарихы
Бірінші риуаят: Абдулла ибн Зайдтан (Аллаһ оған разы болсын):
«Аллаһтың елшісі (ﷺ) адамдарды намазға жинау үшін даңғыраға ұруға бұйырғанда мен түс көрдім. Түсімде мені қолында даңғырасы бар бір адам айналып жүрді. Мен оған: «Ей Аллаһтың құлы, даңғыраны маған сатасың ба?», – дедім. Ол: «Онымен не істейсің?», – деп сұрады. Мен: «Онымен адамдарды намазға шақырамын», – дедім. Ол: «Саған одан да жақсы нәрсені көрсетейін бе?», – деді. Мен: «Әрине!», – дедім. Ол: «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Хаййа ала-с-соаолаһ! Хаййа ала-с-соолаһ! Хаййа ала-л-фалаах! Хаййа ала-л-фалаах! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллоһ!», – деп шақыр деді. Кейін менен көп алыстамай тұрды. Сосын: «Намазға тұрғызғанда: Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Хаййа ала-с-соаолаһ! Хаййа ала-л-фалаах! Қод қоамати-с-солааһ! Қод қоомати-с-солааһ! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллоһ!, – деп айт!», – деді. Таңертең Аллаһ елшісіне (ﷺ) барып, көрген түсімді айтып бердім. Ол: «Аллаһ қаласа, әлбетте, бұл – шынайы түс. Биләлмен қатар тұрып, оған көргеніңді айтып тұр. Ол онымен адамдарды шақырсын. Өйткені, саған қарағанда Биләлдің даусы күштірек», – деді. Мен Биләлмен қатар тұрып, оған түсімдегі сөздерді айтуға кірісіп, ол азан шақыра бастады. Омар ибн ал-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын) азанды естігенде үйінен жүгіріп шықты. Көйлегін жолшыбай киіп: «Ей Аллаһтың елшісі! Сені ақиқатпен жіберген Аллаһ тағалаға серт! Оның көргенін мен де көрдім», – деді. Сонда Аллаһтың елшісі: «Әлхамдулилләһ!», – деді деген.[3]
Екінші риуаят: Абдрахман ибн Әбу Ләйладан:
«Аллаһ елшісінің (ﷺ) сахабаларынан: Абдулла ибн Зайд әл-Ансоори (Аллаһ оғанразы болсын) Пайғамбарға (ﷺ) келіп: «Ей, Аллаһтың елшісі! Түсімде екі жасылтүсті киім киген кісініің дуал үстінде тұрып екі-екі мәртеден азан шақырғанын және екі-екі мәрте қамат айтқанын көрдім», – деген.[4]
Азан мен қамат сөздерінің саны:
Әбу Махзурадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаяттар:
«Аллаһ елшісі (ﷺ) оған азан сөздерін 19 және қамат сөздерін 17 етіп үйреткен.
Азан сөздері: Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Хаййа ала-с-соаолаһ! Хаййа ала-с-соолаһ! Хаййа ала-л-фалаах! Хаййа ала-л-фалаах! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллоһ!
Қамат сөздері: Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әллә иләһә иллаллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Әшһаду әнна Мухаммдан росуулуллоһ! Хаййа ала-с-соаолаһ! Хаййа ала-с-соолаһ! Хаййа ала-л-фалаах! Хаййа ала-л-фалаах! Қод қоамати-с-солааһ! Қод қоомати-с-солааһ! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллоһ!», – деп риуаят етілген. [5]
Тағы бір риуаяттың соңында Аллаһ елшісі (ﷺ) оған:
«Таң намазына шақырғанда: ас-Солаату хойрум-минан-наум! ас-Солаату хойрум-минан-наум! Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһа иллаллоһ», – деп айт деген. [6]
Мәзһабтар бойынша азан мен қамат сөздерінің саны:
Азан мен қаматтың сөздерін сипаттаған сахих хадистер әртүрлі бейнеде жеткен.
Азан сөздеріне қатысты: Бізде және ханбалилерде Абдулла ибн Зайдтан жеткен хадис бойынша азанның сөздері 15 деп қабылданған. Ал мәликилер мен шафиғилерде Әбу Махзураның азаны бойынша 19 деген санға тоқтаған.
Қамат сөздеріне қатысты: Абдулла ибн Зайдттың екінші риуаяты мен Әбу Махзураның қаматы бойынша бізде қамат сөздері – 17. Анастан жеткен Биләлдің азаны бойынша мәликилерде – 10. Абдулла ибн Зайдтың бірінші риуаяты мен Ибн Омардан жеткен хабар бойынша шафиғилер мен ханбалилерде – 11.
Азан мен азаншының артықшылығы
Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (ﷺ):
«Адамдар азан мен бірінші сапта қандай жақсылық барлығы білгенде бұл екеуін өзара бөлісіп алудан басқа шара таппай, барлығы оған ортақ болар еді»; [7]
«Имам – кепіл, ал азаншы – сенуге лайықты тұлға. Аллаһым, имамды туралыққа қой және азаншыны кешіре гөр», – деп айтқанын жеткізген. [8]
«Ислам ғибадаты» кітабынан
1 «әл-Маида» сүресі: 58.
2 «Сахих әл-Бухари»: 1/128.
3 «Сунан Әби Дәуд»: 1/187. Дәрежесі: сахих.
4 «Сахих Әби Дәуд»: 2/427. Әбу Бәкір аш-Шайбанидің «әл-Әәхаад уа әл-Мәсәәни» (3/438) кітабында: «Ол кісі екі-екі мәртеден намазға азан шақырды. Азанды аяқтаған соң бір отырып алды. Сосын қайта тұрып екі-екі мәртеден қамат айтты. Таң атқанда Абдулла Аллаһ елшісіне (соллаллоһу алайһи уа саллам) барып, көрген нәрсесін әңгімелеп берді. Аллаһтың елшісі (соллаллоһу алайһи уа саллам): «Тұр да Биләлға бар! Оған көрген нәрсеңді үйрет!», – деді. Сонда Омар: «Ей, Аллаһтың елшісі! Сені құрметке бөлеген Аллаһқа серт, бұл түні оған көрінген нәрсе маған да көрінді», – деді. Пайғамбар (соллаллоһу алайһи уа саллам): «Оны хабарлауыңнан сені не тоқтатты?», – деп сұрады. Ол: «Абдулла хабарлап жатқанын естіген кезімде айтуға қысылған едім», – деді деп»,– деп келтірілген.
5 «Сунан Әби Дәуд»: 1/191. Дәрежесі: хасан сахих.
6 «Сунан Әби Дәуд»: 1/ 189. Дәрежесі: сахих.
7 «Сахих әл-Бухари»: 1/126.
8 «Сахих Ибн Хозиима»: 3/15. Имам имамдық жауапкершілігін өз міндетіне алып кепіл болса, азаншы намаз уақытын күзету жауапкершілігін өз міндетіне алған кепіл болып табылады. Әбу Жағфар ат-Тохаауи: «Азаншы сенуге лайықты тұлға сөзінің мағынасы бізде, әрине, Аллаһ жақсырақ біледі, азаншы азан шақыратын уақыттар өзіне сеніммен тапсырылған тұлға. Адамдар намаз, оразада ауыз бекіту, ауыз ашу секілді амалдарын соның азанына негіздеп орындайды. Ал имам – кепіл сөзінің мағынасы, әрине Аллаһ жақсырақ біледі, оған ұюшылар намаздарының дұрыстығы мен бұзылуы оның намазымен тікелей байланысты. Сондықтан олардың намаздарының дұрыс болуына имамның намзаның дұрыстығы кепіл болады.», – деген. Бұл хадистен шығатын тұжырым: имам мен азаншы – мұсылмандар сенім артқан тұлғалар. Имам намаздың, ал азаншы намаз уақытының дұрыстығына жауап береді.
Дереккөз: hanafi.kz