Сұрақ: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қай күні дүниеге келді?

Жауап
:

Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нақты қай күні дүниеге келгені тарихшылар мен ғұламалардың арасында пікірталас тудырған. Ибн Джәузи Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (біздің заманамыздың 570 жылы) Рабиуль-Әууәл айында жарық дүние есігін ашқандығы жайлы ғұламалардың иджмасын келтірген.

Көптеген адамдар Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рабиуль-Әууәлдің 12-ші жұлдызында дүниеге келген деп сенеді. Бірақ, ғұламалардың көпшілігінің пікіріне сәйкес, оның дәл қай күні туылғандығы беймәлім.

Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) Мұхаммед Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралғандығын хабарлаған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай жауап берген:«Бұл – менің жарық дүние есігін ашқан күнім және маған ең алғаш уахи түсірілген күн». (Сахих Муслим)

Жоғарыда баяндалған хадистен белгілі болғандай, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүйсенбі күні дүниеге келген.

Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәл қай күні туылғандығына қатысты пікірлер әр түрлі.

Көрнекті ғұлама Әл-Кәусәри (Алла оны рақымына бөлесін) Рабиуль-Әууәлдің 9-шы жұлдызын дұрыс деп біледі (Мәқаләтул Кәусәри).

Үлкен ғұлама имам Қасталәни (Алла оны рақымына бөлесін) де көпшілік ғұламалар мен тарихшылардың Рабиуль-Әууәл айының 9-шы жұлдызын дұрыс көретіндігін жазған.

Көптеген ұлы оқиғалар Алланың ең соңғы елшісі – Абдалланың ұлы Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келмес бұрын орын алған. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абраха патша пілдердің үлкен әскерінің көмегімен Қағбаны талқандамақ болған оқиғадан елу немесе елу бес күн өткеннен кейін туылған. Сол себепті де арабтар сол жылды «піл жылы» деп атап кеткен.

Ал, ең дұрысын Алла біледі.

Мүфти Самир Исмаил

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz