Сұрақ: Менің сұрағым Миғраж жөнінде: бұл оқиғаның Ережеп айының тура 27-ші күні болғаны туралы Құранда немесе хадистерде дәлелдер бар ма? Осы түні жасалатын әлдебір құлшылық түрлері  бар ма?

Жауап:

Мұсылмандардың көпшілігі Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, көкке Ережеп айының 27-де көтерілген деп санайды. Бұл пікірді дәлелдейтін бірнеше хабарламалар бар, алайда басқа күндер көрсетілген өзге де хабарламалар бар. Сондықтан бұл түннің қай уақытта болуы керектігі туралы бізде нақты мәліметтер жоқ.

Әз-Зуркани (рахимахуллах) Миғраждың қай айда орын алғандығы туралы бес түрлі пікірлер келтіреді:  Рабиүл-аууәл, Рабиүл-ахир, Ережеп, Рамазан және Шәууәл айлары. Мұхаддис Абдул-Хакк Дехляви (рахимахуллах) ғалымдардың көпшілігі ең дұрысы — Миғраж оқиғасы Рамазан немесе Рабиүл-әууәл айында болған деп санайтындарын атап көрсеткен.

Ғалымдардың осы оқиғаны нақты бір күнге жатқызуға тырыспайтындығы, дәл осы түні ерекше құлшылық түрлерін жасаудың қажет еместігін көрсетеді. Егер де осы түнгі ғибадаттың әлдебір ерекше орны болатын болса, онда, әлбетте, Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары бізге бұл жөнінде хабарламалар жеткізер еді. Сахабалар, олардың бәріне Алла разы болсын,  біздің сүйікті Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өмірінің барлық егжей-тегжейлігін сақтаған, сол себепті олардан осы түні жасалатын (егер сондай амалдар болған болса), әлдебір ерекше құлшылық түрі бізге жетер еді.  Егер кімде-кім осы түнді құлшылықпен өткізгісі келсе, онда ол әрбір түні жасалуы мұстахап болған кез-келген ғибадатты орындай алады: нәпіл намаз оқу, Құран оқу, зікір, дұға жасау және т.б.  Алайда оларды осы түні жасалатын ғибадат үшін әлдебір ерекше сауап болар деген сеніммен жасамау қажет.

Ақыры, осы түні адмдар мешітке жиі жиналатын болғандықтан, имамдар мен ғалымдар осы уақытты адамдарды игілікке шақырып, жамандықтан қайтарып, осы түн туралы дұрыс пікірді түсіндіру үшін пайдаланулары керек.

(Махмудийя пәтуасы, 3/283-285, Фарукия), (Ислам айлары, 49-63, Маариф).

Ал Алла жақсы біледі.

Саджид ибн Шаббир, Дарул-ифта студенті
Мүфти Ибрагим Десаитексеріліп, мақұлданған.

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz