بسم الله الرّحمن الرّحيم
الحمد لله رب العالمين والصلاة و السلام علي رسولنا محمد و علي اله و صحبه اجمعين
Алланың әзиз діні үшін төккен тері мен жұмсаған қажыр-қайратының себебімен, есімі шартарапқа жайылып, жағалауы асау толқынмен көмкерілген Брунейден сонау Солтүстік Америкаға дейін жетіп, көптеген жандардың жүрегінде сақталған исламның біртуар ғалымы — шейх Абдул Фаттах ибн Мухаммад ибн Башир ибн Хасан әбу Ғудда (рахимахуллаһ) хижра жыл санауы бойынша 1336 жылы (1917 ж.) Ережеп айының 17 күні Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласында дүниеге келген. Оның тегі Пайғамбарыздың сахабасы ﷺ Халид бин Уалидтен (радиаллаһу әнһ) бастау алады. Алепподағы көптеген жанұялар сияқты шейхтың да жанұясы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тоқыма өнеркәсібімен айналысқан. Шейхтың әкесі Мухаммад өзінің тақуалығымен және Ислам қағидаларын қатаң ұстанатындымен белгілі еді. Ал, атасы Башир Алеппо аймағында тоқыма саудасымен айналысатын ең үлкен саудегерлердің бірі ретінде танымал болған.
Шейхтің білім іздену жолы
Шейхтың атасы оның алғырлығы мен зеректігін байқап, оған ілім алуға қажетті жағдайларды жасап береді. Шейх Алепподағы Ислам Араб Институтының студенті атанып, сол оқу ордасының қабырғасында төрт жыл ілім алады. Бірнеше жыл бойы отбасылық кәсіпті дөңгелетіп, тоқыма сауда саласында қызмет қылғаннан кейін 1356 жылы (1936 ж.) 19 жасында Хесревия Медресесіне (қазір бұл медресе Шариғат Орта Мектебі ретінде танымал) оқуға түсіп, оны 1362 жылы (1942 ж.) жылы тәмамдайды. Білімін одан әрмен шыңдау мақсатында 1364 жылы (1944 ж.) Мысыр өлкесіне аттанып, әйгілі әл-Әзһар университетінің шәкірті атанады. 1368 жылы (1948 ж.) бакалавр дәрежесіндегі дипломын иеленді, ал, 1370 жылы (1950 ж.) әл-Әзһарды «психология және оқыту әдістері» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Шейхтың ұстаздары
Оның Сириядағы ең танымал болған шейхтары:
Шейх Мухаммад Рағыб әл-Таббах (1293-1370/1877-1951 жж.). Ол хадис және тарих саласының ғалымы болған. Көптеген кітаптар жазып шығарды, оның ең басты еңбегі — «И`лам әл-Нубала би Тарих Халаб әл-Шахба» — Алеппоның тарихы бойынша жазылған 7 томдық туынды.
Шейх Ахмад ибн Мухаммад әл-Зарка (1285-1357/1869-1937 жж.). Фиқһ және фиқһ негіздерінің білгірі, сонымен бірге белгілі ханафи ғалымы.
Шейх Иса әл-Баянуни (1290-1362/1847-1942 жж.). Әдеп және шафиғи фиқһінің ғалымы. Оның мешіті шейх Әбу Ғудданың үйінен жаяу жүріспен бірнеше минут боларлық маңда орналасқан. Бұл ғалым шейхтың алғашқы ұстаздарының бірі болған. Оның тақуалығы және Пәк болған Ұлы Аллаға жақындығы шейхтың жүрегінде терең із қалдырды. Шейх Иса әл-Баянунидің ұлы — шейх Ахмад (1974 ж.) шейх әбу Ғудданың ең жақын достарының бірі еді, ал шейх Ахмадтың немерелері шейх Әбу Ғудданың шәкірттерінен болған.
Шейх Мухаммад әл-Хаким (1323-1400/1904-1980 жж.). Ханафи фиқһінің ғалымы және де Алепподағы ханафилер муфтиі болған.
Шейх Асад Ибаджи (1305-1392/1895-1972 жж.). Шафиғи фиқһінің ғалымы және де Алепподағы шафиғилер муфтиі болған.
Шейх Ахмад ибн Мухаммад әл-Курди (1299-1377/1885-1957 жж.). Танымал муфтий және ханафи фиқһі ғалымы.
Шейх Мухаммад Наджиб Сираджад-Дин (1292-1373/1876-1957 жж.). Тәпсір және фиқһ ғалымы, оратор. Ол шейх Абдул Фаттах әбу Ғудданың достарының бірі, Алепподағы танымал шейх Абдулла Сираджад-Динның әкесі.
Шейх Мустафа әл-Зарка (1321-1420/1901-1999 жж.). Шейх Ахмад әл-Зарканың ұлы. Фиқһ саласының үлкен ғалымы болған. Салыстырмалы және сауда фиқһына қатысты сұрақтарға еркше көңіл бөлген. Араб тілі және әдебиеті саласының ғалымы ретінде танымал болған.
Мысырда оның ең танымал болған шейхтары:
Шейх Мухаммад әл-Хидр әл-Хуссейн (1292-1377/1876-1958 жж.). Тәпсір саласы, малики мәзхабының фиқһі және де салыстырмалы фиқһ ғалымы болған. Сонымен бірге әл-Әзһардың Ұлы Шейхі және араб тілі салсының үлкен ғалымы болған.
Шейх Шейх Абдул-Халим Махмуд (1328-1398/1907-1978 жж.). Тәпсір саласының, фиқһ негіздері, әдеп және араб тілі ғалымы болған. әл-Әзһардың Ұлы Шейхі қызметінде болған.
Шейх Махмуд ибн Мухаммад Шалтут (1310-1383/1893-1963 жж). Тәпсір және фиқһтің үлкен ғалымы. әл-Әзһардың Ұлы Шейхі қызметінде болған.
Шейх Мустафа Сабри (1286-1373/1869-1959 жж.). Осман империясының Шейхул-Ислам атағына иелік еткендердің соңғысы. Кемалдықтардың революциясынан кейін Мысырға хижрат жасайды. Хадис, фиқһ негіздері, ханафи және салыстырмалы фиқһ, философия және саясат ғалымы болған.
Шейх Мухаммад Захид әл-Каусари (1296-1371/1879-1952 жж.). Османдық ғалым, Түркия Ислам Шейхінің хатшысы қызметін атқарған. Кемалдықтардың революциясынан кейін Мысырға қоныс аударған. Хадис, фиқһ негіздері саласының, ханафи және салыстырмалы фиқһ ғалымы болған.
Шейх Абдул-Уахаб Хәллаф (1305-1375/1888-1956 жж.). Хадис, фиқһ негіздері, салыстырмалы фиқһ ғалымы, сонымен қатар мүлік мирасқоры саласының үлкен маманы. Көптеген кітаптар жазып шығарған.
Шейх Мухаммад әбу Захра (1316-1395/1898-1975 жж.). Фиқһ негіздері, салыстырмалы фиқһ және тарих саласының үлкен ғалымы. Көптеген кітаптар жазып шығарған. Сонымен бірге ол шейх әбу Ғудданың еңбектеріне мақтау білдірген.
Оның замандастары:
Келесі шейхтер Шейх Абу Ғуддамен бірге Мысырда оқыған:
Шейх Мухаммад әл-Хамид
Шейх Мухаммад Али әл-Мурад
Шейх Мухаммад Али Миш`ал
Шейх Махмуд Сабхи Абд әл-Сәләм
Шейх Мухаммад Жәмил Аккад
Доктор Махмуд Фаузи Фаизуллаһ
Шейхтың көптеген достары болған, біз солардың тек бірнешеуін ғана келтірсек:
Шейх Абдул-Азиз Иун әл-Суд
Шейх Абд әл-Ганий Абд әл-Хали
Шейх Абдур-Рахман әл-Банна, ол шейх әбу Ғуддамен бірге Сириядағы Ислам білім беру орындарында оқыту жоспарларын дайындаған.
Шейх Абу Абдур-Рахман ибн Акил әл-Захири
Шейх Аднан Сармини
Шейх Ахмад Хаири
Шейх Ахмад Шахнун
Шейх Аләуи әл-Малики
Шейх Али әл-Тантауи
Шейх Амджад әл-Захауи
Шейх Хассан Халид
Шейх Хассан Машат
Шейх Исхақ Аззуз
Шейх Манна` әл-Каттан
Шейх Мухаммад Абу Юср Абидин
Шейх Мухаммад Амин Кутби
Шейх Мухаммад әл-Хабиб ибн әл-Ходжа
Шейх Мухаммад әл-Тахир ибн Ашур
Шейх Мухаммад Махмуд әл-Сауаф
Шейх Мухаммад Нур Сайф
Шейх Мухаммад Саид Рамадан әл-Бути
Шейх Мулла Рамадан әл-Бути
Шейх Мустафа әл-Сибаи
Шейх Уахби Сулайман әл-Гауджи
Шейхтың Сириядағы ғылыми жұмысы
1951 жылы шейх әбу Ғудда Алеппоға қайтып оралып Ислам білім-ағарту бағдарламасының басшысы болып тағайындалады. 11 жыл бойына ол Алеппода әртүрлі ислам білім-ағарту институттарынла оқытушылық қызмет атқарды, сол оқу орындарының жүйесіне сай арнайы кітаптар жазып, оқыту жоспарларын құрастырды. Одан кейін дәріс беру үшін Дамаск Университеті жанындағы Шариғат колледжіне барады. Ол жерде шейх 3 жыл қатарынан фиқһ негіздері, ханафи фиқһі және де салыстырмалы фиқһ бойынша дәрістер өткізді. Екі жыл бойына ислам фиқһінің энциклопедиясын жасау жұмысына басшылық етіп, сонымен бірге өзге ғұламалар бастап кеткен фиқһ бойынша және ибн Хазмның «аль-Мухалла» кітабына арналған сөздікті құрастыру жұмысын тәмамдады.
Шейхтың саяси қызметі және Алла жолындағы дағуаты
1940 жылы шейх Мысырда Хассан әл-Баннамен жүздесіп Мұсылман-Бауырлар қозғалысына қосылды. Сирияға қайтып оралған соң белсенді түрде мұсылмандардың жұмыстарын атқарып, барша мұсылман жұртының сеніміне, махаббатына және құрметіне ие болды. Көп кешікпей сириялық бауырлар оны өздерінің көшбасшысы етіп тағайындады. Шейх бір сәтке де адамдарды діни іліммен сусындатуын тоқтатқан емес, оның апталық уағызына мыңдаған адам қатысатын, одан өзге шейх аптасына үш мәрте фиқһ және хадис сұрақтарына қатысты жиындар өткізіп тұратын.
Шейхті әркез Палестина жұртының күресі уайымдататын, әрі оларға демеу білдіру мақсатында бірқатар палестина халқы күресін қолдау конференцияларына қатысқан. Риядта ғалымды шейх Мухаммад әл-Хусейн ылғи зиярат етіп тұратын.
Шейх 1962 жылы Алеппо атынан Парламент мүшесі атанды. Дүрліккен оппозицияға қарамастан шейх Сирия мұсылмандарына және Ислам игілігіне өзінің көп септігін тигізді. 1966 жылы әскери режим шейхті және өзгеде ғалымдырды, саяси тұлғаларды Палмира әскери түрмесіне 11 айға қамауға алды. Олар 1967 жылғы соғыс кезінде бостандыққа шығарылды. Алайда, Шейх өмірінің соңына дейін Ислам қозғалысына деген адалдығын жоғалтқан емес. 1978 жылы Рабитат әл-‘әләм әл-Ислам (Халықаралық мұсылман лигасы) ұйымыеың Сирия атынан ұсынылған шейхы Хасан әл-Хабанака қайтыс болғаннан кейін, оның орнын әбу Ғудда тағайындалады.
Шейхтың Сауд Арабиясындағы ғылыми жұмысы
Уақыт өте келе шейх Риядқа көшіп барып, 25 жыл бойына Қазылар Жоғарғы Институтында және Мухаммад ибн Сауд Университетінде, Сауд Королі Университетінде шәкірт тәрбиелеп, дәрістер өткізді. Сонымен қатар аталмыш оқу орындарында курстар мен бағдарламалар дайындауға да ат салысты. Ол көптеген саудиялық ғалымдармен және ресми тұлғалармен достық қарым-қатынаста еді, олардың арасында келесідей шейхтарды атауға болады: Сауд Арабиясының Муфтиі — шейх Мухаммад ибн Ибрахим әл-Шейх, Сауд Арабиясындағы Ислам Колледжінің ректоры — шейх Абдул-Азиз ибн Мухаммад әл-Шейх, Сауд Арабиясы Білім министрі — Хассан ибн Абдуллах Әл әш-Шейх, Имам Мухаммад ибн Сауд Университетінің ректоры — Доктор Абдуллах Абд әл-Мухсин әл-Турки және сол замандағы хадис саласының үлкен ғұламаларының бірі — шейх Исмайл әл-Ансари.
1383 жылы (1963 ж.) Рамазан айында шейх әбу Ғудда Марокко елінің королі қатысқан жиынға дәріс оқуға шақырылған еді. Шейх Алла Елшісінің ﷺ хадистері мен оған қатысты пікірлер турасында дәріс оқиды, әрі бұл дәріс жергілікті телеарналардан көрсетіледі. Өткізілген дәріс корольге және Марокко ғалымдарына қатты ұнайды. Шейхтің дәрісін ұнатқандардың бірі, Марокконың хадис саласының үлкен ғалымы, сол уақытта жасы 87-ге таяған шейх Абдул-Хафиз әл-Фаси шейх әбу Ғуддаға хадис бойынша иджаза (шейхтың атынан білім таратуына рұқсат) береді. Король Хасан шейх әбу Ғуддадан алдағы уақытта да Рамазан айында келіп тұруын сұрады. Кейіннен король тарапынан Шейхқа мемлекеттік марапаттау берілді.
1976 жылы Судандағы Ум Дурман Ислам Университетінде, 1978 жылы Йемендегі Сана қаласының университетінде дәріс берді. Шейх Индия, Пакистан, Марокко, Катар, Алжир, Иордания, Ирак, және Түркияның бірнеше ислам оқу орындарында дәрістер оқыды. Шейх 65-тен аса кітап жазып, оларға түзету енгізу, баспаға шығару жұмыстарын атқарды, сондай-ақ, өзінен кейін жазылып бітпеген 40-қа жуық кітап қалдырды.
Ғұламалар Шейхтың ғылыми біліктілігі мен ұшқырлығына тәнті болып, ислам саласында жеткен жетістігі үшін оны Сұлтан Бруней марапатына ұсынады. Лондонның Оксфорд оқу орталығында өткен салтанатты шара кезінде бұл марапатты Сұлтан Брунейдің өзі шейхқа табыс етеді.
Шейхтың сапарлары және оның Ислам Әлеміндегі байланысы
Шейх әбу Ғудда келесідей елдерде болып қайтқан: Алжир, Бахрейне, Ұлыбритания, Бруней, Канада, Мысыр, Франция, Германия, Голландия, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Италия, Иордания, Кувейт, Ливан, Малайзия, Марокко, Пәкістан, Палестина (1948 жылға дейін), Катар, Сомали, Оңтүстік Африка, Судан, Швейцария, Тунис, Турция, БАӘ, АҚШ, Өзбекістан, Ватикан.
Сапар кезінде Шейх кітапханаларда болды, ғалымдармен жүзесті, дәрістер оқыды. Оның Үндістан және Пәкістанға жасаған бірқатар сапарларының нәтижесінде, ол үнді субконтиненті ханафилерін араб әлемімен байланыстырушы буынына айналды. Шейхтың бұл сапарларында кездестірген танымал ғалымдары:
Шейх Хабиб әл-Рахман әл-Азами (1319-1412/1900-1992 жж.). Хадис, өмірбаян және тарих саласының беделді ғұоамасы.
Шейх Мухаммад Абд әл-Рашид әл-Нумани (1333/1914 жж.). Хадис және фиқһ ғалымы.
Шейх Мухаммад Шафий Усмани (1314-1396/1896-1976 жж.). Тәпсір, хадис және фиқһ саласының ұлы ғалымы. Пәкістанның муфтиі болған. Екі өте танымал ханафи ғалымдары шейх Мухаммад Тақи мен Мухаммад Рафий Усманилардың әкесі.
Муфти Атиик әл-Рахман ( 1404/1984 жж. өлген). Делидің муфтиі.
Шейх Мухаммад Закария ибн Мухаммад Яхия әл-Кандахлауи (1315-1402/1896-1982ж.). Хадис саласының және ханафи фиқһінің үлкен ғалымы. Өмірінің соңғы жылдарын нұрлы Мединеде өткізген.
Шейх Мухаммад Юсуф әл-Баннури (1326-1397/1908-1977 жж.). Тәпсір, хадис, фиқһ және араб тілінің үлкен ғалымы. Сонымен бірге ақын болған.
Шейх Зафар Ахмад Усмани (1310-1394/1895-1974 жж.). Фиқһ саласының ұлы ғалымы, хадис саласының беделді ғалымы. Шейх әбу Ғудда оның Кауа`ид фи Улум әл-Хадис (Хадистер ережесі) атты кітабын баспаға шығырған. Ханафи дәлелдерінің негізін қамтыған хадистер жайлы кітап.
Әбул-уафа Махмуд Шах әл-Афғани (1310-1395/1891-1975 жж.). Өз заманының көрнекті ғалымдарының бірі. Көптеген көне заманғы қолжазбаларға түзету енгізіп және баспаға шығарған.
Шейх Абу әл-Әғлә әл-Маудуди (1321-1399/1902-1979 жж.). Ислам Жамағаты қозғалысының негізін салушы. Исламның белгілі қайраткері, көптеген кітаптардың авторы.
Шейх әбу әл-Хасан Әли Надуи (1332-1420/1913-2000 жж.). Шейх әбу Ғудданың жақын досы, ұлы ғұлама. Алла Тағала даналық және білім беріп , адамдардың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Үндістан Мұсылман көшбасшысыларының бірі.
Шейх әбу Ғудданың мінез-құлқы
Шейх көркем мінездің шынайы үлгісі болды, өзінің бойына ғалымдық және муджахидтік қаасиеттерді біріктіре білді. Ол білімнің үлкен теңізіне және әр нәрсені тамаша түсіну қабілетіне ие еді. Ол фиқһ, тәпсір, әдеп, араб тілі және әдебиеті, тарих, кітапнама, әлеуметтану және психология салаларының ғалымы болған. Шейх Үмметке және барша адамзатқа мейірімін төгіп қамқорлығын жасай білді, сол үшінде Алла Тағала ол кісіге мұсылман қоғамының алдында тұрған келелі мәселелерді дұрыс түсінуді және оларды оңтайлы шешу жолдарын көрсетіп қойды. Ол өте жұмсақ және сөз сөйлеуде көркем еді, қашан ол сөйлесе оның ықыласы, жүрегіндегі кішіпейілділігі әсерінен жанарынан тамшылар ағып түсетін, оны тыңдаушы оған құрметпен және махаббатпенен жауап беретін. Оның өте өткір ұшқырлығы мен зейінділігін достарымен қоса қарсыластары да мойындады.
Шейх имам әбу Ханифаға және оның мазһабын ұстанушыларға ерекше құрметпен қарайтын, алайда бұл оған барлық мұсылман ғалымдарын сыйлауына және жақсы көруіне еш тосық болмады. Шейх әркез орта жолды ұстанатын және экстремизмнен аулақ болды. Оны оп-оңай өз-өзінен шығарып ашуландыру мүмкін емес еді. Ол әрқашан, әр нәрсеге шариғат тұрғысынан қарайтын және де шәкірттерін де соған тәрбиелейтін. Бұған мысал болатыны, шейхтың ұлы ғұлама Имам ибн Таймияға қатысты көзқарасы еді. Өзінің ұстазы шейх Мухаммад әл-Захид әл-Каусари ибн Таймияны қатты сөккендігіне және өзі тұрып жатқан Сирияда ибн Таймияға деген қатынас оңды болмағанына қарамастан, шейх бәрібір де ол кісіні сыйластықпен еске алатын, оған әділдік танытып, адамдарға ибн Таймияның жұмысы мен өмірінің жақсы тұстарын көрсететін.
Оның отбасы
1951 жылы Шейх 16 жастағы Фатима әл-Хашим ханымға үйленді. Отбасындағы отбасылық ғұмыр махаббат, сыйластық және өзін толық Алла Тағалаға бойұсыну негізінде тұрғызылды. Фатима ханым шейхпен 46 жылын бірге өткізді, осы жылдар бойына ол шейхқа тек әйел ғана болмады, ол шейхтың кеңесшісі, көмекшісі, хатшысы, оқырманы және оның еңбектерін зерттеушісі болды. Ол өз жұбайына Исламға толыққанды қызмет қылуына мүмкіндік беру үшін бүкіл нәрсеге қамқорлық жасай білді. Шейхтың науқастанған кездерінде ол ылғи жанынан табылып және де титтей де көңілі толмаудың белгілерін байқатпады. Олардың 11 перзенті, атап айтсақ, 2 ұл, 8 қыз болды:
Мухаммад әл-Захид, 1372 жылы (1952 ж.) дүниеге келген. Торонто Университетін «Инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта Торонтода тұрады. Ислами қызметпен шұғылданады. Үйленген, төрт баласы бар. Абдул Фаттах, Ибраһим, Хусейн және Салим.
Маймуна, 1373 жылы (1953 ж) дүниеге келген. Сирияның Хама қаласынаың тумасы, инженер Фарук әбу Тукке тұрмысқа шыққан, қазіргі уақытта Меккеде тұрады. Сегіз балалары бар.
Айша, 1375 жылы (1955 ж.) дүниеге келген. Сирияның Хама қаласының тумасы, инженер Салах Мурад-агаға тұрмысқа шыққан. Қазір Канаданың Ванкувер қаласында тұрып жатыр. Жеті баласы бар.
Аямн, 1376 жылы (1956 ж.) дүниеге келген. Канада елінің Регин қаласының кардиологі. Тұрмыста, бес баласы бар.
Фатима, 1377 жылы (1957 ж) дүниеге келген. Сауд Арабиясының Рияд қаласында тұрады. Жұбайы Ахмад әл-Амири екеуінің төрт перзенті бар.
Халя, 1378 жылы (1958 ж.) дүниеге келген. Алепподан шыққан инженер Абдулла Мисриге тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда Канаданың Торонто қаласында тұрады. Жеті баласы бар.
Хасна, 1381 жылы (1961 ж.) жылы дүниеге келген. Сирияның Хама қаласының балалар хирургі доктор Башар әбу Тукке тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда Риядта тұрады. Алты баласы бар.
Любаба, 1385 жылы (1965 ж.) дүниеге келген. Алепполық инженер Омар Ахрасқа тұрмысқа шыққан. Қазіргі уақытта Торонтода тұрады. Төрт баласы бар.
Умама, 1391 жылы (1971 ж.) дүниеге келген. Сирияның Хама қаласының стомотологі доктор Абдулла әбу Тукке тұрмысқа шыққан. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының Джидда қаласында тұрады.
Шейх Салман, 1392 жылы (1972 ж.) дүниеге келген. Имам Мухаммад ибн Сауд Университетінде хадис саласының ғалымы дәрежесін иемденген. Қазіргі уақытта Джидда қаласында Фиқһ бойынша Ислам Кеңесінде ғылыми қызметкер болып жасайды.
Джумама, 1396 жылы (1974 ж.) дүниеге келген. Алепполық химик Ясир Каданмен тұрмыс құрған. Қазіргі таңда АҚШ-та тұрып жатыр. Екі баласы бар.
Шейхтің екі аға-інісі және екі әпке-қарындасы болған:
Абдул-Карим (1404/1984 жж. өлген). Мұнай өңдеу зауытында қарауыл болып жұмыс жасаған. Он баласы болған, олардың бірі – доктор Абдуссаттар әл-Әзһар Университетінде фиқһ саласының докторі дәрежесін иемденген. Қазіргі уақытта «Далла әл-Барак» қаржы тобында фиқһ сұрақтары бойынша кеңесші қызметін атқарады.
Абдул-Ғаний (1393/1973 ж.қайтыс болған). Ол өзі тоқыма саудасымен айналысқанына қарамастан өте білімді және тақуа адам болған. Артында тоғыз перзенті қалған, солардың арасында доктор Хасан бар. Ол фиқһ саласының докторы болып табылады. Риядта Король Сауд Университетінде оқытушы.
Шарифа, Мухаммад Салим Биракдаканың жесірі. Тоғыз баласы бар. Солардың арасында Алепполық бизнесмен Адб әл-Мути бар.
Наима, Әли Хаятқа тұрмысқа шыққан. Олардың бес баласы бар. Солардың бірі Алепполық өнеркәсіп иесі Махмуд.
Шейхтің екі қайнағасы болған:
Доктор Әли әл-Хашими, араб әдебиеті ғылымының докторы, докторлықты Каир Университетінде қорғаған. Араб әдебиеті және Ислам тақырыптарында көптеген кітаптар жазып қалдырған. Риядта тұрып жатыр, сегіз баласы бар.
Доктор Әдл әл-Хашими, араб әдебиеті ғылымының докторы, докторлықты Мосул Университетінде қорғаған. Араб әдебиеті және Ислам тақырыптарында көптеген кітаптар жазып қалдырған. БАӘ-де тұрып жатыр, бес баласы бар.
Шейхтың Сирияға оралуы
1973 жылы шейх жүрек талмасына ұшырап бірнеше аптаға ауруханаға түсіп қалады. Болған қиын жайттарға қарамастан бұдан соң шейхті жүрек ауруы мазаламаған болатын. Алайда, 1989 жылы Шейх көзінің көруі нашарлағанын байқайды. Король Халидтің офтольмологиялық орталық дәрігерлері шейхқа «макул дегенерациясы» деген диагноз қойып, лазермен торлау емін алуды ұсынды. Емделу күткендей нәтиже бермеді, алайда дерттің ушығуын тоқтатты. 1417 жылы (1996 ж.) Шағбан айының соңына таман Шейхтің көзінің көруі тағы да нашарлай бастады, содан шейх Король Халидтің орталығына қайтадан ем алу үшін Рияд қаласына баратын боп шешті. Қайталама торлау арқылы емдеуден соң шейхтің жағдайы одан бетер ушыға түсіп, ол өзінің басымен көзінде қатты ауруды сезе бастады. Рамазан айында шейх құрсақ айналасы ауруы және ішкі қан кетуіне байланысты Король Файсалдың ауруханасына түсті. Шейх 1417 жылы 9 шағбан күні, 1997 жылы 16 ақпан күні Риядта қайтыс болды. Шейхті 1417 жыл 10 шағбан күні түнгі намаздан кейін жарқын Медине қаласының әл-Бақи зияратында жер қойнына тапсырды. Әлемнің түпкір-түпкірінің Мекке, Медине Алеппо, Стамбул, Лукнов, Бейрут, Рабат мұсылман жұрты шейхқа жоқтау айтты, әсіресе шейхтың өлімі ғұламалар мен білім жолындағы адамдарға өте ауыр тиді. Шейхты Пәк болған Алла Тағала рахымына бөлегей және оны Өзінің қалауымен сыйына бөлесін, Пайғамбарлармен және ізгілермен біріктірсін, өйткені шейх оларды сүюші еді, әрдайым өзінің істерінде де, ойларында да олармен бірге болатын.
Алла осы мақалада аты аталған біздің арамызда жоқ болған барша ғұламаларымызды өз рахымына бөлесін, және де арамызда әлі барын Алла өз қамқорлығына алғай!
Шейх Абдул Фатттах әбу Ғудданың түсініктеме жазған және жарыққа шығарған кейбір жұмыстары
Имдад әл-Фаттах би асаниид уә мәру`ят әл-Шейх Абдул-Фаттах әбу Ғудда. Бұл жұмысқа шейхтің шәкірттерінің бірі Мухаммад Абдуллаһ әл-Рашид түзету енгізген.
Әл-Раф` уә әл-Такмил фи Джарх уә Та`дил. имам Мухаммад Абд әл-Хайй әл-Лукнауи.
Әл-Адуиба әл-Фадиля ли әл-Ас`ила әл-Ашра әл-Камиля фи Улым әл-Хадис. (Хадис ғылымы жайында он сұраққа берілген тамаша жауап). Имам Мухаммад Абд әл-Хайй әл-Лукнауи.
Иқомат әл-Худджа ғәлә әннә әл-Иксар фи әл-Та`аббуд Ләйса би Бид`а. (Шамадан тыс құлшылық қылудың бидғат емес екендігіне берілген ұлы дәлелдің келтірілуі). Имам Мухаммад Абдул-Хайй әл-Лукнауи.
Рисалят әл-Мустаршидин. Имам Харис ибн Асад әл-Мухасиби.
Әл-Тасрих би ма Тауатара фи Нузуль әл-Масих. имам Мухаммад Ануар Шах әл-Кашмири.
Әл-Ихкам фи Тамйиз әл-Фатауа ән әл-Ахкам уә Тассарруфат әл-Кади уә әл-Имам (Діни көзқарастар мен оңды шешімдер, сонымен қатар қазылармен имамдардың әртүрлі жайттарды анықтаулары арасындағы айырмашылықтарға қатысты нақты пікір). Имам Шихаб ад-Дин Абу әл-Аббас әл-Карафи.
Фатх Баб әл-Иная би Шарх Китаб әл-Ниқая ( Ыждаһатты ілім іздену қақпаларының ашылуы: Ханафи құқықтарының оңды шешімдерін жинақтаған кітапқа түсіндірме). Имам Мулла Әли әл-Қари. Бірінші бөлім.
Әл-Манар әл-Муниф фә әл-Сахих уә әл-Да`иф (Сенімді және әлсіз хадистерді түсіндірудегі маңызды нұсқаушы). Имам ибн Қайюм әл-Джаузий.
Әл-Масну` фи Ма`рифат әл-Хадис әл-Мауду` (Ойдан шығарылған хабарлар біліміне жол көрсетуші шығарма). Имам Мулла Әли әл-Қари.
Фиқһ әһләл-Ирак уә Хадисухум ( Ирак ғалымдарының құқық мектептері және оларға жеткен хабарлар). Имам Мухаммад Захид әл-Каусари.
Мас`аләт Халқ әл-Қуран уә Асаруха фи Суфуф әл-Риуат уә әл-Мухаддисин уә Кутуб әл-Джарх уә әл-Та`дил Шейх Абдул-Фаттах әбу Ғудда.
Хуласат Тазхиб Тахзиб әл-Камаль фи Асма әл-Риджал (Хадис жеткізушілері есімдеріне арналған мухаддис әл-Хазрадждың кітабына қысқаша мазмұн).
Сафахат мин Сабр әл-Улама уә Шадаид әл-Илм уә Тахсиал (Ғалымдардың оқуда және білім ізденудегі табандылықтары туралы парақтар). Шейх Абдул-Фаттах әбу Ғудда.
«Кауа`ид фи Улум әл-Хадис (Хадистану негіздері). Шейх Зафар Ахмад әл-Усмани әл-Таханауи.
Радд аля Абатил уә Ифтира`ат Насир әл-Албани уә Сахибихи Сабикан Зухайр әл-Шавиш уә му`азирихима. (Насир әл-Албани мен оның бұрынғы досы Зухайыр әл-Шауиша және осылардың созін қолдаушылардың қате және де жалған пікірлерін әшкерелеу). Шейх Абдул-Фаттах әбу Ғудда.
Каида фи әл-Джарх уә әл-Та`дил уә Каида фи әл-Му`аррихин (Хадис жеткізушілерді тексеру мен тарихшылар жөніндегі басты жинақ). Имам Таджуд-Дин әс-Субки.
Әл-Мутакаллимун фи әл-Риджал (Хадис жеткізушілерді тексеруші мамандар жинағы). Имам әз-Захаби.
Зикру ман Ютамаду Каулуху фи әл-Джарх уә әл-Та`дил (Хадис жеткізушілерін зерттеуде жүгінетін көзқарастар әйелдерінің жинағы). Имам әз-Захаби.
Әл-Улама әл-Уззаб әл-Ләзина Асару әл-Илм `ала әл-Зауадж (Үйлену орнына білім ізденуді құп көрген, бойдақ боп өткен ғалымдар жинағы).
Жүктеу
P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Hanafi.kz сайтына тиесілі.
Дереккөз: Hanafi.kz