Сенің, Алланың саған рақымы болсын, мынаны білгенің дұрыс: Алланың құлы үйінен шығып, мешітке бет алған кезде ол Аса Ұлы, Жалғыз және бәрінен Үстем, Шексіз Ұлылықтың иесі, Кешіруші Аллаға жүзін бұру үшін барады. Және ол Алладан ештеңені де жасыру мүмкін еместігін жақсы біледі, мейлі ол зат жердің қай бұрышында болса да, Алладан ештеңе де жасырын емес, тіпті қыша түйіршігіндей кішкентай зат та, көлемі жағынан одан да кіші, не одан да үлкен заттар да Алладан жасырына алмайды — жеті қат жер астында да, жеті қат аспанда да, теңіздерде, қозғалмайтын және мызғымас заңғар тауларда да Аллаға жасырын болар заттың болмасын ол, Алланың құлы жақсы біледі.

Сондықтан, араларыңнан біреуің өз үйінен шығып, мешітке бет алған кезде оның ақырын ғана дүниелік істерге еш қатысы жоқ — Алланы еске салатын зікір сөздерін айтып барғаны абзал. Оның Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әмір еткендей жолда байыппен жүргені дұрыс. Алла разылығына ынтыққан және соны шынымен қалайтын жүрекпен, Алланың қаһарының алдындағы қорқынышпен және Алланы мойындап, Оның алдында момындық танытқан күйде аттанғаны жөн. Ол Алланың алдында неғұрлым мойынсұнған, бас иген күйде тұрып, құл болып неғұрлым Раббысына момындық танытса, намазында да соғұрлым ықыласты әрі тақуалық танытқан күйде тұрмақ. Және алатын несібесі де соғұрлым артып, Аллаға жақын әрі абзал құлдардың қатарына қосылмақ.

Бірақ егер ол тәкаппарлық танытатын болса, Алла оны жермен-жексен етіп, оның амалдарын жоққа шығарады, себебі менмендердің амалдары ешқашан қабыл болмайды. Мына бір хадисте Алланың Халилі болған Ибрахим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) түні бойы Аллаға құлшылық қылып, зікір айтып Оны ұлықтағандығы айтылады. Ал ертесіне өзінің түнгі құлшылығына көңіл толтырған ол: «Алла қандай керемет және Оның құлы Ибрахим қандай керемет» дейді. Келесі күні тамағын бөлісетін адам таппай, ал ол тамағымен өзге біреумен бөліскенді жақсы көретін, жолға шығып отырады. Сөйтеді де, асын бөлісіп ішетін қандай да бір адамның келуін күтеді. Сол мезетте көктен екі періште жерге түсіп, Ибрахимге (оған Алланың сәлемі болсын) жақындайды. Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) оларды тамақ ішуге шақырып, олар шақыруды қабыл алады. Кейін Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) оларға жақын жердегі тұщы суы бар баққа қарай өтулерін сұрайды. Олар бұлақтың көзі тартылып, жер астына кетіп қалғанын және онда су жоқ екенін көру үшін ғана баққа баруға келіседі. Бұл Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) үшін ауыр соққы болады және оларға ұсыныс білдіргені үшін қатты ұялады. Ал періштелер болса, оған: «Раббыңнан су көзін қайтаруын сұра», — дейді. Ибрахим (оған Алланың сәлемі болсын) дәл солай жасайды, бірақ тамшы да су шықпайды. Ол бұған қатты қынжылып, періштелерге: «Алладан сендер сұраңдаршы» дейді. Сөйтіп, олардың біреуі Алладан су сұрап еді, ғажап: су қайтып келеді. Кейін екіншісі Алладан сұрағанда, су оларға қарай жақынырақ аға бастады. Осыдан кейін періштелер оған алдыңғы түнде жасаған құлшылығына масаттанғаны үшін оның дұғасының қабыл болмағанын айтады.

Сондықтан, Алланың саған рақымы болсын, тәкаппарлықтан сақтан, себебі тәкаппарлықпен жасалған амалдың ешбірі қабыл болмайды. Намазыңда ықыласты бол. Егер араларыңнан біреуің Алла алдында намазға тұрса, Алланың оған үлкен де ұлы нығметтер беріп, ерекше ықылас нәсіп еткендігін жүрегімен түйсініп, соны жүрегінде сақтауы тиіс. Өйткені Алла оған ерекше рақымшылық көрсетті, ал ол болса өзін күнәға батырды. Сол себепті ол Алла алдында мейлінше мойынсұнып, момындық танытуы керек.

Әбу әд-Дардадан жеткен хадисте ол былай дейді: «Мейлі менің бетім Раббым үшін шаң болсын. Расында, бұл Аллаға құлшылық етудің ең керемет түрі». Олай болса, ешқайсыларың шаңға малынудан қорықпай, топыраққа бетін төсеп, сәждеге жығылудан тартынбасын, бұл амалды орындауда еш жақтыртпаушылық танытпасын. Сендердің ешқайсыларың асыра әрекет етуден қорықпасын. Себебі, ақиқатында бұл оның құлдықтан азат болып, тозақы мәңгі оттан құтылуға тырысып жатыр. Ал бұл тозақы отқа жерге қазық болып орналасқан мызғымас биік таулар да, қабаттаса төбемізде күмбез болып орналасқан жеті қабат берік аспан да, біз үшін мекен болған жер де, өлшемі мен тереңдігі жайлы Жаратушысынан басқа ешкім білмейтін теңіздер де төтеп бере алмайды. Сонда денесі әлсіз, сүйектері сынғыш, терісі де тым жұқа адамдар туралы, яғни біз туралы не айтуға болады? Біз Алладан Тозақ отынан пана іздейміз!

Егер араларыңнан кез-келген біреуің, Алланың саған рақымы болсын, намазға тұрса, Алланы көріп тұрғандай намаз оқысын, мейлі ол Алланы көре алмаса да, Алла оны бәрібір көріп тұр. Хадисте Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамға былай деп кеңес бергендігі айтылады: «Алладан Оны көріп тұрғандай қорық. Әлбетте сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр». Бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың құлына осы қағидатты барлық амалдарыңда төрелік ет деп берген кеңесі. Сонда арнайы қасиетті жерде Аллаға жүзін қаратып, Оның разылығы үшін намазға тұрған кезде қалай болмақ? Оның осы намаздағы тұрысы барлық басқа істердегі ықылас, ихсанындай ихсанға лайық емес пе? Хадисте былай деп келеді: «Шын мәнісінде, Алланың құлы намазда қаншалықты ұзақ тұрса, сол уақыттың бәрінде ол мынадай үш қасиетке ие болады: аспаннан оған берекет жауады, оның аяғынан аспанға шейін періштелер орналасып, шақырушы былай дейді: «Егер де құл оның жасырын сөздерін тыңдаушы Жалғыз Алланы білгенде, онда ол намаздан ешқашан кетпес еді» дейді.

Намазында Аллаға толық мойынсұнып, Оның алдында момындық танытатын, (Оның разылығын қалаған күйі) Оған қорқынышпен жалбарынатын, (Оның рақымдылығынан) үміт етіп намаз оқитын, іштегі бар сыры мен жасырынғанын Алла алдында жайып салып, намаздағы қиям тұрысын да, рүкүғі мен сәждесін де Аллаға арнайтын, намазға жүрегімен тұтастай берілген күйі құлшылығын кемел етіп орындауға тырысатын адамды Алла Өзінің Мейіріміне бөлейді. Себебі бұл адам бұдан кейін енді намаз оқи ала ма, оқи алмайды ма, мұны білмейді, және бір қиямға тұрып, намаз оқығанға дейін он ажал артынан аңдып келмесінен де мүлдем бейхабар. Ол өз дұғасының қабыл болар деген үмітпен және қабыл болмауынан қорыққан салмақты күйде, терең сезіммен Раббысының алдында тұрады. Шын мәнісінде, дұғаның қабыл болуы – қуаныштың себебі, ал қабыл болмауы – азап пен бақытсыздықтың себебі болмақ.

Ей, бауырым, сен үшін намазда да, тіпті кез келген істе де, осыдан маңыздырақ ештеңенің болуы мүмкін емес. Сенің қапаланып, азап шегуіңе, көңілге үрей тудырып, тіпті қатты қорқуыңа да лайығы сол, сен құлшылығың Алланың рақымына бөлене ме, қандай да бір жақсы амалдарың қабыл бола ма, ол жағынан хабарсызсың. Сенің қандай да бір күнәң кешірілетіндігі саған белгілі ме? Осыдан соң, сенің бұдан аман қалдырылатыныңа еш сенімділік жоқ. Сенің амалдарыңды Алла қабыл ала ма, жоқ па – осыдан артық көз жасың мен қайғы-мұңыңа не лайық болуы мүмкін?

Мұнымен қоса, сен таңертең оянасың ба, тіпті кешке осында боласың ба, Жәннат турлы қайырлы хабар келе ме, әлде Тозақ туралы суық хабар келе ме – бұл жағы да саған беймәлім. Ей, бауырым, мен сені тек осы қорқынышты қауіп туралы ескерткім келеді. Сенің отбасың, сенің байлығың және сенің балаларың бақытты болуға көмектесе ала ма? Таң қаларлығы, сен әлі күнге шейін бос арманның артынан қуып, уақытыңды зая кетіріп, осы маңызды сұрақты елемей бейқам жүре бермексің. Сөйте тұра, сені күндіз-түні, әр сағат сайын, кірпік қаққан секілді сұрапыл жүріспен (өлімге қарай) қуып келеді.

Ей, бауырым, сенің уақытың кез келген сәтте келетінін күткенің дұрыс және бұл қауіпке бей-жай қарауға болмайды. Әлбетте, сенің ақыр соңында өлімнің дәмін тататындығың, әсте, ақиқат. Сенің уақытың таңертең не кешке келуі мүмкін. Жәннатпен сүйіншіленуің үшін не Тозақпен азапталуың үшін қолыңдағы барыңмен қош айтысасың. Ей, бауырым, сен мүмін құлдың айтқанын естімеп пе едің: «Менің таң қалатыным, Тозақтан құтылғанды қалайтын қалайша бейқам ұйықтап жатпақ? Тағы таң қалатыным, Жәннатты қалайтын адам қалайша ұйықтамақ? Алламен ант етемін! Егер Жәнатты қаламасаң және Тозақтан қорықпасаң, онда сен нағыз сорлы екенсің! Ендеше, біл, уайымың сені азаптап, қайғы-қасіретің толассыз болмақ, көз жастарыңда шек болмайды. Сен азапталғандардың ішінен ең сорлысы болмақсың. Ал егер Тозақтан пана іздеп, Жәннатты аңсаушылардың бірімін десең, онда іздегеніңе қарай талпыныс жаса да, дүниелік істердің себебімен жолдан тайма».

 

Имам Ахмад ибн Ханбал

Islam.uz сайтынан қазақ тіліне аударған Tamshy.kz