Сырт келбеті

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф етжеңді, бойшаң, дене бітімі де мықты, тығыншықтай әрі сымбатты, күш-қуаты жағынан да өте қайратты, жүзінің кей жерлерін сарғылт рең тартқанымен, ажары аққұба келген адам болған. Қалың шашы мен сақал-мұрты да өзіне қатты жарасатын, әрі оларды аса қатты өсірмейтін, тістері түзу әрі қатты, қастары қалың, ал жүздері ерекше нұр шашып тұратын, әлденеге қарағандағы көз қарасы да сондай салмақты, тасасында үлкен ой шомып жататындай әрі мейірімді көрінетін. Ал өзі сондай айбынды да байсалды жан болатын, қарапайымдылығына қарамастан, бойынан рухының айбындылығы, биіктігі сезіліп тұрушы еді, бір сөзбен айтқанда, кемел адам еді. Түр-әлпеті де әрдайым ажарлы, әдемі болып жүретін, жүрегі де мықты болды. Қандай киім кимесін, оған бәрі бірдей жараса кететін, өзіне арнап тігілгендей, — сірә, киім оған емес, ол киімге ажар беріп тұратындай дерсің. Даусы айбатты, зор, ал сөйлеген әр сөзі әдемі, тыңдарманға тиянақты түрде жеткізілетін, қандай тақырыпта сөйлемесін, сол мәселенің мән-жайы, жағдаяттары толық қамтылатын. Өз ойын ашық әрі түсінікті етіп жеткізетін. Айтқан насихаттары мағыналы әрі тыңдарманын тез баулып әкететін, оның сөздеріне құлақ салып тыңдамау мүмкін еместей еді. Ең қиын деген мәселенің өзін жеңіл етіп түсіндіруге тырысатын.

Шейх өзінің денсаулығына қатты мән беретін: әр кез дене шынықтырып, спортпен айналысатын, ас ішуде де ерекше тәртіп пен ұстамдылыққа қатты мән беретін. Ара-кідік профилактикалық ем-дом қабылдап тұратын.

Рухани қасиеттері

Сыртқы келбетінің әдемілігімен бірге шейхтың ішкі жан-дүниесі де ерекше әдемі әрі мейірімге толы болатын. Жаны таза, кең, шынайы, көркем мінез-құлықтың иесі еді. Әрдайым шындық сөзді ғана сөйлеп, әділдікті жаны сүйетін. Көңілі баланікіндей пәк, жаны да, тәні де сау, кең жүректі, ал ниеттері әрдайым түзу. Жақсылыққа жанашыр адамдарды ардақ тұтатын, өзіне әрі өзінің отбасына жақсылық жасаған адамдарды да ерекше қадірлейтін. Адам баласына жамандық тілемейтін. Отбасына қамқор, бауырмал, балажан, Отансүйгіш жан еді, Отанының да, ондағы халқының да қамын жейтін. Қандай істе болмасын, тазалықты, тәртіп пен әсемдікті қадірлейтін.

Өзгеге өшпенділік ойлап, көңілінде кек, ашу сақтамайтын. Өзіне жамандығы тиген адамға да жақсылық ойлайтын, оларды кешіретін.

Әрдайым игі де ұлы істерге ұмтылатын, өзгенің сыртынан жаман бір іс ойлап, ғайбат айтып, арзан сөзге ерушілерді суқаны сүймейтін. Өзі жасаған жақсы амалдары қаншалықты үлкен, қомақты болса да, оны өзі үлкен іс деп есептемейтін – Алладан келген жақсылық, құрмет деп білетін. Алайда өзгенің жетістіктеріне ерекше қуанып, көтермелейтін. Оның әр айтқан сөзі білімге негізделетін, астарында үлкен ғылыми мән-мағына жататын. Қашан да Құран мен сүннеттің жолына еріп, мәзһаб шеңберінен шықпайтын. Ислам мен білімдегі екі жүзділік пен залымдықты жаны құптамайтын. Не айтып, не жазса да, өзгені нендей іске шақырса да, әуелі сол айтқанына өзі амал ететін. Дүниауи байлыққа аса қатты мән артып, бас ауыртпайтын. Бар уайымы мен күш-жүгері ислам мен халықтың игілігіне жұмсалатын.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың оқу-білімге деген құштарлығы ерекше еді. Ал уақыт ол үшін өте құнды да бағалы зат болатын. Сонау студенттік кездерден бастап ол күн тәртібі мен соған сай орындалуы міндетті болған амалдарды белгілеп отыратын болған. Мұндай «темірдей» талапқа ол қатаң бағынатын. Өмірінің бәр сәтін де құр бекерге өткізбейтін және әр сәт, секунд сайын Аллаға зікір айтып, мурокаба жағдайында болатын.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф мынадай керемет қасиеттерге ие адам еді: салмақтылық пен байсалдылық, тұңғиық білім иесі және қарапайымдылық, мемлекеттің басшысымен бірдей дәрежедегі саяси сауаттылығы және әкелік мейірім, тазалық пен айбындылық, байлық пен ұстамдылық, ұстаз және шәкірт. Ол үлкен қайраткер адам бола тұра қарапайым мұсылман болып қала берді, зор атақ-даңққа ие болса да, табиғи болмысындағы қасиеттерінің тазалығын, әу бастағы шынайылылығын сақтауға тырысты. Кез-келген жағдайда ұстамдылық, қайсарлық танытатын.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф өте мейірімді, кең жүректі, қайырымды адам болатын, баршасына мейірімділік танытатын. Онымен араласатын кез-келген адам оған өзін ең жақын адаммын деген ойда қалатын. Ешкімнен жақсылығын аямайтын, алдына келген адамның баршасын тыңдап, жеке мәселесіне дейін жанашрлық танытатын. Кей адамдар туған ата-анасынан да бұрын онымен, яғни шейхпен пікір алмасып, ақыл сұрағанды жөн көретін болған.

Шейхтың басынан өткен таңғажайып оқиғалар

Құдіретті Алла Тағала көптеген таңғажайып оқиғаларды шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфпенен (Алла оны рақым етсін) байланыстырып қойды, яғни оған көптеген кереметтерді, Алланың қалауымен таңғажайыптарды тудыратын қасиетті нәсіп етті. Ең әуелгісін айтатын болсақ, оның жазған кітаптары сол (кітапта баяндалған) тақырыптағы мәселені оңтайлы шешуге дем беріп жататын. Оның әрбір еңбегі, әрбір құнды сөзі мұсылман жұртының жанына майдай жағатын. Оған (шейхқа) уақыт кеңістігіне қатысты берілген керемет қасиет өзгені таңқалдырмайтын қоймайтын. Себебі оның кітап жазғанын, атқарған өзге де жұмыстарын сырттай бақылап тұрған адам мұны уақыт шектеулі шеңберіне еш сыйдыра алмай дал болушы еді. Алланың оған ислам игілігіне қызмет етуі үшін берген бұл кереметі өзге кереметтерінің ішіндегі ең бірегейі еді. Себебі өзге кереметтердің барлығы уақытша болса, дінге қызмет ету жолындағы керемет мәңгі, мұндай керемет еш түгесілмейді де.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың дұғалары да қабыл болатын. Ол кімге арнап дұға тілесе, сол адамның жұмыстары бір Алланың қалауымен тез арада оңғарылатын.

Дипломдары мен марапаттары

Имам Бұхари атындағы Ташкент ислам Инститтының Дипломы, 1975 жыл;

Университеттің (Ливия) араб тілі және ислами ғылымдар бойынша ислам дағуаты факультетінің Дипломы (лицензиясы), 1980 жыл;

Ливия Жамахириясының «Ұлы Фатих» медалімен марапатталған, 1989 жыл;

Мысыр Араб Республикасының «Ғылым мен білім» медалімен марапатталған, 28 қаңтар 1992 жыл;

Ресей Муфтийлері Кеңесінің «Әл-Фәхр» орденімен марапатталған, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Халықаралық мекемелер мен ұйымдарға мүшелігі

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф белгілі ғалым кісі ретінде төмендегідей беделді мұсылман ұйымдарының мүшелігінде болған:

Меккедегі Дүниежүзілік Ислам Лигасының Құрылтайшылық Кеңесінің («Рабитатул Әләмул Ислами») мүшесі;

Әлемдегі ислам ғұламаларының танымал да тәуелсіз ұйымдарының – Мұсылман ғұламалары дүниежүзілік Одағының хатшылар Кеңесінің ортақ құрылтайшысы және мүшесі;

Тасаууф Әлемдік бірлестігі Президиумының мүшесі;

Әлемдік халықтың ислами жетекшіліктің Бас хатшылар алқасының мүшесі;

Ислам дағуаты әлемдік кеңесі Президиумының мүшесі;

Исламабадтағы Әлемдік ислам университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі;

Меккедегі Ислам ғұламалары мен ойшылдары бас қосатын жиындардың атқарушы бюросының мүшесі;

Мешіттердің Әлемдік Бірлестігінің мүшесі;

«Әли Байт» атты ислами ой-пікірлердің Корольдік академиясының мүшесі.

Шейхтың отбасы

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф 1974 жылы ұстаз Исмаил махдумның қызы Фатимаханға үйленеді. Сөйтіп бұл шаңырақта бір ұл және екі қыз дүниеге келеді: Исмаилжан Мұхаммед Юсуф, Әдинахан Мұхаммед Юсуф және Әминахан Мұхаммед Юсуф. Отбасының барлық мүшелері ілім және ағартушылық жолында жүр.

Шейхтың өлімі

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф һижраша 1436 жылы Жұмадул әууәл айының 19-ы күні (10 наурыз 2015 жыл) кешкі уақытта (мағриб намазынан кейін) жүрек талмасынан 63 жасында қайтыс болады. Жаназа намазы келесі күні зухр намазынан кейін шейх Зайнуддин мешітінде (Кукча массиві, Ташкент қаласы) оқылады. Жаназа намазына шейхтың ұлы Исмаил қажы имамдық етіп, оған әлемнің әр түкпірінен келген, шейхты ардақ тұтатын 200 мыңнан астам адам қатысады. Шейх мешіт жанындағы бейітке жерленеді.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың өлімі күллі мұсылман үмметі, әсіресе, өзбек халқы үшін орны толмас қайғы болды. Миллиондаған мұсылмандардың сүйіктісіне айналған шейхтың қазасы олардың жанына қатты батып, жоқтығы да бірден білінді. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі жазбалардан мұны анық байқауға болатын еді. Оның құрметіне көптеген өлең шумақтары да арналып жазылып жатты.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф жақсылығымен көпшілік адамның жүрегін жаулап алған адам еді. Көптеген адамдар оның әзиз рухына дұғалар тілеп, кейбірі өз еріктерімен Құран хатым етіп, бағыштады. Көп көлемде садақа беріліп, қайырымдылық шаралары жүргізілді, әр түрлі рәсімдер жасалып, осының барлығы бақилық болған ғалымның құрметіне бағышталды. Өзге мемлекеттерде де Құран тіләуәт етіліп, сырттай жаназа намаздары оқылды. Оңтүстік Корея (Кожедо аралы) мен Қазақстанда (Шымкент қаласы) жуырда ғана ашылған мешіттерге Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың есімі берілді.

Игі хабарлар

Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Пайғамбарлық тоқтады, енді тек мубашшираттар – игіліктен (жақсылықтан) хабар беретін түстер ғана қалды». Ұлы Алланың қалауымен Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф туралы бірқатар жақсы хабарлар жетті. Солардан бірер мысал келтірейік.

Біздің заманымыздағы ханафи мәзһабының белгілі ғұламаларының бірі Мұхаммед Әууәманың ұлы, жас әрі өте танымал ғалым Мухуддин Әууәма, шейх қаза болған күннің ертесіне хат жазады. Ол өз хатында таң атар уақытта түс көріп, түсінде шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфты керемет бір келбетте көргендігін жазады. Шейхтың өзіне Алла оның жанын шахидтікіндей етіп қабылдады деп айтқандығын жеткізеді. Бұл түсті ол Шейхтың бақилық болғандығын естіместен бұрын көрген.

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың інісі Әбдулатифтің қызы Фарида да дәл сол күні, яғни оның өлімінен кейінгі келесі күні шейх жер астына көмілместен бұрын өзінің түсі туралы айтып береді:

«Менің таң намазына жақын көзім ілініп кетіп, түсіме Хәзірет кірді. Ол өзі қайтыс болған жерінде жатыр екен. Оның басы ұлының немесе інісінің тізесінде болатын, ал көздері жұмулы еді. Мен оған қарай еңкейіп, былай деп сұрақ қойдым: «Хәзірет, сіз көз жұмдыңыз ба?» Ол көздерін ашып-жұмып, «иә» дегендей ишара етті. Мен тағы сұрадым: «Азап татпадыңыз ба?» Мұныма ол былай деп жауап берді: «Жоқ. Өлім періштелері менің жанымды ақырын ғана, байыппен алды. Алыстан мен Алланың әдемілігін көрдім». Мен таңқалып: «Ендеше менімен қалай сөйлесіп жатырсыз?» дедім. Ол жай ғана күлімсіреді. Кейін мен оянып кеттім».

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың өлімінен бірер күн бұрын бірқатар адамға азу тістерінің түскендігі түстеріне кіреді. Ал егер адамның түсінде азу тісі түссе, бұл оның қандай да бір жақын адамының қайтыс болатындығын білдіреді. Бұл шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың көптеген адамдарға өз әкесіндей қатты жақын болғандығын білдіреді. Сол себепті де көпшілігі түстерінде Шейхты пайғамбарлармен, әулиелермен бірге көргендіктерін айтады.

 

Islam.uz