Әбу Бакр Мұхаммед ас-Сарахси – Қараханит дәуірінің ұлы құқықтанушысы. Орта Азиядағы ұлы ғалымдарынан болған ас-Сарахидің туған жері мен жылына байланысты нақты мәліметтер жоқтың қасы. Алайда, оның Қырғыз елі даласында жерленгендігіне қатысты Ошгу профессоры Алиев Асылбек былай дейді: «Қырғыз Республикасының оңтүстігінде орналасқан көне Үзгенқаласында уйлердің арасында бүгінгі күнге дейін ұлы имам ас-Сарахсидің қабірі ғажайып күйде сақталған», — деген ]1/34б[. Орта ғасырларда өмір сүрген бұл ғалымның толық аты жөні: Әбу Бакр Мұхаммед Әби Сахл Амад Шамс ал-Аимма ас-Сарахси. Оның лақабына келер болсақ «Ғұламалар әлемінде оны «Шамс ал-Аимма» (Имамдар жарығы) деген лақап атымен танымал болған» ]1/34б[. Осыған орай лақаптар мен ғылыми атақ дәрежелеріне келер болсақ ғылыми дәрежелер әркімге беріле бермейтіндігі жайында айта кеткеніміз жөн. Өйткені орта ғасырлардағы ғалымдардың ғылыми деңгейіне байланысты ғалымдар әлемінде бір-бірін ғылыми лақаптармен атаған. Бұған мысал келтірер болсақ: «Бүкіл әлемге әйгілі Ибн Сина (Авецина) – «Даналардың басшысы» атымен танымал болған, әйгілі философ әл-Фараби – «Екінші ұстаз» немесе «Шығыс Аристотелі» сынды атпен танымал болса, ғалым – табиғат зерттеушісі Әбу Райхан әл-Бейруни – «ұшы-қиырсыз білім теңізі» атымен танымал болған», — делінген ]1/35б[. Сондай-ақ кейбір дереккөздерде зертеушілердің айтулары бойынша имам ас-Сарахси Шығыстың ғұламалары мен VIII-IX ғ.ғ. – Имам Ағзам және оның шәкірті Мұхаммед Шайбанидан кейінгі үшінші құрметті орында алған дейді ]1/35б[. Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Хасан Аш-Шайбани 749 ж. Иракта дүниеге келіп, 805 ж. Уаситте дүние салған – фақиһ, мұсылмандық құқықты айқындаушылардың бірі болған ғалым ]5/545б[.
Ислам – ғылым мен түсінік діні. Имам ас-Сарахсидің ғылымға ерекше көңіл бөлгендігін: «Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең басты парыз – білім алу», – дегенінен байқаймыз ]4/2б[.
Шамс әл-Аимма ас-Сарахсидің ұстазы – Шамс әл-Имма әл-Халуанид болғандығы жайлы деректі профессор Ш.Керім мырзаның «Сығанақ саңлағы» атты монографиясында кездестіреміз ]2/86б[.
Ал енді ас-Сарахсидің туған жылына қатысты нақты мәлімет жоқтың қасы. Осыған орай профессор Ш.Керімнің «Сығанақ саңлағы» атты еңбегінде: «Бірде Шамс әл-Аимма ас-Сарахсидің (1009−1090) «әл-Мабсутіне» жүгінсе, кейде шейх Ислам әл-Исбижабидің «Мабсутін» келтіреді»,-дегенімен ғалымның 1009 жылы дүниеге келгендігі жайлы деректер бар ]2/125б[. Дегенмен, шамамен 1011 жылы туылған дейді. Туған өлкесі оның есіміне сәйкес Иран мен Түркменстан аралығында орналасқан – Серахс қаласына телінеді. Ал бұл қала жайлы толығырақ айта келер болсақ Мешхед пен Мерв қалалары аралығында. Бүгінгі күні Серахс қаласы – Ашхабат облысының Тедшен өзені алқабындағы ауыл. Есеп-санақ нәтижесі бойынша ол ауыл тәрізді қалашық тұрғыны 10,2 мың жуық ]1/35б[.
Ғалымның тәлім-тәрбиесіне жөнінде:
Ас-Сарахси Бұхарада тағылым алып, тіпті шәкірт тәрбиелегендігі туралы белгілі. Ол Мевр қаласында болып, онда тағылым алған болуы ықтимал. Өйткені IX ғ. Мерв қаласы – Араб Халифатының ғылым және мәдениет орталықтарының бірі болған. Ол қаланың орта ғасырлардағы қоғам қолданысындағы 12 кітапхана болған, онда орта ғасырлық шежірешілер кез-келген уақытта еңбек еткен. 1091 жылы ас-Сарахси зынданнан (абақтыдан) босатылғандығы жайлы мәліметтер бар. Енді кейбір деректерде ас-Сарахси 15 жыл бостандықта болмағандығы жайында айтылады. Ендеше осы деректерге сүйенер болсақ ас-Сарахси 1076 жылы 65 жасында абақтыға қамалғандығын анықтаймыз. Ол соңғы күндерін қазіргі мінарет Үзген қаласындағы абақтыда өткізген.
Ас-Сарахсидің абақтыға отыру себебі ешқандай деректерде айтылмаған. Басым көпшіліктің айтулары абақтыға түсу себебін саяси жағдайлар түрткі болғандығын айтқан. Дәлірек айтқанда үкіметті сынға тартқандығы салдарынан. Алайда, ол зынданда 15 жыл отырып шыққан соң, біраз жыл бостандықта өмір кешті. Енді бір деректерде ас-Сарахсидің Ислам құқықтанушысы ретінде танымал фақиһ болғандығы белгілі. Сондай-ақ ол өзінің үкімдері мен пәтуаларын ел алдына жар салатын. Сондықтан да кейбір үкімет басында отырғандардың көздеген мақсаттарына қайшы ақиқат үкімдерінен қайтпағандығы болар бас бостандығынан айырылу себебі осы болар ]1/35б[.
Сондай-ақ мұнда айта кететін жайт ас-Сарахси өзінің көптеген еңбектерін зынданда отырып, шәкірттеріне айтып отырып жазғызған. Кейбір дереккөздерде ғалым күндіз ораза тұтып, түндерін нәпіл намаздар оқумен өткізген. Сондықтан да абақты күзетшілері ас-Сарахсиді құрмет тұтып, оның абақтыдағы жағдайларын барынша жеңілдетуге тырысқан. Сонымен қатар ас-Сарахсидің шәкірттеріне ұстазының айтқандарын зынданның сыртынан тыңдауларына рұқсат беретін болған.
Ас-Сарахсидің еңбектері мен шығармалары:

Имам ас-Сарахсидің «Сарахси негіздері» атты еңбегін Әбу әл-Уафа әл-Ауғани тахқиқ жасаған.Әбу әл-Уафа әл-Ауғани 1310 жылы Ауғаныстандағы Кандагар қаласында дүниеге келеген фиқһ негіздерін танушы және хадистану сыншысы. Ол имам Әбу-Ханифа мәзһабының көрнекті өкілдерінің шығармаларын зерттеп, тахқиқ жасаушы ғалым. Ол Әбу Ханифа Нұғманға тиелген «Нұғмандық танымының жандануы» атты комиссиясының төрағасы болған. Оның зерттеген имам ас-Сарахсидің «Сарахси негіздері» еңбегі — дініміздегі фиқһ негіздеріне байланысты жазылған. Әбу әл-Уафа әл-Ауғаниге «Сарахси усулы» деп атауының өзі оңай болған жоқ. Өйткені Ахмадия мен Үнді түпнұсқаларында көрсетілмеген, ал Османдық түпнұсқада «Усулдағы жеткен сұрақтар» деп аталған. Имам ас-Сарахсидің «Сиар әл-Кабир» атты еңбегінің түсіндірмесіндегі төртінші томының 225-ші бетінде: «Усулдағы бөлімдер кіріспесі» деп аталғандығы жайында айтылады. Демек, еңбектің атауында «жеткен сұрақтар» деген сөздің болмағандығына саяды. Ал ғұламалар әлемінде ғасырлар бойы «Сарахси усулы» атауымен танымал болған. Осыған орай әл-Ауғани бастапқы екі атауын алмай, «Сарахси негіздері» деп алғандығы жайында баяндайды ]3/4б[.
Ас-Сарахсидің ең танымал және көлемі жағынан ең үлкен еңбегі «ал-Мабсут» атты еңбегі. Оның бұл шығармасы 30 томнан тұрады. Бүгінгі күнгі басылымдарында бұл кітаптың көлемі 15 кітап және 500 беттен кем емес.
Имамның бұл шығармасын усул-фиқһтанушысы және фиқһ саласы ғұламаларының тахқиқ ғалымы, Каирдегі әл-Азһар университетінің шариғат факультетінің профессоры Камал Абдул-Азим әл-Аннани тахқиқ жасап, 1971 жылы Бейрут қаласында жарыққа шықты ]4/5б[.
Ас-Сарахсидің бұл еңбегінің мазмұнына үңіліп қарайтын болсақ, ондағы алғашқы 7 том: дәрет алу қағидалары, намаз, отбасы мәселелеріне қатысты болса, 17 томында ажырасу мен куәлік мәселелеріне арналған. Ал енді 30 томында сүттес бауырлар аға-әпке арасында некенің тыйым салынғандығы туралы мәліметтер қамтылған.
Ғалымның 8 бен 16 томдары аралықтарында қаржы мәселелері, оның айналымы, сауда-саттық, жалға беру, мал-мүлік құқықтары жөнінде қамтылған. Сондай-ақ бұл томдар аралығында бұзақылық, жаза, әскери және моральдық құқық, адамдар серіктестігі секілді тағыда басқа сұрақтар жөнінде кездестіруге болады ]1/37б[.
Ал қалған томдарында елшілік, бейбітшілік, серіктестік, насихат, қарыз, рухани мұра, күнделіеті тұрмыстағы тыйымдар мен рұқсаттар тағыда басқа сұрақтар жөнінде трактаттары баяндалған.
Бізге жеткен ас-Сарахсидің шығармаларына тоқталатын болсақ, оның 13 шығармасының авторы екенін білеміз. Ол алтауын шәкірттеріне зынданда отырып жазғызған. Оларға: «Усул фиқһ», «Шарху зияду зиядат», «Шарху жамил кәбир», «Мухит» және тағы басқалары. Бұл еңбектердің барлығы араб тілінде жазылып, кейбіреулері әруақытта өзге тілдерге аударылғандары да болған ]1/37б[.
Ас-Сарахси туралы зерттеушілер:
Ислам құқығы бойынша көптеген кітаптардың авторы атақты заманауй түрік ғалымы профессор Мустафа Жеват Акит 10 жылдан бері ас-Сарахсидің рухани мураларын зерттеп келеді. Оның бұл ісіне кедергілерден арылу мақсатында Сахария университет кафедрасындағы қызметін мерзімінен бұрын тастаған болатын. Бүгінгі күнде ол Стамбулда тұрады. Сайып келгенде ол уақытын ас-Сарахсидың қолжазбаларын түрік тіліне аударумен шұғылдануда. Мустафа Жеват Акиттың қолында ас-Сарахсидің «ал-Мабсут» еңбегінің әруақытта және әртүрлі адамдар жазған 22 қолжазба нұсқалары бар. Сондай-ақ оның араб тілін білуі оған зерттеу жұмысындағы қателіктер мен қайшылықтарды анықтауында пайдасы көп. Алайда ол бұл жұмысқа біраз уақыты мен күш-жігерін жұмсаған. Осыған орай оның бұл жұмысының аяқталатын уақыты жетер күн туар.
Ас-Сарахсидің зынданда отырып жазғызған кітаптарына келер болсақ, онда оның шәкірттері жүйелі түрде тыңдағандығы белгілі болғанымен, оның кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Осыған орай біздің қолымызда ас-Сарахсидің шәкірттеріне қатысты мәлімет жоқ. Алайды біз оның ұстаздары жайлы білеміз. Оның жерлестері – Бурхан ад-Дин Абдулазиз бин Омар Бин Маза, Рухнуддин Масуд бин Хасан ал-Касани, Махмуд бин Абдулазиз ал-Узгенди сындылар.
Ғалымның қайтыс болған күні де белгісіз болғанымен, кейбір деректерді салыстыра отырып, жуық шамамен 1091 жылы абақтыдан шығып, қалған өмірін Марғинани қаласында (Өзбекстан аймағында) ғұмыр кекшен болса, онда ол 1094 жылы қайтыс болған ]1/38б[.
Осыған орай Камал Абдул-Азим әл-Аннани ас-Сарахсидің «Китаб әл-Мабсут фи фиқһ әл-Ханафи» атты еңбегінің тахқиқында былай деген: «Алла оны рахмет етсін әл-Қурайшидің айтуы бойынша һижраның 490 жылы дүние салды»,-деген ]4/49б[.
Сол сияқты ас-Сарахсидің қайтыс болуына байланысты басқа да көзқарстар бар. Бұған байланысты орта ғасырлық ғалым Фасих Ахмад ибн Джанал ад-дин Мұхаммед ал-Хивасидің «Фасих хивали» еңбегінде кездестіреміз. Онда: «Имамдардың шырағы Ибн Әбу Бакр ас-Сарахси – рәжәп айының 20-шы жексенбілігінде (27 қаңтар 1372ж.) дүние салды». Ендеше бұл мәліметтің барлық мағлұматтарға қайшы келеді, өйткені оның дүние салған жылынан 200 жылдан кейін дүние салғаны. Ол қалай?
Бұған байланысты профессор Мустафа Жеват Акит былай түсіндіреді: «Барлығымызға белгілі орта ғасырдағы Үзген қаласы XI ғ. Орта Азия сауда-саттық қалаларының орталығы болаған. Онда көптеген атақты тұлғалар өмір сүріп, сол жерде бақилық болған. Бәлкім ол жерде бақилық болудың өзі мақтыныш болып саналған шығар. Осыған орай ас-Сарахси абақтыдан шыққанан соң, Үзген қаласына жиі барып жүріп, Маргиланида дүние салғанымен атақты ғалымды Үзегенге апарып жерлегені болар»,-деп ]1/39б[, сөзін аяқтады. Бұл біздің атақты ғалым Шамс әл-Аимма ас-Сарахсидің автобиографиясына қатысты деректерден саралағанымыз. Демек, біз осы деректерді зерделей отырып, ас-Сарахсидің «әл-Мабсут еңбегінің» әлі күнге дейін маңызды екеніне көз жеткіземіз. Қазіргі таңда Каир қаласында басылған 30 томдық «әл-Мабсут» атты кеңінен қарастырылған өте үлкен кітабы бар. Сол сияқты бұл еңбегіктің Абу Ханифа мазһабының фиқһ іліміндегі көзқарастары және басқа да Ислам мазһабтарының көзқарастары жазылғандықтан «фиқһ ал-Муқарана» немесе фиқһ ғұламаларының әртүрлі фиқһ мазһабтарына байланысты тақырыбын қамтитын «фиқһ» деп атайды. Ас-Сарахсидің «ал-Мабсут» шығармасына қатысты: «9-13 ғ.ғ. Түрік Қарахандығынан шыққан Ислам фиқһ құқықтанушысы ретінде танымал болғанғалым Әбу Бакр Мұхаммед ас-Сарахси. Ас-Сарахси «әл-Мабсут» еңбегінің авторы. Бұл кітапты абақтыда отырып, шәкірттеріне жазғызған болатын. Ол кітабында негізгі қазылардың көзқарастарын, сындары мен дәлелдерін талқылаған. Алайда, ол өзінің «әл-Мабсут» кітабын Хаким әл-Шаһидтің «әл-Мұхтасар» кітабының шархы дегенімен Мұхаммед әш-Шайбанидің «әл-Асыл» атты шығармасының түсіндірмесіне ұқсайды. Еңбекте осыған байланысты барлық мысалдар қарастырылған. Ас-Сарахсидің «Әл-Мабсут» кітабы біреудің кітабына түсіндірмесі емес, ғалымның жазған еңбегінің түпнұсқасы екеніне айғақтары бар. Бұл жұмыстың өзі бұған дәлел ретінде десе де болады. Ас-Сарахсидің «ал-Мабсут» атты шығармасынан сол дәуірдің әлеуметтік және мәдениет жағдайларын талқылауға болатындығын ескере кеткеніміз жөн. Бұл кітаптың түпнұсқасы қолжазбалардан алынып, басылған-ды», — деген ]1/14-15б[.
Қорыта келгенде Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Шамс әл-Аимма атанған Әбу Бакр Мұхаммед ас-Сарахсидің Ислам әлеміндегі орны мен ғылымға зор үлес қосқандығына көз жеткіздік.
Қазіргі таңда 2012 жылдың қараша айының 8-ші жұлдызында Қырғыз елінің Ош қаласында Түркияның дін істер министрі М.Гормездің басшылығымен Түрік делегациясы қатысып, Түркия діни қорының қаржылай қолдауымен Ислам әлемінде Шамс әл-Аимма атанған ұлы ғалым Имам ас-Сарахси кесенесінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілді. Сондай-ақ Түркия дін істер министрі М.Гормез өз сөзінде мұндай іс-шаралар Ислам әлемінің ғылым мен білім дамуындағы Сыр мен Әмудария өзендері бойында орналасқан Мәуеренахр өңірлері Ислам мәдениеті мен өркениетің маңызды географиялық аумақтарынан екендігі жайлы баяндады ]6/27б[.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1) Кырғыз Республикасынан билим жана илим министрлиги Ош Мамлекеттик Университети Теология Факультети. Ilahiyat fakultesi ilmi dergisi.12-саны. – Ош. 2007. 156-б.
2) Керім Ш.Т. «Сығанақ саңлағы». «Нұр-Мүбарак баспасы» Алматы 2012. 240-б.
3) Әбу әл-Уафа әл-Ауғани. «Усул ас-Сарахси». «Даират әл-Мағариф».
4) Камал Абдул-Азим әл-Аннани «Китаб әл-Мабсут фи фиқһ әл-Ханафи» «Дар әл-Кутуб Илмия».Бейрут 1971. — 1т-422 б, 2т-292 б.
5) Ислам энциклопедилық анықтамалық ,«Аруна» баспасы. – Алматы 2010. 591-б.
6) Қырғыз мұсылмандар Дин Башқармасы. «Имам Сарахси». «Шабдан-баатыра». Бишкек. 2013. 31-б.

«Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушы,
Ғылыми қызметкер
С. Тәжібаев

muftyat.kz