Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Алланың атымен бастаймын. Әлемдердің Раббысы Аллаға мақтау-мадақ болсын. Мырзамыз Мұхаммедке, оның отбасына және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Сүйікті әрі қадірлі бауырларым, біз бұл уақытымызды Исламдық құқық (фиқһ) ғылымымен байланысты өте маңызды мәселені қозғауға арнамақпыз. Бірақ, алдымен оның маңыздылығы неде екенін айта кету керек. Бүгін біз әһлү-с суннаның сүнниттік бағыттағы мәзһабтарының шеңберінде өмір сүрудеміз: ханафи, мәлики, шәфиғи және ханбали. Ислам әлемі осы төрт мәзһабқа тиесілі. Бұл төрт мәзһаб – тек қана шариғат мәтіндерінен тұжырымдап шығарылған құқықтық білімдер мен түсінік. Негізінде, мәзһабтар – Алланың мына сөздерін жүзеге асыру болып табылады: «…олардан оның мән-жайын білер еді…», сондай-ақ: «Егер білмесеңдер, кітап иелерінен сұраңдар». Мәзһабтардың мәні де сонда.

Бірақ, біз бұған қалай жеттік? Құран асыл Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), аса ұлы әрі біз үшін ең сүйікті жанға түсірілді. Ол өзі білген нәрселерден құқықтық тұжырымдар шығарып отырды. Сол себепті, ол дәуірдегі адамдар Құдіретті әрі Ұлы Алланың Кітабы мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінің арасында өмір сүрді. Ал, асыл Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солардың ортасында болды. Олар бастарына қандай да бір іс түскенде Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұрайтын. Қандай да бір жұмыстары шықса, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүгінетін. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде иджтихадпен айналысқан адам болды ма? Сахабалар өздерінің көзқарастары мен иджтихадтарына сүйеніп шешім шығаратын ба еді? Бұл сұрақтың жауабы – иә.

Мұндай жағдайларда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) не олардың айтқандарын дұрыс деп құптап, не жіберген қателіктерін көрсетіп, ескертіп отырған. Мәселен, бірде сахабалардың бірі сапарда жүріп, жүніп болып қалған. Сонда ол жердегі шаңды кәдімгі ғұсыл алу кезіндегідей денемнің бүкіл жерлеріне тигіземін деген оймен жерге аунап, иреңдеп, тазаруға тырысқан. Ол мұндай тазалану да ғұсыл сияқты болуы керек деп ойлаған. Ал, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барғанда, Пайғамбар оған: «алақандарың мен былай жасасаң жетіп жатыр еді…», − деп, оған тәйәммүмді қалай алу керектігін, мейлі, ол дәрет болсын, мейлі, ғұсыл болсын, тәйәммүм алғанда бет пен қолдың ғана сүртілетінін түсіндіріп берген.

Уақыт өтіп, Пайғамбарымыз (оғанАлланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салды. Бірақ, ол бізге Алланың Кітабы мен өзінің Мүбәрак Сүннетін қалдырып кетті және де Құран мен Сүннеттен шешім шығаруға қабілетті әрі парасатты тура басшылық имамдарына жүгінуімізді өсиет етіп, былай деді: «Менің Сүннетім мен менен кейінгі тура жолдағы Әділ Халифтердің Сүннетін ұстаныңдар! Оларға азу тістеріңмен жармасыңдар!».

Халифтер Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлимен солар бастаған сахабалар шариғат мәтіндерін түсінуде иджтихадпен айналысқан, сөйтіп, не бір ортақ шешім тауып отырған, не мұрагерлікке қатысты кейбір мәселелерде Әбу Бәкір мен Омардың пікірлері екіге бөлінгені сияқты, келіспеушіліктерге тап болып отырған. Дегенмен, қалған сахабалар аяттар мен хадистердің мағынасын және шариғаттың мақсаттарын түсінетін сахабаларға жүгінетін болған. Сол себепті, мәселен, Пайғамбардың (оғанАлланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының арасынан 70 адамның пікірлері сан-саққа бөлінген кезде, кей бір риуаяттарда баяндалғандай, олар Ибн ‘Аббастың пікіріне жүгінген. Осылайша, олар өздері де нағыз араб жәнеПайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары бола тұра, шариғат мәтіндерін түсінуде бір сахаба екінші сахабаның көмегін сұрайтын болған. Бір сахабалар екінші сахабалардан, өздерінің арасындағы білім иелерінен, иджтихад ғұламаларынан сұраған.

Сахабалардың заманы кітап жазу мен құрастыру дәуірі емес, шариғатқа негізделген мемлекет құрудың, әскери іс-әрекеттердің және т.б. дәуірі болған. Бұл дегеніміз – хадистану ғылымында немесе Құран тәпсіріне қатысты яки басқа да ғылымдарға қатысты жазылған кітаптар сол буыннан кейін жазылған. Алайда, сахабалар өзгелерге білгендерін үйретіп, өмірлерінің бір бөлігін соған арнаған. Мәселен, Ибн `Аббастың өз мектебі мен шәкірттері болған. Абдуллах ибн Омар да соныңтәжірибесіне ерген, сондай-ақ, Куфадағы Абдуллах ибн Мәсғудта өз мектебін білім нұрымен толтырғанша аянбай тер төккен. Сахабалар (Алла оларға разы болсын) мен олардың шәкірттері негізін салып, қалыптастырған мектептер осылай пайда болған.

Олардың шәкірттері тәбиғиндер болатын, ал, олар өз білімдерін арттарынан ілесіп келе жатқан буынға жеткізген. Осы жайттардан кейін Алла Тағала осы дін үшін ол жайлы ой толғап, қыр-сырларын оқып-үйренетін және діннің жауапкершілігін мойнына алатын ерлерді жаратты.

Сонымен, олардың арасында Әбу Ханифа, Мәлік, әш-Шәфиғижәне Ахмад болатын. Олар сол құқықтық мектептердің жетекшілері болды. Ал, ол мектептер, шындығында, сахабалардың мектептерінің жиынтығы болатын. Мысалы, Имам Мәліки джтихад жасауда Мекке мен Мәдинадағы `Абдуллах ибн `Умар мен `Абдуллах ибн `Аббастың мектептеріне сүйеніп отырған. Иә, ол жаңа иджтихад жасап шығарды, дәлел-дәйектерді жаңа жолмен алды, алайда, олсолсахабалардыңқалдырғанілімдерінежүгініп, соларды негізге алған. Имам Әбу Ханифаның да жайы солай: оның иджтихадының басым бөлігі ИбнуМәсғудтың мектебінен бастау алады.

Осылайша, төрт мәзһаб сахабалардың, тәбиғиндердің және солардан кейін келген буынның иджтихадтарынан құралған шеңбер болатын. Бұдан шығатын қорытынды – төрт мәзһаб Құран мен Сүннеттен алыс, жат дүние емес, керісінше, бұл – Құран мен Сүннетті түсіну жолы; әуелгі ізгібуындардың – сахабалардың, тәбиғиндердің және солардың ізін басқан ұрпақтардың түсінулерінің түп негізі.

Дәл сол себепті, мухаддистердің, Құран тәпсіршілерінің, тіл мамандарының – жалпы алғанда, Ислам ғұламаларының барлығы да сол мәзһабтарды ұстанған және әсіре сілтеушілікке салынбаған. Егер біреу белгілі бір мәзһабты ұстанған болса, мәселен, шәфиғит болса, Имам Шәфиғидің мәзһабының иджтихадын алған, содан соң әш-Шәфиғи мәзһабының ірі ғұламаларының иджтихадын алған, сөйтіп, сүнниттік бағыттағы мәзһабтар осындай ұстаныммен қалыптасып, бекіген. Олар бір-біріне сүйіспеншілікпен әрі құрметпен қараған. Расында, бұл мәзһабтар үмбетке берілген рақым болатын.

Құдіретті Алладан бізге және сіздерге бақыт пен табыс беруін сұраймын… Сіздерге Алланың сәлемі, рахмет-мейірімі және берекеті болсын!

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.