Азан мен қаматтың үкімі

1. Ер адамдар үшін бес уақыт намаз бен жұма намазына екеуінің де үкімі – бекітілген сүннет. Мәлик ибн ал-Хуайрис (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың(ﷺ):

«Намаз уақыты кіргенде біреуің азан шақырып, үлкендерің имам болсын!», – деп айтқанын жеткізген.[1]

2. Далада жалғыз оқушыға да – сүннет. `Уқба ибн Амир (Аллаһ оған разы болсын) Алла Елшісінің (ﷺ):

«Тау етегінде қой баққан кісі азан шақыруы және намаз оқуы Раббыларыңа ұнайды. Сонда Үстем және Ұлы Аллаһ: «Мына құлыма қараңдар! Азан шақырып, намазға тұрады, Менен қорқады. Мен бұл құлымның күнәларын кешіріп, жәннатқа кіргіземін», – деді», – деп айтқанын риуаят еткен. [2]

3. Үйде жалғыз оқыған кісіге де – сүннет. Ал аймақтың азанын естіген кісі намазын азан айтпай оқыса, Ибн Масғудтың: «Аймақтың азаны жеткілікті», [3] – деген сөзіне сай оқасы жоқ.

4. Нәпіл намаздары үшін азан мен қамат айтылмайды. Жамағатпен оқылатын екі айт, кусуф (күн тұтылу), истисқа (жаңбыр тілеу), тарауық және жаназа намаздарына «ас-солату жамиға» деп шақырылады. Абдулла ибн Амру (Аллаһ оған разы болсын):

«Аллаһ Eлшісінің (ﷺ)заманында күн тұтылған кезде «ас-солаату жаами`а», – деп шақырылған», – деген. [4]

5. Қаза намазын өтеушіге де – сүннет. Қаза намаздардың саны бірнешеу болса, бір азан шақырылып, әр қаза намазға жеке қамат түсіріледі. Кім қаласа, әр қаза парызға қамат түсірер алдында азан айтуына тыйым салынбайды. Абдулла ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын):

«Хандақ шайқасы күні мүшріктер Аллаһтың Eлшісін (ﷺ) төрт намаздан алаңдатқан еді. Аллаһтың қалауымен түннің біраз бөлігі өткенде Пайғамбар (ﷺ)Биләлға азан айтуын бұйырған. Ол азан айтқан. Кейін қамат айтып, бесін намазын оқыған. Сосын қамат айтып, екіндіні оқыған. Содан соң қамат айтып, ақшамды оқыған. Бұдан кейін қамат айтып, құптанды оқыған», – деп айтқан. [5]

6. Әйелдер үшін азан шақыру мен қамат түсіру – мәкрүһ.

Тармақты мәселелер

 Әйел кісінің әдеттегі сөйлеген дауысы әуретке жатпайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

«Пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрамақшы болсаңдар, перденің артынан сұраңдар. Бұларың – сендердің жүректерің мен олардың жүректерінің тазалығын сақтау үшін», – деп айтқан. [6]

Сондай-ақ Пайғамбар (ﷺ) заманында әйел кісілер одан көптеген мәселелерінің жауабын сұраған,шағымдарын айтқан. Сол секілді Пайғамбар (ﷺ)дүниеден өткен соң сахабалар даоның әйелдерінен кейбір үкімдерді сұрап, жауаптарын тыңдаған. Халифалар мен кейінгі әміршілердің кездерінде солай болған.

 Әйел кісі ер кісіге сәлем берсе, ер кісінің оған ішінен жауап беруі әдепке жатады. Сол секілді ер кісі әйел кісіге сәлем берсе, ол да ішінен жауап береді. Сондай-ақ әйелдердің жамағатына ер кісінің сәлем беруіне шариғат рұқсат етеді. Асма бинт Йазид (Аллаһ оған разы болсын):

«Пайғамбар (ﷺ)бір топ әйелдерді құраған біздің қасымыздан өтіп бізге сәлем берді», – деген.[7]

 Әйел кісінің әуенді үні бөтен еркек үшін әурет саналады. Өйткені әуенді үн бөтен еркектерді қызықтырып, жүректерін еліктіреді және шәһуаттарын қозғайды. Сол себептен шариғатта әйел кісіге азан шақыруға рұқсат етілмейді. Өйткені азан – хабарлау. Хабарлау жүзеге асуы үшін дауыс көтеру қажет. Ал әйел кісіге көтеріңкі даусын ер кісілердің жамағатына естіртуіне болмайды. Қаматтың үкімі азан үкіміне ереді.

 Әйел кісілер өздері бөлек жамағатпен намаз оқыса[8], азан шақырмайды, қамат айтпайды. [9] Дауыстап оқылатын намаздарды іштерінен оқиды. [10]

 Әйел заты имамға ұйып намаз оқығанда тәкбірді ішінен айтады. Егерде имам намаз үстінде жаңылысса, оны даусымен емес, қол соғып қана білдіреді. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (ﷺ):

«Таспих айтып білдіру – еркектер үшін, ал қол соғып[11] білдіру – әйелдер үшін», – деп айтқанын жеткізген. [12] Әйел кісінің қылымсыған, назды дауыспен не азғырушы мағынада сөйлеуі – харам. Бұл Аллаһ Tағаланың Құран Кәрімде:

«Қылымсып сөйлемеңдер! Әйтпесе жүрегінде дерті бар кісі дәмеленеді. Сондай-ақ жақсы (қажет) сөзді сөйлеңдер!»,[13] – деп айтқан кесімді үкіміне негізделген.

Азан мен қаматтың шарттары

1. Намаз уақытының кіруі. Өйткені азан намаз уақытының кіргендігін хабарлайды. Ал қамат сап түзетіп, намаздың басталуын білдіреді. Уақыт кірмей шақырылған азан уақыты кіргенде қайта шақырылуы шарт.

2. Араб тілінде айтылуы. Азанды басқа тілде шақыру дұрыс емес.

3. Азан мен қамат сөздерінің реттік тәртібін сақтау және араларын ұзаққа үзбеу.

4. Жамағаттан бірқатар адамның естуі.

5. Азаншының ақыл-есі дұрыс, ер мұсылман болуы. Кәпірге, жындыға және мас кісіге азан шақырту дұрыс емес. Пасық пен жүніп күйдегі адамның азан шақыруы – мәкруһ тахриман. Мұндай азанды қайта шақыру – мустахаб.

6. Бір адамның шақыруы. Жартысын біреу, келесі жартысын басқа біреу шақырған азанның дұрыстығы жойылады.

Азан мен қаматтың сүннеттері мен мустахабтары

1. Азаншының сүннет пен намаз уақыттарын жетік білетін салиқалы және адал кісі болуы. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Азанды жақсыларың шақырсын және Құранды көп білетіндерің имам болсын!», – дегенін жеткізген.[14]

2. Дәретті болу. Өйткені азан намазбен байланысты зікір. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Намазға тек дәретті кісі азан шақырады», – деп айтқанын риуаят еткен. [15]

3. Тұрып айту. Сондай-ақ дуалдың немесе мұнараның үстінен шақыру. Абдулла ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) азан туралы жеткізген хадисінің соңында Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Ей, Биләл, тұр да намазға шақыр!», – деді деп айтқан. [16]

4. Уақытты күзету жауапкершілігіне жан-жақты лайықты болуы үшін, азаншының азат, балиғатқа жаста және көзі көретін болуы.

5. Құбыла тарапына қарап шақыру. Хаййа алал-фалаах пен хаййа алас-соола сөздерін айтқан сәттерде жүзді оңға және солға бұру. Бірақ дене қозғалмайды.

6. Екі саусақты екі құлаққа кіргізіп ұстау. Бұл дауыстың күшеюіне септігін тигізеді. Әбу Жухайфа әкесінен (Аллаһ оған разы болсын):

«Биләлдің азан шақырғанын көрдім. Сонда ол жүзін онда-мұнда айналата бұрды. Және екі саусағы құлақтарының ішінде болды», – деген. [17]

7. Азан сөздерін асықпай мәнерлеп айту. Ал қамат сөздерін араларын үзбей тез айту. Жәбир ибн Абдулла (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ) Биләлға (Аллаһ оған разы болсын):

«Ей, Биләл! Азаныңда сөздерді мәнерлеп айт! Ал қаматыңда сөздерді тездетіп айт!», – дегенін риуаят еткен. [18]

8. Азаншы даусының қашықтыққа жететіндей жақсы болуы. Аллаһтың Eлшісі (ﷺ): Абдулла ибн Зайдқа (Аллаһ оған разы болсын):

«Аллаһ қаласа, әлбетте, бұл – шынайы түс. Биләлмен қатар тұрып, оған көргеніңді айтып тұр. Ол онымен адамдарды шақырсын. Өйткені, саған қарағанда Биләлдің даусы күштірек», – деп айтқан. [19]

9. Азан мен қамат арасына үзіліс жасау. Бұл жамағаттың дәрет алып, намазға әзір болулары үшін. Жәбир ибн Самура (Аллаһ оған разы болсын):

«Биләл күн тас төбеден еңкейген сәтте азан шақырушы еді. Бұдан кешіктірмеген. Сосын Пайғамбар (ﷺ) шықпайынша қамат айтпаған. Аллаһ елшісі шыққанда ғана оны көре сала қамат айтқан», – деген. [20] Үзіліс жасамай, қаматты іле-шала айту – мәкруһ. Үзілістің ұзақ болмауы ақшам намазына қатысты ерекше ескеріледі.

10. Азаншының азанды ақы үшін емес, сауап үшін шақыруы. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (ﷺ):

«Кім жеті жыл сауап тілеп, азан шақырса, оған оттан құтылу жазылады», [21] – дегенін риуаят еткен. Тағы бір хадисте Усман ибн Әбу әл-Аас (Аллаһ оған разы болсын):

«Аллаһтың Eлшісінің (ﷺ) менен алған ең соңғы серті – азан шақырғаны үшін ақы алмайтын азаншыны тағайындауым еді», – деген. [22]

11. Мешітте екі азаншының болуы мустахаб. Өйткені Пайғамбардың (ﷺ) екі азаншысы: Биләл мен Ибн Умми Мактум (Аллаһ оларға разы болсын) болған. Қажеттілік туса, aзаншылар санын төртке жеткізсе де болады. Мысалы, халифа Усманның (Аллаһ оған разы болсын) төрт азаншысы болған.

12. Азанды намаз уақыты кірген сәтте шақыру. 13. Азаннан кейін бөгеліп қалған адамдарға: «Ей, намаз оқушылар! Намаз! Намаз!», – деп шақыру мустахаб. 14. Азан естіген кісіге азан аяқталмайынша орнынан тұрмауы мустахаб. 15. Қаматты азан шақырған кісінің айтуы мустахаб. Алайда қаматты басқа кісі айтса, оқасы жоқ.

Азан мен қаматтың мәкрүһтері

1. Азан сүннеттерінің атқарусыз қалуы.

2. Азан сөздері өзгеріп кететіндей бейнеде шектен тыс әндету, ұзақ созу.

3. Азан айтып тұрған кісіге сәлем беру. Сондай-ақ оның сәлемге жауап беруі.

4. Бойдәретсіз айту – мәкруһ тахриман.

5. Дәретсіз айту – мәкрүһ танзиһан.

6. Ақылы толмаған сәбидің айтуы.

7. Жұма намазын өткізіп алған кісіге бесінді оқуы үшін азан мен қамат айтуы.

8. Азан естіп тұрған кісілердің сөйлесіп тұруы.

9. Азан аяқталғанда мешіттен қажетсіз шығу. Әбу Ша`сәә:

«Әбу Һурайрамен (Аллаһ оған разы болсын) бірге мешітте отырған едік. Азаншы азан айтқанда бір кісі орнынан тұрып, мешіттен шығуға бет алды. Ол мешіттен шыққанша Әбу Һурайра одан көзін алмады. Сосын Әбу Һурайра: «Расында, мынау кісі Әбу Қосимның тілін алмаған болды» [23], – деді деген.

Азан естіген мұсылманға төмендегі істерді істеуі сүннет

1. Азан сөздерін қайталау. Еттеккір мен нифас күйдегі әйел затын айтпағанда дәретсіз не бойдәретсіз кісінің азан сөздерін қайталауына рұқсат етіледі. Сол секілді жаназа уағызын тыңдап тұрған кісілерге, төсек қатынасындағы ерлі-зайыптыларға, әжетханадағы кісіге, тәлім үйретуші мен үйренушеге бұл уақытта азан сөздерін қайталамағаны жөн. Ал жалғыз өзі Құран оқып отырған кісіге азан сөздерін қайталауы қажет.

2. Кітап оқып немесе зікір айтып отырса, оны тоқтата тұруы, сөйлемеуі, басқа іспен шұғылданбауы сүннет.Сондай-ақ жүріп келе жатқан кісіге, әрине, егер шұғыл болмаса, тоқтап қайталуы мустахаб.

3. Хаййа алал-фалаах пен хаййа алас-соола сөздерін естіген сәтте Лә хаула уа лә қууатә деп айту.

4. Реттік тәртіпке ілесіп қайталау. Әбу Саиид әл-Хұдри (Аллаһ оған разы болсын): Аллаһ Eлшісі (ﷺ):

«Азан естігендеріңде азаншының айтқанын сендер де айтыңдар!», – деді деген.[24]

5. Азан сөздерін қайталаған соң Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат және сәлем тілеу. Сосын азанның арнайы дұғасын айту. Абдулла ибн `Амру ибн ал-`Аас (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (ﷺ):

«Азаншыны естігенде оның айтқанын сендер де айтыңдар. Сосын маған салауат тілеңдер. Расында, кім маған бір мәрте салауат тілесе, сол үшін Аллаһ та оған он мәрте салауат тілейді. Кейін маған Аллаһ тағаладан «әл-Уәсилә» сұраңдар. Расында, ол – жәннаттағы дәреже. Ол Аллаһтың құлдары ішіндегі бір ғана құлға тиесілі және сол құл мен боларымды үміт етемін. Кім маған Аллаһтан «әл-Уәсилә» сұраса, оған шапағат нәсіп болады», – деп айтқанын жеткізген.[25] Жабир ибн Абдулла (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Кім азан естігенде: «Аллаһым! Ей, осы кәміл азан мен атқарылмақ намаздың Раббысы! Мұхаммедке әл-Уәсиләны және артықшылық мәртебесін сыйлашы. Оны Өзің уәде еткен мақтаулы орында тірілте гөр», – десе, оған менің шапағатым нәсіп болады», – дегенін риуаят еткен.[26]

6. Азан мен қаматтың арасында дұға жасау. Өйткені бұл уақытта жасалған дұға жауапсыз қалмайды. Әнас ибн Мәликтен (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаятта Аллаһ Eлшісі (ﷺ):

«Біліңдер! Расында, азан мен қамат арасындағы дұға жауапсыз қалмайды. Дұға тілеңдер!», – деп айтты деген. [27] Тағы бір хадисте Абдулла ибн Амру (Аллаһ оған разы болсын):

Бір кісі Пайғамбарға (ﷺ): «Ей, Аллаһтың Eлшсі (ﷺ), азаншылардың артықшылығы бізден асып түсуде», – деді. Аллаһ елшісі : «Азаншылардың айтқанын сен де айт! Айтып болғаныңда Аллаһтан сұра, сұрағаның беріледі», – деді деп айтқан.[28] Әбу Са`иид әл-Хұдри (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Кім азан естігенде: «Серігі жоқ жалғыз Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне мен де куәлік етемін. Раббым ретінде Аллаһқа, дін ретінде Исламға және елші ретінде Мұаммедке ризамын», – десе, оған жәннат уәжіп болады», – деп айтқанын жеткізген. [29] Ал Сад ибн ӘбиУаққастан жеткен риуаятта: «…күнәсы кешіріледі», – деп айтылған.[30]

7. Намазға келіп отырған жамағат қаматтағы хаййа алал-фалаах сөзін естігенде және имам түрегелген сәтте орындарынан көтеріледі.

Азанның намаздан басқа істермен байланысы[31]

1. Дүниеге келген сәбиді шайтанның зиянынан сақтау үшін, оң құлағына азан, сол құлағына қамат сөздерін айту – мустахаб. Убайдулла ибн Әбу Роофи` (Аллаһ оған разы болсын):

«Фатима Хасан ибн Әлиді (Аллаһ оларға разы болсын) дүниеге әкелгенде Аллаһ Eлшісінің (ﷺ) оның құлағына азан айтқанын көрдім», – деп айтқан.[32]

2. Өрт пен соғыс апаттары басталғанда адамдарға хабарлау үшін.

3. Жын соққан, сиқырланған, қатты ашуланған кісінің құлағына азан сөздерін айту. Өйткені шайтан азанды естігенде қашып кетеді. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын): Аллаһ Eлшісі (ﷺ):

«Намазға азан шақырылған кезде оны естімеуі үшін шайтан теріс айналып, жел шығарған күйде қашады», – деп айтты деген.[33]

«Ислам ғибадаты» кітабынан

[1] «Сахих әл-Бухари»: 1/128.

[2] «Сунан Әби Дәуд»: 1/466. Дәрежесі: сахих.

[3] «ал-Фиқһ ал-Ислами уа Адиллатуһу», 1-т,. 696 б.

[4] «Сахих әл-Бухари!: 2/36.

[5] «Муснад Ибн Әби Шайба»: 1/319. Дәрежесі: мурсал.

[6] «әл-Ахзап» сүресі: 53.

[7] «Сунан Әби Дәуд»: 4/518. Дәрежесі: сахих.

[8] Біздің мәзһабта әйел кісілерге жеке өздері жамағатпен оқуларына рұқсат мәкрүһ үкімінен ажырамайды. Мәликилерде мүлде рұқсат етілмейді. Шафиғилер мен ханбалилерде мустахаб үкімі жүреді.

[9] «әл-Жауһар ан-Наййира»: 1/239.

[10] «әл-Жауһар ан-Наййира»: 1/215.

[11] Екі алақанды емес, оң қолының алақанын сол қолының сыртқы тарапына не керісінше сол қолының алақанын оң қолының сыртқы тарапына соғады. Бадруддин әл-Айни. «Умдату әл-ҚоориШарх Сахих әл-Бухари»: 6/372.

[12] «Сахих әл-Бухари»: 2/63.

[13] «әл-Ахзап» сүресі: 32.

[14] «Сунан Әби Дәуд»: 1/230. Дәрежесі: хасан.

[15] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/390. Дәрежесі: мауқуф.

[16] «Сахих Муслим»: 1/285.

[17] «Муснад ас-Сохааба фи әл-Кутуб ат-Тис`а»: 42/76. ат-Тирмизи риуаят еткен және хасан сахих хадис деп бағалаған.

[18] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/373. Дәрежесі: әлсіз. Алайда фақиһтардың барлығында бұл хадис дәлелге алынады.

[19] «Сунан Әби Дәуд»: 1/187. Дәрежесі: сахих.

[20] «Муснад ас-Сохаба фи әл-Кутуб ат-Тис`а»: 35/67. Дәрежесі: хасан.

[21] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/400. Дәрежесі: әлсіз.

[22] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/409. Дәрежесі: хасан сахих. Бұл хадистің негізінде имам Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша азан үшін ақы алу мәкруһ саналған. Алайда кейінгі заманда ерікті азаншылардың болмауына қатысты және ислам рәсімдерін сақтау мақсатымен ханафи мазһабының кейінгі ғұламалары азаншының ақы алуына рұқсат еткен.

[23] «Сахих Муслим»: 1/453.

[24] «Сунан Әби Дәуд»: 1/206. Дәрежесі: сахих.

[25] Әбу Дәуд жеткізді [26] «Сунан Әби Дәуд»: 1/208. Дәрежесі: сахих.

[27] «Муснад Әби Йа`лаа»: 6/353. Дәрежесі: сахих.

[28] «Сунан Әби Дәуд»: 1/207. Дәрежесі: хасан сахих.

[29] «Сунан Әби Дәуд»: 1/562. Дәрежесі: сахих.

[30] «Сунан Ибн Мажа»: 1/238. Дәрежесі: сахих.

[31] «ал-Фиқһ ал-Ислами уа Адиллатуһу»: 1/720.

[32] «Сунан ат-Тирмизи»: 4/97. Дәрежесі: хасан сахих.

[33] «Сахих әл-Бухари»: 2/67.

Дереккөз: hanafi.kz