Қасиетті Рамазан айы маусымдық жаңбыр секілді нөсерін төгіп, өтті де кетті. Бұл − гүлдер мен ағаштарға емес, мұсылмандардың жүректеріне құйылған жаңбыр. Көптеген мұсылмандардың жүректерінің рухани құрғақшылықпен және рухани құлдыраумен зақымданғаны− жанымызға батса да, ақиқат. Бұл құрғақшылықтың туындауына мұсылмандық емес мәдениетке, адамгершілікке жат мінез-құлыққа, азғындық іс-әрекеттерге, әділетсіздікке негізделген кәсіпке және келісімдерге, тағы сол сияқты дүниелерге шектен тыс ұмтылу − себепкер.
Жаңбырдың жоқтығынан туындаған құрғақшылық егінді құртады, ал, діндарлық пен Аллаға деген қорқыныштың жоқтығынан туындаған құрғақшылық жүректің түбіне жетеді. Рамазанның рухани ылғалы мешіттеріміз бен басқа да құлшылық орындарына жан кіргізді.
Рамазан сөнгелі тұрған қайырымдылық шоғын тұтандырып, тұрмысы бізден әлдеқайда төмен жандарға деген жанашырлықты, сабырлық рухын оятты. Міне, енді Рамазанның соңына келгенде алдымызда «Енді не істеу керек?» деген сұрақ тұр. Мерекеде және содан кейінгі уақытта бұрынғы азғындықа толы сауық-сайранымызға кері қайтсақ, Рамазанда соншама құрбандықтарға барып, қиындықтарға төтеп бергеніміз бекер болмақ па? Ішкілікке, темекіге, зинаға қайта оралсақ, күндізгі уақытта тіпті адал етілген ас пен судан да тыйылғанымыз еш кетпек пе? Мейірімділік, жанашырлық, сабырлық рухын бойымызда сақтап қала аламыз ба, әлде бұл асыл қасиеттердің бәрін келесі Рамазанның таңы атқанша шетке ысырып қоямыз ба? Мешіттеріміз Рамазан түндеріндегідей толы бола ма, әлде тағы да қаңырап бос қала ма? Өз-өзімізді өзгертуге бұл айдың титтей де болса септігі тиді ме, әлде берілген мүмкіндіктен құр алақан қалдық па, оны біздің Рамазаннан кейінгі өмір салтымыз көрсетпек.
Көптеген елдердегі мұсылман қауымдарының халі аянышты – адамдар зорлық-зомбылықтың, жоқшылықтың, әділетсіздіктің, тағы басқа да қиыншылықтардың зардабын тартуда. Олар «Алланың мұсылмандарға уәде еткен көмегі қайда?» деп таңырқайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін бүкіл дүниежүзіндегі мұсылмандардың басым бөлігінің өмір сүру салтына көз салсақ жетіп жатыр. Көптеген мұсылмандардың «мұсылман» деген атынан басқа заты қалған жоқ, Ислами қасиеттерден жұрдай болды.
Бізге Алланың жәрдемі қай уақытта берілмек? Сырт келбетіміз мұсылманға сай, атымыз мұсылманша болған жағдайда емес, бойымыздан мұсылмандық қасиеттер табыла білсе, «мұсылман» деген атқа лайық өмір сүре білсек қана бізге Алланың жәрдемі беріледі. Екінші жағынан, қазіргі кезде мұсылмандардың арасында көптеген топтар, ұйымдар немесе неше түрлі адамдар жетіп артылады. Олардың әрқайсысының Исламға қатысты өз түсінігі, «бренді» бар. Ислам ғұламаларының бізге жеткізген таза, адасулардан ада Ислам рухының қазіргі кезде бұрмаланып, дінімізге жат әрекеттермен, ілімдермен былғанғаны сондай, дінді жаңадан қабылдаған әрбір мұсылман надандық пен адасулардан пәк, Құран мен Сүннетке сай нағыз Исламды табу үшін қыруар күш жұмсауы тиіс.
Лайым Алла Тағала Құран мен Сүннет рухын өмірімізде мейлінше көбірек жүзеге асыруымызға жәрдем бергей. Айналамыздағы мұсылман емес адамдар мұсылмандардың өмірлерінен Исламдық рухтың шынайы көрінісін көретін болса, біздің тамаша дінімізді қабылдау үшін оларға басқа ешқандай дәлелдің қажеті болмайды.
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz