Сұрақ:

Қазіргі кезде қалыңдыққа берілетін мәһірдің өлшемі қанша болуы керек? Қажылыққа алып бару немесе пәлен пара Құран жаттау сияқты нәрселерді  мәһірге сұраған дұрыс па?

Жауап:

Мәһір –қыз бен жігіттің некелесу ісіне келіскеннен кейін орындауға тиісті болған неке шарттарының бірі. Мәһірді неке кезінде де немесе кешіктіріп берсе де болады.

Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – он дирһам. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманындағы бір күміс дирһам қазіргі өлшемімен 3 граммға сәйкес келеді. Ал он дирһам – шамамен 30 грамм мөлшерінде. Яғни, берілетін мәһірдің құны 30 грамм салмағындағы күмістен кем болмауы керек.

Ал Ханафи мәзһабының ғалымдары Алла елшісінен (с.ғ.с) жеткен: «Сен ол әйелге жиырма аят үйретсең, ол сенің әйелің»[1] деген немесе Әли (р.а) Фатимаға (р.а) үйленер кезінде: «Тоныңды бер»[2] сынды хадистерді қолы қысқа кісілердің алдын-ала азырақ болсада мәһір беріп, некеге шыққан әйелдің көңілін аулауы керектігі көзделгенін айтады. Өйткені Ислам тарихында Әлидің (р.а) Фатимаға (р.а) төрт жүз күміс дирһам бергені анық. Сол сияқты Құран үйрету, намаз, ораза және қажылық ғибадаттарын мәһір ретінде атауы материалдық мәһір беру міндетін мойнынан түсірмейді дейді[3]. Демек, болмайды.

Мәһір – Исламда әйел кісінің өзін бүкілдей еріне тәуелді еткені үшін көңіліне жұбаныш қылып берілген материалдық сый. Некеге шыққан әйел мәһірін қаржылық қоры ретінде жеке пайдалануына әбден құқылы. Исламда күйеуі талақ беріп, ажырасқан жағдайда, ол әйелдердің одан арықарайғы материалдық қиындығын жеңілдету ісі де міне, осы мәһірде көзделген десек артық болмайды. Сондықтан, Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірге материалдық заттар ғана беріледі.

     Абдусамад Оқан

 


[1]Әбу Дәуіт, 2111-хадис.
[2]Әбу Дәуіт, 2126-хадис.
[3]Молла Әли Қари, Фәтху бабил ғинәя фи шархи китәбин Ниқая, 2-том, 283-388 бет.