Хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) халифа болып тұрғанда Куфа қаласын салу туралы пәрмен бұйырады. Қаланың құрылысы һ.17 жылы аяқталады. Ол кезде Куфа қаласының маңайында араб тайпалары өмір сүретін. Жаңа қалаға қоныстанған халық пен маңайларындағы араб тайпаларына Құран Кәрім және дін негіздерін үйрету қажеттілігі туындайды. Бұл қажеттілікті сезінген халифа Омар Абдулла ибн Масғудты (радиаллаһу әнһ) уәзір әрі ұстаз ретінде Куфаға жібереді. Хазірет Омар (радиаллаһу әнһ) Куфа халқына жазған хатында былай дейді:

«Сендерге Аммарды әмірші, ал Абдулланы уәзір әрі ұстаз ретінде жіберіп отырмын. Екеуі де Бәдр соғысына қатысқан Пайғамбардың ﷺ ең таңдаулы сахабаларынан. Сондықтан, ол екеуінің сөздерін тыңдап, олардан үлгі алыңыздар. Абдулланы жібере отырып, сендерді өзімнен артық көрдім» [1, 6-б].

Абдулла ибн Масғуд — (радиаллаһу әнһ) Ислам тарихында алтыншы мұсылман болған сахаба. Ол сахабалар ішінде терең ілімімен ерекшеленген өте білімді сахаба еді. Абдулла Пайғамбардың ﷺ көзі тірісінде жанынан еш айырылмаған. Ол өзінің бір сөзінде: «Алланың атымен ант етмемін, мен Құран сүрелері мен аяттарының қай жерде және кім жайында түскенін жақсы білемін. Егер Алланың кітабын менен жақсы білетін біреудің бар екенін білсем, міндетті түрде оның қасына барар едім» деген. Алла Елшісінің ﷺ : «Кім Құранды дәл Алладан түскендей етіп үйренгісі келсе, Абдулла ибн Масғудтан үйренсін», — деген сөзі де оның айтқандарын қуаттай түседі. Хаким жеткізген бір хадисте ол Пайғамбардың ﷺ былай дегенін айтқан: «Ибну Умми Абдтың (яғни Абдулланың) үмметім үшін жақсы көрген нәрсесін мен де жақсы көрдім».

Міне осындай және тағы да басқа артықшылықтарына байланысты халифа Омар жаңа тұрғызылған қала тұрғындарына Алланың дінін, Пайғамбардың ﷺ сүннетін үйрету үшін оны таңдаған. Куфа қаласының іргетасы қаланған күннен бастап, халифа Осман дәуірінің соңына дейін, яғни 15 жыл жергілікті халыққа Құран Кәрім мен дін негіздерін үйреткен Абдулла ибн Масғудтың мектебінде сандары төрт мыңға ұласқан фақиһ, қари және мұхаддис ғалымдар жетіліп шығады. Әлбетте Куфа халқына Алланың дінін үйретуде Абдулла жалғыз емес еді. Ілім жаюда оған Сағыд ибн Әби Уаққас, Хузайфа, Аммар, Салман және Әбу Муса (Алла оларға разы болсын) сынды алдыңғы қатарлы сахабалар да жәрдем берген. Осының нәтижесінде Куфа қаласы Ислам ілімдерінің ошағына айналып, өзге орталықтармен тең дәрежеде бәсекелесе алатындай деңгейге жетеді. Али (радиаллаһу әнһ) Куфа қаласында фақиһ, қари т.б. ғалымдардың көптігін көргенде:

«Алла Абдулла ибн Масғудты алдынан жарылқасын! Шыныменде қаланы ілімге толтырған екен» — дей отырып, оған ризашылығын білдірген [1, 7-б].

Сөйтіп, Хазірет Алидің кезеңінде басқару орталығы Куфа қаласына ауысады. Астананың Куфаға ауысуымен Пайғамбардың ﷺ көптеген сахабалары сол жерге қоныс аударады. Куфаға қоныстанған сахабалардың жалпы санының мың бес жүзге жеткендігі деректерде айтылып өтеді. Әлбетте, бұл сахабалар өздерімен бірге Куфаға Пайғамбардың ﷺ ілімін де ала келді. Олардың келуімен қалада ілім қазаны одан сайын қайнай түсті. Пайғамбардың ﷺ ілімін қайнар бұлағынан алуды көздеген көптеген ілім талабалары мешіттер мен ілім мәжілістеріне ағыла бастайды. Қысқасы, Пайғамбардың ﷺ айтуы бойынша ең хайырлы үммет болып табылатын сахабалардың ілімінен көптеген табиғин буынының өкілі мейірлерін қандыра сусындайды.

Куфаға қоныстанған сахабалардан тәлім-тәрбие алып, ілім үйренген табиғин буыны өкілдерінің саны сахабалардан көп болмаса кем болған жоқ [2, 49 б]. Енді әйгілі сол куфалық табиғин ғұламалардың бірнешеуін атап өтейік:

1. Алқама ибн Қайс ән-Нәхағи (ө.62 һ.). Бұл кісі Омар, Али, Абдулла ибн Масғуд, Салман және Әбу Дарда сынды сахабалардан хадис риуаят еткен [3, 6/86-92-б.б].

2. Масруқ ибн әл-Аждағ әл-Хамадани (ө.63 һ.). Бұл кісі Омар, Али, Абдулла ибн Масғуд, Хаббаб ибн әл-Арат, Убай ибн Кағыб, Абдулла ибн Омар, Айша және Убайд ибн Умайр сынды сахабалардан ілім үйренген [3, 6/76-84-б.б].

3. Әл-Асуад ибн Қайс ән-Нәхағи (ө.75 һ.). Бұл кісі Әбу Бакр, Омар, Али, Абдулла ибн Масғуд, Муғаз ибн Жәбәл, Салман, Әбу Муса әл-Ашғари және Айшадан хадис риуаят еткен[3, 6/70-75-б.б].

4. Шурайх әл-Қади (ө.80 һ.). Бұл кісі Омар дәуірінде Куфа қаласына бас қазы болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін яғни, 62 жыл қазы болып қызмет атқарады. Ол Омар сынды бірнеше сахабадан хадис риуаят еткен [3, 6/131-145-б.б].

5. Абдуррахман ибн Әбу Ләйлә (ө.83 һ.). Бұл кісі 120 ансарлық сахабаның көзін көрген және Абдуррахман ибн Мухаммад ибн әл-Ашғаспен бірге Хаджажға қарсы ұйымдастырылған көтерілісте қаза тапқан. Омар, Хз. Али, Абдулла ибн Масғуд, Убай ибн Кағыб, Сәһіл ибн Хунайф, Хаууад ибн Жубайр, Хузайфа, Абдулла ибн Зайд, Кағыб ибн Ужра, әл-Бара ибн Азиб, Әбу Зәр, Әбу Дарда, Әбу Сағид әл-Худри, Қайс ибн Сағыд және Зайд ибн Арқам сынды сахабалардан хадис жеткізген [3, 6/109-113-б.б].

6. Ибрахим ән-Нахағи (ө.96 һ.). Бұл кісі — Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Әбу Сулейманның ұстазы. Ол Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Амр, Жабир ибн Абдулла, Нуғман ибн Башир және Әбу Һурайра сынды сахабалардан ілім алған үлкен табиғин буынының өкілі [3, 6/270-284-б.б].

Осы аймақта өсіп, жетілген, ілімде үлкен мәртебеге қол жеткізген табиғин ғалымдардың қатарына Әбу Ханифаның ұстазы – әйгілі фақиһ Хаммад ибн Әбу Сүлейманды да жатқызуға болады. Ол Ибрахим ән-Нахағидің ең алғыр шәкірттерінің бірі болған [3, 6/332-333-б.б].

Куфа қаласының сол дәуірде хадис ілімі жағынан жанданып тұрған маңызды орталық болғандығын дәлелдейтін көптеген деректер бар. Солардың бірінде, Әнәс ибн Сирин: «Куфа қаласына келгенімде, ол жерден төрт мың хадис үйреніп жатқан кісі мен төрт жүз фақиһ ғалымды көрдім», — деп таңданысын жеткізген. Аффан ибн Мүслим келесі бір риуаятта: «Куфаға келдік. Ол жерде төрт ай он күн қалдық. Егер қаласақ сол уақыт ішінде жүз мың хадис жазар едік. Алайда, имләсыз (хатқа түсіру) хадис қабыл етпейтіндігімізден тек елу мың хадис ғана жаза алдық», — дейді [4, 559-б].

Хадистерді алғаш болып ресми түрде хатқа түсіру және жинау ісін қолға алған әйгілі ғалым Имам Зуһри (ө.99 һ.) ирактықтардың ілімін төмен санайтын. Ол Куфада төрт мың хадис риуаят еткен Ағмаш деген кісінің бар екендігін естіп, оның хадистерімен таныс болғанда: «Алланың атымен ант етейін, бұл – нағыз ілім, Иракта мұндай адамның бар екенін білмеппін», — деп таңданысын білдірген [5, 247 б].

Осындай хадис қоры мол ортада өмір сүрген Әбу Ханифаның хадистерден хабарсыз өсіп, жетілуі мүмкін емесі анық. Керісінше ол хадис қорының молдығын білгені үшін естіген кез-келген хадисін ала бермеген. Оларды таңдауда өте ұқыпты әрекет еткен. Фақиһты хадисшіден айыратын ең маңызды ерекшелік те – міне осы. Себебі, бірқатар хадисшінің ісі хадистерді амал етіліп, етілмейтініне қарамастан, тіпті кейбірінің қандай мағынада айтылғанына көңіл бөлместен жинау және риуаят ету болған [2, 51-б]. Сөзіміз дәйекті болуы үшін мына бір оқиғаны айта кеткен жөн болар:

«Мәжілістердің бірінде Мәшһүр ғалым Ағмаш Әбу Ханифадан бір мәселенің үкімін сұрайды. Әбу Ханифа оған жауап береді. Сонда ол: «Бұл жауапты не нәрсеге сүйеніп айтып тұрсың», — деп дәлелін сұрайды. Сол кезде Әбу Ханифа: «Өзіңіз риуаят еткен мына, мына хадистер», — деп бірнеше хадистерді тізбектеп айта бастайды. Сонда Ағмаш: «Жеткілікті! Саған жүз күнде риуаят еткендерімді маған азғана уақыттың ішінде айтып шықтың ғой. Сенің бұл хадистермен амал ететініңді білмейді екенмін. Әй фақиһтер, сендер дәрігерсіңдер, ал біз хадисшілер – дәріханашымыз», — дейді.» [6, 31-б].

ұстаз Ерғали Алпысбаев

Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбани. Китабул-Әсәр. – Кувейт: Дәрун-Науадир, 2008. І т.
Исмайл Хаккы Үнал. Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи мезһебинин хадис методу. – Анкара: Диянет ишлери башканлыгы яйынлары, 1994.
Ибн Саъд. әт-Табақатул-Кубра. – Бейрут: Дарул-фикр, ж.к. 6 т.
Рамаһурмузи. әл-Мухаддисул-Фасл Байнар-Рауи уал-Уаъи. – Бейрут: Дарул-Фикр, 1971.
Әділбаев А., Әділбаева Ш. Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы. – Алматы: Көкжиек,
Абдулкарим Зайдан. Әл-Мадхал лидиросатиш-шариъатил-исламия – Бейрут: Муассату Рисала Наширун, 2006.

Дереккөз: hanafi.kz