Құрметті жамағат! Алла қаласа 2015 жылдың маусым айының 18-жұлдызында қасиетті Рамазан айына қадам басамыз. Кезекті мақаламызда өткен жылдан алған тәжірибе нәтижесінде «жиі қойылған сұрақтарды» сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

Сұрақ: 2015 жылы Ораза қашан басталады?
Azan.kz: Алла қаласа, осы жылы 18-маусымда басталып, шілденің 16-де аяқталады.

Сұрақ: Алматы қаласы мен Қазақстанның өзге де аймақтырының Ораза кестесін қай жерден жүктеп алуға болады?
Azan.kz: «Ораза кестесін» біздің сайтымыздан жүктей аласыз. Ол үшін «кестені жүктеу» деген сілтемеге басып, өзіңізге қажет қаланы таңдайсыз.

Сұрақ: Бұрын ораза ұстамағанмын. Оразаны қалай дұрыс ұстауға болады? Не нәрсеге рұқсат, не нәрсеге рұқсат жоқ?
Azan.kz: Сізге Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының «Мүбәрәк Рамазан» атты кітабі мен «Рамазан айының артықшылығы» тақырыптағы мақаланы оқуды ұсынамыз.

Сұрақ: Намаз оқымайтын болсам да ораза ұстай берсем бола ма?
Azan.kz: Әрине, болады. Ораза Исламның бес парызының бірі. Алла қаласа, сіздің оразаңызды қабыл етеді.

Сұрақ: Ауыз бекітер алдында не айту қажет?
Azan.kz: Оразаға былай деп ниет ету керек:

«Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таңнан кешке дейін ұстауға ниет еттім».

Сұрақ: Ауыз ашар алдында не айту керек?
Azan.kz: Ауыз ашар алдында:

«Захаба ззама-у уәбтәлләтиль-‘урукъ, уа сәбәтәль-әжру инша-Аллаһ»

Мағынасы:

«Шөліміз қанды, сусындадық, Алла қаласа сауап та күтіп тұр» (Әбу Дауд 2357)

«Аллаһумма, ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә ъалййәкә тәуәккәлту, уә ъалә ризқыйкә әфтәрту»

Мағынасы: «Ей Аллаһым, Сен үшін ораза ұттым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім және де Сен нәсіп еткен ризықпен ауызымды аштым»

Сұрақ: Ораза кезінде немен айналысқан жақсы?
Azan.kz: Ораза кезінде көп құлшылық жасап, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау, Құран оқумен айналысқан абзал. Егер ораза кезінде демалыс алуға мүмкіндік болса, уақыттың басым бөлігін мешітте Алла Тағалаға құлшылық қылумен өткізген абзал.

Сұрақ: Сәресін міндетті түрде ішу қажет пе? Егер мен сәресіне ұйықтап қалып, күні бойы ешнәрсе ішіп- жемесем, ораза ұстаған болып саналам ба?
Azan.kz: Егер сіз сәресіне ұйықтап қалған болсаңыз оразаңызды жалғастыра аласыз. Ең бастысы, ауыз ашарға дейін ешнәрсе ішіп- жемесеңіз болғаны. Бірақ сәресін жіберіп алудан сақ болыңыз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында ауыз ашарға асығатын әрі өзгелерге де осыны айтатын. Сонымен қатар, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң алдында сәресі ішуді бұйырған және де сәресі ішуді таң намазы кіргенде тоқтатуды бұйырған.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сәресінде береке бар, сондықтан оны жіберіп алмаңыздар, сендердің әрқайсыларың тым болмаса су ішіңдер. Расында Алла Тағала мен періштелер сәресі ішкен адамды жарылқайды» (Ахмад).

Сұрақ: Ауыз ашуға асығуға бола ма?
Azan.kz: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ауыз ашуға асыққан әрқайсыңда береке болады» (Әл- Бұхари, 1957; Муслим, 1098)

Сұрақ: Ауызды немен ашқан дұрыс?
Azan.kz: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде құрма болса сонымен ауыз ашсын, ал кімде жоқ болса, сумен ашсын, расында су- тазартушы». (Ахмад № 15798, Әт- Тирмизи № 695, Әбу Дауд № 2355)

Сұрақ: Таң намазынан соң күн шыққанға дейін ішіп- жеуге бола ма?
Azan.kz: Таң намазынан соң ішіп- жеуге болмайды. Сәресіні, яғни ішіп- жеуді таң намазына 10 минут қалғанда тоқтату қажет.

«… Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сонан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар» (Бақара сүресі, 187 аят)

Сұрақ: Егер ораза кезінде ұмытып бір нәрсе ішіп- жеп қойған болсам оразам бұзыла ма?
Azan.kz: Тамақты я болмас суды байқаусызда ішіп қою — оразаны бұзбайды. Аузыңыздың берік екендігі есіңізге түскен бетте ішіп- жеуді тоқтатыңыз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынандай хадисі бар: «Кімде кім ұмытып ішіп я жеп қойса, оразасын жалғастырсын. Расында ол адамға Алла Тағала Өзі ішіп- жегізді». (Әл- Бұхари, 6669)

Сұрақ: Екі күн қатарынан тоқтамай, ауыз ашпастан ораза тұтуға бола ма?
Azan.kz: Жоқ, болмайды.

Әбу Сағид (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естіген: «Ауыз ашпастан ораза ұстамаңдар, кімде кім осылай істегісі келсе, таң алдында тамақ жесін». (Бұхари, 1963)

Сұрақ: Оразаны бірнеше күн ғана ұстаса бола ма? Мысалы, басында үш күн, аяғында үш күн.
Azan.kz: Жоқ, олай ұстауға тиым салынған.

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» (Бақара сүресі, 185 аят)

Сұрақ: Ораза кезінде мені басқа қалаға іс- сапарға жібереді. Сол кездері оразамды тоқтата тұрсам бола ма?
Azan.kz: Алла Тағала сапардағы адамға оразасын тоқтатуға рұқсат берген. Тіпті ол адам сапарда ешқандай қиындық көрмесе де. Алайда қаза болған оразаңызды өтейсіз. Алла Тағала былай дейді:

«Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла Тағала сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды» (Бақара сүресі, 185 аят)

Сұрақ: Өзге қалаға іс- сапарға кетіп бара жатсам да ораза ұстай берейін бе?
Azan.kz: Ия, ұстай бересіз.

Хамза ибн Амр әл- Әсләми (оларға Алла разы болсын) Алла Елшісінен былай деп сұрайды: «Ей Алланың Елшісі, сапар кезінде ораза тұтұға күшімнің жететінін білемін. Егер ораза ұстар болсам ол күнә болып саналады ма?» Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл Алла Тағаланың берген жеңілдігі, кім қаласа амал етсін, ал егер кімде кім ораза ұстар болса, күнә болып саналмайды». (Муслим, 1891)

Сұрақ: Ораза кезінде сүндетке отырғызуға (той жасауға т.б.) бола ма?
Azan.kz: Ия, ораза уақытында балаңызды сүндетке отырғыза аласыз (той жасай да). Бірақ қонақтарға арналған дастарханды ауыз ашқаннан соң жаюыңыз керек.

Сұрақ: Ораза кезінде спортпен шұғылдануға бола ма?
Azan.kz: Әрине, болады. Дегенмен ораза кезінде ағзамыздың әлсіреп тұратындығын ескеруіңіз қажет. Мүмкіндігінше ораза кезінде үзіліс жасай тұрғаныңыз дұрыс.

Сұрақ: Ораза кезінде түкірік жұтып қойса не болады?
Azan.kz: Түкірікті жұту – оразаны бұзбайды. Алайда түкірікті әдейілеп жинап алып жұтса, ораза бұзылады.

Сұрақ: Ораза уақытында сағыз шайнасам бола ма?
Azan.kz: Жоқ, болмайды. Себебі сағыздың құрамында қант я болмаса алмастырушы бар. Сондай- ақ аш қарынға сағыз шайнаған кезде асқазан сөлін сорып, гастрит немесе асқазан жарасының асқынуына апаруы мүмкін.

Сұрақ: Ораза кезінде крем жағуға бола ма?
Azan.kz: Ия, болады. Бастысы ішке қолданбаса болғаны.

Сұрақ: Ораза кезінде тамаққа жіберіп алмай тіс пастасымен ауыз тазалауға бола ма?
Azan.kz: Тіс пастасын пайдалануға болады. Алайда мәкруһ болып есептеледі. Тіс пастасымен тісті тазалаған кезде оның дәмі толықтай ауыздан кетпейінше түкірікті жұтуға болмайды. Тіс пастасының асқазанға түсуі – оразаны бұзады. Тазалап болған соң ішке су кетіп қалмауын қадағалай отырып, мұқият ауызды шайқау қажет. Тіс пастасының орнына сүннет болып табылатын мисуакты қолданған абзал.

Сұрақ: Соңғы кездері тісім жиі қанап кете береді. Қанаған мезетте аузыма түкірігімді жинап түкіріп тастаймын, кейде ұмытып кетіп жұтып қоямын. Осындай жағдайда оразам бұзыла ма? Бұзылған жағдайда не істеуім қажет?
Azan.kz: Ораза бұзылмайды, бірақ қанды әдейілеп жұтудың қажеті жоқ. Бұл жағдайда сізге өте сақ болу қажет.

Сұрақ: Ораза кезінде күндіз шылым шегуге бола ма?
Azan.kz: Жоқ, рұқсат жоқ. Исламда шылым шегуге мүлде тиым салынған.

Сұрақ: Оразада насыбайға рұқсат беріле ма?
Azan.kz: Жоқ, рұқсат жоқ. Себеі ол есеңгіретуші зат болып табылады.

Сұрақ: Аузым берік кезінде душ, ванна қабылдай аламын ба?
Azan.kz: Болады, алайда қажет жағдайда ғана. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде ыстығын басу үшін тісін мисуакпен тазалап, басын су құйған. (Ахмад, 15473; Әбу Дәуд, 2365)

Сұрақ: Ораза уақытында аузымды жай ғана шайқасам бола ма?
Azan.kz: Ораза кезінде ауыз қуысы мен мұрынды сумен шайқау – оразаны бұзбайды. Егер сіз суды жұтып қойған болсаңыз, оразаңыз бұзылады. Бірақ сол күнгі оразаның қазасын өтейсіз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза кезінен тыс уақытта мұрныңды жақсылап шайқа». (Әт- Тирмизи, 788)

Сұрақ: Ораза уақытында тырнақ алып, шаш кесуге бола ма?
Azan.kz: Тырнақ пен шаш алуға болады. Мұны ғұсылдың алдына жасаған абзал.

Сұрақ: Ораза кезінде күндіз әйеліммен жақындасып қойдым. Енді бір күнім қаза болды. Оны қалай өтесем болады?
Azan.kz: Рамазанда күндізгі уақытта жақындасып қойған ерлі- зайыптылардың оразасы бұзылады. Оны өтеу үшін екі ай толық ораза ұстайды. Ал егер оған шамасы жетпесе 60 міскінді тамақтандырады. (Бұл жайлы Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте айтылады). (Әл- Бұхари, 6087, 6164. Муслим, 1111)

Егер ұмытып жақындасып қойған болса, ораза бұзылған болып саналмайды. Ораза екендігі еске түскен сәтте тоқтату қажет.

Сұрақ: Ораза кезінде ауыз ашқаннан соң ерлі- зайыптыларға жақындасуға бола ма?
Azan.kz: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді. (Өйткені бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер». (Бақара сүресі, 187 аят)

Сұрақ: Ораза кезінде әйеліңді (күйеуіңді) құшақтап, сүюге бола ма?
Azan.kz: Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) былай деген: «Ораза кезінде Пайғамбар өзінің жарларын құшқтап, сүйетін еді, алайда ол өз- өзін сендердің кез келгендеріңнен мықты ұстайтын». (Әл- Бұхари, 1927)

Сұрақ: Ораза уақытында жүніп болып қалсам оразам бұзылады ма?
Azan.kz: Қалауынан тыс жүніп болып қалған адамның оразасы бұзылмайды. Сізге ғұсыл алу қажет болады.

Сұрақ: Ораза кезінде етеккір келіп қалған жағдайда не істеу керек?
Azan.kz: Ол жағдайда оразаны бұзу қажет. Әбу Саид әл- Худридан (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді: «Етеккір кезінде ораза мен намаз тоқтатылмайды ма?». (Әл- Бұхари, 1951; Муслим, 889)

Етеккір мерзімі аяқталған соң әйел адамдар қаза болған күндерінің қазасын өтейді.

Сұрақ: Ораза кезінде емізулі сәбиі бар аналар не істесе болады?
Azan.kz: Ең дұрыс деген пікірге сүйенер болсақ, аяғыауыр немес емізулі баласы бар әйелдерді ауру деп қарастырады да оларға ораза тұтпауға рұқсат береді. Бірақ ол қаза болған күндердің қазасын өтеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала оразаны және намаздың жартысын жолаушыға жеңілдетті, әрі Ол аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге оразаны жеңілдетті». (Әт- Тимрмизи, 3/85, ол бұл хадисті хасан хадис деген)

Сұрақ: Егер ораза кезінде әлсіздікті сезінсем оразамды бұза алам ба?
Azan.kz: Егер біраз күннің ішінде оразаны жалғастыру ауыр болып жатса, ол күндері оразаны тоқтата тұруға болады. Кейде ораза ұстаушыға қауіп төнер болса, оразаны ашуға міндетті болып қалады (мысалы, дәрігердің айтуымен). Алла Тағала былай дейді: «Ол сендерге дінде қиындық қылған емес» (Бақара сүресі, 78 аят)

Әлсіздікті сезініп, оразасын ашқан адам денсаулығы жақсарған соң қаза болған күндерін өтеуі қажет.

Сұрақ: Әлсіз адамдар (аурушаң) не істесе болады?
Azan.kz: Кімде кімнің ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін болса (яғни, бірде болмаса бірде ұстайтын жағдайы мүлде жоқ, мысалы қарт я болмаса аурушаң жан) ол адамға ораза ұстау міндетті емес, алайда ол әр күні бір міскінді тамақтандырып отыруы қажет. Абдуллаһ ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын) Алла Тағаланың мынандай сөзін оқыған: «… Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін» (Бақара сүресі, 184 аят)

Сұрақ: Ораза кезінде жүрегім айнып, құсып қойдым. Оразам бұзылды ма?
Azan.kz: «Кім еркінен тыс құсып қойған болса, оразасының орнын толтырмайды. Ал кімде кім әдейілеп құсқан болса, сол күннің қазасын өтейді» (Ахмад, 10085; Әбу Дәуд , 2370; Әт- Тирмизи, 720; Ибн Маджа, 1676)

Сұрақ: Ораза айтты қалай қарсы алған дрыс?
Azan.kz: Ораза айт кезінде мерекелік дастархан жасап, туыстар мен достарыңызды қонақ қылуға болады. Ал өздеріңіз туыстарыңызды зиярат етіп қайтыңыздар. Ең бастысы, мереке екені сезілсе болғаны.

Сұрақ: Оразадан соң ұсталатын нәпіл ораза туралы естідім. Ол қандай ораза және де оны қалай ұстау керек?
Azan.kz: Рамазан айынан соң Шәууәл айында 6 күн ұсталатын ораза сүннет болып табылады. Ауызды үзіліс жасай отырып бекітсе болады, яғни басында 2 күн, ортасында 2 күн, соңында 2 күн. Бұл кезде де әдеттегі ораза секілді таңнан кешке дейін ішіп- жеуден, жыныстық қарым- қатынастан және де оразаны бұзатын өзгед де нәрселерден тиыласыз. Бұл оразаны «Ораза айт» мейрамынан соң бастауға болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде кім Рамазан айында ораза тұтып, артынан Шәууәл айында алты күн ораза ұстар болса, бір жыл ораза тұтқан болады» (Муслим)

www.azan.kz

__________________