Бүгін дүниежүзі мұсылмандары — Арапа күні атап өтуде. Бұл күн мұсылмандардың Ай күнтізбесінде зүл-хиджа айының 9-күні аталып өтеді. Бұл күні қажылық етушілер Мекке жанында Арафат тауына келіп, етегінде намаз оқиды. Арафат тауы — бұл Адам ата мен Хауа ананың ұжымақтан қуылған соң жер бетінде жолыққан тұсы.
Зүл-хиджа айының 10-жұлдызы — қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні — берекелі күн. Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты — зүл-хиджа айының тоғызы, яғни, құрбан айттан бір күн бұрын.
Қасиетті түндерге өзінен кейін келетін күннің есімі беріледі. Яғни, алдымен түні, кейін күні келеді. Бірақ, Арапа және Құрбан айттың үш түні бұлай емес. Бұл төрт түн күндерінен кейін келеді. Арапа тек қана зүл-хиджаның 9-шы күні. Яғни, Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн. Рамазан айтынан бұрынғы күнге және басқа да күндерге арапа деп айтылмайды.
Арапа түні — Арапа күні мен Құрбан айттың бірінші күні арасындағы түн.
Арапа араб тіліндегі білу, түсіну деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арапа» деп атап кеткен деседі.
Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені, Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «…Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін…»[2] , — деп бұл күнгі оразаның маңыздылығын баса айтуда.
Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы — арапа күні жасалған дұға…»[3], — деген.