Жұма намазына дейін және одан кейін төрт ракағат оқу сүннет пе???
بسم الله، والحمد لله، والصلاة والسلام على رسول الله وعلى آله وصحبه ومن اهتدى بهداه
Жұма намаздарына қатысатын әрбір адам бәлкім, бүкіл жамағаттың алдында, хұтбаға дейін де, хұтбадан кейін де төрт рақағат сүннетті оқымайтын “ерекше” адамдарды байқаған шығар.
Олардың кейбірі, бұл намаздар дінде бекітілмеген, әрі олар жайлы хадис шәріптер жоқ деп есептейтіндіктен осындай әрекетке барады. Алланың рұқсатымен, аталмыш көзқарастың орынсыз екенін дәлелдеу үшін, кейбір хадис шәріптерді келтіргім келеді. Себебі, жұма намазының парызына дейін де, парызынан кейін де төрт ракағаттан оқу ханафий және шафиғи сияқты екі мазхаб бойынша, сонымен қатар, ханбали мазхабындағы көзқарастардың біріне сәйкес, маңызды сүннет болып табылады. Мәлики мазхабы бойынша, жұма намазының бекітілген бөлігіне дейін сүннет болмаса да, нәпіл намаз оқуға жол беріледі. Жұма намазына дейін сүннет бар екендігі жайлы көзқарасты ұстанатындар, жұма намазы бесін намазының орнына оқылып жатыр дегенді алға тартады. Сол себептен жұма намазы, шариғаттың белгілі бір дәлелдерімен бекітілген қос азан, хұтбаның оқылуы, төрт ракағаттың орнына екі ракағат парыз оқу сияқты кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, тұп- тура бесін намазы сияқты орындалады.
Имам Бухари өзінің хадистер жинағында “ Жұма намазына дейін және кейін сүннетті оқу” бөлімін қылса да, ол тек жұма намазынан кейінгі сүннетке қатысты хадис шәріпті келтірумен шектеледі. Алайда жұма намазына дейінгі сүннет жайлы ешқандай хадис келтірмейді. Бұның орнына Имам Бухари бесін намазына дейін және одан кейін оқылатын сүннетті меңзейді. Ол жұманы бесінге ұқсатқандықтан. Яғни жұма намазынан алдын да, одан кейін де бесіндікіндей сүннетер бар дегені. (Бадруддин Әбу Мұхаммед Махмуд ибн Ахмад ал-‘айни, ‘умдатул-Каари шарху Сахихил-Бухари, 5-том, 126-бет. «Дарул-фикр» Бейрут, 2005 ж.)
Сонымен: عن ابن مسعود قال كان النبى ﷺ يصلى قبل الجمعة اربعًا وبعدها اربعًا (ترمذى ج١ ص٦٩ ‘Абдолла ибн Масғұд (радиаллаһу ‘анһу) айтады:
«Алла Елшісі صلى الله عليه وسلم жұма намазынан алдын төрт рекағат, және кейін де төрт ракағат оқитын». (Тирмизи 1 т, 29 бет).
Басқа хадисте былай делінеді:
اذا صلٰى احدكم الجمعة فليصل بعد ها اربعًا (مسلم ج١ ص٢٨٨
«Сізден біріңіз жұма намазын оқыса, одан кейін төрт ракағат оқысын». (Муслим 1 т, 288 бет).
Имам Әбу Дәуіттің риуаятында Абдолла ибн Масғұдтан (радиаллаһу ғанһу) жеткендей, жұма намазынан кейін алты рекағат, төртеуі бір сәлеммен, екеуі бір сәлеммен оқылады. Кейбір хадис шәріптерде жұма намазының құтпасына дейін екі ракағат мешітке сәлем намазын оқу керек деп келеді.Бірақ бұл уәжіп те, сүннет те емес, мустахаб амал. Себебі де белгілі, егер мешітке сәлем жай уақытта уәжіп не сүннет болмаса, онда дәл осы уақытта ол қайтіп уәжіп не сүннет бола алады? (Қараңыз: «Алла Елшісінің намазы ﷺ»).
عن جبلةَ بن سحيم عن عبد الله بن عمر رضى الله عنهما: أنه كان يصلّي قبلَ الجمعةِ أربعًا لا يفصلُ بينهنَّ بسلامٍ, ثم بعد الجمعةِ ركعتينِ ثم أربعًا. رواه الطحاوي في باب التطوّع بالليل والنهار كيف هو, وإسنادهُ صحيح. شرح معاني الآثار: 1\335.
Жәбәлә ибн Сухаймның былай дегенін жеткізеді: «Абдолла ибн Омар (радиаллаһу ғанһума) әдетте жұма намазына дейін төрт ракағаттық намаз қылатын. Жұма намазынан кейін де әуелі екі ракағат, кейін төрт ракағат қылатын». Аталмыш хадистің тізбегі сенімді болып табылады.(әт-Тахауи «Шарх мағани әл-әсәр» 1/335).
عن أبي عبد الرحمن السلمي قال: كان عبد الله رضى الله عنه يأمرنا أن نصلي قبلَ الجمعةِ أربعًا, وبعدها أربعًا. رواه عبد الرزاق, وإسنادهُ صحيح. مصنف عبد الرزاق: 3\247 (5525), ورواه الطبراني في المعجم الكبير: 9\310 (9551-9552)
Әбу Әбдурахман әс Сәлмиден жеткізеді, ол былай деген: «Абдолла ибн Омар (радиаллаһу ғанһума), біздерге жұма намазына дейін де, одан кейін де төрт ракағаттық намаз оқуды бұйыратын.».
Аталмыш хадистің тізбегі сенімді болып табылады. (Абдур-Раззақ «Мусаннаф» 3/247, 5525 және әт-Табарани «әл-Муғджам әл-кәбир» 9/310, 9551-9552).
عَنْ اَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : اِذَا صَلَّيْتُمْ بَعْدَ الْجُمُعَةِ فَصَلُّوا اَرْبَعًا، فَإِنْ عَجِلَ بِكَ شَيْءٌ فَصَلِّ رَكْعَتَيْنِ فِي الْمَسْجِدِ وَ رَكْعَتَيْنِ اِذَا رَجَعْتَ
Әбу Хурайра (радиаллаһу ғанһу), Алла Елшісінің (саллаллаһу ғалейһи уә сәлләм) былай дегенін жеткізеді: «Бекітілген Жұма намазынан кейін төрт ракағат қылыңыздар Егер асықсаңыздар, онда екі ракағатты мешітте, қалған екеуін үйге барғанда оқыңыздар». (Муслим, Ахмад).
عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ : كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم يَرْكَعُ قَبْلَ الْجُمُعَةِ اَرْبَعًا لَا يَفْصِلُ فِي شَيْءٍ مِنْهُنَّ
Ибн Аббас (радиаллаһу ғанһу), Алла Елшісі (саллаллаһу ғалейһи уә сәлләм) бекітілген жұма намазына дейін ерікті төрт ракағат намаз оқитын, әрі оларды сәлеммен бөлмейтін (екінші ракағаттан кейін сәлем берместен, үзбей төрт ракағат оқитын). (Ибн Мәжә)
Дәл осындай хадис шәріп, дәл осы мәтінмен Әлиден де (радиаллаһу ғанһу) келеді. «Исламның қағидалары мен ережелері энциклопедиясында» былай делінеді: Жұмадан кейін оқылатын намаздың ракағат саны ең азы екі болу керек, себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғалейһи уа сәлләм) ылғи жұма намазынан кейін екі ракағат нәпіл намаз оқитын». (Мүслім, Жұма, 72; Бухари, Жұма, 39; Тирмизи, Жұма, 24). Бірақ ең көп ракағат саны – 6, себебі ибн Омар (радиаллаһу ғанһума) айтатын: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғалейһи уә сәлләм) жүма намаздан кейін 6 ракағат намаз оқитын». (Тирмизи, әз-Зухайли, 2/306).
Сонда да, Ханафилер Абдолла ибн Масғұдтың (радиаллаху ‘анху) сөзі мен ісін алады, ол былай деген: «Алла Елшісі (саллаллаһу ғалейһи уә сәлләм) жұма намазының алдында төрт ракағат оқитын, әрі одан кейін де төрт ракағат оқитын», дәл осы іс сүннет болып табылады.
Жұма 10 ракағат оқылатындығына (4 сүннет 2 парыз және 4 сүннет) басқа да түсініктеме бар. Әрбір адам бесін намазы 4 ракағаттан , ал жұма 2 ракағаттан тұратынын біледі. Жұма оқыған адамға бесін оқу қажет емес. Бесінге қарағанда, жұма екі ракағатқа азайғаны анық. Бұдан шығатыны, 2 ракағаттың орнына жұма құтпасы парыз болды.
Омар ибн әл-Хаттаб (радиаллаһу ғанһу) айтатын:
الخطبة موضع الركعتين
«Құтпа екі ракағаттың орнын басады». («Мусаннаф Әбдурраззақ» 3 т, 237 бет).
Басқаша айтқанда, Ұлы Алла жұма күнгі 4 ракағат бесін намазын құтпа мен екі ракағатқа бөлген. Сондықтан, егер біз 4 ракағат сүннет, 2 парыз және 4 ракағат сүннет оқысақ, 10 ракағат болады. Біз күнде оқитын дәл 10 ракағат бесін сияқты. (4 сүннет, 4 парыз және 2 сүннет), соңында Имам Бухари меңзеген жұмада, бесіндегідей 10 ракағат оқимыз. Сонымен, жұма парызына дейін де, одан кейін де 4 ракағаттық сүннет оқу шынымен сүннет амал болып табылады. Сол үшін ханафи және шафиғи мазхабтары бойынша, 4 ракағат сүннет, қалған екі мазхаб бойынша екі ракағат сүннет оқитын адамның әрекетін кейбір тұлғалар айтқандай бидғат деп атау дұрыс болып саналмайды. Кезекке келетін болсақ, бірінші азаннан кейін 4 рааағат сүннет оқылады, кейін екінші азан айтылады, имам құтпа оқиды, кейін екі ракағат парыз оқылады, парыздан кейін 4 ракағат сүннет оқылады.
Дұрысын Алла Білуші.
حديث الحنفي
Қайнар көз: Иснад. кз
Ислами ағарту порталы