Мүбәрак Рамазан айы келгенде оны мейлінше ізгілікпен өткізіп, өзімізге пайдасын алуға тырысуымыз керек. Өкінішке орай, көптеген адамдардың өмірлеріне Рамазан ешқандай оң өзгеріс әкелместен, келеді де, кетеді. Осы ұлы айдан өздеріне ұлағат ала білетін адамдар өте аз. Біздің ұстаздарымыз бір жыл бойы Рамазан сияқты өмір сүруді кеңес етеді. Оған осы Рамазанды дұрыс өткізсек қана қол жеткізе аламыз. Жоғарыда айтылғандар шындыққа айналуы үшін маған және басқа да көптеген жандарға көмегі тиген тоғыз жайтты әңгімелеп берейін.

1. Тыйылу және өз-өзіңді бақылау

Рамазанда күні бойы ішіп-жемнен және жыныстық қарым-қатынастан тыйылу керектігі көпшілікке белгілі. Алайда, ізгі амалдар жасап, Алланың қаһарын тудыратын іс-әрекеттерден тыйылу үшін өз-өзіңді бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ, күнделікті өміріңде өзгерістер орын алуы үшін бұл айға алдын-ала кесте құрып алған жөн. Мәселен, сәресіне тұрасыз, сол уақытта тәхәджуд намазын оқисыз, сондай-ақ, сол уақытта Құран оқыған абзал. Содан соң тамақтанып, таң намазын оқисыз, Құран оқисыз және зікір айтасыз. Қажет болып жатса, тынығып аласыз. Мұндағы негізгі мақсат − осындай кесте жасап алып, бір ай бойы соған сәйкес өмір сүру керек.

2. Ғибадат (құлшылық)

Рамазан айында Жаратқан Иеміз бізге әу баста жаратылған мақсатымызға қайтып оралуымызға мүмкіндік береді. Баршамыз білетіндей, Ол бізді тек Өзіне ғана құлшылық етуіміз үшін жаратты. Мен мұнда құлшылықтың әр түрлі амалдарының құндылықтарын тізіп отырмаймын, олардың бәрі белгілі, бұл жайлы кітаптардан да табуға болады. Алайда, Рамазан Құран түскен ай болғандықтан, біз уақытымыздың басым бөлігін Құранға арнауымыз тиіс. Мүмкін болса, Құранды түгелдей оқып шығыңыз. Оның тәпсірін де қосып оқып, Құранның мағынасына ой жүгіртетін болсаңыз, тіптен құба құп. Құранды түгелдей оқып шыға алмасаңыз, ең болмаса, соңғы пара мен «Иасин», «Мүлк», «Кәһф», «Уақи’а», «Сәждә» сияқты әйгілі сүрелерді оқуға тырысыңыз.

3. Өзіңізді үмбеттің бір бөлшегіндей сезініңіз

Бұл ай − күні бойы ашығып, судан тыйылатын барлық мұсылмандардың басы бірігетін кезең. Сонымен қатар, біз бөтен біреудің оразасынан да сауап алу мүмкіндігіне иеміз. Себебі, хадисте ораза ұстаған жанды тамақтандырған адамға оның сауабы тиетіні айтылған. Өзіңнің үмбетпен біртұтас екеніңді сезінуге сеп болатын тағы бір нәрсе – Алланың бізге берген нығметтері үшін шүкіршілік ету. Басқа адамдардың да Рамазанды ойдағыдай өткізулеріне қаншалықты қол ұшын созып жатырмыз? Айналаңызға көз салыңыз – біздің қасымызда қаншама мұқтаж жандар бар, оларға қолыңыздан келгенінше көмек беруден аянып қалмаңыз.

4. Құрбандық пен ынта (муджахада)

Рамазан – нәпсіңмен күресіп, Аллаға бар жан-тәніңмен берілу айы. Бұл айда Алла бізден уақытымызды, денсаулығымызды, дүние-мүлігімізді және ақыл-ойымыз бен жалпы бүкіл болмысымызды Өзіне арнауымызды талап етеді. Біз бір жыл бойы дүниенің соңынан қуып, әбігерге түсеміз де, бір ғана айды тек қана Жаратушы Иемізге арнай алмаймыз ба? Шындығында, біз өмірімізде көптеген нәрселер болмаса да, күнімізді көре аламыз. Осындай құрбандықтарға барғанымыз үшін Алла бізді бұл өмірде де, ақыретте де сыйға бөлейді.

5. Дұға

Бізге Алла Тағала бір ай бойы дұғаларымызды қабыл етеді деп уәде етілген. Сондықтан, барлық қажеттерімізді Одан сұрамайтынымыз – біздің олқылығымыз. Алладан сұрауды бірінші орынға қойыңыз. Оған өзіңіздің қажеттеріңізді, оған қоса, отбасыңыздың, қауымның, жалпы үмбеттің қажеттерін айтып, дұға қылыңыз. Одан осы өмір мен ақыреттің игілігін сұраңыз. Бірақ, дұға жайлы сөз болғанда бір есте сақтайтын жайт – дұғаның мәні өзіміздің қажетімізді, Оның қорғауын, жәрдемін, қандай да бір нәрсені сұрауда емес, Алла Тағаланың Өзі бізге барлық қажеттерімізді Содан сұрауымызды әмір еткенінде. Алла жақсы көретін белгілі бір нәрселер бар. Солардың бірі − Оған жалбарынып, дұға қылған құлдарының дұғаларына жауап беру.

6. Жақсы ортада болыңыз

Рамазан – игі амалдардың санын арттырып, жаман істерді мейлінше азайтатын кезең. Салиқалы, ізгі жандардың арасында болу осы мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізеді. Жақсы ортада болудың ең кем дегендегі пайдасы мынада: діндар адамдардың ортасында болсаңыз, күнәдан өзіңіз-ақ тыйылып, Аллаға көбірек құлшылық жасайсыз. Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде оның қолынан ұстап, былай дегені риуаят етілген: «Уа, ӘбуХурайра, харам етілгеннен тыйыл. Сонда құлшылық жасаушылардың ең ізгісі боласың». Мұндай ортада болу арқылы, ең аз дегенде, мына игілікке қол жеткізесің: Аллаға ұнайтын адамдардың қасында болу арқылы сіз өзіңіз де Оған жақындай аласыз. Бұдан артық не болуы мүмкін?

7. Шүкіршілік

Игіліктердің көбеюінің құпиясы – қолыңда бар игіліктер үшін шүкіршілік етуде. Осы жыл мен алдағы жылдың игіліктеріне қол жеткізу үшін осы жылда барыңды бағалай білу керек. Сізге берілген барлық нәрсе үшін, қала берді, өзіңіз барына үйреніп қалған болмашы игіліктер үшін де шүкіршілік етіңіз. Біздің иманымыз бар, Исламымыз бар, әлхамдулилләһ, біз – ең ізгі үмбетпіз. Бізге ең ізгі Кітап, яни, Құран түсірілді. Алла бізге қаншама рақым-шапағатын төгіп, жомарттығын жаудырып, береке берді. Рамазан – Оның бізге деген рақымдарының бірі. Сондықтан, Рамазанның қадірін жете түсіну үшін біз оны Алланың қалағанындай өткізіп, оның негізгі мақсаты болып табылатын шынайы тақуалыққа қол жеткізуге тиіспіз.

8. Сүннетке ілесу

Егер сен біреуді жақсы көрсең, оған қатысты дүниенің бәрін жақсы көресің. Бұл сүйіспеншілік ұстанымын Алла Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты айтты: Ол − Алланың сүйіктісі, егер біз оған ұқсауға тырысып, Сүннетіне ілессек, біз де Алланың махаббатына ие боламыз. Атап айтқанда, оразаны Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстағандай ұстаңыз. Өйткені, бұл –ең ізгі жол.

9. Истиқама (дінде бекем, табанды болу)

Имам Джунейд әл-Бағдади, рахимахуллах, былай деген: «Истиқама (діндегі бекемдік) ғажайып (карамат) жасай білу қабілетінен де артық».Рамазанның алғашқы күндері өзіңізді титықтатпаңыз, өзіңізге оңтайлы режимді таңдап алып, үнемі сонымен жүріп отырыңыз. Алланың алдында ең ұнамды амалдар – азғантай болса да, тұрақты түрде жасалатын амалдар. Біз қолымыздан келетін ізгіліктер үшін және күнәдан бойымызды аулақ ұстай білгеніміз үшін шүкіршілік етуіміз қажет. Оған қоса, бойымызда истиқаманың қандай дәрежесі болса да, соған шүкіршілік етуіміз керек. Сөзімді ұстаздарымыздың бірі шейх Кандехләуидің, рахимахуллах, айтқандарымен аяқтамақпын: «Бүкіл өмірін Рамазан сияқты өткізген адам ажалын ораза ұстаған жанның Айттың айын қарсы алғанындай қабыл алады».

Қорытындылай келе, Алладан дін жолында жұмсаған күш-жігерімізді қабыл алып, күнәларымызды кешіруін сұраймыз. Әмин.

____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.