Автор: Мүфтий Абдар Мирза

Дереккөз: askimam.org

шаблон

Сұрақ:

Бүгінгі таңда экстремисттік* көзқарас ұстанатын талай мұсылман жастар жайында естіп жатамыз. Ойы бұрмаланған жастар ақырында заңға қайшы амалдар жасап, бәлеге ұрынып жатады. Жастарымызды осындай тұзаққа түсуден қалай сақтаймыз?

*Экстремизм латын тілінен — шектен тыс, шектен шығу.

Жауап:

Аса Қайырымды, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

1-cабақ. Орта жолды ұстану (шектен шықпау)

Алла Тағаланың дінімізді кемел қылуы — Оның бізге берген ең ұлы нығметтерінен. Алла Тағала былай дейді:

الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الْإِسْلَامَ دِينًا

«Осы күні діндеріңді кемелдендірдім және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап, ұнаттым.» (Мәида сүресі, 3)

Біздің дініміз – мінсіз және бізге діннің одан жұмсағырақ не одан қатал түрі қажет емес. Кімде-кім Исламға шынайы түрде ергісі келсе, Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жолымен және ұстанымдарымен жүру керек. Ал, Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бізге үйретіп кеткен әйгілі қағидаларының бірі – ұстамдылық (орта жолды ұстану).

خير الأعمال أوسطها

«Амалдардың ең қайырлысы — ең ұстамдылары» (Шуғайб әл-Иман, 3/402 )

Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) және сахабаларының (олардан Алла разы болсын) өмірбаянын үйренген адам олардың өмірлері ұстамдылыққа толы болғанын байқай алады.

Бірде Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Усман ибн Мазғунның (одан Алла разы болсын) тоқтамастан күндіз ораза ұстап, түнде құлшық жасайтыны жайлы хабар келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Усманды (одан Алла разы болсын) шақырып алып, оған: «Сен менің сүннетімнен бас тартқансың ба?» — деп ескертеді де, ораза мен намазда шектен шықпауын бұйырады. Салманның әбу Дардаға (олардан Алла разы болсын) ұқсас ескерту жасағаны да сахабалардың ұстамдылықты насихаттағанын білдіреді.

Сол секілді, Алла Тағала Құранда орта жолды ұстанып, шектен шықпауды бұйырған бірнеше аяттар түсірді. Мысалы, Алла Тағала Оның жолында садақа беруді бұйырумен қатар, былай дейді:

وَلَا تَجْعَلْ يَدَكَ مَغْلُولَةً إِلَى عُنُقِكَ وَلَا تَبْسُطْهَا كُلَّ الْبَسْطِ فَتَقْعُدَ مَلُومًا مَحْسُورًا

«Қолыңды мүлде мойныңа байлап қойма да, бүтіндей ашпа (өте сараң болма да бір-ақ берме). Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың» (Исра сүресі, 29)

Басқа жерде, Өзінің шынайы құлдары жайында айта келе Алла Тағала былай дейді:

وَالَّذِينَ إِذَا أَنْفَقُوا لَمْ يُسْرِفُوا وَلَمْ يَقْتُرُوا وَكَانَ بَيْنَ ذَلِكَ قَوَامًا

«Олар мал сарып қылғанда, ысрап та қылмай, сараңдық та істемей, орта жол ұстанады.» (Фурқан сүресі, 67)

Алланың бұйрықтары, Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннеті, сахабалардың (олардан Алла разы болсын) насихаты – барлығы ұстамдылықты қолдап, шектен шығудың кез келген түрін айыптайды. Өкінішке орай, кей адамдар жақсы мұсылман атану үшін шектен шығатын әрекеттермен айналысады; алайда, Аллаға жақындау орта жолды ұстанумен ғана болады. Бұл – біздің жастарға сіңіретін ең бірінші нәрсеміз болу керек.

2-cабақ. Ата—ана жауапкершілігі. Сенімді білім иелерімен байланыста болу

Ата-ана балаларының кіммен араласып, кімнен білім алып жатқанына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сенімді білім көздерін пайдалану, діни сауаттылықты арттыру — баланы экстремисттік ағымның ықпалына түсуден сақтаудың ең негізгі жолы.

Ата-ана өз балаларының оларға тура жолды нұсқайтын жергілікті имамдармен байланыста екеніне көз жеткізуі керек. Өкінішке орай, көптеген ата-ана имамдармен өздері де араласпай, балаларын да жолатпайды. Сол себепті, жастар Исламның негіздері, мұсылмандық парыздары жайында көбірек білгісі келсе, ғаламторға жүгініп, толып тұрған күмәнді форумдар, мақалалар мен онлайн дәрістерге тап болады. Осылайша, ғаламтор бұрыс жолды, шектен шығуды (экстремизм) насихаттаудың негізгі алаңына айналады. Сондықтан, жастарға кез келген уақытта ақыл-кеңес беретін жергілікті ұстаз-имамдармен байланыста болу аса маңызды. Имам Мүслим өзінің «Сахихінде» Мухаммад Ибн Сириннің (оған Алланығ рахымы болсын) атақты сөздерін келтіреді:

إن هذا العلم دين فانظروا عمن تأخذون دينكم

«Расында, бұл білім –дінің. Сондықтан, кімнен білім алып жатқаныңа мұқият бол.»

3-cабақ. Сенімді адамдармен араласу.

Сондай-ақ, жақсы орта қалыптастырудың маңыздылығын да айтып жеткізу мүмкін емес. Алла Тағала Кітабында былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ

«Ей иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар және (ісі мен сөзінде) шыншыл болғандармен бірге болыңдар.» (Тәубе сүресі, 119)

Жастарды дұрыс ортада жүрудің, сенімді адамдармен араласудың маңыздылығына және күмәнді адамдардан аулақ жүруге тәрбиелеу керек. Жастарымызға бұрыс жолды насихаттап, заңға қайшы амалдарға шақырып жүрген кез келген күмәнді адамдар жайында бірден ата-анаға, жергілікті имамдарға немесе мешіт қызметкерлеріне жеткізуді үйрету керек.

Алла Тағала баршамызды тура жолға салып, экстремизмнің кез келген түрінен, Алланың жолынан және сүннеттен адасудан және қас адамның қастандығынан сақтасын.

Алла жақсырақ білуші.

Mүфтий Абдар Мирза

Мүфтий Ибрагим Десаидің (хафизахуллаһ) тексеруімен.

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Hanafi.kz сайтына тиесілі.