Араб тілінде намаз — الصَّلاةُ ас-Солаа деп айтылады. ас-Солаа сөзінің тілдік мағынасы – дұға. Аллаһ тағала Құранда Пайғамбарымызға ﷺ:
«Олар үшін дұға жаса! Расында, сенің дұғаң – олардың жандарынатыныштық ұялатады. Сондай-ақ Аллаһ бәрін естуші, бәрін білуші!», – деген.[1]
ас-Солаа ұғымының шариғи мағынасы: тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталушы ерекше іс-қимылдар.[2]
Намаздардың үкімдері парыз, уәжіп, сүннет болып үш түрлі категорияға бөлініп қарастыралады. Мысалы, жұма, жаназа, бес уақыт намаздар – парыз, үтір мен айт намаздары – уәжіп, басқа намаздар сүннет және нәпіл үкімдерін көтереді. Парыз бен уәжіп намаздарына осы дүниеде атқару арқылы міндетті норманны мойыннан түсіру және ақиретте уәде етілген сауапқа ие болу үкімі жүреді. Ал сүннеттер мен нәпілдерге осы дүниеде Аллаһ тағалаға жақындау және ақиретте сауапқа ие болу үкімі беріледі.
Бес уақыт парызды атқарудың жалпы үкімі – парыз. Алайда атқару міндеттілігі шариғат белгілеген уақыттардың пайда болуына тәуелді. Әр намазға нақты уақыт аралығы белгіленген. Мысалы, бесін намазының атқару міндеттілігі күннің тас төбеден еңкеюіне тәуелді. Күн еңкейген мезгіл бесін намазының іске асуына нышан себеп болып саналады. Біз күн еңкейген мезгілде бесін намазын орындау керектігін білгенмен, неліктен күн еңкейген мезгілдің белгіленгенін түсінбейміз. Күн еңкейген мезгіл мен бесін намазының байланысу сыры Аллаһ тағалаға ғана белгілі, ал біздің оны айқындауға ақылымыз жетпейді.
Бес уақыт намаз оқудың парыздығына дәлел
Құраннан: Аллаһ тағала:
«Намаз оқыңдар! Әрі зекет беріңдер! Және Аллаһқа сенім артыңдар! Ол – Бас иелерің ғой. Қандай жақсы Бас ие және қандай жақсыЖәрдемші!»;[3]
«Расында, намаз мүміндерге белгілі уақыттарымен парыз етілді!», – депайтқан.[]
Сүннеттен: Ибн Омар (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісініңﷺ:
«Ислам бес негізге: Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына және МұхаммедАллаһтың елшісі екендігіне куәлік беруге, намазды атқаруға, зекет беруге,Рамазан оразасын ұстауға және Қағбаға қажылық жасауға орналасқан», – депайтқанын риуаят еткен.[5]
Намаздың мақсаты
Намаз – құл мен Аллаһ тағала арасындағы байланыс. Құл намаз арқылы Раббысымен құпия сырласады. Оған төмендеп иіледі, нығметтеріне шүкір етеді. Бұл байланыстан рухани қуат алады. Аллаһ тағала:
«Мүміндер құтылды. Олар намаздарында көнгіш жүрекпен тұрады», – деп айтқан.[6]
Намаз мұсылманды дүниенің бітпейтін әуреліктерінен босатып, жанына тыныштық әкеледі. Жанды нәпсінің қалауынан азат етіп, жүрегін бойсұнуға нықтайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:
«Кітаптан өзіңе уахи етілгенді оқы! Және намазды атқар! Негізінде, намаз арсыздық пен жамандықтан қайтарады», – деген. [7]
Сонымен қатар намаз мұсылманның өмірін жүйелеуге дағдылантыратын амал. Ерте тұруға үйретіп, отбасы мен тірлігіне береке әкеледі және оның бойына бұйрыққа көну, келісімді орындау, уәдеде тұру секілді мақтаулы қасиеттерді егеді.
Намаз парыз болған уақыт
Бес уақыт намаз режеп айының 27 жұлдызында Миғраж түнінде парыз етілген. Пайғамбардың елшілік міндеті Қасиетті Меккеде басталған соң, әуелгі кезде намаз күн шығардан бұрын екі рәкағат және күн батардан кейін екі рәкағат етіп оқылатындай бейнеде парыз етілді. Кейін Мединаға хижра жасағанында жолаушы үшін сол бетінде қалдырылып, тұрғылықты адам үшін бесін, екінді және құптан намаздарына тағы екі рәкағаттан қосылған.[8] Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын):
«Әуелгіде намаз тұрғылықты кісіге де жолаушыға да екі-екі рәкағат етіліп парыз болған. Кейін жолаушы намазы сол қалпында сақталып, тұрғылықты намазға тағы рәкағат сандары қосылған», – деп айтқан.[9] Ал Ахмадтан жеткен риуаяттың соңында:
«Ақшам мен таң намаздарынан басқаларына қосылған, өйткені ақшам – күндіздің үтірі, ал таң намазында қирағат ұзақ болады», – деп айтылған.[11]
Кейін Исра мен Миғраж оқиғасында бес уақыт намаз болып парыз етілді. Анас ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын):
«Исра түні Пайғамбарға ﷺ елу намаз парыз етілді. Сосын саны азайтылып, бесеу қылынды. Кейін: «Ей, Мұхаммед, Менің құзырымда сөз өзгертілмейді. Расында, саған осы бесеуі үшін елудің сауабы беріледі», – деп хабарланды», – деген.[12]
Намаз тастаған адамға шығарылатын үкім
Бес уақыт намазды атқару әр мұсылман үшін – парыз айн. Бұл дегеніміз – әркім өзі атқармайынша парыз мүлде мойнынан түспейді және Қиямет күні жазаға бұйырылады. Намаздың парыздығы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс мұсылманның мойнынан мейлі тұрғылықты, мейлі жолаушы, мейлі науқас, мейлі үйде не жұмыста, мейлі әскерде не соғыста болсын, өле-өлгенше түспейді. Алайда жолаушы мен науқастың намазына қатысты өзгеше үкімдер бар. Оларға кейінірек өз орындарында тоқталамыз. Намаз Қияметте мұсылманнан бірінші болып сұралатын міндет. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте Аллаһтың елшісі ﷺ:
«Сайып келгенде, Қиямет күні құлдың амалдары ішінде ең әуелі намазы сұралады. Егерде намазы түзу болса, құтылады әрі табысқа жетеді. Ал егер бүлінген болса, үміті үзіледі және зиян тартады», – деп айтқан.[12]
Намаз тастаушы кісінің жағдайы:
1. Бес уақыт намаздың парыздығын мойындаған соң оны атқару міндеттілігін абсолютті түрде теріске шығарған кісі кәпір болады, діннен шығады. Өйткені намаз – ислам негіздерінің бірі әрі дініміздің діңгегі. Одан тәубе келтіруі талап етіледі. Егер тәубе келтірмесе, оған кәпір үкімі шығарылады. Билік жүйесі шариғатқа негізделген елдерде бұл діннен шығаратын қылмыс саналады және өлім жазасына кесіледі. Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісініңﷺ: «Құл мен күпірліктің арасын қосатын нәрсе – намаз тастау», – деп айтқанын жеткізген.[13]
Тармақты мәселелер:
Көпшілік ғұламалардың көзқарасында мұндай мағынада риуаят етілгенхадистердің барлығы намазды атқару парыздығын абсолютті түрде теріскешығарған кісіге ғана қолданылады. Ондай үкім жазасымен қатар жүреді. Бұлүкімді шығару да жазасы да намаз тастаушылар саны көбейіп кетпес үшін, билік жүйесі шариғатқа негізделген елдерде ғана орындалады.
Ислам нормаларын ұстанушы мұсылмандар қандай бір қоғамның аз бөлігін ғана құраған елдерде ондай кісілердің соңына түсу және кәпір үкімін тарату сүннет бойынша мұсылманның мінезі емес. Бұл діннің дұрыс сипатта тарауын бөгейтін бәлекет. Билік жүйесі шариғатқа негіздемеген елдерде ондай хадисті әркім біреуді аңду үшін емес, өзі мен өз намазын тексеруі үшін таразы етіп, өз нәпсісіне ескерту ретінде ұстанады. Егерде біреудің намаз тастағанын байқап қалса, ешкімге жарияламай, жеке насихат айтып тұруға міндетті. Көнбесе, есебін Аллаһ тағалаға тапсырады.
2. Жұма мен бес уақыт намаздың парыздығын мойындаған, бірақ теріске шығармаған, алайда парызға жеңіл қарауымен жалқауланып тастаған кісіге пасық үкімі шығарылады. Жоғарыда келтірілген Ондай кісіге таухид пен парызды мойындағаны үшін, кәпір үкімін шығаруға рұқсат етілмейді. Тәубе келтіргенше не өз өлімімен өлгенше абақтыда ұсталады. Өйткені Аллаһ тағала Құранда:
«Расында, Аллаһ, Өзіне серік қосылуды еш кешірмейді, ал одан басқасын кімге қаласа кешіреді», – деген. [14]
«Расында, кім Аллаһқа серік қосса, Аллаһ оған жәннатты харам етеді де оның соңғы тұрғаы тозақ болады»;
«Кім Аллаһқа иман келтірген соң кәпір болса, әрине, мәжбүрленген және жүрегі иманмен жай тапқан кісіні айтпағанда, алайда кім кәпірлікке жүрегін ашуымен жай тапса, міне солар Аллаһтың қаһарына және үлкен азапқа душар болады», – деген.
Бұл аяттардың кесімді мағыналарында мұсылманды діннен шығаратын және кәпірлігін растайтын жалғыз-ақ себеп Аллаһ тағалаға серік қосу екендігі нақты білдірілген. Сонымен қатар ширк – еш кешірілмейтін күнә. Ал таухидты мойындаған кісі ақиретте Аллаһ тағаланың кешірім кеңшілігінен мақрұм қалмайды. Бұл қағиданы ешбір ғалым басқа бір кесімді көзқарасақа өзгертуге хақысы жоқ. Өйткені ондай кісінің үкімі мен жазасына қатысты соңғы үкім Аллаһ тағаланың есебіне тапсырылады. Бұл жайында Аллаһтың елшісі ﷺ:
«Кім Лә иләһә иллалаһты айтса және Аллаһтан басқа пұттарды теріске шығарса, малы мен қанына қол сұғу харам болады және есебі Аллаһтың құзырында», – деп айтқан.[15]
Бұл куәліктен кейін мұсылман кіші не күнәларының кесірінен Аллаһ тағаланың әмірі қаласа ғана от азабына ұшырайды. Тозақта жазалану арқылы кешірілуі не Раббысы қалаған басқа жолмен кешірілуі, сайып келгенде, Аллаһ тағаланың біліміне тапсырылады. От азабына ұшыраса да онда мәңгі қалмайды. Мұндай кісінің түбінде тозақтан құтылатыны жоғарыда айтылған аят пен сүннеттегі көптеген кесімді дәлелдермен расталады. Аллаһтың елшісі ﷺ:
«Лә иләһә иллалаһты айтқан кісі жүрегінде арпа салмағындай жақсылық болса, оттан шығады. Лә иләһә иллалаһты айтқан кісі жүрегінде бидай салмағындай жақсылық болса, оттан шығады. Лә иләһә иллалаһты айтқан кісі жүрегінде тозаң салмағындай жақсылық болса, оттан шығады»;[16]
«Аллаһ тағала құлдарына бес намазды парыз етіп жазды. Кім олардың қақыларына жеңіл қарамай, ешбіреуін жоймаған түрде келсе, Аллаһтың қасында оны жәннатқа кіргізетін серт бар. Ал кім оларды атқарусыз келсе, Аллаһтың қасында оны құтқаратын ешқандай серт жоқ. Қаласа, оны азаптайды. Қаласа, оны жәннатқа кіргізеді», – деген. [17]
3. Мүмкіндік бола тұра таң намазы мен құптан намазын жамағатпен оқымау екіжүзділіктің пайда болуына әсерін тигізеді. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің ﷺ:
«Мұнафықтар үшін таң және құптан намаздарынан қиынырақ намаз жоқ. Егер олар ол екеуінде қандай сауаптың бар екенін білгендерінде жорғалап болса да келер еді», – деп айтқанын жеткізген. [18]
4. Екінді намазын біле тұра атқарусыз қалдыру амалға зиян тигізеді. Буройда (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың ﷺ:
«Кім екінді намазын атқарусыз қалдырса, амалы жойылады», – деп айтқанын риуаят еткен. [19]
5. Жамағат намазына жағдай мүмкіндігі мен денсаулық мүмкіндігі бола тұра қалу күнә саналады. Мүмкіндігі жеткен ер азаматтарға намазды жамағатпен оқудың біздің мәзһабтағы үкімі, – ең басым көзқарас бойынша, – уәжіп. Себепсіз қатыспаған кісі күнәға ие болады.[20] Өйткені Аллаһ тағала Құранда:
«Намазды атқарыңдар! Әрі зекет беріңдер! Сондай-ақ бел бүгіп иілушілермен бірге иіліңдер!», – деген. [21]Бұл бұйрық себебі жоқ кісіге парыз намаздарын жамағатпен атқаруды міндеттейді.
Әл-Карахидің көзқарасында: бекітілген сүннет. Ол Аллаһ елшісінің ﷺ: «Жамағат намазы жалғыздың намазынан 27 дәрежеге асып түседі», – деген хадисін дәлелге алған.[22] Алайда ол да: «Себепсіз қалдыруға рұқсат етілмейді», – деп түсіндірген.[23]
6. Жұма намазына біле тұра қатыспаған кісіге қатысты Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): Пайғамбар ﷺ жұмаға қатыспай жүрген адамдарға: «Расында, мен бір кісіге адамдардың намазын жүргізуге бұйырып, сосын өзім жұмаға қатыспайтын кісілердің үйлерін өртеуге әзірленген едім», – деді деп риуаят еткен.[24] Тағы бірхадисте Аллаһ елшісі ﷺ:
«Кім жұманы еш зәруліксіз үш мәрте қатарынан атқарусыз қалдырса, Аллаһ оның жүрегіне мөр басады», – деген.[25]
Тармақты мәселелер:
Әс-саламу алайкум деп амандасқан кісіге мүмин емессің деп айтуға болмайды. Жүректегі ақиқат Аллаһ тағалаға тапсырылады. Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын): «Мұсылмандар соғыс олжасының қасында бір кісіні кездестіріп, ол бұларға: «ас-саламу алайкум», – деген. Олар оны өлтіріп, олжаны алған. Сонда «Сендерге сәлем берген кісіге, дүние тіршілігінің затын қалап, мүмин емессің деп айтпаңдар!», – деген аят түскен.[26] Яғни сол олжаны қалап», – деген.[27]
Мұсылман кісіге кәпірсің деп айтуға рұқсат етілмейді және бұл әрекет сүннет әдебіне сай емес. Өйткені Аллаһ елшісіﷺ:
«Кайсыбір адам мұсылман кісіге кәпір десе, әрине, ол шынымен кәпір болса, басқа, әйтпесе, өзі кәпір болып шығады»;[28]
«Кім мүминді қарғаса, оны өлтіргенмен бірдей. Және кім мүминді кәпір деп даттаса, оны өлтіргенмен бірдей»,– деген.[29]
Мұсылман кісіге пасықсың, мұнафықсың деп айтуға да рұқсат етілмейді. Аллаһ тағала Құранда: «Бір-бірлеріңді жаман ат тақпаңдар! Иманнан кейін пасық атануларың қандай жаман нәрсе! Кім бұл ісіне тәубе етпесе, міне, солар – әділетсіздердің дәл өзі болады», – деген. [30]
Бұл аяттың тәпсірінде Қатада мен Икрима: «Бұл дегеніміз кісінің біреуге: Ей, пасық! Ей, мұнафық! Ей, кәпір! деп айтуы», – деп түсінік берген.[31] Мұсылман кісіге Аллаһтың дұшпаны деп айтуға болмайды. Аллаһтың Елшісі ﷺ:
«Кім біреуді: «Ей, кәпір!» деп шақырса немесе «Ей, Аллаһтың дұшпаны» десе, бұнысы ақиқат болмаса, үкім өзіне қайтады», – деген.[32]
«Ислам ғибадаты» кітабынан
[1] «ат-Тәуба» сүресі: 103
[2] Абдулғани әл-Ғаниими. «әл-Лубааб фи Шарх әл-Китаб»: 1/29.
[3] «ал-Хадж» сүресі: 78
[4] «ан-Ниса» сүресі: 103
[5] «Сунан ат-Тирмизи»: 5/5. Дәрежесі: сахих.
[6] «ал-Мүминун» сүресі: 1,2
[7] «ал-Ғанкабут» сүресі: 45
[8] Ғұламалардың түсіндіруінше таң намазының екі рәкағат күйін сақтап қалу себебі – онда Құран ұзақ оқылады, ал ақшам намазы – үш рәкағат, өйткені ол – күндіздің үтірі саналады.
[9] «Сунан Әби Дәуд»: 1/464. Дәрежесі: сахих.
[10] «Булууғ әл-Мароом»: 1/154. Дәрежесі: сахих.
[11] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/417. Дәрежесі: сахих.
[12] «Сунан ат-Тирмизи»: 2/269. Дәрежесі: сахих.
[13] «Сунан Әби Дәуд»: 4/353. Дәрежесі: сахих.
[14] «ан-Ниса» сүресі: 48.
[15] «Сахих Муслим»: 1/53. Әбу Мәлик әкесінен (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген.
[16] «Сахих әл-Бухари»: 1/17. Анастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен.
[17] «Сунан Әби Дәуд»: 1/534. Дәрежесі: сахих. Убада ибн ас-Соомиттан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен.
[18]«Сахих әл-Бухари»: 1/132.
[19] «Сахих әл-Бухари»: 1/155.
[20] «Бадааи` ас-Сонааи`»: 1/155., «Хаашия Ибн Аабидиин»: 1/457.
[21] «әл-Бақара» сүресі: 43.
[22] «Сахих Муслим»: 1/450.
[23] «Бадааи` ас-Сонааи`»: 1/155., «Хаашия Ибн Аабидиин»: 1/457.
[24] «Сахих Муслим»: 1/452.
[25] «Канз әл-`Уммаал фи Сунан әл-Әқуаал уа әл-Әф`аал»: 7/729. Жәбир ибн Абдулладан (Аллаһ оған разы болсын) Ахмад және Хааким риуаят еткен. Дәрежесі: сахих.
[26] «ан-Ниса» сүресі: 94. Аяттың толық бейнесі: «Сендерге сәлем берген кісіге, дүние тіршілігінің затын қалап, мүмин емессің деп айтпаңдар! Алланың қасында олжалар өте көп. Бұрын сендер де сондай болған едіңдер де Аллаһ сендерге рақым етті. Жағдайды айқындап алыңдар! Расында, Аллаһ не істеп жүргендерің жайлы толық хабардар».
[27] «Сахих Муслим»: 4/2319.
[28] «Сунан Әби Дәуд»: 4/355. Дәрежесі: сахих. Ибн Омардан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен.
[29] «Сахих әл-Бухари»: 8/15. Сәбит ибн ад-Доххактан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен.
[30] «Хужурат» сүресі: 11.
[31] «Тафсир ас-Сә`лаби»: 9/81.
[32] «Сахих Муслим»: 1/79. Әбу Зәррдан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен.
Дереккөз: hanafi.kz