Некенің мінсіз болуы міндет емес

Неткен жарасымды жұп… Расында, бұл неке Жәннәтта қиылған… Ертегілерде баян етілгендей… Бұл керемет теңеулер Юсуф пен Фатиманың неке тойынан кейін білдірілген ой-пікірлер еді.

Жылдар өтті, кең үйде екі әдемі бала дүниеге келді, десе де «үй болған соң, ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмады». Басқа некелер сияқты, Юсуф пен Фатима да біраз кикілжіңдер мен өткелдерді бастан өтірген сияқты еді. Олардың екеуі де шынайылықпен арадағы түсініспеушілікті жойып барып қана ұйқыға жататын.

Фатима өзінің жарына бір ұсыныспен келіп: «Мен әлгінде ғана некемізді қалай берік етуге болатындығын, оның жолдарын оқыған едім» деді жымиып. «Біздің бойымыздағы бір-бірімізге ұнамайтын қасиеттерімізді не болмаса мінезіміздің кейбір тұстарын параққа тізбелеп жазып шығамыз. Сосын бірге отырып аталған кемшіліктерімізді түзету жолдарын ойластырып, өмірімізді одан да жарқын әрі бақытты ете аламыз». Жолдасы келіседі. Сөйтеді де, екеуі үйдің екі бөлек бөлмесіне барып, жарының немесе жұбайының бойындағы бір-біріне ұнамсыз көрінген, жақтырмайтын әдет-қылықтары туралы ойлана бастайды. Сол күннің қалған бөлігін осы мәселеге арнап, ойға түйгендерін жазып шығады.

Келесі күні таңертең дастархан басына келіп жайғасады да, екеуі де кешегі тізімдеріне жазғандарды оқып, соларды талқылайтын болып келіседі.

«Мен бастаймын» деді Фатима. Қолына парағын алды, толтырылған тізімдері өте көп екен. Бір емес, үш парақты толтыруға жетерлік. Ол наразылықтарын оқи бастағанда Юсуфтің жылап отырғанын байқады. «Не болды?» «Ештене, жалғастыра бер», деді Юсуф.

Фатима оқуды жалғастырды, алайда жарының көз жасы одан бетер көл болып, сақалына дейін сулады. Фатима мазасыздана барлығын оқып болған соң әдептілікпен парақтарды жерге қойып: «Енді қолыныздағы тізімді оқып шығыңыз, содан кейін екі жақтын наразылықтарын ақылдасамыз» деді қуанышты үнмен.

Сонда Юсуф ақырын дауыспен: «Менің параққа еш нәрсе жазбадым. Сіздің болмысыңыздан ешбір мін тапқан жоқпын. Мен сіздің маған бола өзіңізді өзгерткеңізді қаламаймын. Сіз тамаша әрі сүйкімдісіз, сізді өзгерту былай тұрсын ол амалды жасауға тырысқым да келмейді» деді.

Оның шыңшылдығы жәңе махаббатының тереңдігі әйелін таңқалдырды, Фатима бұрылды да егіліп жылай берді.

 

Бұл жарыныздың әр кемшілігіне көз жұма қарау деген сөз емес. Егер жұбайыныз залым, дөрекі, маскүнем немесе есірткіге құмар, опасыз немесе өзге де үлкен кемшіліктері болса, оны ол әрине өзгерткені, тыйғаны абзал. Алайда кішкентай еленбес кемшіліктерге болса, бәріміздің сүттен ақ, суда таза емес екендігімізді еске түсірейік. Бәріміздің де Жаратушымыз Аллаға қолымыздан келгенге құлшылық жасап жүрген, армандарымызға Ислам көрсеткен жолмен жететін, адал жолмен өзіміздің және отбасымыздың несібесін айырып жүрген, кемшіліктерден арылмаған жаратылыс екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Барлығымыздың бойымыздан мін табылады.

Егер жұбайынызды зерттейтін болсаңыз, оның көптеген кемшіліктерін, ұнамсыз қылықтарын табуға болады. Ал сіз білесіз бе? Егер айнаға қарасаңыз, сіз дәл сол кемшіліктерді өзіңіздің бойыныңыздан да табасыз. Егер сол кемшіліктерге қадала берсеңіз, сіз ешқашан бақытты өмір сүре алмайсыз. Әрқашан бірденеден қанағаттанбай, көңіл-күйіңіз жоқ болып, қанағатсыз көңіліңіз бұдан да зорын қалайтын болады. Солай жасай жүріп некенізді де бақытсыз ететін де өзіңіз.

Оның орнына жұбайыныздың әсемдігіне, жақсы мінезіне, әдемі қылықтарына, мейірімді іс-қимылдарына, Жаратушы Алламен байланысына және Ислами амалдарына назар аударыңыз. Сұлулықты іздесеңіз, табасыз, оны бағалай білген сайын ол үлкейе түседі. Араларыныздағы сүйіспеншілік тасқын өзен сияқты тереңдей түсіп уақыт өткен сайын күшейеді. Сізді мазалап жүрген ұсақ заттардың маңыздылығы азаяды. Ал Алла оған алғыс білдіргендерге риза болады.

Отбасынызға шапағатын шашып, жұбайлар арасындағы жайлылық пен құрметті, сыйластықты арттырады. Егер кімде-кім алғыс білдіруді қойып, ұсақ кемшіліктерге көз тіге беретін болса, онда бұл күдіксіз, Алла берген сансыз нығметтерді бағаламау, оған шүкіршілік етпеу болып табылады.

Алла Тағала : «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп ескерткен. (Құран, 14:7)

jamiat.org.za сайтынан қазақ тіліне аударған Tamshy.kz