Әбу Юсуф

Толық аты Ибраһим әл-Ансари. Куфада 113/731  жылы дүниеге келген. Харун әр-Рәшидтің билігі кезінде бас қазы (жоғарғы сот) қызметін атқарды. Ислам тарихында алғаш рет «Қадиул-қудат» деген сипатты иеленген де осы Әбу Юсуф[1]. Хижра жыл санауы бойынша 182 жылы (798 ж.) қайтыс болған.

Имам Ағзамға шәкірт болмастан бұрын, кедей отбасында дүниеге келгендіктен күнкөрістің қамымен кетіп, ғылыммен шұғылдануға жағдайы келе бермейтін. Білім алуға деген ынтасы мен ерекше құлшынысын байқаған Әбу Ханифа оған қаржылай көмек беріп, өз жалақысынан айлық тағайындаған. Осыдан кейін білім жолына түсіп, ханафи мәзһабының таралуына үлкен қызмет еткен.

Ибн Жарир әт-Табари «Қазы Әбу Юсуф фақиһ әрі хадис ілімінде білікті ғалым еді. Хадистерді жатқа білетіндігімен танымал болған. Хадис ғұламаларынан сабақ алған. Бір сабақтың өзінде елу, алпысқа дейін хадис естіп, мәнін терең ұғуға тырысатын. Сабақ бітісімен хатқа түсірткізетін» дейді[2].

Әбу Ханифа шәкірттерінің ішінде Әбу Юсуф пен Зуфардан үлкен үміт күтті. Екеуінің құқықтық мәселелерді қалай шешетініне ерекше мән беріп, қабілеттерінің ашылуына жағдай жасап, бақылап отыратын.  Бір күні Әбу Ханифаның оң жағынан орын алған Әбу Юсуф пен сол жағына жайғасқан Зуфар әлдебір мәселе жайлы таласып қалады. Әбу Юсуф не айтса да, Зуфар оның сөзін жоққа шығарып, өз пікірін білдіріп отырды. Зуфардың дегендерін Әбу Юсуф терістеп отырды. Талас бесін намазына дейін созылды. Азан шақырылғаннан кейін Әбу Ханифа Зуфардың бүйірінен түртіп: «Әбу Юсуф тұрғанда төрелік айтамын деп ойлама» деп, бұл таласта Әбу Юсуфтың мерейінің үстем түскенін білдірді[3]. Зуфардың Әбу Ханифаның сол жағында, Әбу Юсуфтың оң жағында отыруының өзінен оның имамның ең алғыр шәкірті, оң қолы болғандығын аңғарамыз.

Аммар ибн Әбу Мәлік «Әбу Ханифаның достары арасында Әбу Юсуфқа тең келері жоқ. Әбу Юсуф болмаса, Әбу Ханифаның да Ибн Әбу Ләйләнің де тарихта аттары аталмас еді. Осы екеуінің көзқарасын шартарапқа жайған – Әбу Юсуф»[4] деп, оның Ханафи фиқһына қаншалықты еңбек сіңіргенін баяндайды.

Имам Ағзамның өзі көзі тірісінде оны қазылыққа лайық көрген екі шәкіртінің бірі еді. Ол райды шебер қолданумен қатар хадис ілімінде де жүйрік болатын[5].

Оның Ислам мәдениетіне тарту еткен саясат, ел басқару, қаржы секілді салаларды қамтыған «әл-Хараж» атты еңбегінің маңызы зор. Сонымен қатар, өзімен қатарлас уақытта қазы қызметін атқрған Ибн Әбу Ләйла мен Әбу Ханифаның келіспеген тақырыптарына арналған «Ихтиләфу Әби Ханифа уә Ибни Әби Ләйла» атты кітабы да бар. Ибн Надим оның бұдан басқа да «Китабус-салат, китабуз-зәкәт, китабус-сиям, китабул-фарайд, китабул-бую, китабул-худут, китабул-уасайа, китабус-сайд, китабуз-забайх, китабул-ғасб және китабул ихтилафил-амсар, ар-радд ала Мәлік ибн Әнәс, Китабул-жәуәми, имлә» деген  кітаптарын атайды[6].

Имам Зуфар ибн Хузәйл

(һ.ж. 110 – 158 / 728 – 774 ж.)

Имам Зуфар – куфалық, әкесі араб, анасы ирандық, әкесі жағынан да, шешесі жағынан да осы екі елдің ерекшелігін өз бойына дарытқан ғалым еді. Әбу Ханифаға шәкірт болмастан бұрын өзі хадис хафызы еді[7]. Ол – Басра қаласына қазы болып тағайындалған Әбу Ханифаның қиястағы[8] ең мықты шәкірті. Әбу Ханифа дүние салғанына сегіз жылдан кейін қырық сегіз жасында қайтыс болды. Тарихул-Бағдат кітабында әл-Мәзни мен Ирак фақиһтары жайлы сұраған бір кісі арасында өрбіген мынадай бір оқиға келтірілген. Әлгі кісі Мәзниден:

– Әбу Ханифа жайлы не айтасың?,– дегенде ол:

– Олардың басшысы, негізін салушы.

– Әбу Юсуф ше?

– Хадиске ең көп жақын болғаны.

– Мұхаммед ибн Хасан ше?

– Құқықтағы тармақ мәселелерді ең көп  білетіні.

– Зуфар ше?

– Қиястағы ең мықтысы, – деп жауап берген[9].

Имам Зуфардан ешқандай еңбек қалмаған. Өйткені, ұстазы Әбу Ханифа дүние салғаннан кейін небәрі сегіз жыл ғана өмір сүрді. Ал Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед одан кейін ширек ғасырдан аса өмір сүрді. Осылайша, олардың Ислам тарихында тамырын тереңнен алатын танымы биік дүниелерді арттарына мұра етіп қалдыруға мүмкіндіктері болды. Зуфар Әбу Ханифаның көзқарастарын хатқа түсіріп кетпесе де, ауызша жеткізген. Ибн Абдулбәрр «әл-Интиқа» атты кітабында былай деген: «Имам Зуфар Басраға қазы болып тағайындалғанда Әбу Ханифа оған: «Басралықтармен арамыз жақсы  емес. Көре алмаушылық, қастық, бәсекелестік бар. Саған оңай соқпайды», – деп жұмысының жауаптылығын ескертеді. Басра қаласына қазы болып тағайындалғанда білімді де, білікті адамдар айналасына жиналып, Имам Зуфармен фиқһқа қатысты мәселелерді өзара талқылауды әдетке айналдырады. Имам Зуфардың келтірген дәлелдерін ақылға қонымды, қисынды көріп, көзқарасын құптап, уәжіне жығылатын болды. Мұны сезген Имам Зуфар:

– Бұл Әбу Ханифаның сөзі, – дейді.

– Әбу Ханифа осындай терең ілім иесі ме еді? – дейді Басралықтар.

– Иә, оның бұдан да терең, бұдан да нақты көзқарастары бар, – деп жауап береді Имам Зуфар. Ол Басра ғалымдарына келтірген әрбір дәлелін Әбу Ханифадан алғанын әдейі айтып отыратын. Басралықтар да оның аузын бағып, Әбу Ханифаның білгірлігіне таң қалысатын. Осылайша, Басра ғалымдарының Әбу Ханифаға деген күндестігі мен жаулықтарын тыйып, керісінше оған деген сүйіспеншіліктерін оятты. Әбу Ханифаны танымай тұрған кездерінде теріс ойда жүрсе, уақыт өте келе пікірлері өзгеріп, оның атына жылы лебіз білдіретін болды[10].

Имам Зуфар Әбу Ханифаның орнына келсе, қайтыс болғаннан кейін оның орнын Әбу Юсуф басады. Ғылым мен ғибадатты ұштастырған тақуа, ғалым Зуфар қырық сегіз жасында бақиға аттанды.

Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани

(132 -189 һ.ж./ 749 – 804ж.)

Аты – Мұхаммед, әкесінің ныспысы – Хасан әш-Шайбани. Куниясы – Әбу Абдуллаһ. Һижри 132 жылы дүниеге келіп, 189 жылы қайтыс болған. Әбу Ханифа қайтыс болған уақытта ол небары 18 жаста еді. Әбу Ханифадан біршама уақыт сабақ алды. Ұстазы қайтыс болғаннан кейін Әбу Юсуфтан білім алып, фиқһ саласын терең меңгерді. Суфиян Саури мен Әузағи сынды танымал ғалымдардан да сабақ алды. Мәлік ибн Әнәстан хадис пен риуаят ілімін үйренді. Мәліктің жанында үш жыл тұрды. Ұстазы Әбу Юсуф секілді бас қазы қызметін атқармағанымен, Харун әр-Рашид кезеңінде қазы лауазымына тағайындалды. Тіл мен әдебиетті жетік меңгерді. Имам Мұхаммедтің сөзге ағып тұрған шешен, майын тамызып сөйлетіндігі жайында Имам Шафиғи сынды ірі ғалым: «Ол адамдардың ең сөзге ұста, ділмәр шешені. Ол сөйлегенде былайғы жұрт Құран оның тілімен түскендей ұйып, елітіп тыңдайтын»[11]десе, тағы бірде: «Мен одан атан түйеге жүк боларлықтай ілім алдым», «Талас тудырған мәселелерге қатысты сауал қойылған кезде іркілмей жауап беретін басқа адамды көрмедім»[12] деп білімділігіне таң қалған екен.

Білімділігімен қатар сұлтандармен қарым-қатынаста да ілімнің абыройын сақтай білген. Хатиб Бағдадидің кітабында бұл жайлы мынадай оқиға келтірілген: «Бір күні Харун әр-Рашид келген екен. Адамдардың барлығы орындарынан тұрып, құрмет көрсетеді. Ал Мұхаммед ибн Хасан міз бақпайды. Сарай қызметшісі Мұхаммедті халифаның құзырына шақырады. Достары оның ендігі жағдайы қалай болар екен деп алаңдайды. Имам Мұхаммед қайтып оралған бетте оны сауалдың астына алады. Сонда Имам:

– Халифа маған «Халықпен бірге сен неге орныңнан тұрмадың» деді. «Сен өзің мені білімді адамдардың қатарына қосасың. Мен оған «Бұл деңгейден қызметшілердің деңгейіне түсуді хош көрмедім» дедім»[13] деген екен. Осылайша, білімнің абыройы мен дәрежесін көтергенімен қоймай, оны халифаның өзіне де жасқанбай айта білген.

Мұхаммед ибн Хасан Әш-Шайбани Әбу Ханифаның хас шәкірті Әбу Юсуфтан басқа ешкімге нәсіп бола бермейтін қасиеттер мен біліктілікті бойына дарытты. Мұхаммед ибн Хасан Ирак фиқһын Әбу Юсуфтан қазылық міндетін атқарғаннан кейін барып алғандықтан, оны толық үйренді деуге болады. Ал хадис фиқһын Мәдинаның ұстазы Имам Мәліктен, Шамның ұстазы Әузағиден үйренді. Қандай да бір мәселе туындаса, оның шешімін таппай қоймайтын әрі есеп-қисапқа да жүйрік болатын. Сөзге ұста еді. Қандай мәселені қозғаса да жеңіл, әрі ұғынықты етіп түсіндіретін. Қазылық міндетке тағайындалуы оны шыңдап, білімін жетілдіре түсті. Сонымен бірге, оқып үйренген фиқһ теорияларын іс жүзінде қолданып көрді.

Имам Мұхаммедтің кітап жазуға деген ынтасы ерекше еді. Негізінде, Ирак фиқһын кейінгі ұрпаққа жеткізген де осы – Имам Мұхаммед. Мұнымен қатар, Муатта кітабын толығымен Имам Мәліктен риуаят етіп, қағазға түсірген.

Имам Мұхаммед – Ирак ғалымдарының арасындағы ең танымалы. Фиқһта «Рай фиқһы» мен «Хадис фиқһын» бір арнада тоғыстырып, мәселелерді осы екеуінің негіздеріне сүйеніп шеше білген ғалым. Оның көзқарастары шындыққа, туралыққа ең жақыны болып саналды. Әрине, бұл фиқһтың барлығын Әбу Ханифадан алды деп айта алмаймыз, өйткені, Әбу Ханифа дүниеден өткенде оның жасы бар болғаны он сегізде еді. Әбу Ханифаның фиқһын оның ең жақсы шәкірттерінен, әсіресе, Әбу Юсуфтан үйренді. Имам Мұхаммед кейбір кітаптарында Әбу Юсуфтың риуаяттарын атап өтеді. Имам Мұхаммедтің «Жамиус-сағир» атты кітабындағы риуаяттардың барлығы – Әбу Юсуфтың риуаяттары. Аталмыш еңбектің әр тарауын жазғанда «Бұл Әбу Юсуфтың риуаяты» деп айтып, атап кетеді. Бұл тараудың барлығы Әбу Юсуфтан дегенді білдіреді. Бірақ, «Жамиул-кабир» атты кітабында алдындағы секілді Әбу Юсуфтың риуаяты деп айтпайды, өйткені, онда басқа риуаяттар да бар болатын.

Имам Мұхаммедтің кітаптары ханафи фиқһының ең басты қайнар көзі болып табылады. Имам Мұхаммед осы еңбектерінде риуаяттарды мейлі Әбу Юсуфтан алсын, мейлі Ирак фиқшыларынан алсын, барлығының негізі бір. Имам Мұхаммедтің жазған еңбектері сенімділік жағынан бірдей емес. Ғұламалар оның еңбектерін сенімділік жағынан екіге бөліп қарастырған:

Біріншісі: Мутауатир жолмен, яғни, сенімді шежіремен жеткен кітаптар. Бұлар: «Мабсут», «Зиядат», «Жамиус-сағир», «Жамиул-кабир», «Сиярул-кабир», «Сиярус-сағир». Аталмыш еңбектер Имам Мұхаммедтен сенімді ғалымдар арқылы жеткен және бұл еңбектерді «Заһирур-риуая» деп атайды. «Китабул-асар» еңбегі де осы топқа кіреді. Бұл кітапта Әбу Ханифаның дәлелдері мен келтірген хадистері жазылған. Ханафи фықһы осы бірінші жолмен жеткен  «Заһирур-риуая» кітаптарында қамтылған деуге болады

Екіншісі: Науадир кітаптары. Бұл еңбектер «Заһирур-риуая» кітаптары секілді сенімді жолмен жетпеген. Нақтылық жағынан маңызы кем деп есептеледі. Бұған «әл-Кайсаният», «әл-һаруният», «әл-Журжаният», «әр-Руқият», «Зиядатуз-зиядат» жатады[14].

Имам Мұхаммедтің фиқ пен қатар хадис білімі де жоғары еді. Ғалымдардың айтуына қарағанда ол хадисті райден жоғары санайтын[15].

Хасан ибн Зияд әл-Луълуий (қ. 204 һ.ж.)

Тумасынан куфалық Хасан ибн Зияд ұзақ жылдар Бағдатта тұрған. Әбу Ханифаның таңдаулы шәкірттерінің бірі. Ұстазының райды қолданғанын сынағандарға қарсы ұстазын қызғаштай қорғаған. Көптеген хадис риуаят еткенімен, мықты хадисшілердің қатарына кірмейді. Әбу Ханифаның сабақтарда айтқан хадистерін жинап, «Муснәду Әби Ханифа» жинағын жазған[16].

Осы аталған фиқһ мамандарынан бөлек ілімінің тереңдігі әрі құлшылығымен аттары шыққан Дәуіт әт-Тәий, Абдуллаһ ибн әл-Мүбәрәк, Исмаил ибн Хаммад ибн Әбу Сүләймен, Мұсғаб ибн Иса, Уәки ибн Жәррәх, Әбу Амр Әсәд ибн Бәжәли, Афиә ибн Иәзид әл-Әудий, Қасым ибн Мағын, Яхия ибн Зәкәрия, Юсуф ибн Халид әс-Сәмтий, Али ибн Мисхәр мен өзінің баласы Хаммадты да Әбу Ханифаның ілімімен сусындаған ғалымдардың санатына жатқызуға болады[17].

[1]  Зәхәби, Ғубәр, 1-т., 284-б; Мұхаммед ибн Жалалуддин әл-Мукрим, Табақатул фуқаһа, Бейрут, Лубнан 1970 1-басылым, 1-т.,134-б.
[2] Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа,  172-б.
[3] Саймиари, 95-б.
[4] Бағдади, Тарих, 14-т., 242-246-б.
[5]  Бағдади, Тарих, 13-т., 333-б.
[6] Ибн Надим, Фиһрист, 286-б.
[7]  Ибн Халликан, Уәфәятул-аъян, 2-т., 318-б.
[8] Қияс – Құран мен сүннеттен табылмаған, алайда, туындаған мәселеге орай оған ұқсас жағдайды қарастыра отырып үкім шығару. Мысалы, есірткі шөптерді діндегі үкімі бар араққа салыстыра отырып үкім беру. Екеуі де ақылдан адастыратындықтан – харам.
[9] Әбу Захра, Әбу Ханифа, 245-б.
[10] Әбу Захра, Әбу Ханифа, 192-б.
[11] Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа, 174-б.
[12] Мұхаммед ибн Жалалуддин әл-Мукрим, Табақатул-фуқаһа, 1-т.,135-б.
[13] Бағдади, Тарих, 2-т., 173-б.
[14]  Әбу Захра, Әбу Ханифа, 233-233-б.
[15]  Ф. Сезгин, 1-т., 318-б.
[16]  Ф. Сезгин, 1-т., 433-б.
[17]  Сәймиәри, 90-152-б.