بسم الله الرّحمن الرّحيم
الحمد لله رب العالمين والصلاة و السلام علي رسولنا محمد و علي اله و صحبه اجمعين
Адамзаттың асылы, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) үйретіп кеткендей, Зүл-хиджа айы мол сауапқа кеңеліп, күналардан тазаруға үлкен мүмкіншілік беретін ай. Біз алдыңғы мақаламызда Зүлхиджа айының ерекшелігіне тоқталып, артықшылығын баяндаған едік. Осы орайда HANAFI.kz сайтының ұжымы сізге бұл айда жасалатын ізгі амалдар тізімін ұсынып отыр. Алла Тағала баршамызға күнәлардан тазарған және ізгі амалдары қабыл болған сүйікті пенделерінен болуды нәсіп етсін!
Ескерту: Ғаламторда Зүл-хиджа айына қатысты (әр күніне берілетін арнайы сауап т.с.с) көптеген тоқыма хадистер таралуда. Мұндай тоқыма хадистерді басшылыққа алудан және басқаларға таратудан сақтандырамыз!
1. Алланы көп еске алу
«Алланы көп зікір етуші ерлер мен әйелдер үшін Алла Тағала жарылқау және ұлы сыйлық (яғни, жәннатты) әзірледі.» (Ахзаб сүресі, 35)
Шамаңыз келгенше көбірек зікір етіңіз. Әр бос сәтіңізді пайдаланып, Алланы еске алыңыз. Әсіресе, хадистерде келтірілгендей таһлил (Лә иләһә илләллаһ), тәсбих (Субханаллаһ), тахмид (Әлхамдулиллаһ), және тәкбірге (Аллаһу әкбар) көп көңіл бөліңіз.Пайғамбарымыздың, оған Алланың сәлемі мен игілі болсын, кей зікірлері аталғандардың барлығын қамтиды. Мысалы:
سُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ، وَلَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَاللَّهُ أَكْبَرُ
Оқылуы: Субханаллаһи уә—л—хәмдулилләһи уә лә иләһә илләллаһу уә-ллаһу әкбар.
Мағанысы: «Аллаға мақтаулар мен мадақтар болсын, Алладан басқа тәңір жоқ, Алла Ұлы.»
Халифа Омардан (одан Алла разы болсын) сауабы мол амал жайында сұрағанда, төмендегі зікір жайында айтты:
لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَسُبْحَانَ اللَّهِ، وَالْحَمْدُ لله، وَاللَّهُ أَكْبَرُ، وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ
Оқылуы: «Лә иләһә илләллаһ, уә субханаллаһи уәл-хәмдулилләһи уә-ллаһу әкбар, уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ.»
Мағынасы: «Алладан басқа тәңір жоқ, Аллаға мақтаулар мен мадақтар болсын, Алла Ұлы. Барлық күш пен қуат тек Аллаға тән»
2. Ораза тұту
Ораза — Алланың құзырындағы ең ұнамды нәпіл амалдардың бірі. Сондықтан, бұл айдың алғашқы тоғыз күні, әсіресе тоғызыншы күні – Арафа күні ораза ұстауға тырысыңыз. Арафа күні ұсталатын ораза жайында Алла Елшісінен (оған Алланың сәлемі мен игілі болсын) сұрағанда былай жауап берді:
«(Сол күнгі ораза) өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады.» (Мүслим)
3. Құрбандық шалу
Өзіңіздің, ата-анаңыздың, кембағарлардың атынан құрбан шалуға болады. Малдың етінің бір бөлігін отбасыңызға, екіншісін туыстарға, жолдастарға, үшіншісін кембағарларға тарату – мустахаб.
4. Көп дұға ету
Өзіңіз, ата-анаңыз, туыстарыңыз бен күллі үммет үшін көбірек дұға етіңіз. Дұғада жоғары келтірілген зікірлерді қосыңыз. Сахих жинақтарда Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегені жеткізілген:
«Ең қайырлы дұға — Арафа күні жасалған дұға, ал мен және маған дейінгі пайғамбарлар бұл күні айтқан ең қайырлы сөздер:
لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ
«Лә иләһә илләллаху уәхдәху лә шәрикә ләһ, ләһул-мулку уә ләһул хамду уә хууә ғалә кулли шәйин қадир.»
Мағынасы: «Алладан басқа тәңір жоқ және оның серігі жоқ. Барлық мүлік пен мақтау тек Аллаға тән, және Оның құдіреті бәріне жетеді!»
5. Тәкбират әт-Ташриқ
Тәкбират-ташриқ барлық ер мен әйелдерге — уәжіп. (Шурунбуләли, Мароқи әл-фәләһ). Зүл-хиджа айының тоғызыншы жұлдызының (шамамен 23.09.15) Таң намазынан бастап 13-ші Зүл-хиджаның (шамамен 27.09.15) Екінті намазына дейін әр парыз намазынан кейін дауыстап тәкбират әт-ташриқ жасау керек. Парыз намазы біткен соң, бірден сәлемнен кейін кем дегенде бір рет дауыстап төмендегіні айтамыз:
الله أكبر الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله والله أكبر الله أكبر ولله الحمد
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә илләллаһу, Аллаху әкбар, Аллаху әкбар, уә лилләһил хәмд.»
6. Көп салауат айту
Салауат айту — сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемi мен игiлiгi болсын) деген махаббатты арттыратын сауабы аса мол амал. Алла Тағала Құранда айтады:
«Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер.» (Ахзаб сүресі, 56)
Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): «Қиямет күні ең жақсыларың маған көп садауат айтқандарың», — деген хадисті жеткізген. (Тирмизи)
Сонымен қатар, Әбу Талхадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте, «Кімде-кім бір рет салауат айтса, оны Алла он рет рақымет ететіні» баяндалды. (Әбу Дәуіт, Насаи)
Ең қысқа салауат түрі: «Аллауммә салли уә сәллим ғалә набийинә Мухаммад.»
7. Сүннетке асығу
Алла Тағала Құранда:
«Айт: Кім Алланы жақсы көрсе, менің артымнан ерсін. Сонда, Алла сендерді жақсы көріп, күналарыңды кешірер. Аллаһ тым Кешірімді, аса Мейірімді», — дейді. (Әли Имран сүресі, 31)
Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемi мен игiлiгi болсын) артынан еру деп, оның бұйрықтарын орындап, тыйғанынан сақтанып, сүннеттерін орындауды айтамыз. Осы уақытты пайдаланып, ұмыт болған сүннеттерді қайта жандандыруға тырысу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемi мен игiлiгi болсын) ұмытылған әрі елеусіз қалған бір сүннетті қайта жандандырудың маңыздылығын сөз етіп:
«Кімде-кім мен дүниеден өткеннен кейін ұмыт қалған сүннетті қайта өмірге әкелсе, ол сүннетті ұстанған әрбір адамға берілетін сауаптың бір бөлігі оған да беріледі», — деді. (Тирмизи, Ибн Мажа)
8. Көп тәубе ету
Тәубе ету — аса маңызды ғибадат түрі. Бұл ай тәубе жасаумен күнадан тазарып, ізгі амал арқылы сауапқа кеңелу үшін берілгендіктен, өзіміздің күнәһар екенімізді түсініп, көз жасын төгіп, Раббымыздан шын ықыласпен кешірім сұрап, жарылқау тілеуіміз керек. Тәубе жасарда кешірім сұраудың ең көркем дұғасы Сайидул-истиғфарды жасауға болады:
اللَّهُمَّ أَنْتَ رَبِّي لا إِلَهَ إِلا أَنْتَ خَلَقْتَنِي وَأَنَا عَبْدُكَ وَأَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَوَعْدِكَمَا اسْتَطَعْتُ أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ أَبُوءُ لَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَيَّ وَأَبُوءُ لَكَ بِذَنْبِي فَاغْفِرْ لِي فَإِنَّهُ لا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلا أَنْتَ
Оқылуы: «Аллаһуммә әнта Раббии, лә иләәһә иллә әнтә халәқтании уә әнәә ғабдукә, уә әнәә ғаләә ғаһдикә уә уәғдикә мәстатағту. Ағуузу бикә мин шәрри мәсанағту, абу’у ләкә би ниғматикә ғаләййа, уә абу’у ләкә би-зәмби, фағфирли, фа-инна-һу лә йәғфируз-зунубә иллә әнтә!»
Мағынасы: «Алла Тағалам, Сен менің Раббымсың. Ғибадат етуге лайық Өзіңнен басқа құдай жоқ. Мені Сен жараттың. Мен Сенің құлыңмын. Әу баста Өзіңе берген уәдемде тұруға шамамның келгенінше тырысып жатырмын. Жасаған қателіктерімнің кесірі тимесін деп Саған сиынамын. Маған берген нығметтеріңе алғыс пен шүкір айтып, күнәларымды мойындап тәубе етемін. Мені кешір. Күмәнсіз, тек Сен ғана күнәларды кешірушісің.»
Кімде-кім осы дұғаны шынайы сеніммен таңертең оқып кешке дейін көз жұмса немесе кешке оқып таңға дейін көз жұмса, жұмақы болады. (Бухари, имам Ахмад)
9. Нәпіл намаздарды орындау
Мүмкіндігінше Таң мен Бесін арасындағы Духа, Ақшам намазынан кейінгі Әууәбин, түнгі Тәхәжжүд намаздарының кем дегенде екі ракатын орындауға тырысу керек. Жеке дара артықшылығы бар осы нәпіл намаздарды қасиетті де берекелі Зүл-хиджа айында орындау пендені Раббысыңыз ұлы Мейірімі мен Ризашылығына бөлеп, нәтижесінде мол сауапқа кеңелте алады.
Сөз соңында, Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын!
Мақаланы дайындаған HANAFI.kz сайты