Қадірлі бауырлар, әссәләмұғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһу.

Бүгінгі ескертуіміз расында өте маңызды. Имам Тирмизидің «Сунанында» Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген хадисі бар: «Адам арасында болып, сабыр сақтаған мұсылман адам арасында болмай, сабыр қылмайтын мұсылманнан жақсы». Басқаша айтқанда, оның залал мен мазасыздықта сабыр сақтау қажеті жоқ.

Бұл хадис шынымен де өте маңызды. Ол бізге не дейді? Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) адам баласы, яғни біз бәріміз – адамдар бір-бірімізбен өмір сүруге тән екендігімізді түсіндірді. Бір-бірімізбен тұрып, байланысуымыз керек, арамызда түрлі қатынастар бар: неке – ерлі-зайыпты күйеуі мен әйелінің қарым-қатынасы, ата-ана мен балалардың қарым-қатынасы, аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынас, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынас. Жалпы алғанда, адамзатта бір-бірімен қандай да бір байланыс бар, біз күнде бір-бірімізбен кездесіп, байланысамыз, және өзара қандай да бір іс жасауға мәжбүрміз.

Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), біз адамдармен қарым-қатынас орнатқан кезде, жалпы әр мұсылман адамдармен қатынасып, араласқанда кездесетін залал мен қиыншылыққа сабыр етеді дейді. Яғни, адамдармен қатынасып, араласу себебінен біздің сезімдеріміз міндетті түрде жараланады.

Адамдармен байланыса отырып, олардан зиян шегуіміз мүмкін. Себебі біз бәріміз өзгеміз. Алла әрқайсымызды басқадан ақылмен де, сезіммен де, психологиямен де, мінезбен де, жалпы болмыспен айрықша етіп жаратты. Тәніміз де айрықша, бар адамзатта екі бірдей адам жоқ, тіпті әр адамның саусақ іздері де дара, басқадан жеке.

Біздің ойларымыз да бөлек, әрқайсымыздың өз пікіріміз бар. Осының бәрін, және бірге өмір сүре отыра бір-бірімізбен белгілі бір қарым-қатынастар бар екенін ескерсек, пікірлерімізде келіспеушілік болмауы, біреудің бізді өкпелетпеуі мүмкін емес. Мысалы, сен үйленейін деп, ешқашан мазасыздыққа салынбаймын деп ойласаң, демек сен бұл емес, басқа бір әлемде өмір сүресің. Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде міне осы жайлы айтылып отыр — адамдармен араласа, сол қарым-қатынастың себебімен біз залалға ұшыраймыз.

Осылайша, адам арасында өмір сүретін мұсылманға қалай болғанда да зиян келеді, өйткені біреу оған ұнамайтын бірдеңе айтуы мүмкін, біреуде басқа пікірде болуы мүмкін, біреуі оның қаламайтын ісін жасауы мүмкін. Және сен оларды өзің қалағандай етіп өзгерте алмайсың, өйткені олар басқа. Сондықтан, Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), адамдармен қатынасып, олардың залалына, сезімінің жаралануына сабыр қылуға мәжбүр мұсылман, адамдардан алшақтанып, олармен араласпайтын мұсылманнан жақсы деп жатыр. Мәселен: «Бір таудың басында өз қалауымша өмір сүремін, және Аллаға шүкір, маған ешкім жәбір көрсетпейді», — дейсіз. Қаласаңыз, олай істей аласыз. Бірақ осы дүниенің ырың-жырыңдығына қарсы шығып: «Жоқ! Адам арасында тұрып, олардан келетін зиянға шыдаймын» дейтін мұсылман: «Адамдармен еш қатынасқым келмейді, олармен араласқым келмейді, одан да тау басында өз рақатымша тұрамын» дейтін мұсылманнан әлдеқайда артық. Ондай адам «көз күнәларын жасағым келмейді» немесе «ондай күнә жасамаймын» дейтін соқыр секілді, бірақ оның оларды жасайтын көзі жоқ қой! Солайша, «адамдармен араласқым келмейді» деген адамға сабыр сақтап, төзудің де қажеті жоқ. Ал сабыр ететін адам одан анағұрлым жақсы. Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бұл хадисте айтқысы келгені де осы. Бұл хадис біз адамдармен араласқанда мазасыздыққа ұшыраймыз деп айтады, ендеше не істеу керек? Сабыр сақтау керек, бұл мәселенің шешімі сабыр болады. Шынында, сабыр деген адам өзінде дамыта алатын ең маңызды, ең мықты қару, ол ғажайып бір мінез ерекшелігі. Міне, сондықтан Құранда былай айтылған:

«Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлары есепсіз беріледі» (Әз-Зумәр, 39:10).

Сабыр мен шыдамдылық сақтаған адамдардың сауаптары шексіз және есепсіз болады, оларға керемет сауаптар есепсіз беріледі. Оны бізге Алла Тағала хабарлайды және біз осыған ұмтылуымыз керек.

Адамдардан залал кешеміз. Бізде тек екі жол бар. Ал үшіншісі – бір тау басына барып, өз рақатына тұру. Алайда, адамдармен тұрып, араласқанда, бізде екі жол, екі амалымыз бар. Біз жанұяда тұрамыз, үйленген болайық не бойдақ болайық, аға-әпкелеріміз немесе айналадағы тағы біреулер бар, қалай болғанда да олардан мазасыздық алуға ілінеміз. Сезімімізге біреудің тимеуі мүмкін емес. «Мені ешкім ешқашан жараламаған, ешкім әлі балағаттамаған, ешкім мені қайғыға салмаған» деп айта алатын бірде-бір адам жоқ, ешқашан азап шекпей, қиындық көрмеген бірде-бір адам жоқ. Бұл шарасыз нәрсе.

Және бізде екі амал бар. Біріншісі — біреу азап көрсетіп, зиян келтіріп, қайғы әкелсе, біз: «Мен оның есесін қайтарғым келеді», — дейміз. Дауды жалғастырғымыз келеді, біз ұрсысамыз, дау-дамайды шиеленістіреміз, дәлел келтіреміз, жанжалды арттырамыз, енемен, келінмен, қайын апамен, қайын атамен, күйеу баламен немесе басқа туыстармен жауласамыз. Олардың әрқайсысы тағы біреуге қоңырау шалып, бұның бәрі жалғасып, күшейеді, бір жағымсыз оқиға екіншісімен алмасады. Бұнің бәрі бір телехикаядағыдай болып, жанұя ішкі араздықтан жырылады. Бұл жолдардың бірі. Осы жолды таңдап, солай ететін болсаңыз, өміріңіз төзбестік болып, бейбітшілік те, тыныштық та болмай, өзіңізді бақытты сеінзе алмайсыз, тек жау-жанжал, ұрыс-керіс, бітпейтін бүліншілік пен қақтығыс.

Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бізді бұл хадисте шақырып, хабарлаған екінші амал — «мен жайлы біреу бірдеңе десе мейлі. Біреу мен туралы жағымсыз сөйлегеннен не? Маған қайғы әкеліп, сезімімді жаралағаннан не? Бұл өмір қысқа ғой, тек бір 50-60 жыл, сосын мәңгі өмір басталады, және Алла бұйырса, ол қайырлы болады. Алла үшін сабыр етіп, шыдайын. Бола берсін, мүмкін мен нашар адам шығармын, менде басқа да істейтін маңызды жұмыстарым бар» деп ойлау. Солай өмір сүре бер, ештеңеге көңіл бөлмей. Алла пәк, сонда ешқандай ұрыс-керіс, жанжалдар болмайды, сөйтіп сен өз сауабыңды есепсіз аласың. Бізге керегі осы – басқалар бізге зиян келтіріп жатқанда төзімділік пен шыдамдылық көрсету. Дегенмен, мұнда зиян деңгейі тым жоғары болған, «Мен сабыр етемін. Ұрсаң, ұра бер. Мен жай өлемін», — деп айтатын жағдайларды айтып тұрған жоқпын. Жоқ. Сіздерге ол жайында айтып тұрғаным жоқ. Әр нәрсенің шегі бар. Бізге күш көрсеткенде, қорғануға хақымыз бар. Ал менің айтып отырғаным — адамдар күнделікті көрсететін ыңғайсыздық, жайсыздық, сезімге тию. Алла бұйырса, сіз Алла разылығы үшін сабыр мен шыдамдылық сақтап, өміріңізде оның сауабын көресіз. Алла сіздерге қайырын берсін. Алла бізге осылай амал етуге жәрдем берсін.

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz